КЕРЕК ЕМЕС КЕЗДЕ АЙТЫЛҒАН КЕРЕК ЕМЕС ӘҢГІМЕ
05.03.2021
4224
8

Тақауда марқұм академик Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына 100 жыл толды. Осы мерейтоға орай Қазақстан Республикасы Президенті Қ. К .Тоқаев өзінің  twitter парақшасында: “Оның ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге”, – деп жазды. Сол күні Алматының  ақпаны тағы да таңғалдырып, аяқ астынан жылып қоя берді де, бұрын-соңды болмаған 18 дәрежеге дейін көтерілген. Көктем келді деген осы. Көп күттірген көктем. Менің көршім, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған қарт профессор таң атпай қоңырау шалсын.

Есенғали РАУШАНОВ

Байқаймын, маған дейін де талай адамға телефондаған сыңайы бар. Көңілі  көтеріңкі. ”Сіз естідіңіз бе, (ол  менен мүшел жас үлкен болса да сіз деп сөйлейді),  “оның ғибратты ғұмыры” деп атап айтты ғой”. “Ия,  солай деген секілді”. “Что значить “секілді”??? Қалқам, сіз қайтадан тыңдаңыз, қадап тұрып айтты емес пе, қалай қағыс естисіңдер осы, а?”. Сөз жоқ, Салық Зимановтың өмірі – ғибратты ғұмыр. Таза ғұмыр. Мен деген қазақ осылай өмір сүрсін. Кейінгі жылдары руханият ардагерлерін ардақ тұтуды ұмыта бастаған секілді едік, twitter-дегі  осы бір ауыз сөз қаншама ғалымға қанат бітірді, сол күні қанша жүрек жарылардай боп қуанды десеңші. Ағам маған: «сен неге, кешіріңіз, сіз неге біз секілді бөркіңізді аспанға атып қуанбайсыз», – деп ренжіп тұр. Онысы дұрыс та. Енді оны жұбату оңай емес. Қитықты деген осы. Бүгіннен бастап Теренкурға құлқын сәріден  жалғыз кетеді. Кемпірі айтпақшы «басы қақшаңдап, көзі ақшаңдап». Киоскіден газет-журнал әкелуге де әдеттегідей мені жұмсамай, өзі баруы мүмкін. Көше көктайғақ, көңіл жабырқау болса да, ешкімнен көлік сұрамай поликлиникасына жаяу-жалпы өзі тартады. Жаяу Мұса деген секілді. Жазатайым кездесе қалсақ  көрмеген боп теріс айналуы да ғажап емес. Біраз уақыт осылай тоңтеріс қалыпта жүрері анық. Тоңды жібіту үшін үйіне арнайы барып әңгімелесу керек. Бәлкім, қонаққа шақырармын. Сақ қарға сағағынан ілдірер, қапелімде, қараңызшы, аңдамай сөйлеп қалып, ағатайымды қапа ғып алғанымды. Қырсыққанда қымыран іриді, нағыз қарбаластың кезі еді бұл. Хабарласа алмай кеттім. Міне, араға апта салып көз аштырмай жапалақтай жауған ақ қар, көк мұзда артынып-тартынып ағама келе жатырмын. Алматыңыз күндегідей ызы-қиқы, қым-қуыт. Кептелістен кептеліске сүңгіп, орамнан өтіп тұйыққа тіреліп, сызашықтың суындай сумаңдаған көшелерді қуалап, әрең жылжып келеміз. Профессордың неге ренжігенін мен, әрине, білемін. Сөзге мән бермейміз.

Сақпыз. Жоқ, керенаумыз. Иманды болғыр Салық Зиманұлына қанша уақыттан соң берілген орынды бағаға орынсыз селқостығыма қапа болды. Қазақ бір мақтанса Зимановпен мақтанса ғой. Мағыналы ғұмыр кешкен ағаны ел ешқашан ұмытпас. Әй, әттең, кейінгі жылдары ғалымның емес, саудагердің аты озатын боп жүр. «Оның бірнеше ғылыми еңбегі бар»десеңіз, ешкім елең етпеуі мүмкін, ал егер «оның бірнеше фирмасы бар» деңізші, оппонентіңіздің өңі өзгеріп сала берері анық. Осы “ғибратты ғұмыр”деген бір ауыз сөздің қаншалықты маңызы барына мән бермей келген жалғыз мен ғана ма? Өмірін ғылымға, өнерге, халық шаруашылығының сала-салаларына арнаған қаншама ағаларымыз бен апаларымыз осы сөзді естігісі келетін еді. Біз оларға өткен дәуірдің, кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіметінің сарқыншақтарындай қарадық. Руханиятымыздың ормандай қалың ордасы ойсырап,  осы жылдар ішінде қатарлары сиреп қалды. Жұрт баласын ғылымға емес, сауда-саттықққа баули бастады. Қазақ бұрын Алматыға өнер, білім іздеп келсе, енді қапшық көтеріп келетін болды. Мағыналы өмір деп қазынаға қол салатын, бір салғанда мол салатындар тобырын тани бастадық. Соларды үлгі етіп көрсету етек алды. Мына Егемендік, мына көл көсір байлық, мына еркіндік,  бір басымызды былай қойғанда бала-шаға, үрім-бұтағымызға, тіпті ағайын-жегжатымыздың ауласына  науадай құйылған мына табыс өзінен өзі келе қалған секілді көрінді. Төңкерісті де, төңкерілмей қалуды да бір адам емес, мың адам жасайды емес пе? Сіз, әлбетте “Кәләм Шәріпті ” оқыдыңыз. Оқып та жүрсіз деп сенелік.  Тіпті, сіз бар ғой,  осы сіз  неге дүр, “Інжілді” де оқыған секілді көрінесіз маған. Ал айтыңызшы, “мен жасадым, менің пәрменіммен жасалды”, “маған дейін ештеңе де, ешкім де болған емес…” деген сықылды сөзді сіз Жаратқан иенің қайсы аятынан, қай пайғамбардың қай хадисінен  оқыдыңыз? Оқыған жоқсыз! Жаббар хақ “мен” демейді, “біз” дейді. Яки, “мен жасадым ”демейді, “біз жасадық” дейді. Пайғамбарлар да солай. Қай дінде де. Қазақстан дейтұғын мемлекетке, қазақ дейтұғын ұлтқа  қалтқысыз қызмет ету бұрын болмағандай, бүкіл жақсылық, бүткіл мықтылық пен патриоттық 1991 жылғы Егемендік туралы декларациядан кейін ғана пайда болған ұғымдар секілді көрінетіні несі екен осы? Сонда қалай, Қазақстанда ешкім бұған дейін  мағыналы, мәнді ғұмыр сүрмегені ме?  Ешкім азаттық үшін күреспегені ме? Ұлылар болмаған ба бізде? Қайдан, қашан, не үшін пайда болды бұл өзі? Біз  Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының қаншама толық мүшелері, яки академиктер мен корреспондент мүшелерін көрдік, талайы марқұм боп кетті, біз  кешегі күндері облыс, аудан, шаруашылық  басқарған, өндіріс, өнеркәсіпті өркендеткен еңбектегі ерліктері үшін, яғни халал еңбегімен ел құрметіне бөленген, адалдығы үшін марапатталған, кісілігі мен кішілігі үшін мақталған аға, апаларды білеміз, көбін, басқаны айтпағанда,  ақтық сапарға аттандырарда ақ жауып  аруларға қаржы табылса, соған шүкіршілік еттік емес пе?  Солардың көбі ешкімнің ала жібін аттамаған, алаяқтық пен арамзалықтан, рушылдық пен азғындықтан таза кісілер еді ғой десек, бұл да біреудің шамына тие ме?  

Айтып ауыз жиғанша  “ұзын-ұзын көш келер, ұзын шұбап бос келер” тұсымнан бірөңкей қара джиптер керуені дабылдата өтіп, ойымды бұзып жіберді. Осыдан бір-екі апта бұрын Бельгияда қайтыс боп,  Тоқмақта жерленген  раһматлық миллиардер Олиджон  Ибраһимовтың жаназасына бірөңкей қара  машиналармен аттанған Алматының қазақтары да тура осындай  көш түзеп қозғалып еді. Ол аз болса, астана-байтағымыздан әуелетіп арнайы ұшқан чартерлік рейсті  де қисапқа алыңыз.  Жөн шығар, Олиджон акаңыз “Құрмет” орденінің, ол аз десең ”Парасат” орденінің, бұл екеуін айтпағанда “Барыс” орденінің иегері емес пе, қазақтың қай ғалымы, қай жазушысы  осындай марапатқа ие боп, осындай сән салтанатпен жерленді? Ал мен екі кештің ортасында қайдағыны теріп, қайдағы бір ғибратты ғұмыр туралы ойланып келемін. Тағы не ойлап келемін?


Талантты режиссер, көрнекті театр маманы Болат Атабаевты ойлап келемін. Ол бүгінде Германияның Мюнхен қаласында тұрады. 2011 жылғы  16 желтоқсанда болған Жаңаөзен қанды қырғынынан соң тапқан тұрағы сол болды. Біз ол оқиға туралы айтпаймыз. Біз айтатын уақыт әлі келген жоқ не өтіп кетті.


Қазақтың ескі мақалы “кісісі асылып өлген үйде жіп деген сөзді аузыңа алма” дейді. Жаңаөзен – қазақ билігі үшін сондай тақырып. Бөкең аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл адам, кісіге титтей арамдығы жоқ. Сенгіш. Аңқау. Ақиқатты айтарда кімнен де болса тайсалмайды. Себебі, ол – талант. Сирек ұшырасар талант. Мұндай режиссер қазақтың маңдайына енді қашан бітеді — бір құдайға ғана аян. “Едігеден бастасам ертегіге кетермін”, мен бұл тұста оның қайталанбас қойылымдарына талдау жасап сөзді созбайын. Оның ұлттық театр әлеміндегі орны туралы да сөз қозғайтын тұс – бұл емес. Еуропаға жолым түссе, Бөкеңе соқпай кетпеймін. Ол әуелде Кельн қаласында тұрды. Неміс театр академиясында ұзақ уақыт сабақ берді. Қадірлі болды. Қазақ деген атты биік ұстап жүрді. Әлі де ұстаздығын тастаған емес. Режиссерлігіне қоса, ол – тамаша педогог та. Лекцияларын неміс тілінде оқиды. Бөкеңнің тілі қазақша шыққан. Екінші тілі неміс тілі. Ағылшыншасы тағы бар. Осындай бай тәжірибені, терең білімді, ерен күш-жігерді басқаға жұмсағанша, қазақтың пайдасына жұмсаса екен деп армандаймын. Және бұл ойымды өзіне барған сайын айтам да. Елге қайт деп азғырамын. Көне түсіп барып, қайта қатайып алады. Мен қазір Жаңаөзен оқиғасына талдау жасап, көне жараның бетін қайта тырнағым жоқ. Осы қанды қасапта Болат Атабаевтың кінәсі жоғын айтып та ақтарылғым жоқ. Кімнің кінәсі бар, кім жазықты, кім жапа шекті, кім оққа ұшты – оның бәрі құдай тағаланың есебінде. Бізде шығармашылық зиялы қауыммен жұмыс істеудің нәзік тұстарын жете білетін басшылардың аздығы туралы да айтпалық. Өткеге салауат. Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков бүгін жоқ болса, ертең пайда болар. “Әркім қошқар қояды өз тапқанын”, құрысыншы, барымызбен базар бола тұралық.  Менің айтпағым Болат Атабаев секілді қазақтың тума таланты Қазақстанға қайта оралып, қазаққа еңбек етсе деймін. Ол кейбіреулер секілді ердің артқы қасын сұрап, байлық  немесе билік, қызмет талап ететін қазақ емес. Ерекше күй де талғамайды.  Ұлы Ұстазын күтіп жүрген қазақтың қаншама қаракөз жастары, жігіттер мен қыздар үнсіз тұншығуда. Бөкеңнің шәкірттері Қазақстанның қай түкпірінде де бар. Қай қайсысы да ағам қашан қайтар екен деп жолына қарап жүр. Тиісті орындар талантын бағалап, азамат басын сыйлап, елге керектігін есепке алып,  Қазақстанға қайта шақырса, Бөкең келеді. Далаға емес,  Еліне келеді. Өзінің еліне. Өкпеге қидық, ендігі жерде  өлімге қиямыз ба асыл азаматты? Былтырдан бері денсаулығы да күрт нашарлап кетті. Жан бар жерде – қаза бар, құдай сақтасын, орны толмас өкініште қалмайық. Кельнде күйі болмаған соң Сүлеймен Шадкам Жеменей, Өмірхан Алтын секілді жергілікті қазақтар оны Мюнхенге  алып келді. Ол ұзақ уақыт Сүлейменнің үйінде жатып емделді.  Қазір де аттай шауып кеткен жоқ. Бірақ жігерлі. Тек жанындай жақсы көретін немерелерін сағынғанын айтқанда көңілің әлем-жәлем болады. Қаншама шығармашылық ой жоспарлары бар?! Сөйлеп кетсе өзін жеті қиян жер түбіндегі  Баварияда емес, Алматы театрында режиссер пультінде отырғандай сезінеді. Қазақ драматургтері шығармаларын жілікше шағады. Театр қойылымдарынан қашан да хабардар. Кәсібилік деген осы.  Қанына тартпағанның қары сынсын, шетелдегі аз қазақ оны алақанына салып әлпештеп келеді. Әрине, әр елдің салты басқа, немістің өмір сүру салты қазақ үрдісімен үйлесейді. Екі жаққа да қиын. Ендігі сөзді Қазақстан айтса дейді олар. Өткен өтті, өштесе бергенше,  келешегімізді ойламаймыз ба? Шашылып-төгіліп жатқан көп халық емеспіз ғой.


Шығармашылық зиялы қауымның қабырғасына  аяздай бататын тағы бір жәйт ақын Арон Атабек. Ол атақты Шаңырақ оқиғасында  бақандай 18 жылға сотталды. Не деген ұзақ мерзім? Он сегіз жыл! Әлі абақтыда. Бүлікті ұйымдастырушының басшысы боп кісі өлтірді  деген айып тағылған көрінеді. Арон ақын басымен осындай ауыр қылмыс жасады дегеніне сенгіміз келмейді.  Өзінің ұстанған бағыт-бағдары бар азамат ол. Бүгінде денсаулығы сыр берген. Өлеңдері де ешкімге ұқсамайды:


 Болдырғам жоқ,  мен біраз шаршап қалдым.
 Көрдім бәрін түзу мен жаңсақтардың.
 Жан сақтармын демеймін, жан бар болсын.
  Жер сатқан кім, о, Тәңірім, Ар сатқан кім? 

Ол еркіндікте жүрсе осы күнге дейін  қаншама тамаша жырлар жазар еді. Әлі де кеш емес. Ақынды торда ұстамай азаттыққа шығарса деген тілегіміз бар. Біз дұшпанды, жауды алыстан, ақын-жазушылардың арасынан, қарапайым халықтың ішінен  іздемелік, дұшпан өз ішіңде болады. Ол сырттан келмейді. Сол қанқұйлы оқиғада бір милиционер қаза тапқанын білеміз. Өкінішті. Біреудің жалғыз баласы екен. Иманды болсын. Рухына фатиха. Құдай тағала  бұ дүниеде көрмеген қызығын о дүниеде бергей марқұмның. Біздің қоғамда милициялар мен соттарды, прокурорларды аямау керек деген пікір қалыптасқан. Неге бұлай? Бұл дағы түлкінің бозға салған жымы секілді ұшы табылмас ұзын-сонар әңгіме. Өз басым ақынның адам өлтіретініне сенбеймін. Арон меніңше мінезінен тауып отыр. Ақын қашан да тілін тартпайды. Кімнің алдында болсын. Арон – нағыз ақын. Ол осы күнге дейін ешбір ресми орынға жалынып-жалбарынып өтініш жазбапты. Кешірім тілемеген. Өйткені, өзін кінәлі сезінбейді.

Бірде ұзақ жылдар аудандық, облыстық соттарды басқарған бір кісімен шипажайда қатар демалғаным бар. Сүтке тиген мысықтай шеттей береді. Басын көтермейді. Теріс қарап отырып тамақтанады. Бөлек жүреді. Дастархандас жігіттер сыртынан «крокодил»дейді. Қолтырауын емес. Жебір дегені көрінеді.

Қапелімде түскі астың кезінде айқай-шудың үстінен түстік.  Бір әйел екі бүйірін таянып, әлгіге төніп тұр екен. «Сіз менің інімді соттағансыз. Көріңде өкіргір. 10 000 доллар әкеліп берсеңдер тергемей-ақ шығарып берем дедің, біз оны қайдан табамыз. Бала түрмеде опат болды. Қыршынынан қиылды. Сен де біз секілді зарлап қалғайсың, атаңа мың нәлет!»  Менің таңғалғаным ашынған ананың ащы сөзі емес,  әлгі кісінің беті бүлк етейді. Алдындағы борщын тауысып ішіп, котлетіне ауысқанша  қарап отырдым. Ешқандай сөз әсер етпейтіні көрініп тұр. Бұл не деген шыдамдылық! Бұл неткен көнбеттілік!  Келесі күні кеште  қысқы бақта өзімен өзі шатыраш ойнап отыр екен, бізді көріп орнынан созалаңдай көтерілді, «сіздер білесіздер ғой, бастық не айтса сол болады. Мені неге кінәлайды?», – деді кешегі инцидентті еске алып. Ақталмайды. Өкінбейді де. Бастығы айтты, болды.

Сол азаматты әлі ұмыта алмай келемін. Оны ойласам неге екенін қайдам, есіме қияндағы Маңғыстауда, Ақтауда 2000 жылдардың басында  болған бір оқиға түседі. Бір оңбаған қыз зорлайды.  Сот оны қалай-дүр, ақтап түрмеден босатып жібереді. Сол күні ұпайы түгелденген әлгі неме сот отырысынан миықтан күліп шығып келе жатқанда қыздың әкесі табалдырықта күтіп тұрып,  оны  қақ маңдайынан атып жер қаптырған.  Сөйтіп сотқа өзі барып:  «сен оны ақтадың, мен атып тастадым, ал  енді қыларың болса қыла бер», – деген.  Мен заң орындарының жұмыс стильдерінен мүлде бейхабар адаммын. Білетінім бүгінде сот жүйесіне, прокуратура бақылауына ризашылығын білдіріп жүрген адамдар некен-саяқ.  Бірде-бір полицей, бірде-бір прокурор, бірде-бір сот досым жоқ екен. Араласа алмаппын. Олар мен үшін басқа бір  адамдар секілді көрінеді. Түсініктері, ахлақ-әдебі, мораль-менталитеті басқа тәрізді. Мен оларды жаман демеймін, мен оларды жақсы да демеймін, мүлде басқа деймін. Қайран Салық аға, бүгінде сіздің шәкірттеріңіздің қоғамдағы орны қандай екенін қайта айналып келіп бір көрсеңіз ғой, шіркін. Солай боп тұр заманымыз, Салық аға…                

Анау бір аты шулы әйелдің ана жылғы дауы әлі жұрттың аузында. Күйеуі оны сабағаны үшін талай жылға сотталып кетті. Әйел заңды, некелі күйеуінің көзіне шөп салғанын өзі де мойындаған. «Я понимаю, о чем идет речь. Да, я изменила!» Бұл оның теледидар тілшісіне берген сұхбатынан үзінді. Кезінде Caravan.kz порталы 365 info-ға сілтеме жасап, осы сұхбатты қайта  жариялады. Сол 2017 жылғы 8-қыркүйекте Ақтөбеге барып тілшілермен сұхбат құрғаны тағы бар. Әлгі сөздерін айна-қатесіз қайталаған. “Ия, мен ойнас жасадым. Бірақ мен адалмын” дейді.  

Ол әйелдің қылығын әшкерелеу мақсат емес, адам, әдетте өзін өзі әшкерелейді. Қазақ мұндaйда «Құдай бар ғой» деп ашынады. Естуімше, содан бері оның әке-шешесі елге бара алмайтын көрінеді. Бізді таңғалдырғаны қазақ қоғамы осы оқиғадан кейін де үнсіз қалды. Еркектер  бәлелі жерге бармағын сұққысы келмеген болар.

Қазақта Бибігүл Төлегенова, Шәмшә Беркімбаева, Нина Қаюпова, Аягүл Миразова, Зейнеп Ахметова, Роза Рымбаева секілді көптеген  даңқты, абыройлы, қазаққа аса құрметті әйелдер бар ғой. Ең болмаса біреуі осы оқиғаға байланысты бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл не? Әлгі әйелді мақұлдау ма? Жоқ, қорқақтық па? Бұл не өзі?  Мораль, ұят, отбасы мәдениеті, өнегелі әке, иманды қыз туралы әңгіме қозғамаймыз, қозғасақ біреулердің шамына тиіп кететін секілдіміз бе, қалай өзі?

Біздің заңда зинақор әйелге жаза кесілмейді. Оны қылмыскер деуге хақыңыз жоқ. Бұдан шығатыны – oйнас қылмыс емес. Ойнас әшейін бір еріккенде жасай салатын ермек секілді, шымкентшілеп айтсақ,  «нәйеті бір арзымайтын нәсте дә жідә». Біреудің әйелінің қойнына бар, біреудің күйеуін тартып ал – Заң бұл тұста көзін жұмып, аспанға қарайды. «Ақ түйені көрдің бе, жоқ». Ал бірақ  зина жасаған әйелді сабаған күйеуі үшін жаза бар. Көрші өзбек, қырғыз жазушыларымен азды-көпті қарым-қатынасымыз бар, әсіресе, тәшкендік бір досымыз «ака, мана шу хотин нима болды?» деп әлі күнге сұрайды. «Мана шу хотинның нима болғанын» мен білмеймін, білгім де келмейді,  білетінім – Орта ғасырлық Еуропа ондай әйелдердің мұрнын кесіп шұнтитып, мұздай суға немесе қайнақ суға салып азаптап өлтірген. Ең жұмсақ жаза монастырға жіберген деседі. Азияның кейбір мемлекеттерінде әлі күнге ойнас жасаған әйелді ортаға алып шығып таспен ұрып өлтіреді. Ертедегі қазақ ат құйрығына байлаған деседі. Немесе “Абай жолындағы” Қодар-Қамқаның жолын құштырған. Ал сіз Ғибратты ғұмыр дейсіз. Әділдік дейсіз. Онымен қоймай ар-намыс, ұят-иман дейсіз.  Көне құрылықтың ең сері, ең еркін елі – француздар. Бірақ олар серілік пен азғындықтың ара-парқын қатты ажыратады. Серілік басқа, азғындық басқа. Сол француз поэзиясында  қызық бір өлеңдер болған. Қазақтың бейпіл сөздерін еске салады. Мұндай жанр ағылшын әдебиетінде бар. Оны өздері topsy-turvy  дейді. Бұл кезінде көп зерттелген «лимерики» деген жанрға ұқсайды. Содан бір үзіндіні қазақшалайық:

Түсінбеймін, түсінбеймін.
Неге мені тілдейді ел?
Күнтимесім өзімдікі,
Күндейсің бе, күндей бер.

 От салам ба, өзім білем,
Шөп салам ба көзіне.
 Күнтимесім, көз тимесін,
Сөз тимесін өзіңе!

Мұндай жанрлар қазақта болған жоқ.  Болмайды да. Оны болдырмау өз қолымызда. 

…Өкпешіл ағама асығып бар жатып, Алматының кептелісінде осындай бір ойлар кештім. Соны сіздердің ортаңызға салғым келгені ғой. Рас, мұным керек емес кезде, керек емес жерде айтылған керек емес әңгіме секілді естілер. Ұнамаса оқымай-ақ қоярсыз да.

Сіздерге деген зор құрметпен,
Есенғали РАУШАНОВ

 

 

 

ПІКІРЛЕР8
Аноним 07.03.2021 | 10:54

Ортаға салған Ойыңыз оңды-солын, орағыта алатын Адамның омыртқасын омақастыратын Ой екен. Қазақтың Шерағасы айтқандай «бір кем дүние » жүз жасаңыз қазақтың Есағасы!!!

Аноним 08.03.2021 | 09:52

Аса керек тұста айтылған Тұспалды Ой…Ауыр оқылады…

Аноним 08.03.2021 | 22:32

Есаха! Керемет дүние, ащы шындық. Түсінігі бар адамға дайын көрнекті құрал деуге болады, рахмет! Ақтөбе облысы

Аноним 09.03.2021 | 22:53

Айналайын, Есенғали-ау, бұл ҚОНҚ айтқандай тұспал емес, бұгінгі шіріген жүйеге тіктеп атылған оқ! Бірақ оқ бағытталған «батырлар» сол оқтан жалтарып кетуге яки өзіне дарытпауға әбден машықтанып алған. Тіпті шыбын шаққандай көрмейтін сияқты. Бірақ бұл сырт көзге ғана, себебі аталған «батырлар» бүкіл ойлау-ойлану қабілетін мүлдем жоғалтып алған міскіндер дегенге сенбеймін. Ендеше олар «бұл көрген күні — күн емес» екпндігін міндетті түрде іштей сезеді…Олай юолса мұндай оқтар атыла беруі-атыла беруі керек-ақ. Сау бол, әйгілі Ақын-Азамат!
Нәсіпқали сейітов.

Аноним 11.03.2021 | 14:37

Жаным, Есенғали көкее…

Аноним 30.03.2021 | 11:18

Қоғам. Адами қатынастар. Адамгершілік қатынастар. Еркіндік. Сыйластық…. Ой. Керек емес әңгіменің керегі..

Аноним 18.04.2021 | 16:46

😪😪😪

Аноним 28.10.2021 | 13:23

Өкінішті осындай Азаматар аз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір