Кейіпкеріне айналып кетеді…
22.02.2021
6458
0

Қазақ қарасөзінің қадірін арттырып, қазақ тіршілігінің, ұлт тарихының әр кезеңін туындыларына саф күйінде арқау етіп келе жатқан Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫНЫҢ әдебиет кеңістігіндегі орны бөлек. Жазушының ұл-қыздарымен әңгімелесе отырып, «Қазақтың Мопассанына» баланатын қаламгердің әке ретіндегі, адам ретіндегі болмысына үңіліп көрдік.

– Бексұлтан ағаны мықты жазушы ретінде танимыз. Оқырмандарға ағаның әке, ата, отағасы ретіндегі болмысы туралы айтып берсеңіздер? Жазушының бала тәрбиелеуде, отбасының бере­кесін сақтауда қандай ұстанымдары бар?

 Салтанат НҰРЖЕКЕЕВА: Әке-ше­шем­нен бесеуміз: – төрт қыз, кенжеміз – ұл. Ата-анамыз бізге: «Әрқашан шыншыл, еңбекқор болыңдар», – деп үнемі айтып отырады. Үлкен-кішіні сыйлап өстік. Әкеміз: «Қандай жағдайда да, өтірік айтпаңдар, елді, жерді, ата-ана, бауырларыңды сақтаңдар. Ұлттық ертегілер мен халқымыздың тарихы туралы кітап оқып, білім алуға талпыныңдар», – деп үйрететін бала кезімізде. Үйдегі әкеміздің кітапханасы бізге үлкен азық болып келеді. Кітаптарды жыртпай, сыртын қаптап оқитынбыз. Әкеміз: «Бір кітап шығару үшін қанша адам еңбек етті, қаншама ағаш кетті», – деп айтудан да таңған емес. Бала тәрбиесі мен үйдің шаруасы анамыздың міндеті болды. Әкеміздің арқасында бәріміз жоғарғы білім алып, ешкімнен кем болған жоқпыз. Қатал әке болған жоқ, менің ойымша. Бірақ қабағына қарайтынбыз. Анамыз кез келген мәселеде де, қарапайым жағдайда да: «Әкең айтты, әкең қарап отыр, әкеңнен сұра», – деген сөздерді айтып, бәрімізді тыңдата білетін. Үйдің шаруасын әрқайсымыз апта күндеріне кезек бойынша бөліп алып, кестені тоңазытқышқа іліп қоятынбыз. Мен кенже, ерке қыз болдым: «Тізімде неге папам жоқ?» – деп сұрайтынмын (күліп). Сонда анам: «Төрт қызы мен ұлы тұ­рып, әкең қоқыс шығарып жүре ме?» – деп ұялтатын. Әкемізді ошаққа, үйдің шаруасына жолатпайды. Ата-анамыз кішкентай кезімізде әр жетінің соңында паркке, киноға алып баратын. Театрға, қазақша қойылымдарға міндетті түрде баратынбыз. Әкеміз бізге ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын. Анамыздың әкеміздің мықты жазушы болуына үлкен себепші, қол­дау­шы, көмекші болғаны сөзсіз! Олай тек шын сүйген адам ғана жасайды. «Шуламаңдар, әкелерің жұмыс істеп отыр! Үстелдегі қағазда­рын қозғамаңдар! Кітаптарының орнын ауыс­тырмаңдар! Бүгін әкелерің жұмысына қатысты қатты ашулы, мазаламаңдар! Ертең қолым тимейді, әкелеріңді ауылға шығарып саламын! Шайын берем! Дәрігерге апарамын!» – деп әлі күнге дейін айтып жүр. Оған енді немерелері куә. Әжелері үлкен немере қыздарын бір күні, немере ұлдарын тағы бір күні үйге қонуға ша­қы­рады: «Ертең аталарың бос, келіңдер, қан­дай тамақ жасап берейін?» – деп. Балалар әр алуан тақырыптағы әңгімелер тыңдағанды жақсы көреді, сұрақтары да көп. Аталары тарих жайында, әжелері аталары туралы айтады. Кіші немерелеріне сүйсініп отырады, олардың ішінде ініміздің ұлы – Елкенді, енді, патшасы десе де болатындай! Атасы Елкенді: «Басы атама, мінезі әкеме, ақылы әжеме ұқсаған…» – деп еркелетеді әрдайым. Немерелерінің атын қыз бала болса – «гүл», ұл болса – «ел» не­месе «ер» деген сөздермен құрастырып қоя­ды. Қазір үйде әулет болып жиналғанда, папа­мыз дастарханның жоғарғы жағына немере қыз­да­рын отырғызып: «Мен осы үйдің иесімін», – деп, өзі анамыздың қасында төмен отырады. Бірақ аталары дастархан басына отырмайынша, бата бермейінше ас ішуді бастамаймыз. Бұрын да, папамыз әлдебір ойға түсіп, жазу үстелінде оты­рып, дастархан басына келуге кешігіп жат­қанда, анамыз бірінші әкеміздің ыдысына тамақ салып барып, бізге ас ішуге рұқсат беретін. Ол кездері тамақты белгілі бір уақытпен ішетін едік бой. Кешке және демалыс күндері бәріміз дастархан басында отыруға міндетті болатынбыз. Әңгіме тыңдап, жоспарларымызды айтып отыратынбыз. Тағы бір отбасылық дәстүріміз – ойын ойнау болатын. Ойынның шарты бойынша, ас үйдегі көзімізге түскен заттардың бірінші және соңғы әрпін айтып, жасырылған сөзді табатынбыз. Бәрімізге әкемізді сыйлатып, қадірін ұқтырып өсірген – анамыз. Әкеміз де: «Балаларыңның шешесін сыйла! Қыз бала – болашақ ана! Қызды, елді, жерді ер қорғайды! Қыз бала тілеуші болса, ұл бала – іздеуші, туған-туысты, әпке-қарындастарыңды біліп, жағдайларын сұрастырып жүр!» – деп ұлдарға үнемі айтып отырады. Қазір зейнеткер болса да, әйелдер мейрамында, туған күнінде анамызға бірінші болып гүл сыйлайды!

– Бексұлтан аға қандай сәттерде жазу үсте­ліне отырады? Жазып отырғанда қандай күйде болады? Ондай сәтте жазушы болмысынан қандай ерекшеліктерді байқайсыздар?

 Ләйлә НҰРЖЕКЕЕВА: Біз бала болғаннан кейін, улап-шулап, бесеуміз бес жақтан үйді кө­те­ретінбіз. Ол кезде үйіміз тар, ойнайтын да, оқитын да бөлме – біреу. Сонда әкеміз жазу жазып отырады, кенжеміз орындығының ар­ты­нан секіріп мініп, секіріп түсіп жатады, қыздар бір-бірімізге доп лақтырып, ойнап жатамыз… Сонда әкеміз бір де бір рет ашуланып, зекіген емес. Қайта, бөлмеге анамыз кірсе, тыныштала қалатынбыз. «Балаларымның күлкісі маған кедергі емес, керісінше жазуыма ынта мен шабыт береді», – дейтін әкем. Әлі есімде, мен 10-12  жастамын, әкемнің бөлмесіне кірсем, жалғыз өзі отыр екен, бірақ біреумен дауыстап сөйлеcіп отырған сияқты: «Папоу, кіммен сөйлесіп жатырсың?» – деп сұрадым. «Кейіпкерімнің рө­ліне кіріп, соның «даусының ырғағы мен екпіні қалай шығады екен?» деп көріп жатқаным ғой», – деді. Яғни папамыз кез келген уақытта кейіпкеріне айналып кетеді. Тағы бір кез есімде, далаға ойнауға бізді алып шығып, бір уақытта тап жолдың ортасында тоқтап қалды: «Ләйләш, үйден барып менің қаламым мен қағазымды әкеле қойшы, ойым үзілмей тұрғанда жазып ала­йын», – деді. Сосын біраз уақыт қағаз бен қаламды қалтама салып жүретін болдым (па­па­ма керек болып қала ма деп). Мектепте оқып жүр­ген кезімде, күн салқындау еді, рахаттанып балмұздақ жеп келе жатсам, алдымнан папам  шыға келді. Жүрісі тез болатын. Сасқанымнан қолымдағы балмұздақты арыққа тастай салдым. Ол болса, мені байқамай, ойланған күйі өтіп кетті. «Қап!» – деп мен қалдым! Папамыздың (күнделікті өмірде папа деп атаймыз) көлік айдамайтын себебі де осында сияқты. Әкеміздің бір керемет қасиеті бар, ол – өзі маңызды деп санаған дүниеге барынша көңіл бөліп, соған бар зейінімен назар аудара білуі. Көкеміздің күнделікті үйреніп қалған тіршілігі: суға түсу, жаттығу жасау, тамақтану, таза ауаға шығу жә­не ойындағысын қағаз бетіне түсіру, болды… Анамыз барлық жағдайын жасайды. Әкеміз ешкімнің қолынан шәй, ас ішкенді ұнатпайды, тек анамыздың ғана әзірлеген асын баппен ішкенді жақсы көреді. Анамыз жұмыс істеп жүрген шағында да, түс кезінде жарты сағатқа: «Шайын беріп келейін», – деп, қаланың бір шетінен екінші шетіне жүгіретін. Қонақтан келсе де, үйде бір кесе шай ішетін әдеті бар папамыздың.

Жанар НҰРЖЕКЕЕВА: Әр әңгіме, әр роман – бір өмір. Әкеміз әр кейіпкердің ішкі дүниесін, көңіл күйін дәл жеткізу үшін, ол бейнені әуелі өз жүрегінен өткізеді, сосын сол сезімді қағаз бетіне түскен сөз арқылы оқыр­манға дәл жеткізуге тырысады. Ойы көңілінен шықса, көкеміз күлімдеп, әндетіп жүреді. Үндемей, жиі серуенге шығып жүрсе, жазатын дүниесіне көңілі толмай, іздену барысында жүргенін бірден түсінеміз. Тарихи шығарма болса, әкеміз архив пен кітапханалардан шықпайды. Себепкер немесе куәгерлерді тауып, сол жағдайды жақсы біледі-ау деген кісілермен кездесіп, зерттеулер жүргізеді. Мәліметтің толық ақиқат екеніне көзін жеткізгенде ғана жазады. Білмейтін мәселені: «Онысын білмейді екенмін», – деп, мойындап, ол турасында жан-жақты сұрастыру әкемнің жақсы жақтарының бірі. Ал күмәнданбайтын тарихи оқиғаларды нақты жеткізуі, дәлелдеуі – мінезіндегі ең керемет ерекшелігі.

– Көкелеріңіздің туындыларын оқып тұра­сыз­дар ма? Қай шығармасы ерекше әсер етті?

 Ләйлә НҰРЖЕКЕЕВА: Әр шығарманың идеясы, мазмұны, ойы мен сыры, оқырманға берер сезімі – әр түрлі. Адамның әр жылдағы жа­сына, оқыған кезеңіне байланысты әсер алуы да әр қилы болмақ. Мысалы, «Күтумен кешкен ғұмыр» романын мектепте жүргенде, 16-17 жасымда оқығанымда алған әсерім мен 23-25 жасымдағы қабылдауым бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

 Бейбіт НҰРЖЕКЕЕВ: Әкемнің «Әй, дүние-ай!» шығармасы маған ерекше сезім қалдыруда. Бұл роман – бүгін де, ертең де маңы­зын жоғалтпайтын туынды. Кітаптағы оқиғалар тарихи мәліметтерге сүйеніп жазылғанын ескерсек, қазақ халқының басынан кешкен бір қиын заман көз алдыма елестейді. Өкінішке қарай, шығарма желісіндегі кейбір күрмеуі қиын мәселелер қазіргі уақытта да кездесіп қа­лып жатады.

 Ұлаш НҰРЖЕКЕЕВА: Папамыздың шығар­маларында әйел тағдыры өзекті мә­се­ле­лердің бірі болып келеді. Қазақ әдебиетінде әйел бейнесі туралы туындылар көп. Бірақ әкемнің еңбектерінде, маған ерекше ұнайтыны – қыз баланың психологиясы мен нәзік болмысының дәл суреттелуі, сол болмыс арқылы, ұрпаққа дәстүрлі отбасы құндылықтарын насихаттау, дәріптеу. «Бір өкініш, бір үміт» романындағы Шәзия мен Бүбіш, «Өнер құдіретіндегі» Күләш Байсейітованың образдары ерекше әсер қалдырды. Тарихи тақырыптағы еңбектері де көп. Әр туындысында өмірде болған адам­дардың бастан кешкен оқиғалары мен халық басынан өткен тарихи жағдайлар өзара ұтқыр байланыстырылып, деректі дәлелденген. Кейінгі туын­дылардан «Әй, дүние-ай!» романы қатты әсер етті. Тіпті, кей беттерді жылап отырып оқы­дым. Кейіпкерлермен бірге қайғырдым, өкін­дім, үміттендім, сендім… Бұл шығарма әб­ден кемеліне жеткен әкеміздің ең мықты туындысы деп білемін. Әр сөзі, әр сөйлемі, әр нүктесі оқырманның жанына жеке бір ойды дарытып, жүректеріне жетеді. Папамыздың шығармаларын оқыған сайын елім, жерім деп өмірін қиған қазақтың қайраткерлеріне басымды иіп тағзым етемін!

 – Жазушы жазудан тыс уақытта немен айналысады?

 Бейбіт НҰРЖЕКЕЕВ: Әкеміз уақытты бағалай білетін адам. Қолы бос болып отыратын кезі жоқ. Үнемі ізденіс үстінде. Ойланып, керек дүниені құлағымен тыңдап, сол мезетте көздеріне жаттығу да жасап отырады. «Шебер адам – бар салада да шебер» дегендей, әкеміздің қолынан бәрі келеді. Жас күнінде үйдегі ұсақ-түйек заттарды жөндеп қана қоймай, шағын шкафтар құрастырып, кафельдеуді де жасайтын. Домбыра тартып, ән айтады. Көпшілік үшін емес, ойға түскенде қара домбырасын алып шертіп отырады. Біз кинодағы Шерлок Холмсқа ұқсатамыз папамызды. Күнделікті іс-әрекеттерге де ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайды. Көп ұйықтағанды, жалқаулықты ұнатпайды. Қандай шаруаны қолға алмасын, бәрін шын көңілімен тиянақты жасайды. Өзіне деген тала­бы көп. Күні бүгінге дейін әлемде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді қадағалап отырады. Әкеміз сондай-ақ өте керемет әңгімешіл адам, немерелері атасын тыңдағанды қатты ұнатады. Қуанышыңды да, мұңайған сәттегі көңіл күйіңді де бөлісуге дайын. Ол сонымен қатар уақыт тала­бына сай жаңа бағыттарды үйренгісі келетін алғыр да білімді жан.

 – Белгілі қаламгердің ұл-қызы болудың өзіндік жауапкершілігі бар ма?

 Ұлаш НҰРЖЕКЕЕВА: Жауапкершілік, әкеміз белгілі жазушы болғандықтан емес, ата-анамыздың тәрбиесіне байланысты қалып­тасатын қасиет болу керек. Папамыз – танымал жазушы болғанымен өте қарапайым кісі. Материалдық мүдделілікті емес, адамгершілікті бағалайды. Бесеуміздің де, Құдайға шүкір, өз отбасымыз, бала-шағамыз бар. Әр мереке сайын ата-анамызды қуантқанды жақсы көреміз.

 Жанар НҰРЖЕКЕЕВА: Әкеміз – біздің асқар тауымыз! Бәрімізге үлгі! Осындай адамның баласы болу – біз үшін үлкен қуаныш. Әкеміздің «Ең басты күш – бірлік!» деген өсиетімен өмір сүріп жатырмыз. Әке-шешемізге өміріміз үшін, бақытты балалық шағымыз үшін алғысымыз шексіз!

– Береке-бірліктеріңіз арта берсін!

 Әңгімелескен

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір