Францис Куркиевич: Ұлттық әдебиет болмаса, халық жойылып кетеді
30.10.2023
443
0

Францис Куркиевич – 1965 жылы туған бразилиялық қаламгер, аудармашы. Екі кітаптың авторы. 2019 жылы шыққан «Meninices» жинағы – балаларға арналған еңбек. Ал өлеңдері 2020 жылы жарық көрген «B869.1 k96» кітабына топтастырылған. Ол – халықаралық деңгейде танымал ақын. Жырлары АҚШ, Португалия, Испания, Перу, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей елдерінің әдеби басылымдарында жарияланған.

 – Анамның айтуынша, кішкентай кезімде зерек болыппын, – деп бастады ол әңгімесін. – Өз жасымнан ерте жетіліппін. 3 жасымда әріп танып, қолыма түскен комикстер, газет-журналдар – бәрін оқи береді екенмін. Жыл өткен сайын талғамым да биіктеп, 12 жасымда Шекспирдің толық шығармалар жинағын оқып шықтым. Жас қаламгер ретінде маған португал ақыны Фернандо Пессоаның поэзиясы қатты әсер етті. Алғашқы жырын оқығаннан-ақ, экзистенциализм (өмір мәнін түсінуге ұмтылу) бағытындағы туындылары жүрегімді баурап алды. Сонымен қатар бразилиялық ақындар Карлос Драммонд де Андраде және Кассиано Рикардоның көркем өлеңдері шабытымды, қабілетімді оятты. Есейген соң, сопылық сарындағы Руми, Омар Хайям, Низами, Аттар, Ширази, Табризи тәрізді ақындарды оқыдым. Олардың жырларындағы мистикалық символ менің рухани әлемімде терең із қалдырды. Содан кейін философиялық әдебиетті оқып, университетке түстім.
– Аудармашы екеніңіз де оқырманға аян. Енді бірер сөзбен әдебиеттегі көркем аударма саласының мән-маңызына тоқталсаңыз.
– Дүниеде талай мықты ақын өт­кен. Қазір де көзі тірі небір дүлдүл­дер бар. Өкінішке қарай, ғалам жұрт­­шылы­ғының бәрі бірдей шет тіл­дер­ді біле бермейтіндіктен, өзге ұлт қалам­герлерінің кітаптарын оқи алмайды. Мә­селен, мен қазақ шайыры Олжас Сүлейменов­тің «Бөлтіріктер» деген өлеңін өз тіліме аудардым. Менің білуімше, ол бұрын-соңды бразилиялық португал тіліне аударылмаған. Өз басым Олжас Сүлейменовке дейін ешбір қазақ қаламгерін оқымаппын. Демек, оның шығармашылығының арқасында аз да болса, қазақ мәдениетімен, қазақ дүниетанымымен таныстым. Ал бұрын мүлде бейхабар едім ғой. Мен секілді Бразилиядағы қаншама оқырман осы тәржіме арқылы қазақтардың сана-сезімінен, жан-дүниесінен хабардар болды. Аударма дегеніміз – өзге мәдениеттердің, өзге қоғамдардың тыныс-тіршілігіне, өнеріне қарайтын терезе. Ол болмаса, әр ел оқшауланып өмір сүрер еді. Аударма халықтар арасындағы достықты нығайтады. Мен Мили Дас, Кутти Ревати, Шридала Свами, Анджун Хасан, тағы басқа үнді сөз зергерлерін, сондай-ақ Мариэла Кордеро (Венесуэла), Эли Урбина (Перу), Мойзес Паскуаль (Панама), Марихо Каликсиен (Парагвай), Хосе Асунсион Сильва (Колумбия), Андреа Наталия Амадор Сеговия (Никарагуа), Диего Лемер (Аргентина) т.б. көптеген ақынды аударып, олардың өлеңдерін Бразилия БАҚ-тарында жарияладым.
– Жаңа Олжас Сүлейменовтің «Бөлтіріктер» өлеңін португалшаға аударғаныңызды айтып қалдыңыз. Қазақ әдебиетіндегі бұдан өзге шығармаларды оқыдыңыз ба?
– Өкінішке қарай, Орта Азия халықтарының әдебиеті мен өнері Бразилияға жете бермейді. Сондықтан қазақ мәдениетінен де хабарым аз. Әйтеуір, Алматы түбінде соғыста қолға түскен жапон тұтқындарының зираты бар екенін білемін. Оларды кезінде КСРО билігі түрлі ғимараттар мен жол салуға жеккенін оқығанмын. Өйткені жапондар өте шебер әрі еңбекқор халық қой. Сондай-ақ маған ұлы ойшыл әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққаны мәлім. Оны Батыс елдері ерекше құрметтеп, ұлықтайды. Қазақ руханиятына қатысты осыдан өзге нәрсе білмейтінім үшін кешірім сұраймын.
– Бразилия әдебиеті де Қазақстанға толыққанды жетіп жатқан жоқ. Жаһанға кең тараған «Алхимик» романының авторы Пауло Коэльодан басқа сіздің еліңізде көзі тірі қандай мықты қаламгерлер бар?
– Бразилияда стилі, дүниетанымы, эстетикасы, жазу тақырыбы сан алуан көптеген автор бар. Олардың қайсысы мықты екенін әркім өз талғамына қарай сұрыптай жатар. Ал маған Мириана да Сильва Квальканти, Фабиола Мадзини, Жени Гимарайнш, Ванда Монтейро, Майя Фалькс, Оскар Накасато, Отто Леопольдо, т.б. сөз зергерлерінің шығармалары ұнайды. Олардың еңбектерін жоғары бағалаймын.
– Ал сондай ғажап өнер иелерін оқитын оқырман бар ма Бразилияда? Мен 30-дан астам шетелдік қаламгерден сұхбат алдым. Олардың көбі оқырман азайып кеткенін айтады…
– Бразилия – 208 миллион халқы бар өте үлкен ел. Бізде 13 миллион адам оқу-жазуды білмейді. 18 миллион кісі функционалды сауатсыз. Яғни, әріп танығанмен, не оқи алмайды, не жаза алмайды. Әліпби білгенмен, оқу-жазуда соны пайдалануға қабілетсіз. PISA халықаралық ұйымының мәліметінше, оқу сауаттылығы бойынша Бразилия әлемде 55-ші орында екен. Сондықтан шығар, отандастарымыздың кітап оқуға деген ынтасы соншалықты жоғары емес. Тек оқыған, көзі ашық, зиялы отбасылар мәдени құндылықтарды бағалайды. Бірақ Харри Поттер жайлы туындылар сериясы шыққаннан кейін кітап оқитын жастар көбейді. Фантастика жанрына сұраныс артты. Қазір кітап нарығында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жақсы өтеді. Ал поэзия оқитындар мүлде аз. Бізде ақындар кітабын шығара алмай қиналады. Шығарған күннің өзінде еңбегі үшін қаламақы алмайды, табыс таппайды. Мемлекетімізде шетел әдебиеті мен ойын-сауық бағыттағы дүниелер жақсы сатылады.
– Кітаптан алыстау үрдісі, сіздіңше, неге әкеп соғуы мүмкін?
– Монтейро Лобатудың (бразилия­лық жазушы) «Мемлекетті адамдар мен кітаптар құрады» деген сөзі бар. Осыдан-ақ қоғам үшін, елдің құрылуы мен өмір сүруі үшін кітаптың мән-маңызын аңдай беруге болады. Ұлттық әдебиет болмаса, халық жойылып кетеді. Әдебиет болмаса, этностың мәдениеті де сақталмайды.


– Шығармашылығыңыз жөнінде хабардар болдық. Өмірбаяныңыздан да сыр шертсеңіз.
– 1965 жылы Бразилияның оңтүсті­гінде, мұхит жағасындағы Паранагуа қаласында тудым. Әкемнің ұлты португал еді. Оның бастауыш сыныптық қана білімі болды. Кофе және бұршақ сату бойынша маман болған әкем өмір бойы экспорттық агенттіктерде жұмыс істеді. Ал шешем поляк ұлтынан болатын. Орта мектепті ғана тәмамдаған еді. Ол еліміздің пошта компанияларында мемлекеттік қызметте істеді. Өзіңіз байқағандай, жоғары білімді отбасынан шықпағанмын, төменгі орта тапқа жататынбыз. Аталарымыз Бразилияға Еуропадан көшіп келіпті. Мен біздің әулетте университетте оқыған алғашқы ұрпақпын. Нағашыларым поляк, неміс, чех тілдерінде еркін сөйлеген екен. Алайда Бразилияда бұл тілдер қолданылмағандықтан, мен де, нағашы-бөлелерім де оларды білмейміз. Дегенмен, өзге тілдерді меңгеруге деген қызығушылығым, ынтам сол нағашыларымнан дарыған шығар. Ана тілім – португалшадан бөлек, ағылшын және испан тілдерін жетік меңгергенмін.
Балалық шағым еліміздегі қатал әскери диктатура дәуіріне тап келді. Ол кезде мыңдаған өнер адамы мен белсенділер ойын, ұстанымын ашық айтқаны үшін сотталып, түрмеге қамалды, азапталды. Көбі қасақана өлтірілді. Әлі бала болсам да, қоғамның ұдайы қорқынышта өмір сүргенін мен де сездім. Ал жасөспірім шағымда толықтай ұғындым. Сондықтан қазір менің шығармашылығымда бостандық пен демократия құндылықтары маңызды рөл атқарады.
1985 жылы туған қаламда Colégio Estadual Dr. Caetano Munhoz da Rocha деген орта мектепті бітірдім. Сондай-ақ 2002 жылы туған өлкем Парана штатындағы Куритиба шаһарында Парана федералдық университетінің философия факультетін тәмамдадым. 2004 жылы Парана жоғары институтында (ISULPAR) Психопедагогика мамандығы бойынша магистр атандым. Ал 2011 және 2012 жылдары радио және телеарна, сондай-ақ Йога салалары бойынша жоғары білім алып шықтым.
Осы уақытқа дейін актер, драматург, театр режиссері, копирайтер, газет корректоры, жарнамашы, коммерциялық видеороликтер режиссері, мектеп директоры, мектеп хатшысы, университет профессоры, аудармашы, рецензент, т.б. қызметтерде істедім. Яғни әртүрлі шығармашылық, ғылыми және педагогикалық орталарда болып, тәжірибе жинадым. Себебі руханият әлеміне және үнемі жаңа нәрселерді үйреніп, әрдайым ізденуге аса құштармын. Бірақ осы жылдар аралығында, яғни, жасөспірім кезімнен бері тастамаған бір дүнием – поэзия. Өлең ақыл мен сезімді тең ұстауға көмектеседі және адамға күш-қуат береді. Поэзияны оқу – халықтың өркениетке бет алғанының белгісі. Сондықтан 2019 жылдың мамырында «Аятори» деген жеке баспамды аштым.
– Сіздіңше адамзаттың болашағы жарқын болуы үшін ақындар не істей алады?
– Мен бүкіл әлемде әділ, адал, мейірімді, көпшіл қоғам құрылғанын қалаймын. Өкінішке қарай, қазір адамдардың арасындағы әлеуметтік-экономикалық арақашықтық жер мен көктей. Капитализм дәуірінде биліктегі аз ғана топ байып, шалқып өмір сүруде. Ал қалың бұқараның тұратын баспанасы жоқ, қарны аш. Мұндай әділетсіздік құрдымға апарады. Біз, қаламгерлер, шығармаларымызда осыны ескертуіміз керек.
– Газетіміздің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Оқырмандар ғаламды тануды, түрлі мәдениеттерді танып-білуді жалғастыра берсе екен. Біздің елдеріміздің арасында қыл өтпес татулық, достық, ынтымақтастық қалыптасуын тілеймін. Сонда бір-біріміздің өнеріміз бен әдебиетіміздегі асыл құндылықтарды үйреніп, алмасар едік. Өйткені жоғарыда аталған руханият салалары халықтарды біріктіреді. Қазақстанға дұғай сәлем жолдаймын және ақын Алпамыс Файзоллаға сұхбат ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын.
– Әңгімеңіз үшін сізге де көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір