Айдана Бейсен. Өртенген жүрек
09.03.2021
673
0

Өртенген жүрек

Алып-ұшып асықсам да, жетпейді,

Көңіл, шіркін, шыр айналып беткейді.

Қиырларда сағым болып қалатын

Елесің бе, көз алдымнан кетпейді.

 

Нұр да болдың, тамылжыған жыр едің,

Өзіңменен түнеремін, күлемін.

Үміт үзбей қарай бердім ізіңнен

Неге сонда сене кеттің, жүрегім?

 

Кірбіңі жоқ көңілімді ластайды,

Білдірместен жүрекке сап рас қайғы.

Түнергенде айналаның барлығы

Адам мұңы өз басынан аспайды.

 

Алшақтаулы.

Жеткізбестей арамыз,

Жақындықты бөліп-жарып қара сыз.

Өкінтері: шын сезімге малшынып,

Аяғында жай таныс боп қаламыз.

 

Көзқарас

Әлемде талай қызық бар,

Көрсек те жүрміз байқамай.

Дүниеде жетер қызықтар:

Сұлулық қалған жайқалмай.

 

Ұшатын құстай біріне,

Асығып қанат қағамын.

Шуағын шашқан күніме,

Мен-дағы ұзақ қарадым.

 

Сағына іздеп келіппін,

Сездірді мұны бірақ кім?

Тамшысын жанға серік қып

Мөлдіреп тұрған бұлақтың.

 

Аңқиды-ау бүкіл ғаламға,

Гүлдерден сол бір хош иіс.

Сақталған мәңгі жанарға

Беретін жанға ерен күш.

 

Күлімдеп маған қарайды,

Жұлдыздар көктен жымыңдап.

Айтып та жатыр талайды,

Кезекпе-кезек шырылдап.

 

Ақ жауын

Самғайды асыл арман қанат қағып,

Ақ бұлттың арасына періштедей.

Қараңғы.

Ұсақ моншақ жалт-жұлт еткен.

Аспан да жұлдыздармен келіскендей.

 

Жарықта күлімдейтін кемпірқосақ:

Зым-зия боп көкте еш көрінбейді.

Тырсылы терезені қаға берер

Ақ жауын, тоқтамастан төгіл, мейлі!

 

Тау жаққа, алыстарға жол тартып пе ең?

Қайдасың?

Көкке қарап көз ілмеймін.

Ақ жауын, өміріме күш беріп ең,

Мен де енді оңайлықпен берілмеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір