«Балалар жазушыларының Кеңесін құруды ұсынамын»
15.03.2021
1916
1

Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланды. Соған орай «Қазақ әдебиеті» басылымы осы тақырыпқа қатысты мәселелерді тұрақты жариялауды мақсат етіп отыр. Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева көтерген мәселелерді назарларыңызға ұсынамыз.

 

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы


Қоғамды сауаттандыруда балалар кітапханалары маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 22 қазанда Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысында қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттердің өте аз немесе мүлдем жоқ екенін, оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтінін, сондай-ақ, оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін атап өткені белгілі. Осы аталған міндеттерге жету жолында қазақ және әлем балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылық бастамалары негізінде бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Бұл тұрғыда Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп бірқатар ұсыныс жариялады. «Тиісті бағдарламалар аясында балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру маңызды. Жергілікті әкімшіліктер тарапынан кітапханаларды «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтырса дейміз. Жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн. Сондықтан, Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы керек деп есептейміз», – деді сенатор.

Осы орайда балалар әдебиетін дамытуға қатысты біршама ұсынысымды жеткізгім келіп отыр. Біріншіден, Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық Балалар кітапханасын ашу қажет; екіншіден, Балалар жазушыларының Кеңесін құру (бұл жерде поэзия, проза, драматургия салалары бойынша секциялар болу керек); үшіншіден, қазақстандық және шетелдік балалар жазушыларының каталогын жасау; төртіншіден, Балалардың кітап оқу ұлттық күнін белгілеу; бесіншіден, жазушы Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар әдебиеті саласындағы мемлекеттік сыйлығын тағайындау; алтыншыдан, балаларға туған жерге деген сүйіспеншілікті, экологиялық тәрбие беру бойынша Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлескен жобалар жүргізу; жетіншіден, балалар әдебиеті бойынша библиографиялық көрсеткіштер шығару және сегізіншіден, Қазақстан бойынша барлық балалар және жасөспірімдер кітапханалары туралы анықтамалық жасау.

Қазіргі таңда балаларды кітап оқуға баулу, кітап оқу үрдісін қалыптастыру ерекше назарда. Бүлдіршін кезінен бастап кітап оқыған баланың болашағынан саналы ұлт көруге болады. Біздің басты мақсатымыз – балалар әдебиетін дамыту, оқу мәдениетін арттыру, қазіргі заманғы оқырман келбетін қалыптастыру. Соңғы үш жылда отандық баспалардан балаларға арналған небәрі 364 кітап шығыпты. Әр жылы 1000-1500 данамен басылатын кітап бір ауданның балаларынан аспайды. Кезінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жылына 300 мың таралыммен ондаған жыл бойы жарық көрген.

Біз саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуге асығып жүрміз. Ал оның әдіс-тәсілі қандай? Балаларды кітап оқуға тартуда шетелдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз де дұрыс. Мәселен, Жапонияға келейік. 2001 жылы Жапонияда балалардың оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы заң қабылданды. Сол заңда балалармен жұмыс істейтін мектеп және көпшілік кітапханаларын қолдаудың ауқымды ұлттық саясаты іске асырылды. Билік пен қоғам балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау қажеттігін түсініп, мектеп кітапханалары туралы заңға түзетулер енгізуге, оларды кітаптар мен жабдықтармен толықтыруға қатысты мәселелерді көтерді. Ал, 2000 жылдың 1 қаңтарында Жапония мемлекетінде «Балалар әдебиетінің халықаралық кітапханасы» ресми түрде құрылды. Оның негізгі міндеті, ел ішіндегі және шетелдегі кітапханалармен ынтымақтастық және олардың қызметін қолдау, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған қызметтер ұсынылатын болды. Одан бөлек балалар оқуын қолдау бойынша жыл сайын бірнеше акция өткізіліп тұрады.

Бізде де балалар ақын-жазушылары бар. Оның ішінде қазір балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып жүргені бар-жоғы 103 екен. Олардың шығармашылық қоржынында санаулы ғана туынды бар.

Қазақстандық балалар әдебиетін кеңінен насихаттау үшін туындыларды түрлі-түсті етіп шығаруға еліміздің баспалары үлес қосуы қажет. Әсіресе қазір танымдық кітаптар ішінде комикс үлгісінде жазылған әңгіме-ертегілер сұранысқа ие. Бұндай комикс басылымдар да бізде өте аз. Мысалы, Ұларбек Нұрғалымұлының «Ілияс пен Заңғардың планшеті» және Азамат Битанның құрастыруымен «Ыбырай атамның әңгімелері», мерзімді басылымдардан «Әжетай» журналы комикс үлгісінде жасалған.

Жақында Беларусь мемлекетінің Минскі қаласында өткен «Барша адамзатты біріктіруші құрал – кітап» атты ХVІІІ халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне Қазақстан атынан қатысып келдік. Кітап оқуға құлшынып тұрған халықты байқадық. Әсіресе, ата-аналар балаларын жетектеп, кітап сатып алып жатты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 258 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді, оның 241-і балаларға, 11-і жастарға, 6-сы балалар мен жасөспірімдерге арналған.

Жылдың негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқудың мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрін қалыптастыру. Бұл жылы негізі бірнеше жоба мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, түрлі байқаулар мен кездесулер, кештер, әлемдік деңгейдегі челлендждер жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде және БАҚ-да кеңінен насихатталатын болады.

Қазіргі технологиялық өзгерістер мен күллі әлем бастан кешіп отырған жылдам даму кезеңінде балалардың ой-танымы, қызығушылығы да басқаша. Сондықтан 20-30 жыл бұрын жазылған балаларға арналған кітаптар бұл күні баланы аса қызықтыра қоймайтыны заңды. Заманға сай баланың ой-қиялын ұштайтын фэнтези шығармалар, адамгершілік болмысын қалыптастыратын жаңаша тәлімдік-тағылымдық жаңа кітаптар қажет. Қазіргі балалар әдебиеті саласындағы жаңа авторлар мен жаңа заман тынысын дөп басатын кітаптар аз, биыл осы мәселелерді шешу қажет. Бұл өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар балалар әдебиеті саласының бүгінгі дамуына айтарлықтай әсерін тигізер еді. Сондықтан, бұл ұсынысты барлық қазақстандық зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қызу қолдап отыр.

Балалар әдебиеті – балалардың эстетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар, олар негізінен мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға лайықтап жазылады. Әлемдік классикадан мысал келтірсек, Х.К.Андерсеннің ертегілері, М.Твен, Ж.Верннің романдары, т.б. суреткерлердің шығармалары балаларға арналып жазылған. Сол сияқты, Дэниель Дефоның, Джонатан Свифтің, Вольтер Скоттың шығармалары арнайы балаларға арналып жазылмаса да, олардың сүйіп оқитын кітаптарына айналған. Ал қазіргі қазақ балалар жазушыларынан Толымбек Әбдірайым, Серікбол Хасан, Сәуле Досжан, Зира Наурызбаева, Лиля Калаус, Мәди Айымбетов, т.б. аттарын атауға болады. Бүгінде балаларға арнап жазатын жазушылар жоқ емес, бар, бірақ сол жазушылардың жүйелі еңбек етуіне қолдау білдіріп, олардың кітаптарының баспадан жарық көріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас оқырмандардың қолына тиюіне жағдай жасалуы қажет. Кітапқа үйір баланың қиялы ұшқыр, ойы көркем, тілі шұрайлы болып қалыптасады.

Шұрайлы шығарма жазылуы үшін балалар жазушыларын қолдап қана қоймай, жанр алуандығына да көңіл бөліп, бір жүйеге келтірген абзал. Жақсы шығармалар туындау үшін биылғы жылы әдеби конкурстар көптеп ұйымдастырылса дейміз. Рас, балалар әдебиеті конкурстары елімізде бұрын да өткізілген еді. Алайда, «Дарабоз» конкурсы «Алтын қаламға» қосылғалы  сұйылып кетті. Жазушылар Одағы мен «Қазақмыстың» бірлесіп ұйымдастыратын «Балауса» конкурсы бар еді, ол да тоқтады.

Әдеби конкурстар авторлардың сапалы шығармалар жазуына мотивация береді. Конкурста сыннан өткен туындылар баспадан кітап болып шығып, барлық кітапханаға түсетіндей, таралымы да жеткілікті болса дейміз.

Балаларға арналған мультфильм, көркем фильм, қуыршақ театры, жасөспірімдер театрында қойылатын пьесалардың бәрі де әдебиеттен бастау алады. Балалар жазушысының жақсы шығармасы ертеңгі күні киноға да, мультфильмге де, пьесаға да айналып жүре беруі мүмкін. Сол сияқты, балалардың электронды кітапханасын ашып, дамытуымыз керек.

Балалар арасында кітап оқу бойынша конкурстар өткізу қолға алынып, «Ең көп кітап оқыған бала» номинациясымен тоқсан сайын марапатталып отыруы тиіс.

Сол сияқты, ертегі, тәлімдік әңгіме, мысалдарды аудиокітап жасап, мектеп кітапханаларына тарату, бастауыш сыныптарда көрнекілік ретінде пайдаланылуын насихаттау да артық емес. Қазақ тіліндегі аудиокітаптарды тарататын қосымшалар бізде жоқтың қасы, осы қосымшаларды көбейтуді қолға алған жөн.

Жақсы авторлар мен тартымды дүниелерді анықтау, кеңінен насихаттау мақсатында тарихы бай «Балдырған» журналы, көпке танымал «Балапан» телеарнасымен бірлесе жұмыс істеу, үздік дизайнерлер мен авторларды, иллюстраторларды, редакторлар мен корректорларды шығармашылық жұмысқа жұмылдыру тиімді болмақ.

Балалар жазушысы Серікбол Хасан бір мақаласында «Балалар әдебиетін дамыту» бюросын ашуды ұсынған болатын. Бұл өте дұрыс ұсыныс. Егер ондай бюро болатын болса, жоғарыда айтылған ұсыныстарды үйлестіріп отыратын таптырмас орын болар еді.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына биылдан бастап дайындалу қажет. Бірінші әліпби авторын балалар білу керек. Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру. Рухани-адамгершілік тәрбие ерте балалық шақтан бастау ала отырып, адам өмірінің әр кезеңінде жүйелі дами келе, осы тәрбие үрдісін дұрыс, жүйелі ұйымдастыру нәтижесінде рухани бай дамыған тұлғаны тәрбиелеуге өріс ашады.

Сондықтан, Елорданы «Кітап астанасы» деп атауға шақырамын. Негізгі мақсатымыз балалар әдебиетін дамыту, оқу мәдениетін арттыру, қазіргі заманғы оқырман келбетін қалыптастыру. Жас ұрпақ заманына сай білімді, мәдениетті, оқу үрдісінде талғампаз, білім алаңында алғыр болуы тиіс.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.09.2021 | 00:32

Керемет идея. Балалар журналистикасының жандануына көп көмегі болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір