Елена Стельмах. Кітапты ешбір техника алмастыра алмайды
23.02.2021
962
0

Елена Стельмах – 1965 жылы туған беларусь жазушысы, журналист, Беларусь Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары. Ол Франциск Скорина атындағы медальдің иегері. Беларусь Ақпарат министрлігінің «Басылым үздігі» төсбелгісін алған. Сондай-ақ, жазушы Василий Шукшин атындағы алтын медальді (Ресей), Али Шугенцуков атындағы медальді (Қабарда-Балқария, Ресей), «Әдебиетке қосқан үлесі үшін» медалін (Беларусь) тағынған. Бұдан өзге де көптеген атақ-марапаты бар. Е. Стельмах – балаларға арналған «Емен мен қарға», «Франциск Скоринада қонақта», «Сонечкаға арналған үлкен қойылым», «Өрмекші Славик» секілді кітаптардың авторы. Сонымен бірге, «Таңғажайып Беларусь», «Беларусь менің көзіммен», «Менің Отаным» т.б. кітаптардың авторларының бірі. Оның шығармалары көптеген тілге, соның ішінде қазақшаға да аударылған.

– Елена ханым, Қазақстан өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Қазақтың ұлы ақынының шығармашылығымен таныссыз ба?

– Әр ұлттың жазба әдебиетінің негізін қалап, өз жұртының жан-дүниесін шығармашы­лығында паш еткен тұлғалар болады. Ондай қалам­герлерді елі ешқашан ұмытпай, әр­да­йым классик деп дәріптейді. Мәселен, туған өлке­сінің жыршылары деп беларусь хал­қы­нан шыққан Янко Купала, Якуб Колас, Максим Богдановичтерді айтар едім. Оларды беларусьтер ғана емес, күллі әлем біледі. Сол секілді қазақтың ұлы ойшылы, ғаламат ақыны, ағартушы Абайдың да аты бар дүниеге мәшһүр. Шығармашылығымен Минсктегі Беларусь Мемлекеттік университетінде оқып жүрген студент кезімде танысып, тәнті болдым. Ну орманның арасында өскен беларусь қызының, менің, көз алдыма қазақтың ұшы-қиырсыз, ұлан-ғайыр даласы елестеп, ұлтын жан-тәнімен сүйген Абай жырларының тереңіне сүңгідім. Сондай-ақ, қазақты жаһан классиктерімен таныстырған Абайдың аудармашылығына да сүйсіндім. Бұдан бөлек жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы да мені бір­ден елітіп әкетіп, қызыға оқып шықтым. Беларусьтегі «Звязда» баспа үйінің сайтында ТМД елдерінің әдебиеті мен публицистикасы жүктеліп, онда Абай шығармашылығына арналған жеке парақша да ашылған.

– Ұлты поляк болғанмен, Беларусь жерінде туып-өскен этнограф Адольф Янушкевич қазақ жерінде айдауда болған. Бұл біздің ортақ тарихымыздың бір көрінісі емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Литва астанасы Вильнюстегі университетте оқыған, содан кейін, Германия, Франция, Италияға саяхаттап келген білімді, көзі ашық жас жігіт Адольф Янушкевичті жарқын болашақ, табысты мансап жолы күтіп тұрғандай көрінген. Алайда революцияға қатысып, жараланып, қолға түскен соң, армандары сынған шыныдай күйреді. Өйткені, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін жазасы өмір-бақи жер аударуға ауыстырылған еді. Қазақстанның солтүстігіне жер аударылған тұтқын алда қандай ауыр сынақтар күтіп тұрға­нын білсе де, тағдыр сындарына қарсы табандылықпен күресті. Янушкевич жергілікті бұқарамен етене-жақын араласып, қазақтар сияқты киінетін болды. Қазақ тілін де үйреніп алды. Киіз үй үйреншікті баспанасына, қымыз сүйікті сусынына айналып, Қазақстанды екінші Отанындай көрді. Сонымен бірге, ол Абайдың әкесі Құнанбаймен дос болған екен. Янушкевич қазақтарды еуропалық ұлттармен тең көріп, басқыншы билік жүйесінен қолынан келгенше қорғап бақты. Көкжөтелмен ауырғандарды емдегенмен, кейінірек өзі де осы дертке шал­дық­ты. Туған өлкесіне 25 жыл айдаудан соң аурушаң, дімкәс болып оралған ол көп ұзамай қайтыс болған еді. Біздің халқымыз қазақтар Адольф Янушкевичті қалай құрметтейтінін біледі. Өзі де «бірте-бірте қырғызға айналғанын» мойындаған еді ғой. Жерлесіміз Янушкевичтің арқасында біз, беларусьтер, қазақтың тари­хымен, салт-дәстүрімен, ашық-жарқын мінезімен, еңбекқорлығымен жақын танысып, сіздерге деген махаббатымыз бен құрметіміз арта түсті. А.Янушкевич жерленген Дзержинск ауданындағы Дягильно ауылы менің туған жеріме өте жақын. Янушкевич жайлы жазған эссем «Свет неоткрытой звезды» деген атаумен Қазақстанда шығатын «Простор» журналында жарияланды.

– Өткен жылдың соңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы балалар әдебиетіне арналған халықаралық онлайн-форум ұйым­дас­тырды. Бұл іс-шараға сіз де қатыстыңыз. Онда жасаған баяндамаңызда қандай мәселе көтерілді?

– Кітап баға жетпес қазына екенін тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Ғалымдар электронды кітап пен кәдімгі басылып шыққан кітапты оқығанда, мазмұнын адамның миы қалай қабылдайтынын зерттеп көріпті. Сөйтсе, басылып шыққан кітаптағы мәліметтерді санамыз тез қабылдап, жақсы есте сақтайды екен. Демек, ешбір техника, тіпті, электронды кітаптың өзі кәдімгі кітапты алмастыра алмайды! Сол себепті, болашағын ойлайтын ел жас ұрпақтың кітапқұмар болып, интеллектуал буынға айналуына күш салуы керек. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Бала алдымен кітапты ана тілінде оқуы тиіс. Ана тілі – адамның тірегі. Ана тілі дүниенің сырларын ашуда және өзге тілдерді үйренуде көпір іспетті. Жүрек түкпіріңдегі күйді тек ана тіліңде ғана дөп жеткізе аласың. Өкінішке қарай, тілінен айрылып қалған халықтар жойылып кеткен не бірте-бірте жойылып бара жатыр. Менің жаныма бататыны – біздің елімізде де беларусьтердің біразы ана тілін тәрк етіп, күнделікті өмірде орысша сөйлеп жүр. Бұл о бастағы тәрбиеде кеткен қателік екені даусыз. Сондықтан мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өткізген халықаралық онлайн-форумда осы тақырыптарды қозғап, әріптестеріммен ой бөлістім. «Не істесек, балалар ана тілінде кітап оқиды?» деген сұрақты ортаға салдым. Себебі бұл өте маңызды сауал. Ана тіліңде кітап оқу тек пайдалы дүниелерді меңгеру ғана емес, сонымен қатар, өз еліңе ғана тән ұлттық кодты, түп-негізіңді бойыңа сіңіру. Мемлекеттің ертеңі жас толқынның кітап оқуына және қандай кітап оқитынына байланысты.

– Оқырмандарымызға өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.

– Минск облысы Дзержинск ауданындағы Новосады деген ауылда туып, әжемнің қолында өстім. Өйткені, мен дүниеге келгенде, әке-шешем әлі студент еді. Мектеп мұғалімі болған әжем қаншама буынды оқытқаны секілді, мені де жазу-сызуға үйретті, тәрбиеледі. Уақыты келгенде, ұямнан балапандай ұшырды. Шығармашылыққа деген ынтамның оянуына туған жерімнің әсем табиғаты әсер етті. Беларусьтің біраз бөлігін ормандар алып жатса, ал менің ауылым көне замандардағы мұздықтың орны – таулы өлке. Біздің өңірге қатысты ел аузында аңыз-әңгіме көп: ежелде бір князевна малайларына бар дүние-мүлкін құдыққа тастауды бұйырып, кейін сонда өзі де секіріп кетіпті; ертеде ауылға қарақшылар шабуыл жасап, не бардың бәрін тонапты; ішіндегі діндарлармен бірге бір шіркеу жер астына түсіп кетіпті… Бұдан өзге де небір әфсаналарды естіп өстік. Біздің мекенде ауылдастарымның жан-дүниесіндей таза әрі мөлдір бұлақ ағатын. Қаншама рет қанып ішкен бұл қайнар мен үшін жай ғана су емес, парасат кәусарындай болатын. Ауылымның жазда көк шөп қаулап өсетін, күзде алтын жапырақтар төгілетін ирелеңдеген жолдары көз алдыма ғасырдан-ғасырға жорғалап бара жатқан уақыт-жыланын елестетін. Менің мемлекетімде ғана емес, күллі әлемде бірте-бірте ауыл дәуірі аяқталып, тұрғындар үлкен қалаларға көшіп, ауылдар қаңырап босап қалып жатқаны жүрегімді ауыртады. Амал нешік, өркениет, заман ағымы өз дегенін істеп жатыр. Осы мәселелерді жазған қаламгерлердің туындыларын оқысаңыз, қандай ауыр мұң-шерді сезінер едіңіз. Ұлттың негізі, халықтың болмысы ауылда еді ғой…

 – Алғаш жазған шығармаңыз есіңізде ме?

– Бесінші сыныпта оқып жүргенімде, «Зорька» деген балалар газеті шығармашылық байқау жариялап, бірінші орынға сол кезде өте тапшы болған дүние – фломастерлерді тікті. Мұндай бояуды бұрыннан армандап жүрген сіңлім мен інім жүлдеге қатты қызығып, «сенің қиялың ұшқыр ғой, қатысшы» деп қолқалады. Өзімнен жасы кіші бауырларымның бұл сөзі мен үшін ең үлкен марапат болып, олардың алдында беделімді түсіргім келмеді. Сөйтіп, бағымды сынап көрдім де, жүлдегер атандым. Бірақ бірінші емес, екінші орынға ие болып, сыйлыққа балаларға арналған әндер жинағын алдым. Бар ойы фломастерлерде болған Инна мен Юраның көңіл-күйі түсіп кетті. Бірақ фломастерлер көп уақыт өтпей-ақ құрғап, содан соң қайда қалғанын білмей қалар едік. Ал сол кезде алған балаларға арналған ескі әндер жинағы беттері сарғайса да, әлі күнге дейін отбасылық мұрағатымызда сақтаулы тұр.

– Жазушылық жолға түсуіңізге не әсер етті?

– Сөздің құдіреті. Әдебиеттің адам жанын тебірентуі, толғандыруы, жүректі қозғауы мені қаламгерлік даңғылға салды. Әлемді құрдымға сүйреп бара жатқан қазіргі рухани азғындық барлық жазушыны алаңдатады деп ойлаймын. Идеологиялық майданның кесірінен моральдық ұстанымдар мен отбасы құндылығының мәні кетіп бара жатыр. Өсіп келе жатқан жас буындар үшін уайымдайтындықтан, сөз зергері ретінде оқырманды мейірімге, жауапкершілікке, ізгі істер жасауға шақырамын.

– «Қазіргі балалардың ой-қиялы дамып кеткендіктен, оларды қызықтыру, таңғалдыру қиын» деген пікірді естіп жатамыз. ХХІ ғасырда балалар жазушысы болу қиын емес пе?

– Мен бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламасынан тыс қосымша сабақтарына талай қатысып, соңғы партада бақылап отыр­дым. Баланың шығармашылық қабілетін, зейінін дамытуға арналған мұндай дәрістерде, әдетте, шәкірттер жазушының туындысын оқып, соның желісі бойынша қойылым қояды. Бүлдіршіндер сенің кейіпкерлеріңнің бейнесіне жан-тәнімен еніп, барын салып ойнағанын көргенде, әрі қуанасың, әрі қиялыңның сол балалардың қиялындай ұшқыр болмағанына ұяласың. Мұндай сабақтар оқушылардың дарынын ашумен бірге, қаламгерге де пайдалы. Себебі оларды бақылап отырып, баланың психологиясын да зерттейсің. Ал жоғарыдағы сұрағыңызға нақты жауап берсем, жаның қаламаған кез-келген іс қиын дер едім. Ал бала­лар сенетіндей қылып жазсаң, олар сені көр­генде, қолтаңба алуға таласып, улап-шулап, кезекке тұрады. Тәп-тәтті, кішкентай оқырмандардың «өрмекші Славикпен бірге бізге тағы келесің бе?» деп қиыла сұрағаны кәдімгідей шабыттандырады, жазуға деген ынтаңды арттыра түседі. Сонымен қатар, баланың деңгейінде ойлану үшін қолданатын тағы бір тәсілім бар. Менің әдебиеттегі бүркеншік есімім – Ева НЭММ. Бұл өзімнің, екі қызымның және үш немеремнің есімдерінің бастапқы әріптерінің қысқарған түрі – Елена, Виктория, Надежда, Эмилия, Мария, Маргарита. Жақында Миша деген ұл немерем дүниеге келгендіктен, шығармашылық бүркеншік есімімізге тағы бір «М» әрпін қоспақпыз. Біз бәріміз қосылып, ақылдасып, екі кітап жазып шықтық. Отбасы өмірдегі басты құндылық болғандықтан, екі қызым және немерелеріммен бірге ата-ананы, бауырды, туған үйді сүюді жас оқырмандарға баланың тілімен түсіндіреміз. Осыдан келіп, үлкен отбасы – Отанды сүю басталады. Ева НЭММ-нің, яғни, біздің кітаптарымыздың таныстырылымы Беларусьте ғана емес, Ресейдің бірнеше өңірінде және Молдовада да өтті. Сондай-ақ, «Франциск Скоринада қонақта» балқар тілінде жарық көрсе, ал «Өрмекші Славик» қазақ тілінде «Балдырған» журналында жарияланды. Алдағы уақытта қазақ балаларымен де кездесеміз деп үміттенемін.

– Қазір Беларусь Жазушылар одағы төраға­сы­ның бірінші орынбасарысыз. Бұл ұйым қалам­герлерді қалай қолдайды?

– Біздегі Жазушылар одағы 1934 жылы құрылған. Одақтың негізін қалаған класси­кте­рі­міздің шығармаларын талай толқын оқып өсті. Қазір астанамызда және 6 облыста жалпы 700-ге жуық мүшеміз бар. Ал төрағамыз – 50-ден астам кітабы 7,5 миллион таралыммен басылып шыққан Николай Чергинец. Ақын-жазушыларымыз жылына 300-дей кітап шығарып, мектептерде, университеттерде, кітапханаларда, жатақханаларда, өндіріс орындарында, әскери бөлімшелерде жыл сайын 20 мыңнан аса әдеби-мәдени кездесу өткізеді. Біз адамгершілік қағидаттарын насихаттауға тырысамыз. Сонымен қатар, халықаралық іс-шараларды да ұйымдастырамыз. Мысалы, өткен жылы Беларусь Жазушылар одағы Ұлы жеңістің 75 жылдығына арналған байқау жариялап, онда Ресей, АҚШ, Канада және Қазақстанның да қаламгерлері, жалпы 1300 автор қатысты. Сонымен бірге, біздің билік өлкетануға айрықша көңіл бөліп, еліміздегі қалалар мен ауылдар тарихын зерттеушілерге қолдау білдіреді.

– Қазір Қазақстанда тұратын беларусь ақыны Анатолий Лисицкийдің кітабы шығайын деп жатыр деп естідік…

– Иә, кезіндегі Адольф Янушкевич се­кілді тағы бір жерлесім ақын Анатолий Лисицкий тағдырдың жазуымен біраз уақыттан бері Қазақстанда тұрады. Ол екі елге деген сүйіспеншілігін өлеңмен өрнектеп , жазып жүр. «Радзима» деген беларусь мәдени орталығының директоры Дмитрий Останьковичтің өтіні­шімен А.Лисицкийдің кітабын «Отанның мөлдір көз жасы» («Прозрачные слезы Родины») де­ген атаумен шығармақпыз. Онда автор халық­тар арасындағы достықтың маңызын өте әсерлі жырлайды. Өлеңдер жинағын Алматыда шығару жөнінде келісім бар. Мен Қазақстандағы беларусь қаламгерімен ғана емес, Дулат Исабеков, Баянғали Әлімжанов секілді қазақ жазушыларымен және әдебиеттанушы Райхан Мәженқызымен де достық қарым-қатынастамын. Д.Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген шығармасы жанымның терең қатпарларына дейін жетіп, қатты әсерлендім. Жалпы, беларусь-қазақ әдеби байланыстары туралы сөз қозғау сондай жағымды әрі жылы.

– Сұхбат бергеніңіз үшін сізге де рақмет!

 Сұхбаттасқан

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір