Қарадаланың қара баласы
19.03.2021
1560
0

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Сафуан Шәймерденовпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 – Театрға қайта оралыпсыз…

– Иә, араға біраз уақыт салып, қайта оралдым. Таяуда А.Чеховтың «Шағаласын» сахналадық. Ол әлемге танымал шығарма, классика. Сол классикадан бір кейіпкерді сомдау маған бұйырды. Жалпы, менің театрда дұрыс бір рөл ойнамағаныма кемінде 5 жыл болыпты. Оған әрине ешкім кінәлі емес, өзім киноға кетіп қалдым. Кино саласында актер, 2-3 жыл редактор, кастинг директоры болдым. Енді міне театрды сағынып, қайта келдім.

Чеховтың «Шағаласы» алғаш сахналанғанда ешкім түсінбепті. Тіпті, көрерменнің жартысы тұрып кеткен, Чеховқа аяқ киімдерін лақтырған дейді. Ал, қазір дүниежүзі қойып жатыр. Содан спектакль 5-6 жыл қойылмай қалады. Автор депрессияға түседі. Тек, 5-6 жылдан кейін Станиславский Чеховпен отырып, не айтқысы келгенін, ойын, идеясын талқыға салады. Сосын барып сахналағанда ол мүлде басқа дүние болып шығады. Сол кезде көрермендер «Біз Чеховты түсінбеппіз» деп аһ ұрған екен. Одан беріде қазақ сахнасында Чеховтың шығармасы талай рет қойылды. Әр қоюшы-режиссер өзінше зерттеп, өзінше ұсынды. Міне, біраз үзілістен кейін Ерік Нұрсұлтан атты жас режиссер қойды. Қазақ көрерменіне лайықтап, түсінікті тілмен, заманауи көзқараспен алып келді. Шеберлікпен өте тамаша алып шықты. Мұнысы бізге де жеңіл болды, түсініп ойнадық.

– Әзірге «Шағалада» ғана ойнап жүрсіз бе?

– Жоқ. Қазір Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында қойылып жатқан жақсы спектакльдер аз емес. Мен соның өзім ойнаған екеуіне ғана тоқталайын. Екіншісі, жас режиссер Фархад Молдабек қойған Винья Дельмар атты америкалық драматургтың «Баянсыз бақ» деген пьесасы. Бұл қойылымды автор 1966-1967 жылдары жазыпты. Ата-ананың қадірі, адами құндылықтар сөз болады. Дамып кетті деген Америкада ата-ананы Қарттар үйіне өткізу сол кезде қалыпты жағдай болған екен. Ал, ата-анасын қадірлеп өскен қазақ үшін бұл тақырып ол кезде мүлде жат еді. Енді неге қазір сахналап жатырмыз? Өйткені, қазір бұл тақырып өзекті! Қазақ ата-ана қадірін, ата-ана мен ұрпақ алдындағы парызды ұмытты. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін бұрынғы қазақ қазір жоқ. Бұл үлкен трагедия. Бұл ойланатын жағдай емес, ойланатын кезден кетіп қалдық. Іске кірісетін сәт. Қазір бесігімізді түземесек, бұдан кейінгі заман қандай болатыны қорқынышты. Сондықтан, бұл тек қазаққа емес, бүкіл адамзатқа ортақ тақырып!

– Жалпы өнерге келгеніңізге қанша жыл болды?

– Театрдағы өмірім 1995 жылы Көкшетаудан басталды. 1991 жылы мектепті бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Оны аяқтаған жылы тобымызбен Көкшетауға барып Шахмет Құсайынов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының іргетасын қаладық. Ол жерде 8 жыл жұмыс істедім, одан кейін Астанаға келіп Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында Әзірбайжан Мәмбетов басшылық етіп тұрған кезде бір жыл жұмыс істеп, 2-3 рөл ойнадым. Азекең маған Баймағамбет сұлтанды берді. Жаңадан келген актермін, бұл үлкен жауапкершілік еді. Ал, Алматыға келуіме біріншіден, режиссураны оқу арманым болды. Сол үшін біраз жыл театрдың қыр-сырын меңгердім. Екіншіден, қартайған әкемнің қасында болғым келді. Бұл енді әкем жалғыз қалды деген сөз емес, бірге туғандарым құдайға шүкір жетеді. Өзім бала күннен әкемнің жанында болғым келетін.

– Тым ерте танылдыңыз, бұл өміріңізге қандайда бір өзгеріс әкелді ме?

– Рас, студент кезімнен танымал болдым. Ол кезде қазіргідей қаптаған телевидение, интернет жоқ. «Қазақстан», «Алатау» атты екі телеарна бар. Сол арналарда «Асан –Үсен» деген балаларға арналған кейіпкерден бастап, «Ойнайық та ойлайық» атты бағдарламаның жүргізушісі болдым. Кейін студенттер арасында жүретін «Бозбала мен бойжеткен» хабарын жүргіздім. Бұл хабарлар менің бүкіл Қазақстанға танымал болуыма сеп болды. Соның арқасында «Қазақфильм» киностудиясынан ұсыныс түсіп, Бейімбет Майлиннің «Қарабала» шығармасының желісінде режиссер Кенжебай Дүйсенбаев ағамыз кастингтен мені таңдап алды. Тұңғыш түскен фильмім. Студент кезде театр дегенді көп түсінбейміз, шіркін, киноға түссем деп армандайтынбыз. Сол арманым орындалып, басты рөлге өттім. Ең үлкен қуанышым, театр мен кино өнерінде тарихта қалған саңлақтар Әлия Өмірзақова мен Қасым Жәкібаевпен бірге ойнадым. Ол үлкен сенсация болды. Одан кейін оқуды бітіретін жылы «Абайдың жастық шағы» жайлы  кино түсірілетін болды, режиссері Ардақ Әмірқұлов еді. Сол кинода Абайдың досы, Абай мен Тоғжанның арасындағы дәнекер – Ерболды ойнадым. Екі фильмнің пайдасы ғой, институтты қызыл дипломға бітірдім.

–  Тұрмыста қиындық көрген сәттер болды ма?

– Әрине болды. Шалқып-тасыған сәттер де, қиналған кездер де болды. Мысалы, қазір қалтамда «оңай» картам бар. Яғни, қоғамдық көлікпен жүремін. Жас кезімде автобуспен жүруге арланатынмын. Сондай бір кездер болған. Тағдырды Алла белгілейді ғой, сондықтан тәубаңа түсіреді екен де, жағдайыңды кейін шегерген кезде автобуспен жүрмегенде қаланың шетіне жаяу барасың ба? Алғаш автобусқа кіргенде бәрі маған қарап тұрған сияқты қатты ұялдым. Уақыт өте келе ішкі өзімшілдігімді жеңдім. Мені алақанына салып отырған халықтың ішінде болмағанда қайда болуым керек? Сөйтіп пендешілігімді жеңген кезде маған бәрі оп-оңай көрінді. Кемінде 7-8 жыл болды қоғамдық көлікпен жүрем. Үйге бару үшін 69-автобусқа отырсаң, тура есіктің алдына барады. Бірақ, жүрмейтін жері жоқ, жер-дүниені айналып шығады. Өзі кішкентай автобус, іші толған адам. Бұл маған халықпен араласуды үйретті. Ақыл тоқтатып есейген шақта жағдайдың жоқтығына, өзіңде бар жағдаймен өмір сүруге, арланбауға үйренген сияқтымын. Үлкен жетістігім осы. Кез келген кездесуге, адамдардың алдына, мейлі ол кім болсын, қандай киімім бар, сонымен барамын, қандай ақыл-парасатым бар, солай сөйлесемін, қандай жағдайым бар, сонымен қарсы аламын. Жасандылықтан арылғаныма, көзім ашылғанына қуаныштымын.

– Өнерде ғана емес, той-томалақта да көп жүресіз? Қазір қоғамдық мәдениет, соның ішінде, той мәдениеті қай дәрежеде?

– Жанбағыс қамымен той-томалаққа баратыным рас. Әр той әрқалай өтеді, тойдың жақсы өтуі жалғыз асабаға байланысты емес. Той иесі мен қонақтар да тойдың көңілдегідей өтуіне атсалысуы тиіс. Мәселен, бір тойға кемі үш жүз адам келеді. Әркім ішімдегіні тап деп отырып алса, немесе айналасымен санаспай тек ішіп-жеп, аузына келгенін айтып жатса, той той бола ма? Ондай кезде сен қанша аталы сөз айтсаң да, бар еңбегің далаға кетеді. Қазір, рас, сөзіне, жүріс-тұрысына мән бермейтін, жаттап алған он ауыз сөзін барлық тойда айтып жүре беретін асаба да көп. Ізденбейді. Тойдың қазақ өмірінде, дәстүрінде үлкен мән-маңызы бар екенін ескермейді. Шілдеханадан бастап, қазақтың бар тойының тәрбиелік мәні болған. Міне, біз соны жоғалтып алдық. Той – арзан сөз, анайы қалжың, үлкен-кіші демей дарақылана билеу, көңілге сыймайтын ойындарға толып кетті. Осыдан арылу керек. Үш жүз адам аузыңа қарап отырғанда, той иесі қуанышын саған сеніп тапсырғанда бойыңда елді баурап алар қасиет қана емес, үлкен жауапкершілік те болуы керек. Әттең, бізде әлі той мәдениеті қалыптаспай жатыр. Асабалар ғана емес, тілек айтуға шыққан меймандардың өзі кейде артық кетіп қалады. Негізі, кез келген той асын ішіп, аяғын босатып кететін жер емес, белгілі дәрежеде мәдениет қалыптастырып, ұлағатты сөз тыңдайтын орын болуы тиіс. Ол жерде аузыңа түскен сөзді айта беруге болмайды. Әзіл айтсаң да астарында үлгі болатын, өнеге болатын ой жатуы қажет. Өзіме келсем, есейген сайын сөзді теріп айтады екенсің. Өйткені, сол тойда сен айтқан бір ауыз сөз – үкім. Біреуді мақтасаң, үш жүз адам соны мақтап кетеді, даттасаң, даттап кетеді. Яғни, той басқару үлкен өнер.

Бұл тойға байланысты ойым. Ал, қоғамдық ортада ше? Бәріміз мейлі базарда, мейлі трамвай-троллейбуста жүрейік, орта мәдениетін сақтауымыз керек. Бірін-бірі сыйлау, үлкенге орын беріп, көмек қолын созу, айналаны былғамау, тазалық сақтау, т.б толып жатқан адами құндылықтардан аттамасақ, кішіге көрсеткен тәрбиеміз сол болмақ.

– Қасиетті қарадалада өмірге келіпсіз. Туып-өскен жер, туған дала туралы да айтсаңыз.

– Қарадаланың қасиетін айтып жеткізе алмаймын. Жалпы, қазағымның бар даласы бабамыздың қаны мен тері сіңген қасиетті жер ғой. Соның ішінде әркімге туған топырағы ыстық. Кешегі Жібек жолы өткен, Шығыс пен Батысты жалғап жатқан Алматы облысындағы Қарадала тіпті киелі. Ал, әке-шешеме келсек, екеуі де суырыпсалма ақын болған. Кішкентай кезімнен көріп өстім, олар той-томалақта отырып талай айтысып еді. Ол кезде сондай дәстүр болды ма, тойға жиналған қауым екіге бөлініп айтысушы еді ғой. Соны бала күнімнен көріп өстім. Қазір қазақ өнерінің барлық саласына ат салысып жүргенім сол бала күннен көңілге түйгенімнің жемісі болар. Негізгі мамандығым әнші-актер. Ол маған бала күнімнен таңсық емес. Адамда өсу процессі болуы керек қой. Әрине актер болып жүріп те талай жетістікке жетуге болады. Бірақ менің режиссерлік ізденіске барғым келді. Сол арманым мені әлі күнге дейін  жетелеп келе жатыр. Жасым қырық алтыға келді, жас емеспін. Алайда ізденіс үшін жас кедергі емес. Тағы бір қырым – ақындық. Бұл қазақтың қанында бар дүние. Затаевич қазақ даласында келе жатып бір қойшыға жолығыпты. Содан қойшыдан: «Қазақтың қандай тәмсілдерін білесің?» – деп сұрапты. Қойшы: «Ештеңе білмеймін», – депті. «Әу демейтін қазақ жоқ деуші еді, өтірік болды ғой», – деп, Затаевич бұрылып жүре бергенде, қойшы: «Осы міне, отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ, сөйлесең – тақтақ, сөйлемесең – ақымақ деп айтады бұл қазақ», – депті. Сол кезде фольклор жинап жүрген Затаевич: «Осы сөз ғой маған керегі», – деп, жазып алған дейді. Қазақтың баласымын ғой, менің де солай түртіп қоятыным бар. Кейде қара сөзбен жеткізе алмай қалған кезде, туған-туыс, бала-шағама жеткізе алмай жатқан сөзімді, немесе ақтала алмай, кешірім сұрай алмай тұрғанда екі ауыз өлеңмен мәселені шешіп жіберетінім бар.

– Көңіліңіз толмай жүрген бір дүниені айтсаңыз…

– Өз саламды айтайын, әттең, ішім ашиды. Қазір өнерден хабары жоқ, өнерді оқымаған біреулер киноға араласып жүр. Сценарий жазады, телехикаялар түсіреді. Сондай шалажансар дүниелермен қоғам тәрбиеленіп жатыр. Бұл менің ғана емес, көптеген өнер адамдарының жанына батып жүр. Министрлік осыған тыйым салмаса біздің 7 жыл оқыған оқуымыз, 4-5 жыл бакалавр, 2 жыл магистратура бар, осының бәріне түкіріп қойып, жаңағыдай көшеден келгендер қоғамды қойыртпақ жасайды. Қазір онсыз да қазақ киносы төңірегінде теріс пікір, көңіл толмаушылық, сын аз емес. Осылай кете беретін болса, ұлттық өнер, кәсіби өнер құлдырай берсе, біз ұлт ретінде жойылып кетеміз.

– Қандай арманыңыз бар?

– Армандамайтын адам жоқ. Ал, саналы түрде өнерге келген адамның арманы бөлектеу болады деп ойлаймын. Бала күнімде «жылқышы боламын», «тракторист боламын» деген кездерім де болды. Дегенмен, ең бірінші арманым – әнші болу еді. Кішкентай кезімізде ауылда теледидар санаулы ғана үйден табылатын. Біздің көшеде бір-ақ үйде бар еді. Бәріміз тізіліп барып, кинотеатрға барғандай, сол үйден теледидар көретінбіз. Ол қайбір дұрыс көрсетеді дейсің, біреу антеннаны сырттан ұстап тұрып, ары-бері бұрайды. Біз іштен: «Болды, болды, қозғама», – деп айғайлаймыз. Айтпақшы, бір қызықты айта кетейін, сыныптасымның ағалары теледидар сатып алыпты. «Рекорд» деген телевизор еді. Содан антенна орнату ойларына келмейді, қосып қойып дырылдап тұрған теледидарға қарап отыра берген ғой.

Содан қойшы, ол кезде Роза Рымбаеваның, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжановтардың жас кезі. Бәріміз сол әншілерге тамсана қараймыз. Солардай болсам ғой деп армандап та қоям. Бір күні өмірімде бірінші рет ауылдың клубына ағам концертке алып барды. Мектеп мұғалімі еді. Сол кезде бір Халық театры келді де жазушы Сафуан Шаймерденовтың «Марғауын» қойды. Өзгені қайдам, өзім керемет әсер алдым. Ол кездегі Халық театрының бір ерекшелігі, спектакль қойып болған соң 10-15 минут үзілістен кейін концерт беретін. Соларға қарап отырып, 5 жасымда өмірге, өнерге көзқарасым өзгергендей болды. Мынандай да өмір бар екен ғой, шіркін осылардай болсам ғой деп ойладым. Тіпті, кішкентай болсам да ішіндегі бір қызға ғашық болдым. Сол қыз шығып ән айтқанда есімнен тана жаздадым. Ол аз десеңіз, спектакль аяқталғанда «Марғау» драмасының авторы Сафуан Шаймерденов деген кезде тіпті таң-тамаша болдым. Өзімнің аты-жөнім сондай атақты екенін қайдан білейін?.. Ағам әдейі менің аты-жөнімді айтып қойған шығар деп шештім. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Балаларыңа жақсы адамның атын қойындар. Өйткені, аттас адамға үлес бар», – деген ғой. Менің атымды әкем солай ырымдап қойыпты. Ол кезде жазушы Сафуан Шаймерденовтың шығармалары дүркіреп тұрған кез екен. Одан беріде өмірімде қаншама қиындық болды. Соның бәрінде сынбай, өнерде тұрақтап қалуыма себеп болған – атым мен тегім.

– «Бойы кішкентай» деп оқуға қабылдағысы келмеген дейді. Осы қаншалықты рас?

– Жетінші сынып оқып жүргенде шешем қайтыс болды. Еркелеп өскен балаға бұл үлкен трагедия еді. Алдымда аға-жеңгем бар, өзім кішкентай болсам да әкемнің жабырқап жүргенін байқадым. Екеуміз бір бөлмеде жататын едік. Содан мен әкемнің қасынан ешқайда кетпеймін деп шештім. Балабақшаға бармай тұрған кезімнен әкем атқа мінсе ұзап кетсе де қалмай жүгіріп, артына мінгесіп алатынмын. Өте қатты ерке болдым. Сөйтіп өсірген әкемнің қасында қаламын дедім. Содан не керек, мектепті бірген соң осы ойымды үлкен ағама айттым. Бірақ, ағам мені бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатты. «Сен біздің үмітімізсің. Сенің атыңды Сафуан деп бекер қойған жоқпыз!» Содан Алматыға кетіп, оқуға құжат тапсырдым. Сол кезде комиссия мүшелері: «Бұл бала сонда кімді ойнайды? Бойы кіп-кішкентай, құлақ деген қалқиған», – депті. Сол кезде ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахиля Машурова: «Бұл баланы өзім аламын. Оқи алмаса бірінші курстан кейін жөніне кетер», – деп араша түсіпті. Құдайға шүкір, сол ұстаздарымның үмітін ақтадым деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға көп рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір