Мұхтар Мағауин. Жамбыл қазақты әлемге әйгілеп кетті
01.03.2021
1439
0

1983 жылы сонау қиырдағы сақа елінде – Якутияда қазақ әдебиетінің декадасы өтті. Ол кезде мені тәуір тізімге жуытпайтын еді, қазір де іліне бермейміз, бірақ талап етіп, сұранып жүріп, қатарға қосылдым. «Шақан-Шері» деген роман жазуға дайындалып жатыр едім, бас кейіпкерім ақыр аяғында итжеккенге айдалуға тиіс болатын, романның әлде прологы, эпилогында Якутияда, Вилюй деген өзеннің жағасында отыруы керек еді. Сол жерді, елді көріп қайтуым қажет болды. Бірақ кейін шығарма шешімі басқаша құрылды…

Содан, Якутияға бардық. Жарқыраған жасыл күндер, ғажайып сырлы ақ түндер. Сақа бауырлар құдайындай қарсы алды. Сақа астанасындағы құрмет, рәсімдерден соң алыс аудандарға бөліндік. Кім қайда барады дегенде, сол жердегі бір ағайын айтты: анау, түстік тараптағы ауданға барыңыз, сондағы нағыз сақалар, нағыз якуттар біз боламыз, – деп. Қоңырат екен. Ал мынау – сіз барайын деп тұрған жердегі жұрттың көздері қысықтау, түрік тегінен айрылған, өңіне дейін бұзылып кеткен, – деді. Енді, бір туысымыз айтты: – Терістік жаққа барыңыз, басқалары бұзылып кеткен, ежелгі дәстүр-салтты сақтаған – біз боламыз деді. Сөйтсек, әлгілер адайлар екен, жаңылыс естімесем. Ақыры, бөлініп-бөлініп кеттік. Біз – бір тобымыз поляр белдеуінің арғы жағына, терістікке қарай аттандық. Сунтар деген аудан. Өзіміздің еліміздегідей, қаптаған қазақтың ортасында жүрміз. Әсіресе томпалаңдап ойнап жүрген балалары қазақтан аумайды екен. Қонақжайлығы да қазақ. Ауылдарды араладық. Екінші, әлде үшінші күні сол, мен іздеп барған Вилюй өзеннің бойымен, кемеде келе жатырмыз. Өзеннің қабағы биік, бірақ топырақты жар емес, түйетайлы көк шым екен. Бір уақытта, жағалауға жақындасақ, қабақ қаптаған халық. Қаптаған қазақ-сақалар. Күн ыстық, жер құрғақ. Біз кемеден түскенде қабақтағылар жағалауға, аяғымыздың астына даланың ақ, сары, қызыл гүлдерін лақтыра бастады. Гүлдің үстімен тайқы, жасыл қабақтан шықтық.

Шықсақ, шағын ауыл, бергі жақ шетінде, қарсы алдымызда үлкен ағаш үй түр. Ақсүр қарағай қима. Сол ағаш үйдің оң жақ… сол жақ қапталында сақал-мұртсыз, көзі қысықтау бір қартаң қазақтың әйдік суреті тұр. Ал оң жағында… жарықтық, әруағыңнан айналайын Жамбыл атам – Жәкемнің суреті тұр. Тұтас бір қабырғаны тіреп. Бөркін оқшырайтып, сақалын төгілдіріп, әппақ қылып әдемі салынған. Сөйтсек, бұл келген жеріміз – сақаның Сергей Зверев дейтін, атақты халық жыршысының ауылы екен. Анау соның музей-үйі екен. Осы Төбей ауылында бізді айрықша құрмет тұтып, атақты жыршының бедерлі сөлкебайын тартты. Содан қаншама әңгіме айтылды. Зверевті мақтағанда ең биік мақтау: «Біздің осы Зверев –Жамбылдың шәкірті», – деді. – Жамбылдың өзін көрген жоқ, бірақ сол кісінің үлгісін, өнегесін алып, осындай дәрежеге жетіп, біздің сақа жұртының халық даналығын бүкіл Совет Одағына, қала берді, бүкіл дүниеге танытты. Сөйткен керемет жыршымыз – Сіздің Жамбылдың шәкірті», – еді. – деп мақтанды.

Мінеки, жердің қиыр шетінде, поляр белдеуінің арғы жағында, жарық түн, қараңғы күн, тоғыз ай қыс, үш ай жаз – мәңгі тоң аймағында біздің алдымыздан Жәкең шықты. Якут елі, Сунтар Ұлысы, Төбей аулы, 1983 жылы.

Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, әруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың аты ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең — алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің әруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет.

 («Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды» мақаласынан үзінді)

1996 жыл

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір