Тарихымызды киноға қалай айналдырамыз?
20.03.2021
1432
0

Бұл сұрақ дәл осы уақытта өте өзекті. Президент мақаласында қазақ тарихын киноға айналдырудың маңыздылығын айтқан болатын. Бұған дейін де бірқанша тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ… сол фильмдер халықтың көңілінен неге шықпады? «Тарихмыз терең, алғаш жылқыны қолға үйреткен халықпыз, Ұлы Даланың иесіміз» деген секілді ұран сөздерімізді азда болса дәлелдейтін, өзгеге емес, өзімізге ұғындыратын, тіні де, ділі де ұлттық болмысқа сай кино түсіре аламыз ба? Декорациясы жұтаң, сценарийі шалағай, оқиғасы жадағай, орашолақ тіл, олпы-солпы киім, жасанды қимыл көзге ұратын «қойылымдардан» жалыққан көрерменді ұлттық киноға қалай қайтарамыз? Бүгін «Желқазық» айдары осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

         

Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер:

ТАРИХИ ЖОБАЛАРДАН АҚШАНЫ АЯМАУ КЕРЕК

Осы салада жүрген қырық жылдық тәжірибеме қарап, мына нәрсені айтқым келеді.

 Біріншіден, бұған дейін түсіріліп жатқан негізгі айтулы сериалдардың, ұлттық деңгейдегі ауқымды кино-жобалардың көзге көрініп тұратын ең әуелгі бадырайып тұрған кемшілігі – асығыстық пен салғырттық. Яғни, қандай да бір фильмді «түсіріңдер» деген тапсырма жоғарыдан келеді де, соған байланысты аяқ астынан көл-көсір қаржы бөлінеді. Ал ол ақшаны игеру, өздеріңіз білетіндей, өте жылдам жасалады. Кемінде екі-үш жыл бұрын дайындалуы керек сценарий өте аз уақыттың ішінде жазылуы тиіс болады. Мысалы, біздің әйгілі классиктеріміз ғажайып туындыларын қалай түсірген десеңізші? Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» фильмін түсіру үшін оның ағасы атақты суретші Құлахмет жиырма жылға жуық уақыт ізденіп, болашақ фильмнің  сценаларын, ішкі құрылымдарының қандай екенін, қандай костюм, қандай киімдер киіледі, қандай әдет-ғұрыптар кинодан көрініс табуы керек, бәрін зерттеп, орын-орнына қойып берген. Мұны мен кейін білдім. Құлахмет Қожықовтың «Қыз Жібекті» түсіруге қалай дайындалғанының барысын көрсететін көрмеде ғажап фильмнің өне бойында адамның маңдай тері тұрғанына  көз жеткіздім. Қазақтың осынау көркем фильмін совет кезінде 122 мемлекет сатып алып көрген. Мұндай жетістікке одан кейін әлі бір де бір кино жеткен жоқ.  Орыстың да атақты режиссеры Тарковский әр киносына кемінде үш жыл арнап отырған. Сонда оның бір жылы тек сценарий жазуға кетсе, бір жылында түсірілім жұмыстары жүргізіліп, бір жылында монтаж жасалады. Біздегі көптеген фильмдерге, сериалдарға осы дүние жетіспейді. «Көшпенділер», «Алмас қылыш», «Қазақтар» туындыларының сценарийіне көңіліміз толмайды.

          Алда келе жатқан айтулы даталарды тиісті мекемедегі адамдар біліп отырады емес пе? Тиісінше, түсірілер фильмдердің жобасы да алдын ала жасалса, тапсырыс ерте беріліп, сценарийін асықпай, әбден толғанып жазып шықса, және келешек фильмнің  нобайын түсіруші топтың айналасында ғана өздері көркемдік кеңес құрып,  тығылып алып қарамай, көзі ашық мамандармен, зиялы қауыммен, қаламгерлермен санасса, түсірілер дүниенің сапасы да арта түсер еді. Мысалы, Қазақ хандығы туралы керемет сериал түсірілді. Қаншама қаражат жұмсалды. Тарихтан бәріміз білеміз, қазақ батырлары шайқас даласында «Әруақ, әруақ!» деп атқа қонып, ата-бабаларының атын айтып жауға шапқан. Ал қазақ хандығы туралы киноны қарасаңыз, ауыздарынан «әруақ» деген сөз шықпайды. Сыртқы әлдебір күштердің әсерімен  жасалған ислам дінінің дегеніне қарай икемдеп, киноны  нағыз рухты қозғар элементтен ада еткен. Бұдан фильмнің шынайылығы да күрт төмендеп, қаншама адам бұны көруден бас тартты. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы болсын, теледидар арқылы болсын, өзге де интернет ресурстары арқылы болсын, бір фильмді әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген адам көре алады. Фильмдегі  әр деталь оған тапсырыс берген ықпалды топтардың  көзқарасын танытады. Сондықтан «Әруақ, әруақ!» деген  батырлардың аузын тұмшалап кесіп тастаған сериалды мың  жерден мақтағанымызбен, қарапайым қазақ үшін оның шынайылығы жоқ. Тарихта бар нәрсені бар етіп көрсету көркем дүниенің көркемдік деңгейін көрсетеді.

          Екіншіден, біздің барлық киномызды көріп отырған сырткөз адам, «Осы қазақтар жоңғарлардан басқа ешкіммен соғыспаған ба?» деген ойға қалады. Өйткені, дүниеде жоқ, қытайдың ішіне сіңіп кеткен жоңғарды  қалай қаласаң, солай түсіре бересің. Ешкім келіп сенен сұраныс жасамайды.  Томирис  патшайым туралы сериал түсіріп едік, Иран мемлекеті, иран зиялы қауым өкілдері қаншама ойларын білдірді. Яғни,  «біздің тарихымыз керемет, біз осындай болғанбыз» деп өтірік ұраншыл, ұлтшыл болып, шынайы тарихқа сәйкес келмейтін бағытта фильм жасағанымызбен, ол өзімізден басқа ешкімге керек болмайды. Сол Томиристің тағдырын ашқан киноға қаншама миллион ақша бөлінді? Қандай ықпалды адамдар үстінде тұр?.. Қай жерге барып түсірем, қалай түсірем, қай мезгілді күтем десе де, өз қолдарында еді. Томиристің соғысы қай елдермен болды, оқиға қай елдер арасында өрбиді, сол ұлттардың да көзқарасын біліп, уәждеріне құлақ түру керек еді. Фильмдегі өзге елдердің де тарихына қатысты детальдарды шынайы жасағанда, аталған фильм бізден гөрі соларға керемет әсер ететін еді. Оның бір мысалы бар. Қытайлар  «Шыңғыс хан» туралы сериал түсірді емес пе? Қытайдың ақшасына жасалған кино. Ал ол ақшаның сыртында өте үлкен идеология тұр. Осы фильм алғаш шыққан кезде бүкіл қазақ теледидар алдында тапжылмай отырып көріп шықты ғой. Неліктен? Себебі онда  қазақ  руларының тарихы, тұлғалардың аттары өзгертілмей берілгендіктен, сол заманның көрінісі барынша реалистік сипатта бейнеленгендіктен қазақтардың өзі бұл сериалды қытайлардан да артық ынтамен  тамашалады.  Өнер дегеніміз – бір  мемлекеттің, бір ұлттың жекеменшігі емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы, дүниежүзілік руханияттың кеңістігіне шығатын құндылық. Әлем көрермендеріне жол тартар фильмде шынайылық болса, оған мықты суреткерлер асықпай керемет сценарий жазса,  әбден пісіріліп барып ленталанса, біздің киногерлер де бірегей жетістікке жетер еді.   

          Үшіншіден, бізде тарихи киноларға деген әуестік қай кезде де жоғары. Өйткені оған халық та сусап отыр, әрі игерілер қаржысы да жақсы, өткенді  танытатын да – дәуірлердің қойнауындағы кезеңдердің экрандағы бейнесі. Дегенмен осы санаттағы киноларға не жетіспейді? Мәселен, Алаш тарихын арқау еткен «Тар заманның» маған ең ұнаған жері  – символдық түрде қызылдардың көсемі ретінде Әліби Жангелдин, ақтардың көсемі ретінде Әлихан Бөкейханов тұрды. Әрқайсының позициясын түсінікті етіп, жүйелі көрсетуге талпыныс жасағандарына қуандым. Сериалдың қанша қаржымен түсірілгенін білмеймін, «жесір әйелдің қызына жасау дайындағанындай»  аз ақшаға, режиссердың еңбегімен  жоқтан бар жасап жүріп  түсіргені көрініп тұр. Мұны басшыларына да айттым.  «Отыз елдің құрамына байлық жағынан кіреміз» деп жер-жерде айтып жүргеннен кейін ақша бар деп есептеймін (Әйтпесе, ЭКСПО-ны өткізіп неміз бар?). Сондықтан осындай тарихи тұтас бір кезеңді ашып көрсететін жобаларға ақшаны аяудың қажеті жоқ.  Көркем фильмдеріміз бен сериалдарымызды жұпыны-жұпыны, жамап-жасқалған материалдардан арылтуға шамамыз келеді деп ойлаймын.

Тұрсынхан Зәкен, жазушы, тарихшы

ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТА КИНОСЦЕНАРИЙ ЖАЗУҒА ДАЙЫНМЫН

Қазақ тарихында әлемдік деңгейдегі тарихи фильмдерге арқау боларлық оқиғалар жеткілікті. Тарихтың қай кезеңін алып қарасаңыз да, мейлі ол ерте заман немесе ортағасыр, мейлі жаңа және қазіргі заман болсын, барлық уақыттарда ел ретінде, халық ретінде сақталып қалуымызға негіз болған қызықты әрі тартысты оқиғалар баршылық.

Сондықтан ендігі кезде біздің көрер­мендердің тек Корей мен Қытайдың, Үндінің сериялдарын көретін, телеарналардың да тек шетелдік сериалдармен уақыт кестесін толтыратын жағдайды өзгертетін кез жетті. Тарихи фильмдердің бір ерекшелігі − оларды қанша қайталап қойсаң да құнын жоймайды. Өйткені, оның ағартушылық, тәрбиелік маңызы бар. Оның үстіне, ол жанды қозғалыс, диалог, көңіл-күй, музы­ка, киім-кешек және орта арқылы та­рихи оқиғалардың кешенді түрде бей­неленуі. Сондықтан уақыт өткен сайын ол өз көрерменіне құдды тарихтағы болған оқиғалардың өзіндей әсер етеді. Мінеки, бұл киноөндірісінде шығармашылық ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі таңда отандық киноөндірісі жақсы дамып келеді. Ауқымды жобаларды іске асыруға интеллектуалдық, қаржылық және техникалық әлеуетіміз жетеді.

Президент «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында елімізде тәуелсіздік жылдарында бірнеше тарихи фильмдер түсірілсе де, мұның әлі жеткіліксіз екенін атап көрсетті, сондай-ақ, құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды әрі қаржы мәселесін шешуді тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл мәселені арнайы ортаға қоюы оның осы салаға жанашырлығының, әрі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде өскенінің, рухани-мәдени жақтан кемелденіп келе жатқанының көрінісі.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік ки­но­ин­дустрияда тарих тақы­ры­бындағы сцена­рийлерге сұ­ра­ныс жоғары еке­нін, ал­пауыт кино­ком­па­ния­лар Азияға бет бұ­рып отырғанын, осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау бо­ла­тын маңызды белестер мен оқиғалардың баршылық екенін тілге тиек етті. Бұл, әрине, тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстан секілді елдің тарихын әлемге паш етудің жақсы мүм­кіндігі. Бірақ мақсат тек танымалдыққа ұмтылу үшін болмауы керек. Бірінші кезекте, бұл фильмдер отандық көрермен үшін түсірілуі тиіс деп ойлаймын. Сол себепті, Президент көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттік идея әрдайым көрініс табуы қажет деп есептейді. Өте дұрыс. Қазақ халқының тарихи Отаны, этно-территориясы қаншама кең-байтақ болса, оның елдік, мемлекеттік тарихы да соншалық ұзақ. Екі мың жылдың алдындағы Сақ, Ғұн, Үйсін дәуірінен Алтын Ордаға дейінгі тарихымыз мың жарым жылдық ұлы эпопея. Бұл кезең ұлттық, дәуірлік сипатқа ие қаншама тарихи туындыларға жүкті. Өз басым осы кезеңге қатысты Ғұн, Көк Түрік және Шыңғыс хан дәуірінен үш бірдей тарихи роман жаздым. Оның алғашқысы «Аттила» (Балқан тауға барғандар), екіншісі әйгілі Тоныкөк, Білге қаған және Күлтегіндердің заманынан «Мәңгітас», үшіншісі Шыңғыс ханның ту даланы біріктіруі кезіндегі оқиғаларды арқау еткен «Көк бөрілердің көз жасы». Мұның бәрі кино сценарийге немесе телесериалға сұранып тұрған дүниелер. Егер киногерлер тарапынан қызығушылық болып жатса сценарий нұсқасын жазып беруге дайынмын. Осылардың ішінде «Көк бөрілердің көз жасы» 2001 жылы тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған мемлекеттік жабық конкурста еліміздің әйгілі қаламгерлерінен құралған комис­сия­ның шешімімен бас бәйгені жеңіп алған болатын. Егер комиссия бұлай бағала­мағанда бұл шығарма туралы айтпас едім.

Президент өз мақаласында тарихи та­қы­рыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазу­шылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажеттілігін баса көрсетті. Ендеше, бұл жазылған, жарық көрген дүниелер ескерілуге тиіс. Ешқандай тарихи тақырыпқа қалам тартпаған жазушының сценарийі қандай, ал тарихи тақырыпта жазып жүрген, көшпенді өмірді көзі көрген, ысылған қаламгердің сценарийі қалай? Мен бұл арада жалпы тарихи тақырыпта жазатын жазушылар және олардың шығармасы туралы айтып отырмын. Қазіргі таңда киноөндірісінде қазақтың дәстүрлі мәдениетін, тұрмыс-салтын, дүниетанымы мен этнографиясын терең түсінетін, жанымен сезіне алатын шығармашылық топ жетіспейтін секілді. Олар қылаяғы қазақтың көшіп-қону мәдениетін білмейді. Сол себепті, көш көріністері тым қарабайыр. Соншама ауқымды көште артқан теңі тірсегін соққан жалғыз түйе шайқалақтап кетіп бара жатады. Бол­маса сол жалғыз түйе­нің жүгін дұрыстап арту­ға болатын еді ғой. Ке­рей мен Жәнібек Мо­ғолс­тан ханы Есен Бұға­ға амандаса келгенде ал­да­ры­нан соғды биін билеген «сарт­тар» қарсы алады. Бұл дұрыс емес. Өйткені ол кезде Жетісу, Іле өлкесі түгелдей көшпенді қазақтардың, нақты айтқанда, дулаттардың ықпалында болатын. Құлжа өңіріне тараншылардың келіп қоныстануы кейінгі XVIII ғасырдың оқиғасы. Тағы да бір ескеретін жағдай – кинодағы батырлар образы. Дәстүрлі қазақ қоғамында халықтың батырды және батырлықты қабылдауының да өзіндік өлшемдері болған. Сол өлшемге келмесе халық, көрермен оны қабылдай алмайды. Мұның бәрі кино мамандары тарихи тақырыпта жазатын жазушылармен, этнограф ғалымдармен, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауы керектігін көрсетеді.

Жалпы алғанда, мемлекет басшысының тарихи тақырыптағы киноларды көптеп жарыққа шығару туралы ойлары қоғам тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Үкі­мет тарапынан да жағдай жасалып жатыр. Осы орайда, бұл іске тарихи та­қы­рыпта жазатын шығармашылық интел­лигенцияның тәжірибесі мен қарым-қаб­леті пайдаланылса деген ойдамыз.

Мұрат ЕСЖАН, журналист, режиссер:

ІШТЕН ҚАЙНАП ШЫҒАТЫН РУХ КЕРЕК

Тарихи фильмдер дегенде, мына екі нәрсені: тарихи көркем фильм мен тарихи сериалдарды ажыратып, бөлек қарастыру керек. Әуелі, өзім шет жағасын көрген сериал жағдайына тоқталсам, сөзсіз ең басты мәселе қаржыға тіреле береді. Қаржы жеткілікті бөлінген жағдайда соған сай өнім бере аламыз ба, бере алмаймыз ба, ол басқа мәселе, тап қазір көзге көрініп тұрған факт ол – қаржының тапшылығы. Тарихи сериалға бөлінетін бюджет декорация жасауға да, киім тіктіруге де, локация қуалап көшіп-қонып жүріп түсіруге де жетпейді. Сериал өндірушілер «Қазақфильмнің» бұрынғы картиналардан қалған ескі-құсқысын жалдап, жамап-жасқап, құрап-сырап, жоқтан бар жасауға мәжбүр. Ал көрерменге оны түсіндіре алмайсыз. Екіншіден, телеарналар бюджеттік жоспарлауға байланысты ешнәрсені алдын ала бекіте алмайды және ешбір жобаны келесі жылға қалдыра алмайды. Сонда, тарихи сериалдар бір жылдың ішінде жоспарланып, сол жылдың ішінде дайындалып, түсіріліп, көрсетіліп кетуі керек. Мұндай асығыс жағдайда HBO-дан немесе ресейлік арналардан көріп жүргендей сападағы дүние күту тіпті ақылға қонбайды. Баспасөзден түріктердің «Ғажайып ғасыр» сериалының дайындығының өзіне (сценарий, кастинг, декорация, киім) төрт жыл кеткенін оқып едім. Тиісінше, оның ұзақтығы да, көтерер жүгі де соған сай болды.

Ал енді тарихи көркем фильмдерде сериалға қарағанда қаржы көбірек. Әрине, әлемге танымал болған тарихи хиттармен салыстырғанда, олардың қолына су құярлық қана мөлшер болар, дегенмен, ретімен пайдаланса, біраз жыртықты жамауға жетіп те қалады.

Онда мәселе неде? Біздіңше, мәселе – тақырып пен сценарийде. Мұнда көрерменнің де ықпалы бар. Неге десеңіз, осыдан біраз ілгеріде тарихи фильм түсірілсе, елдің бәрі ондағы эффектілерді, шайқастарды, көпшілік сахналарды ғана сынап кетті де, көп адамда «ее, тарихи кино деген шайқасты мықты көрсету екен ғой» деген сыңайда түсінік пайда болған секілді. Қазір қарап тұрсақ, соңғы шыққан кейбір фильмдерде керісінше сол соғыс сахналары мықты да, бірақ тұтас қарағанда туынды жансыз, қан-сөлсіз болып шыққан. Тіпті «Көшпенділердің» өзін алайық. Техникалық жағынан осал дей алмайсыз, бірақ бір көруге ғана тұратын ортанқол дүние болып қалуының себебі не? Қазақтың жаны жоқ. Пафос бар, бірақ іштен қайнап шыққан рух жоқ. Жан дүниеңнің нәзік қылын шерте алатын пернелер басылмаған. Осыдан шығатын қорытынды қандай? Қаржы, қаржы деп қанша қылқынғанымызбен, әрине, қаржы аса маңызды ғой, бірақ мол қаржының өзі шеше алмайтын жайттар бар.

Тағы бір түйткіл, ол – тақырып. Қазақтың тарихы қазақ пен жоңғардың соғысынан ғана тұрмайды ғой. Жалпы, тарихтың өзі соғыстан ғана тұрмайды. Дегенмен, бұл кемшіліктің орны ақырындап толып келе жатқанға ұқсайды. Телеарналардың тарихи тұлғалар өміріне бет бұра бастағаны соны аңғартады.

Сөз соңында, киноға да, сериалға да ортақ бір мәселені айта кетсем дейтін. Ол тарихи фильмдердің тілі және ол тілді жеткізудегі актерлердің ойыны, яки, интонациясы. Жазушы, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы айтпақшы, сахнаның, киімнің декорациясы болатыны секілді, үн мен тілдің де декорациясы болады. Ол бұзылса, ХVІІІ ғасыр туралы кинода электр бағаны көрініп қалған секілді нұқсан жасайды. Тарихи фильмнің тілі – асырып көркемдеп жіберуді де, жеткізбей қарабайырландырып жіберуді де кешірмейтін нәзік нәрсе. Актерлер де соны сезіне отырып, ауылдарда сақталған қазақы интонация мен қазақы үнді беруге еңбектенсе, жұмыстың жартысы атқарылғаны деп санауға болады. Режиссерлердің осы нәрсеге баса назар аударғанын қалар едім. Бұған енді артық қаржы керек емес қой.

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір