Отыз жылдыққа орай Орда керек!
(Қазақ меценаттары Б. Өтемұратов, Т.Құлыбаев және Д. Құлыбаеваға хат)
Құрметті Болат Жәмитұлы!
Құрметті Тимур Асқарұлы!
Құрметті Динара Нұрсұлтанқызы!
Болат Өтемұратов
Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы аталып өтіледі. Әне-міне, дүбірлі той да басталады!
Осы тоймен бірге, бір миллионнан аса қазақты Отанына оралтуға жол ашқан Қазақ көшінің басталғанына да отыз жыл толып отыр.
Естеріңізге сала кетейін, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдатып, әлемнің әр шалғайында өмір сүріп жатқан қандастарын Қазақстанға көшіп келуге жол ашқан болатын.
Осы жерде, аталған Қаулы ҚР Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын шығарылғанымен, ерекше тарихи маңызға ие екеніне сіздердің назарларыңызды баса аударғым келеді.
Сол үшін де мен «Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты» деп білемін. Бұл расында да батыл әрі тарихи шешім болды.
Сондай-ақ, 1992 жылдың 28-қыркүйегі мен 4-қазаны аралығында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы ашылып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастық төрағасы болып Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
Тимур Құлыбаев
1997 жылғы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды. Аталған Заң Қазақ Парламентінің тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылғанымен және қабылданғанымен есте қалды.
Ал ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы №644 қаулысымен «Отандастар қоры» құрылды. Қоғам және мемлекет қайраткері Нұртай Әбіқаевтың жетекшілігімен бұл қордың іргетасы нық қаланып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын қанатының астына алып, жұмыс атқаруда…
Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен жасалған шаруалар және тағдырдың айдауымен қиыр жайлап, шет қонған қазаққа жасалған зор қамқорлық. Бүгінге дейін 1 млн 71 мың 200 қазақ Қазақстанға оралыпты.
Әрине, Қазақ көшінің жолы бірден жатық, кедергісіз бола қойған жоқ. Әсіресе, анау бір жылы мұнайлы өлкеде туындаған оқиға тұсында қандастарымызға жағылған қара күйені жұрт әлі ұмыта қоймағаны белгілі.
Бек риза болатынымыз – Қазақ көшін осындай қауіпті дағдарыстардың бәрінен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі шығарып, даңғыл жолға салып отырғаны.
Міне, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Шет елдегі ағайындарды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ішкі және сыртқы көші-қонның маңыздылығына арнайы тоқталып, «Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе», – дей келіп: «Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», – деп қадап тұрып айтты.
Демек, Елбасы ерте жолға қойған Көші-қон саясатының стратегиялық маңызы артпаса, кеміген жоқ.
Ұлы көш мәңгі жалғасады!
Динара Құлыбаева
Құрметті меценаттар!
Қазіргі таңда Сіздер негізін қалаған «Болат Өтемұратов қоры» мен «Халық» қайырымдылық қорының қоғамдық, гуманитарлық, ағартушылық бағытында жасап жатқан ізгі жұмыстарын жақсы білемін. Мен ғана емес, игілігін көріп отырған халық дән риза.
Әсіресе, «Болат Өтемұратов қорының» аясындағы «Асыл Мирас» жобасы негізінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент және Петропавл қалаларында ашылған «Аутизм Орталықтарының» атқарған қызметін ерекше сауабы мол игі іс дер едім.
Өткен жылы көлемді мақала жазып, құрметті Болат Жәмитұлы, Сізді Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ меценаттарының алғашқы қарлығашы ретінде бағалап көрсеткен болатынбыз.
Қасиетті «Құранның» «Зілзала» сүресінің 7-аятында: «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады», – дейді.
Сіздердің тараптарыңыздан, Алла кітабында айтылған, сол «Тозаңның салмағындай» бір жақсылық қандастарымызға керек болып тұр, құрметті меценаттар!
Ол – Елордамызда алыстан оралған қазақтар ат байлайтын Қара шаңырақтың жоқтығы.
Елбасы Төрағасы болып табылатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Нұртай Әбіқаев басқаратын «Отандастар қоры» бұл күнде баспанасы жоқ, әркімнің босағасын сағалап жүр. Ал, «Қазақстан халқы Ассамблиясы» құрамындағы этностардың бәрінің өз отаулары бар. Баспанасыз жүрген Қазақ қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ғана.
Мен Сіздерді, жоғарыда айтылған, Елбасы ерте жолға қойған Қазақ көшінің Отыз жылдық тойына шақырамын және Ұлы мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының төрінен еңселі етіп, «Дүниежүзі қазақтарының үйін» салып беруді сұраймын.
Ойлаңызшы, бұл «Үй» – қандастарымыздың ат байлары ғана болып қалмастан, оның бір қабатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдары алыстағы қазақтың басын қасиетті Қазақстанда қосу жолындағы Ұлы еңбегін жарқыратып көрсететін кемелді мұражайы жарқырап тұрса, оны Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қасым-Жомарт Кемелұлы өздері келіп ашса, көшіп келген бір миллион қандасымыз бен шетте жүрген алты-жеті миллион қазақ үшін қандай ғажап сыйлық болар еді!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» қаулы қабылдап, биыл сол комиссияның алғашқы отырысын да өткізді.
Аталған Ұлы мерекенің қарсаңында Елбасының Тұңғыш һәм Ұлы еңбегі саналған Қазақ көшінің де отыз жылдығы өз деңгейінде аталып өтіледі деп сенемін.
«Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақыттта ұмытпауымыз керек!» – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Зор құрмет және ізгі ниетпен,
Ауыт МҰҚИБЕК,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі
ПІКІРЛЕР6