«Алдымда – Алла, арқамда Алаш тұрған соң…»
19.03.2021
1234
0

Серік АҚСҰҢҚАР, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

ЕБІНЕЙ БӨКЕТОВТІҢ ӘРУАҒЫ

 Н.Д.

Рухы Бөкетовтің, асып көкті,

Түңіліп түрімізден, басып бетті,–

Арқадан сайғақ құрлы сая таппай,

Қашып кетті?!

 

Біреулер кетіп жатса,– бірі келіп,

Орыны тұрған-ды ұзақ үңірейіп.

Атырау – Арқа – Алатау – Алтайда да,

Сол Рух жүруші еді күңіреніп…

 

Мұндағы біз түгілі, Құдайға анық,

Алаш та, әруақ та былай қалып;

Өзінің құт дарыған ұясына,–

Қона алмай, қаншама ұшты шыр айналып?!.

 

Қаншама ел келді, кетті – түскен із жоқ,

(Рухы өзіменен ұшты егіз боп).

Мен сені қаншама уақыт күттім мұнда,

Кел, қоншы үйірімен үш тоғыз боп?!

 

Алдыңнан шығып, айхой, алқара көк,

Құшақта Сарыарқаңды айқара кеп?

Ел күтті, бел де күткен көзі талып,

Кел, қоншы, о, Әруақ, арқама кеп!

 

Құдайға сенбегендер – «зорға»* сенер,

Жарқырап тұрар-дағы – ол да сөнер.

Не болар бұ Алаштың көрген күні,

Арқада әруағы болмаса егер?!

 

*Мансапқор,астам, зорлықшыл адам деген мағынада.

 

 ХУЛИГАНДАР

                                (Валентин Гаафтың әуенімен)

 Өне-бойын үскірік… тасқын көміп,

Сенің ұлың туған ғой қасқыр болып?

Біз иттей боп қашқанда солар, әне,

Танктердің қалды ғой астында өліп?!

 

Ешбір дөкей оларға ұрыса алған жоқ,

«Изм…»-дерге біздердей құрсанған жоқ.

Кір, лас небір жерлерде жүрсе-дағы,

Ар-ұятын титімдей кір шалған жоқ!

,

Кедей, кердең болса да ол – бай еді,

Ойындағысындай дүр болмай елі…

Сотқар Маяковский де сондай еді,

Ерке-тотай Есенин сондай еді!

 

Қарадан бір шығатын хандай еді!

Ұл туа ма орыстан ондай енді?

Сондай еді хулиган Шукшинің де,

Бекзат-Высоцкий де сондай еді!

 

Тәнті оларға Отанның ұл-қыздары,

Түнде жанып, көрінбес күндіз бәрі.

…Көк жүзінде жанса бір жаңа жұлдыз,

Сол бір сотқар ұлдардың жұлдыздары…

 

ПУШКИННІҢ ӘУЕНІМЕН

(Экспромт)

Маған,–

Жартылай «жақсы», –

Пүтіндей жаман:

Жартылай – «зиялы»,

Жартылай – надан,

Жартылай – хайуан,

Жартылай – адам!

 

ХХ1 ҒАСЫР

         (Расул Ғамзатов пен Андрей Вознесенскидің әуенімен)

 Ғасырлар егер кісі өлтіруден жарысса,

Сен кетер едің қара үзіп, ұзап, алысқа,–

ХХ-шы ғасыр! Көз жасын сүртіп жеңімен,

ХХ1-ші ғасыр жарыспаса екен сенімен?.

 

Өтірік, өсек, оңбағандығымен жарысса,

Қара үзіп тағы сен кетер едің алысқа,–

ХХ-шы ғасыр, қырық қабырғаң сөгіліп!

ХХ1-шы ғасыр шаңыңа қалсын көміліп!

 

Ғасырлар егер қаһармандығымен жарысса,

Көрінбей көзге, сен кетер едің ғарышқа,–

ХХ-шы ғасыр! Соңыңда қалып сандалып,–

ХХ1 саған қарайды сонда,–

Таң қалып!

 

РОМАННЫҢ ТАҚЫРЫБЫ

                                    Жүсіпбек Қорғасбекке

Ақсораңда туғаннан ат ұрып ем,

Бодан елдің ең соңғы ақыны –

Мен!

Біреулерге құл болған өмірімен,

(Өлеңімен, сезімі, ақылымен).

 

Қызыларайда кіргелі түсіме өлең..

Жұғыспағам жұғымды кісіменен.

Мен бір жылқы құрыққа түсіп қалып,

Үзе алмай ғап шідерін кісінеген…

 

Жетпейді екен құдайға құл тілеуі,

Құлағымнан ұстап ап, сілкіледі!

Маяковский мауқымды басты, әйтпесе,

Жынды болып кетуім мүмкін еді?!

 

Ел қайтеді мендей бір есер ұлды?

Есіме алғым келмейді кешегімді!

Содан шығар ессізге есем кетіп,

Есім кетіп сүйгенім Есенинді?

 

Әзер жеттім бұ күнге құрып әлім,

Әлі есімде, тамшылап жылы қаным,–

Қырға шығып, қасқыр боп, Айға қарап,

Жалғыз өзім жапанда ұлығаным…

 

Өксігім көп өлеңде айта алмаған,

«Қаламгерде»* не үшін талтаңдағам?!

Азат елдің көрем де ақындарын,

Аң-таң қалам…

 

Романға өзім-ақ тақырып ем:

Менен кейін тумайды ақылы кем:.

Кел, Жүсіпбек, суретке түсіп алшы,

Бодан елдің ең соңғы ақынымен?..

                                                      *Жазушылар одағының кафесі.

 

ДАР АЛДЫНДА

       (Франсуа Вийоннан)

 Мен – Франсуа Вийон, пенденің мен де сойымын.

Парижде жүріп, осылды-ау, ойхой, ойыным:

Белімнен төмен жерімнің қанша салмағы?

Білетін болды соны енді сорлы мойыным…

 

***

Ғажап екен оңашада ой кешкен.

Әлеуметтік желімен де сөйлеспен!

Телефонсыз, теледидарсыз ғұмыр кешкім келеді,

Фейсбуктегі фейктерді көрместен!

 

Мұңға оранып, бұлтқа батып бара ма Ай?

Эротика жынға тиіп қарадай, –

Ғалияны аялаған жақсы екен,

Тыр-жалаңаш қатындарға қарамай?!

 

Кім долларға теңгемізді сүйгізді,

Алтын басты кімге төмен игізді?

Цивлизация сифлистен шықты да,

Енді, міне, вируске тәж* кигізді!

 

Біттім іштен тынып бір,

Мақсат – алыс, күдік – қаптап, үміт – тұл!

Сайтан шығып,– алтын тәжі басында,

Бізге қарап, сақ-сақ етіп күліп тұр…

                                             *Коронавирус.

 

***

«Я устал от двадцатого века…» (Владимр Соколов).

 ХХ-шы ғасыр! Жақай қоймайды сені ешкім,

Әлемнің күллі Әзәзілімен тел өстің!

«Адамның құқы…» хақында қалай қыртасың?!

Мен деген саған туғаннан адам емеспін!!!

 

БЕУ, АЛМАТЫ-АЙ…

 (қайынсырап барғанда)

Азияның сәні болған – Алматы-ай,

Шәмшілердің әні болған – Алматы-ай,

Димаштайын бір бекзада патшаның,

Ғұмырының мәні болған – Алматы-ай!

 

Гүл бағыңда бұрынғыдай нуың жоқ,

Көшелерде сарқыраған суың жоқ.

Балың бар ма мынау жұртқа? –

Уың – көп?!

Елім деген ерлеріңнен, қуың көп…

 

Айы туған – солынан,

Күні туған – оңынан,–

Аяқ бассам – саудагерге жолығам.

Жүрмейді енді Мұқағали көшеңде,

(Үрмейді енді көрінген ит соңынан!).

 

Қасыңда тұр Хан-Тәңірің жебейтін.

Көрініп тұр, байларың – кім, кедей – кім?

Ұлықбектен ұсақ бегің көп екен,

«Елім бар-ау, жерім бар-ау?» – демейтін.

 

Қазақстан Жазушылар одағы, –

Оны көрсем, арқама әруақ қонады.

Анадайдан көзіңе оттай басылған,

Арпа ішінде бір бидай ғой ол әлі.

 

Сенде жүріп ғашық болып бір қызға,

Муза болып ұшып кеткем жұлдызға.

Содан түсіп… саған келсем, сен – жоқсың!

(Өтіп кетсем қайтеді енді қырғызға?!).

 

Ертегімнің сәтсіз бітіп аяғы,

Алдан маған Арқам құшақ жаяды.

Қайын жұртқа келіп, қайтып барамын.

Енді маған қайда Алматы баяғы…

ЭПИГРАММА

                      (Юрий Кузнецовтан)

 «– Кім ол сонша?!– дейтіндер бар жекіріп,–

Неге түсед алдымызға секіріп?

Қалай астам сөйлейді бұл көпіріп?!»

«– Мен – Кузнецов. Жалғызбын Мен жаһанда.

Қалған нәрсе – жалған, бос сөз, өтірік!»

 

***

Осы Ақсұңқар болмай-ақ, бірден сал боп,

Бірге туған еліммен бір болсам деп,–

Әнге салғым келеді, айхой жалған,

Жанботаның жанында –

Біржан сал боп!

 

Тәңірінен басқа бір ілімі жоқ,

Көз алдыма Мағжанның Күн Ұлы кеп,–

Қайта туғым келеді дүниеге.

Темірханның, айхой,–

Көк Түрігі боп!

 

Туғаннан соң біртуар, ғажап болып,

Көрген осы азаптай –

Азап көріп! –

Америка елінен үндіс болып,

Қалың орман ішінен –

Қазақ болып! –

 

Қайта туам қан тулап, денем ысып,

О дүниеден өзіңе келем ұшып!

…Түрік болып, Қыпшақ боп,

Сонан кейін,

Қазақ болып қалармын ерегісіп!

 

 “ТЕЛЕФОНДА – МАРҚҰМДАРДЫҢ…”

                           (Валентин Гафттың әуенімен) 

 Телефонда – марқұмдардың тізімі.

Менен бұрын біткен көрер қызығы…

Іздегенде өзегіңнен от өріп,

Тірі қалған өзге біреу көтеріп!..

 

Олар менің көз алдымда әлі жүр!

Ғұмырымның мазмұны мен мәні – бұл.

Мен телефон шала берем оларға,

Жұмақта ма?

Тозақта ма?!

Бәрі бір!

 

«– Беу, дүние-ай, есіл…» – дегім келеді.

«–Кінәм болса,– кешір?!» – дегім келеді?!

…Телефоннан ұзақ дыбыс келеді…

Сонда-дағы іздей берем мен оны…

 

Олар менің көз алдымда әлі жүр!

Енді қалған ғұмырымның әні – бұл.

Мен телефон шала берем оларға,

Жұмақта ма?

Тозақта ма?!

Бәрі бір!

 

ЖӘРКЕН БӨДЕШ

«–Жәкең* жайлы,– дейді жұрт – ойың қалай?..»

Осы жұрттың жымысқы ойындары-ай!

Жәркен Бөдеш – талант қой, теңдесі жоқ,

Қайда барам мен оны мойындамай?!

 

Ол ешкімді ғұмыры күндемеген.

Жазбай қойған кезі бар, мүлдем, өлең:

Көресінін Қытайдан көріп келіп,

Қазақ азат болғанша –

Үндемеген!

 

Шабысы – ерек арғымақ, мол тынысы,

Жүрісі – сол…монтиып сол – тұрысы…

Қожанасырлығын айт!.. одан да көп,

Ішіндегі сұмдық бір… қорқынышы…

 

Мынау өлең – Жәркеннен қалған өлең,

Ақорданың залына бармағанмен.

Тәңірінің Сыйлығын алып қойған,

Мемлекеттің сыйлығын алмағанмен!

 

Ол туралы өзгерер ойым қалай?

Осы жұрттың оспадар ойындары-ай!

…Қалай ұлы болады мемлекет,

Ұлы ұлдарын өзінің мойындамай?

                                                       20.10.2020 ж.

 

ҚАЗАЛЫ

 Қазалы!

Дүниенің сенде екен ғой ғажабы?

Ай-Арулар туа ма екен, саған кеп,

Тәңірінің түспесе егер назары?!

Дүниенің сенде екен ғой ғажабы.

18.10.2020 ж.

 

ИНФЛЯЦИЯ*

               (Түсіме Жәркен Бөдештің жарыққа шықпаған үр жаңа өлеңі енді).

 Құт келер деп ек қоғам мен заман өзгеріп,

«Егемен» деген ел айтқан ерен сөзге еріп.

Инфляция келді! Кетед те, – қайтып келеді,

Абайша айтсам, – «ит көрген ешкі көзденіп?!»

 

Долларым жоқ қой, телефон, мінер көлігім.

Сұрасам маған береді дейсің оны кім?

Инфляция дейтін ит кеп тұр, жаман ит қой бұл,

Ж-а-қ-с-ы ит болса көрсетпес еді өлігін…

 

*Инфляция-қазақша нақты баламасы жоқ, қазақта, мүлде, болмаған, бізге, туасы жат ұғым (Жәкеңнің ескерпесі.. С.А.).

 

АНАМА ХАТ

 Қайдасың, Тәте?

Талай хат жазып өлеңмен,

Қалай бұл әлі бір жауап алмай келем мен?

Жетпіс те келіп қағып тұр қатты есікті,

Кәрілік жетті, әл-қуат кетті денемнен.

 

Бесікте жатқан баланың сәби-реңі,

Түсіме менің неге кеп жиі кіреді?

Алдында – Алла,

Арқасында – Алаш тұрғанын,

Сезеді оның, меніңше, сәби жүрегі?

 

Қызылды жасыл дүние күнде түрлене,

Төбемде – шаңырақ,

Тау менен далам – іргеде.

(Алдымда – Алла,

Арқамда – Алаш тұрған соң,

Адамзатыңа мен де айтқым келген бірдеңе)…

 

Тәңірі сонда тезіне салып қинаған,

Шерім көп еді шемен боп ішке сыймаған.

Алдымда – Алла,

Арқамда – Алаш тұрған соң,

Адамнан мен де айылымды, мүлде, жыймағам.

 

Қайдасың, Тәте, бұ күнге дейін сенен мен,

Хатыма әлі бір жауап алмай келем мен?

Алдымда –Алла,

Арқамда – Алаш тұрған соң,

Өмірім өтіп барады әлі өлеңмен…

 

ЭКСПРОМТ

                Несіпбекке

Кіндігің қалған жері –Тарбағатай.

Бер жағы – Ақсораң да, ар жағы – Алтай.

Құрдас деп жүрсем маған аға екенсің,

Арманың осы сенің бар ма, ағатай?

 

Кіндігің қалған жері – Тарбағатай.

Соңыңда Тарбағатай қалды, ағатай.

Қиянда қалып қойсаң қайтер едің,

Бер жағы – Шыңғыстау да, ар жағы – Алтай.

 

Ақсораң – менде.

Сенде – Тарбағатай.

Бер жағы – Алтай да оның, ар жағы – Алтай.

Бөлінген екі жаққа екі Алтайдай,

Сенің де ішің толы зар ма, ағатай?

Өксігі қара өлеңнің, қайран, Алтай…

 

БІР ҚАЗАҚ

(О. С.)

(Пушкиннің әуенімен)

 Ел надан болса, ер – қараң.
Отқа айдар ұлды боққа айдап өткен кер заман:
Немістен туса – Фридрих Ницше,
Еврейден туса – Исхақ Рабин болар боздақ-ты,
Қазақтан тудың, қайтейін, қайран, бекзадам!

 

РУХ

Сезе ме екен туған жердің белесі,

Біле ме екен соғып тұрған жел осы?

Хан Кене – Еділдің,

Абай – Фарабидің,

Мұқағали – Мағжанның елесі!

 

Рух деген – жыр-тұма.

Атып шығып тереңінен бұлқына,–

Қарлығаштай, қанатымен су сеуіп,

Қайтып келіп тұрады ылғи жұртына.

 

Отқа салып,

Нөсерге малып қанатын,

Жер – жаһанда сол ғой сайран салатын.

Ұлтыменен бір жасайды ұлы рух.

(Біз ғой өліп қалатын).

26.11.2020 ж.

 

ИТ

 (Валентин Гаафтың әуенімен))

 

Лып-лып етіп жүгіреді, ентігеді, е, бейбақ;

Қожайынға жағамын ба,

Жақпаймын ба деп ойлап…

 

Жазықсыз сан қамалған да,

Жазықсыз сан таланған,

Көкесін де сатқындықтың көрген не бір адамнан!

 

Біз де иттей қамалғанбыз сан рет,

Таланғанбыз сан рет!

 

Бастан кешкен сондай сұмдық,

Зауалды.

Көшедегі күллі көзден көрем сондай сауалды…

 

Күйкі тірлік, күйкі жұрт-ай, күйкі өңір,

Басымыздан өтпей қойды-ау, ит-өмір!

 

АРХИВТЕГІ АЙ-АРУЛАР…

 Архивтің Ай-арулары ортаға ап,

Қолжазбамды сұрайды ылғи қолқалап.

 

Заманмен – бір,

Бір – елмен,

Қаламсап та тығырыққа тірелген.

Компьютердің ғасыры кеп, мен ескі

Қолжазбамды отқа салып жібергем…

 

Әзер қиып мен де оны, ол – мені,

Жанғанда оған бір жан көңіл бөлмеді.

Өлең деген кетсе егерде архивке, –

Өлгені!

 

Архтвтерде Ай-Арулар көп енді,

Көріп соны жаным нұрға кенелді.

Не сұраса берер едім соларға,

Бере алмаймын, бірақ, мүлде, өлеңді!

 

Ай-Арулар, не айтсаң да көніп ем,

Соларменен бірге ұшып, бір қонып ем.

Өлеңімді өткізгенше архивке,

Өзім жанып кетейінші сонымен…

 

***

Иран-Ғайып жыр оқып тұр гүрілдеп,

Елім, жерім, суым-ай! – деп, –

Пірім! – деп.

Желім болды неге мұның жегені,

Неге ішкені кеткен мұның ірің боп?!

 

Алаш десе-ақ, оңбайды ұл.

(Бізге тағы заман келді сондай бір).

Өмір деген қызық шығар, ал, мынау

Өлең деген маңдайдағы сордай – бұл!

 

Ол өрттей боп – лаулап, оттай – маздады.

Күйінем деп күл боп кете жаздады.

Ол қайтеді гүрілдемей, күйінбей,

Осы болса маңдайына жазғаны.

 

Мұндай ерге жете алмай жүр ірі елдер,

(Ірі елдерде ер тілеуін тілейді ер).

Иран-Ғайып гүрілдеген сайын бұл,

Дірілдейді неге осында біреулер?

 

Арқасына әруағы қонбай бір,

Жері де оның, елі де оның оңбай жүр.

Біздей жұртқа, – (жынын алған бақсыдай!)

Соры қалың сотқар керек сондай бір…

 

ҚҰЗҒЫН

 Жемтікке жаны іңкәр-ді;

Құлқынын жебір құрт алды;

Жек көрді көкте – сұңқарды,

Жек көрді жерде – тұлпарды.

 

Жаз жөнеп, сұрғұлт күз келген,

Құзғынның суық көңілі;

Жерден бір жемтік іздеумен,

Өтті ғой күллі өмірі.

«Алдыңнан қарға қашқанда,

Тырнақпен тарпа бас та, құш;

Мен ұшқан зеңгір аспанда,

Ұшпасын, – деді – басқа құс!»

 

Тісіне тісін қайраса,

Қашты одан қыран құс кілең.

Бұлбұлдар бақта сайраса,

Қарқылдап ұшты үстінен!

 

Жемтікті көрсе кідіріп,

Сол жерді ішке тоқыды.

Жыланның уын сіміріп,

Қыранның көзін шоқыды…

 

Бағып бір қырғын, дабырды,

Басында, әне, тұр құздың.

Қазақтан қарға тамырлы

Қалмай-ақ қойды-ау, бұл құзғын?

 

Құзғыннан – құзғын түлетіп,

Дүниеге сайран салды да,

Мұның да көрер күні өтіп,

Алланың келді алдына.

 

« –Тұрсың ғой шаршап-талған боп?–

Деді Алла, – Енді айт, ентікпе;

Жемеген нәрсең қалған жоқ,

Тоймадың, қалай жемтікке?!

 

Тіліңді сонда үйірген

Қандай зат, нендей түр-өңі?!»

« – Хәкімдеріңнің миы мен

Ақындарыңның жүрегі!..»

 

***.

(Владимр Михейшиннің әуенімен)

Құдайды кім қойып қойған тіркеуге,

Не болады көзімізге ол көрінсе?

Сіз шоқынған Ғайса да жоқ шіркеуде,

Алпыс екі тамырыңда ол, меніңше.

 

Шіркеуге кеп неге ағыңнан жарылдың?

Іздей-іздей, таба да алмай, сарылдың:

Құдай деген жүрегіңде жарыңның,

Ақтығында арыңның.

 

Ол таң болып атып,

Күн боп күледі,

Махаббаттың заңы – бұл һәм зары – бұл.

Балалардың жүрегінде жүреді!

Туғаның ба, бөтен бе, Оған – бәрі бір!

 

Бетховеннің нотасында – сарыны.

Жаныңды егер рухы оның жебесе,–

Есениннің өлеңінде – әңірі.

Левитанның суретінде – немесе.

 

Құдайды кім қойып қойған тіркеуге,

Не болады ол көзімізге көрінсе?

Сіз шоқынған Ғайса да жоқ шіркеуде,

Алпыс екі тамырыңда ол, меніңше…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір