Өзің халыққа жақын болсаң, халық та сені жақын көреді
25.03.2021
1212
0

Бибігүл Төлегенова

Бибігүл Төлегенова күллі қазаққа һәм әлемге аты таныс бұлбұлкөмей әнші. Таланты мен табиғаты жарасқан әншінің тамаша дауысы арқылы қазақтың кең таралған әндері өнер сүйген әр жүрекке терең бойлады. Оның өнер алдындағы парызы да толығымен өтеліп келеді десек, артық айтқандық емес. Себебі ол өзіне берілген дарыны арқылы ұлтының, өнердің ұлылығын шыңға көтеріп, биік деңгейге жеткізді. Әнші бұл сұхбатында қазіргі ән өнерінің ахуалы мен досы туралы, қоғамдық жағдай жөнінде сөз қозғап,  ойларымен  бөлісті.

Тойшылдардың тамағын сіңіру үшін секіресіңдер…

– Сіз туралы көп айтылды, көп жазылды. Сол үшін сұрақты төтесінен қояйын, сіздің қазіргі әншілерге көңіліңіз тола ма?

– Әншінің қандай болуы керектігі туралы  қалыптасқан ұғым бар, ең әуелі талантқа әншілік табиғат даруы қажет. Мен қазіргі әншілердің кейбірін «орындаушылар» деймін.

– Яғни той әншілері.

– Иә, дұрыс айтасың. Солай дегенім үшін олар маған ренжиді. Сосын мен оларға: «Айналайын, әнші болу үшін сол адамның дауысы кең диапазонды болуы керек, тынысы кең болуы тиіс. Біздің халқымыздың қандай керемет халықтық әндері бар, солардың бірін де нақышына келтіріп айта алмайсыңдар. Ал, қане, әнші екендерің? Қазіргі сендердің жасап жүрген тірліктерің – тойдағы ішкен-жеген тойшылдардың тамағын сіңіру үшін секіресіңдер, соған мәз боласыңдар. Егер әнші болсаңдар, «Гауһартасты» айт, немесе «Қызыл бидайды» айтыңдар», – деймін. Шынын айтқанда, олар – әнші емес, тек қана дайындап алған дүниені орындаушылар ғана. Оны сен де, басқалар да орындай береді. «Мен әншімін» деп айқайлап тұрғандардан  тойға келген кей қонақтар жақсы айтады әнді. Ел арасында дауысы керемет адамдар көп. Өнер үшін айтылған сынға, шын сөзге ешқашан ренжуге болмайды. Қысқасы, әнші болу үшін кәсіби білім, таза сезім, сосын музыкадан хабардар болу керек.

– Осындай арзан әншілердің көбеюіне кім кінәлі? Қоғам ба, өздері ме?

– Ең бастысы, той жасағанда соларды әспеттеп, конверт ұстататындар кінәлі. Мен тойға барсам, ән айтпаймын. Егер айтсам, ешқандай сүйемелдеусіз қазақтың халық әнінің біреуін айтамын. Елге керегі де – сол. Ал тойда ән айтқаным үшін бір тиын да ақша алмаймын. Керісінше, той иелеріне гүлімді, сыйлығымды алып барамын. Тойда ән салып, ақша алу мен үшін намыс. Менің орным тек қана сахнада.

– Өзіңіздің соңыңыздан ергендерден кімдерді әнші ретінде жақсы бағалайсыз?

– Мен кәсіби әнші болған соң, әрине кәсібилерін бағалаймын.

Димаштың таланты – таңғаларлық құбылыс

– Мысалы?

– Мысалы, бұрын біз төртеу-ақ едік, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова. Роза Жаманова тек театр саласында істеді. Ал былай елге атағы шығып, аты кең тараған өнер иелері, ол – әрине Роза Бағланова, Ермек Серкебаев үшеуіміз болдық. Қазір әншілер көп. Мен Роза Рымбаеваны, Тамара Асарды жақсы көріп тыңдаймын. Ал Димаш Құдайбергенді мен ғана емес, бүкіл әлем жақсы көреді деп ойлаймын. Біз үшін ол «Әлем елшісі» іспетті. Өйткені  қазақтың әнін эстрадада жүріп осындай биік деңгейге көтерген әншіні мен әлі көрген жоқпын. Димашқа мұндай керемет дауысты Құдай берген. Сондықтан  Димаштың таланты –  таңғаларлық құбылыс. Оған: «Тек сақ бол», – дедім. Ол Англияға барғанда ол жақтың жастары «Дайдидауды» үйреніп алып, ұшақтан шығып келе жатқанда, Димаштың өзіне айтып беріпті. Ағылшынның жастары «Дайдидаудың» қайғылы ән екенін қайдан білсін?.. Бірақ олардың бұнысы Димашқа деген үлкен құрметі. Ал Димашқа жасалған құрмет – қазаққа деген құрмет. Бұл біз үшін ұлы мақтаныш болып қала береді. Мен Димаштың өнерін сипаттауға сөз таба алмаймын.

– Сол үшін де шетелдік сарапшылар: «Димаштың дауысымен соғысты тоқтатуға болады», – деді емес пе? 

– Әбден мүмкін. Неге болмасқа? Мен өткенде бір жерден оқыдым. Бір әйел: «Мені Димаш келіп құшақтады, содан кейін мен аяғымнан тұрдым», – депті. Солай дегеніне қарағанда, ол кісінің бір жері ауыратын болса керек. Ендеше, Димаштың керемет энергиясы бар деген сөз. 

– Сіздің «осы әнді айтсам-ау»  деп ойлап, бірақ айта алмай қалған әніңіз болды ма?

– Ондай ән жоқ деп ойлаймын. Латиф Хамиди он бес жылдан кейін мені театрға қайта шақырды. Сонда ол кісі маған: «Бибігүл осы «Ажарды» сенің орындауыңда естігім келеді», – деді. Өкініштісі, ол кісі ертерек өмірден өтті де, ести алмай кетті. Содан мен «Ажарды» орындауға дайындалып жүргенімде, біздің театр төрт жылға реконструкцияға отырды да, жаңадан келген директор: «Мен бәріңе қазір сокращение жасаймын, театр құрылысы біткен соң, конкурс жариялаймын. Содан өткендерің ғана қаласыңдар», – деді. Ол кезде менің жасым жетпіске таяған. Арызымды жазып, зейнетақыға шықтым. Сондағы менің «Ажарым» орындалмай қалды. Ал басқа арманым жоқ десем де болады. Айтқым келген әндердің бәрін айттым. Мен ешқашан өз дауысыма сай келмейтін шығарманы орындаған емеспін. Әлі күнге дейін дауысымның сақталып келе жатқаны да содан шығар. Әнші «Білмеймін, түсінбеймін, орындай алмаймын» деген сөздерді айтпау керек. 

«Жетім-жесір өзімізде де көп, нағашыларына алып бар», – депті

– Кезінде совет үкіметі «Халық жауы» деп әке-шешесін соттап, атып, жазалағандардың балалары совет үкіметінің атын шығарды.

– Қуғын-сүргінге түскен қазақтың қаймақтарының бала-шағалары адам төзбейтін қорлық көрді. Маған сол кезде «Төлегенова» емес, «Мансұрова» деген фамилия жаздыру керек деген ұсыныстар да болды. Шешем олай жаздырмады.  Мансұрова деген –  анамның  фамилиясы. Ал шын мәнінде Байғоныс болуы керек еді. Әкемнің әке-шешесі ашаршылықта өмірден өтіп, анам ағайындарына барғанда, олар:  «Жетім-жесір өзімізде де көп, нағашыларына алып бар», – депті. Міне, содан кейін мен нағашымның фамилиясына жазылдым. Көп адамдар: «Төлегенова – біздің тұқымымыз, осындай жоғары дәрежелі әртіс болып, бізбен қарым-қатынас жасамайды», – деп өкпесін  айтады. Олар менің тағдырымды білмейді ғой. Жаңа айтқанымдай, менің шын фамилиям Байғонысова болуы тиіс еді. Әкем жеті жасында нағашыларына барып, байлардың қорасын сыпырып, шайын қайнатып жүреді де, он жастан асқанда  Нәби деген нағашы ағасының қолына барыпты. Ол кісі Мусинский диірмен деген жерде жұмыс істейді екен. Сол жерге әкемді көмекші қылып, жұмысқа алыпты. Әкемнен құжат сұраса, ол жоқ болып шығады. Содан әлгі кісі: «Бұның аты – Ахмет», – дейді. «Фамилиясы ше?» – десе, «Төлегенов деп жаза салыңдар», – депті. Менің әкем Шортанбай деген кісінің ұлы, Шортанбайдың Тортанбай деген інісі бар екен. Шортанбайдың ұлы Тортанбай ағасына барса, олар оны қабылдамапты. Себебі олар «Байғонысов» деп жазылған. Олар сол күйінде қалды, ал біз «Төлегеновтер»  болдық. Содан кейін соғыс бітер алдында Тортанбайдың ұлы Ғазиз ағамыз біздің үйге келіп: «Майнұр, мына балалардың шын фамилиясы Байғонысов қой, өз аталарының атына жазылсын, құжаттарды дайындап, қайтадан жасайық», – десе, шешем: «Жоқ, бұлардың әкесі Төлегенов болып кетті, бұлар сол Төлегеновтың балалары, әкесінің атында қалады», – деп  рұқсат берген жоқ. Сонымен біз «Төлегенов» болып қалдық.

Ауылға жаным ашиды…

– Сіз Тәуелсіздіктен бұрынғы қоғамды да, кейінгі қоғамды да көрдіңіз ғой. Қазіргі біздің қоғамның басты дерті не?

– Мен мәдениет саласының адамы болған соң, осы сала туралы ғана айтайын. Осы жылдары мәдениетке көп көңіл бөлініп жатыр. Өткенде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде: «Мәдениетті қолдап жатырсыз, сол үшін сізге көп рақмет», – деп айттым. Қазір бәріне жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, жас өнерпаздар «шетелге барам» десе, өз еркінде. Бұрын бізді бастықтарымыз Мәскеуден сұрап жүріп, шетелге жібере алмайтын. Бірақ менің бір қынжылатыным, ауыл шаруашылығы назардан тыс  қалып қойды. Ауылға менің жаным ашиды. Бұны мүмкін басқалар түсінбейтін шығар. Қалада, той-томалақта ақша табу әрине жақсы. Бірақ әр адамда патриоттық сезім болуы  керек. Табанынан тозған малшылардың малының етін, салған егіннің нанын сен жеп жатырсың. Неге сен оның қамын ойламайсың? Ол сені асырап, тамағыңды тоқ етіп отыр ғой. Неге солардың көңілін көтермейсің? Неге біздің мәдениет саласының адамдары тек қана жарқыраған  жерде жүре беруі тиіс? Құдай сақтасын, қазіргі әншілермен бірге бір концертке барсам, жағамды ұстаймын. Олардың: «Маған анау керек, мынау керек, анандай машина, мынандай қонақ үй дайыналсын» деген сияқты талаптары өте жоғары. Менде ондай жаман әдет болған жоқ. Бір-екі сағат ән айту үшін бүкіл елдің басын қатырудың қажеті қанша? Қазіргі жастар ондайды білмейді. Осы жағдай үшін мен ұяламын. Сол үшін олар ауылға бармайды. Себебі ауылда жақсы қонақ үй, қымбат көлік жоқ. Ал біз кезінде ат-арбамен де жүре бердік. Тіпті сол кездегі кей машинаның есігі де жабылмайтын. Шопыр бірдеңемен байлайды да: «Апа, мынаны ұстап тұрмасаңыз, болмайды», – дейтін. Өзің халыққа жақын болсаң, халық сені әрі  итермейді.

– Жер бетінде сіз бармаған ел аз шығар. Шетелге барған сапарыңыздан есіңізде қалған бірер оқиға туралы айтып берсеңіз…

– Еуропада көп жүрдік. Англияда, Швецияда, Италияда, Францияда, Америкада, Жапонияда да болдым. Олар біздің халық әндерімізге таңғалатын. Сосын: «Бұл қандай композитордың шығармасы?» – деп сұрайтын. Мен оларға: «Бұл – қазақтың халық әні», – деп жауап беретінмін. «Мүмкін емес, мынау тұнып тұрған үлкен ария ғой», – дейді олар. Шынында да, қазақтың әндері сондай керемет деңгейде. Біз шетелдерге барғанда, олар: «Бізге сіздердің ұлттық мәдениеттеріңіз керек, сіз Қазақстаннан келдіңіз, ендеше, бізге сіздердің ұлттық әндеріңіз,  ұлттық стильдегі киімдеріңіз қажет», – дейтін. Олар домбыра мен қобыздың үніне қатты таңырқайтын, біздің әндеріміздің мағынасын түсінбесе де, әуеніне елітетін.

– Достарыңыз көп болды ма?

– Әрине, дос деген көп болмайды. Менің ең жақын досым – Фатима Балғаева дейтін керемет талантты қобызшы еді. Ол өнерлі әрі ер мінезді болды. Сыр сақтай алатын. Ондай достар өте сирек кезқұрдеседі. Былайғы өмірде достар көп. Бірақ сол Фатима жалғыз сырласым болды. Өмірден ерте  өтіп кетті.

– Қазір сырыңызды кімге айтасыз?

– Ешкімге айтпаймын. Менің сырымның  басқа біреуге не керегі бар? Жастар бізді түсіне алмайды. Олардың заманы басқа. Біздің көргеніміз оларға қызық та емес.

– Талантты адам денсаулығын қалай күту керек?

– Адамның бәрі – талантты. Мысалы, сен өз салаңда, құрылысшы өз мамандығында, дәрігер өз жұмысында талантты деп ойлаймын. Талапсыз һәм талантсыз адам меңіреу адам шығар. Денсаулығымды күтуге келсек, артық ештеңе жасап, күтініп жатқан жоқпын. Арақ ішкен жоқпын, темекі шеккен жоқпын. Жолдан таймадым. Тамақтың бәрін талғамай жеймін.  

– Қазіргі әртістер күні бойы, үнемі өзімен алысып жүреді. Тауға шығады, спортпен айналысады, тамақ талғайды, қойшы, әйтеу, балық аулап, сонысын әлеуметтік желіге салып дегендей…

– Әсіресе, концертке барғанда ішім пысады. Біреуіне шашын, біреуіне қасын жөндетіп, біреуі көзін шұқылап жатады. Сосын олар: «Бибігүл Ахметқызы, сізге қандай бояу жағайық?» – деп сұрайды менен. Мен оларға: «Маған ештеңенің керегі жоқ, шашымды үйде тарадым, бетімді үйде боядым», – деймін. Шындығында, халық әртістің беті мен көзін көру үшін емес, дауысына елітіп, әнін тыңдап, өнерін тамашалау үшін концерттерге барады. Осыны ұғыну керек.   

– Әңгімеңізге көп рақмет!

    

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір