Алаш арыстарының аяулылары
09.03.2021
1646
1

(Сталинизм зардабын тартқан Барлыбек Сырттанұлының қыздары хақында)

Қазақтың алғашқы Конституциясы – 1911 жылы 13 маусымда жазылған «Қазақ елінің Уставы». Авторы – Барлыбек Сырттанұлы. ХХ ғасырдың басындағы атақты қайраткер, шығыстанушы-ғалым, заңгер, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі. Біртуар арыстың кіндігінен өнген қыздары да өз заманының көшін бастаған, түрлі зобалаңға шыдаған арулар болатын. Есімі де, өнегесі де ұмыт қалған тектінің ұрпағы қандай еді?

Барлыбек Сырттанұлы

1888 жылдың жазында Сырттан әке екінші ұлы Барлыбекті үйлендіріп, үлкен той жасапты.  Бұл кезде Барлыбек жиырма екіге толған-ды (1866 жылдың 23 қазанында туған). Сырттан мен Күлдәрінің жаңа түскен келіні – жиырмаға енді  толған Еркежан еді. Еркежан –  Қапал төлеңгіті Аталық деген молданың қызы. Қарашоқыда өткен екі жастың тойына Қапал дуанының игі-жақсылары тегіс қатысқан делінеді. Есімі бүтін ұлысқа тараған әйгілі Маман қажы Қалқабайұлы отау иесіне бата берген.

Барлыбек қазақтың оқыған қызымен шаңырақ көтерген. Оның бірқатар қатарлас-замандастары орыс я татардың, әйтеуір ұлты бөлек елдің қызына үйленген. Петербор, Мәскеу сияқты өркениетті шаһарларда білім алған қазақ жастарының отбасылық таным-түсінігіне оқыған, азамат болып қалыптасқан  ортасының әсер еткені болуы да мүмкін.

Естеліктерге сүйенсек, Барлыбек пен Еркежан жарасымды жұп, берекелі жанұя болған. Ерлі-зайыптылар Зүбәйда, Ләтипа, Абдулқадыр, Дәрібек, Салиқа, Қанипа, Қызырбек есімді 3 ұл, 4 қыз сүйген.

Жалпы қай Алаш ардақтысының болмасын  ұрпағына патшалық кезеңінде де, совет заманында да тыныштық болмады. Бәрінің артында тыңшы жүретін. Тексеріске алынған, ізіне жансыз түскен қайырсыз шақ. Николай заманында Барлыбек опат болды (1914 жылғы 26 қарашада). Жетісу облысын басқарған әскери губернатор, генерал-лейтенат Михаил Фольбаум деген неміс шатыс орыстың арнайы тапсырмасымен атылған. Ер Барлыбек қапияда көз жұмған соң, оның жақын туыстары мен ұрпақтары бәрі-бәрі қуғын-сүргінге ұшырай бастады. Совет үкіметі орнаған алғашқы жылдары  тағы да Барлыбек ұрпақтары мен аталас туыстары бірінші болып назарға ілікті.

Барлыбектің төрт қызы да – заманына сай білім алған, көзі ашық оқығандар. Қыр басына ерте шығып, қауызын енді ашқан көктем гүлін сталинизмнің суық ызғары үсітіп, көктей солдырған. 8 тілді емін-еркін меңгерген, интеллектісі  мен IQ-і жоғары Барлыбектей әкенің қыздары жан-жақты дамыған, дүниетанымы кең болатын. Амал нешік, оларға жеке басқа табынған қоғамда орын жоқ еді.

Барлыбектің жары Еркежан балаларымен

Барлыбектің зайыбы Еркежан анамызды полиция жандармы тергеп, бопсалаған. Империалистік пиғылдағы шовинистердің небір құқайына шыдаған рухы мықты әйел екен! Қырық алты жасында жеті баласымен жесір қалған.

Барлыбектің үлкен қызы – Зүбәйда тағдырдың бар қиындығын арқалаған жан. Оның жолдасы – шоқпар руынан тараған Бижарас Садырбайұлы (1885-1929 жылдары өмір сүрген қазақ зиялысы). Күйеуі ауқатты бай ретінде қуғын көріп, дүние-мүлкі тәркіленеді. 1929 жылы ату жазасына кесілген. Бижарас пен Зүбәйдадан Нұрсипа, Күлшетай, Үмітай деген үш қыз болған. Ерінен айырылған соң, Зүбәйда әрі «Халық жауының» ұрпағы мен туысы (Барлыбектің ұлдары сотталып, қуғындалған)  әрі «кулақтың» бәйбішесі ретінде айдау көрген. Бір деректе Зүбәйданың: «Бижарастың мұрагері – Тұңғышбай деген ұлын сақтап қала алмадым», – деп өкінгені жазылған. Мектеп салдырған дәулетті Бижарас ұсталып, түрмеге қамалғанда Қаракөз ауылына совет билігін орнатқан белсенділер «тұқымын құртайық» деп небәрі он жастағы Тұңғышбайды бауыздап кеткен екен. Зүбәйда ұлының мәйітін ұстап, елсіз қалған жұрт орнында аңырап жылапты.

Сталиндік қоғамның оқыған, демократ арыстардың отбасына даярлаған «сыйы» – итжеккен мен «АЛЖИР» түрмесі. «АЛЖИР» қапасына Зүбәйда екі жылын арнаған. Ұру-соғу, ауыр қара жұмысқа жегілу сықылды бар ауыртпашылықты басынан өткерген.

Зүбәйда түрмеден шыққан соң, колхоз, совхоз болып құрылып жатқан жаңа ұжымдардың жұмысына тартылды. Соғыс басталғанда тылдың өтінде жүрген. Сиыр сауып, қой да баққан. Сөйтіп жүріп фельдшерлік оқуды да тауысыпты.

Ләтипаны да тағдыры маңдайынан сипамапты. Ол Тұрысбек қажының ұлы Айтмұхаметке тұрмысқа шыққан. 1928 жылы Айтмұхамет ірі бай ретінде кәмпескеге ілініп, Орал округіне айдалған. 1936 жылға дейін отбасымен жан-жаққа шашырап, қаңғып кеткен. Ләтипа күрескертұғын. Күйеуі айдалып кетсе де балалары Мерфайза, Қанапия, Есмұрат, Бақдәулет, Бақытты ел ішінен іздеп тауып, жинап, басын қосып, оларды оқытқан. Кейін Қытайға өтіп, Шығыс Түркістан аймағында күн кешкен. Алматыдағы қыздар гимназиясын бітірген Ләтипа Құлжа қаласынан мектеп ұйымдастырып, ұзақ уақыт оқытушылықпен айналысыпты. Оның ғұмыр-жапырағы сол Қытай жерінде үзілген екен.

Салиқа – Шамай Шынасылов деген белгілі қайраткерге жар болған кісі. Шамай – Жетісудағы «Қосшы» ұйымын басқарып, ашаршылықтың себеп-салдарымен күрескен,  жұттың тақсіретін тартқан қарашаға көмек қолын созған оқығандардың бірі. Аталықтың Қайнар деген баласынан өнген тұқым. Ілияс Жансүгіров екеуі немере ағайын. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында білім беру саласында зор іс атқарған педагог-ұйымдастырушы,  «Тілші» газетіне редакторлық еткен азамат 1937 жылғы 15 қазанда атылған. Артында қалған жалғыз тұяғы – Өзбек есімді баласы советтік биліктің адам төзгісіз қандықасабына жаны шыдамай, созылмалы жүйке ауруына шалдыққан. Салиқа байғұс жалғызын өбектеп жүріп, өмірден өтіпті.

Барлыбектің кенже қызы  Қанипа ғана азаттық таңын көрген. Әкесінің бар мұрасын жинап, қызғыштай қорып, сақтап, ғалымдардың қолына табыстаған. Қанипаның да көрмеген мехнат, азабы жоқ. Екінші жаһан соғысының оты тұталған жылдары ауыр жұмысқа тартылды. «Халық жауының» қарындасы ретінде Батыс Украинаға жер аударылған. Кейін күйеуінің тегіне жазылып, қуғыннан аман қалған. 1956-1980 жылдары Алматыдан тастанды балалар қоғамын ашып, Советтік Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қараусыз, ата-анасыз балаларды жинап, соларға жәрдем берген. Көптеген қазақ, орыс, тағы өзге ұлт балаларын қанатының астына алып, пана болған.

2017 жылдың 18 ақпанында Барлыбек немересі, медицина ардагері, СССР Денсаулық сақтау саласының озық қызметкері, профессор, 97 жастағы кейуана Мүгілсім Абдулқадырқызымен кездескен едім.

Дәрігер Мүгілсім Сырттанова

 Әже сонда басынан өткен бір оқиғаны есіне түсіріп, айтқан болатын. 1928 жылдың жазында 8 жастағы Мүгілсім әжесі Еркежанмен бірге Сүттігеннен Ақсуға барыпты. Жамағайын бір кісі қайтыс болған екен. Соның үйіне көңіл айтып барса керек-ті. Кешқұрым үйге келсе, қара киім киінген НКВД қызметкерлері үйдің астаң-кестеңін шығарып, тінтіп жатыпты. Еркежан әже: «Айналайындар, бұларың не?» – десе, жендеттердің бірі кішкентай қызды құшақтап, «Егер, Қанатхан (Барлыбектің немере інісі, белгілі Алаш қайраткері, Жетісудағы «Алаш» атты әскерін құрған Қанатхан Сырттанов) мен ұлың Дәрібектің советке қарсы іс-пиғылын айтпасаң, мына немереңді зорлаймын»,  – деп қысым көрсетіпті. Немересі үшін шырылдаған сорлы Еркежан ештеңе білмейтінін айтса да, шибөрілерді иландыра алмапты. Сонда әлгілердің бірі: «Мына суреттегі кімдер?» – деп сандық түбінен шыққан папкадағы суреттегі кісілер туралы сұрап, керек дерегін алғанға ұқсайды. Сосын, 1940-50 жылдары Мүгілсім Алматыдағы мединститутты бітіргенде газет бетінен «Халық жауы» болып атылған сол суреттегі ағаларды танығанын айтып, егіліп жылағаны бар. Осы оқиғаның өзінен-ақ советтік-большевиктік содырлардың Алаш зиялыларына, олардың отбасына жасаған қиянатын, әйел, бала-шағасын үркітіп, қорқытқанын анық байқауға болады. Жаналғыш НКВД өкілдері осылай әрбір зиялының үйінен дерек, мәлімет жинап, ататын адамдардың тізімін құрған сықылды.

Барлыбектің немерелері де осал емес-тін. Оқыған, әлеуеті жоғары парасатты жандар болған. Мәселен, Бибісара Дәрібекқызы Советтік Қазақстанның Байланыс министрі болса, Абдулқадырдың қыздары Мүгілсім, Әниса, Әнила – медицина ғылымының білікті ғалым-зерттеушілері, дәрігер.

Бибісара Барлыбек немересі

Жалпы Барлыбек атаның 14 ұрпағы медицина саласының ғылым докторы, кандидаты болған. Дәрібектің ұлы Самұрат – қазақтан шыққан алғашқы алты генералдың бірі. Соғысқа қатысып, айтарлықтай ерлік көрсеткен батыр. Атақты Бауыржан Момышұлы: «Самұрат – совет армиясының үлкен қайраткері», – деп жазған.

Сөз реті келгенде айта кетер бір жәйт –  Дүниежүзілік Екінші соғысқа Барлыбектің Дәрібегі (Жазасын өтеп шыққан соң, бірден соғысқа жіберген) және оның ұлдары Самұрат пен Талғат, Абдулқадырдың баласы Баян мен Төле де қатысқан. Баян майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Дәрібектің Талғаты – полковник дәрежесіне дейін көтерілген қорғаныс саласының мықты кадры. Ал 1970-1980 жылдары Абдулқадырдың үш баласы: Төле – Мұнай-газ, Сәмед – Автотранспорт, Әсет – Энергетика саласының вице министрі, министрі қызметтерін атқарған.

Барлыбектің қыздары – сталиндік дауыл соққан қасіретті жылдары еңселерін түсірмеген, толқынға қарсы жүзген нағыз қайсар, балаларына ғана емес, мұқым ел-жұртына қорған болған аналар еді. Сөзімізді нығыздап айтсақ, Барлыбек қыздары – тек атаның емес, адамның баласы болып, еліне қызмет еткен, тар жолда тайсалмаған,  ұстанымына берік жандар болатын. Асылында, басқа да Алаш ұранды арыстардың қыздары осындай өжет, мінезді болған.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.10.2021 | 09:49

Тұщымды зерттеу екен. Е.Тоқтарбайға рақымет! Алаш қайраткерлерінің рухы риза болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір