Кәдірбек Сегізбаев. Махаббат жыршысы
Студент Б.Нұржекеев
Өзің жиі айтар едің: «Мен Жаркент жерінде дүниеге келіп, бесікте жатқан кезімде анам маған: «Балам, соноу Шығыстағы Сауыр тауының қойнауында бір қойшы ұлды болды. Сол саған түбі іні-дос болар», – деп. Сонда сөйлей алмасам да, қатты қуанып едім. Сол сен екенсің ғой», – деп. Әрине, анаң марқұмның саған олай деп айтпағаны да, сенің қатты қуанғаның да шындықтан шалғай, бүгінгі әзілің ғой. Өйткені сен мен дүние есігін ашқан кезде бар болғаны екі айдан жаңа ғана асқан сәби екенсің. Сол аз ғана үлкендігіңді пайдаланып, жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзімнің іні екенімді мойындатып, «аға» болып келесің. «Анам айтты» деген сөзіңнің бір шындығы осынау жарты ғасыр бойы сенің «аға-дос», менің «іні-дос» болғанымыз және мен ғана емес, біраз жігіттердің саған «іні-дос» болғаны да рас. Шерхан ағамыз алпысқа толған кезде Оралханның: «Шераға, төмен жаққа көз салыңызшы, біз көріне ме екенбіз?» – дегені бар еді, сені төменге қаратпай-ақ, араға екі айдан бастап, ұзаса екі жыл салған іні-достарыңның (біразының қатарымызды сиретіп кеткені болмаса) сен жеткен сексенге үзеңгі қағыстыра біз де тақап-ақ қалдық.
Толағай табысыңды арқалап, әр биікке шыққаныңда «құтты болсын!» дейтін лебізімізді білдірмей қалған кезіміз болмаған екен. Мен де сенің шығармашылық қарымыңа арнап, екі-үш дүркін баспасөз бетінде пікір айтыппын.
Пікір жазушылар өзіңді «Махаббат мүсіншісі», «Қазақтың Мопассаны», «Махаббат жыршысы» деп атап жүр. Өзің де сақал-мұртың ағарғанша жуықтау жүрер, әсіресе, қыз-келіншектер солай атайды. Қалай болғанда да ол пікірлердің жаны бар. Тіпті «Күй толғақ», «Кінәлі махаббат», «Сағынғаным-ай», «Бір ғана махаббат» сияқты алғашқы әңгімелеріңді балауса балалық сезімдерді өзің тәптіштеп, «ұнатып қалыпты», «жақсы көріп қалыпты» демей-ақ, олардың жарасымды, әдемі диалогтерімен-ақ шебер жеткізе білесің. Өзіміздің де Ержанның Көкен қызға қысыла-қымтырыла тұрып: «Мә, осы гүлдей әппақ гүл бол», – деп гүл ұсынғандай сәттер бір түрлі сағынышпен еске түседі. Рас, сен ірілі-ұсақты қандай шығарма, мейлі ол әңгіме, хикая, роман болсын, бәрінде де махаббат, сүйіспеншілік линиясын назардан тыс қалдырып көрген жоқсың. «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір ғана махаббат», «Бір өкініш, бір үміт», «Беу, қыз дәурен», «Балалықтан бір адым», «Жау жағадан алғанда», «Ерлі-зайыптылар», «Әй, дүние-ай» т.б. роман-повестерің болсын, «Кәріс қыз», «Қырғыз келіншек», «Құпия махаббат», тағы басқа көптеген әңгімелеріңде махаббат мәселесі алдыңғы көрнекіге шығып, оқырмандарыңды оқиғаға шеберлікпен жіпсіз байлай алатын ерекшілігің сүйсінтеді. Кейіпкерлеріңнің алғашқы балаң сезімдерін сездіру сәті болсын, қайсыбірінің бір-бірлерін жан-жүректерімен түсінісіп, рахайлы тіршілік атты бақытты отбасылық өмірлерін суреттеуі болсын, енді біреулерінің заман зардабынан, әлде жауапсыз әрекеттерінің салдарынан қайғы-қасырет шегіп жатқан сәті болсын – бәрі де сенімді себептермен дәлелденіп, оқушыңды сендіріп отырасың. Ең бастысы, сүйіспеншілік соқпақтары қоғамдық-әлеуметтік жағдайлармен, тіршілік түйткілдерімен қабыстыра, астастыра баяндауың шығармаларыңның құндылығын арттыра түсетін табыс.
Сенің ҚазМУ-дың тіл-әдебиет мамандығын алғаныңды ғұмыр бойы дәлелдеумен келе жатқаның қуантады. Жоқшысы, жоқтаушысы болып, тіл құпияларын зерттеумен келесің. Сөйлеп жүрсің, жазып жүрсің. Халқымыздың біртуары Ахмет Байтұрсынов: «Ережеге қарап тіл жасалмайды, ереже тілдің табиғатына қарап жасалады», – десе, қалайда орыс тіліне етене жақындай түсу үшін тіліміздің табиғатын белінен басып, өткен ғасырдың 40–50-жылдары «ережеге бейімдеп» тілді жасап келе жатқан қасаң қағидалармен алысумен келесің. Өкініштісі, «мұнысы дұрыс екен» деген мамандар бола қойған жоқ, болса да өте аз болғаны да шындық. Тіліміздің әуезділігін, жұмсақ-жайлы естілуін, үндестік заңын бұзатын «бірқатар», «көз көрім», «көкөніс» т.б. сөздерді жазып қана қоймай, солай сөйлеп, тіліміздің әуезділігін жойдық. Өзің барынша қарсы болып, тілімізге кейіннен кірген дауысты «и» дыбысының орнына жанына «ы», «і» дыбыстары қосылатын дауыссыз «й» дыбысымен жазу керек дедің. Бұл дыбыста да, буынға бөлуді де қиындататынын дәлелдеп, «сиыр» десе, «сыйыр» деп, «билік» емес, «бійлік» деп жазу қажеттігін жаздың. Сол сияқты «ю, ё, я, щ» сияқты қос дыбысты бір таңбамен белгілеу үндестікті бұзады деп, ол дыбыстарды «й, у; «й о, й а, ш ш» деп таңбалау қажет деп, ал ъ, ь, в, э, ч сияқты біздің тілімізде қолданылмайтын, кірме әріптерді жаңа әліпбиге қоспау жөнінде жаздың. Латын әліпбиіне көшуімізге байланысты жуырда ғана бекітілген соңғы нұсқада тек қана «й, и» дыбыстарын бір ғана «І, і» әрпімен таңбалағаны болмаса, бұл талабың түгелге жуық орындалғандай.
Ал тарихқа таласың барлығын да дәлелдеумен келесің. «Ақжазық ауылының тарихы» – кішкене ауылдың кішкене тарихын алғашқы ірге көтеруінен бүгінгі келбетіне дейін байыппен тоқталуыңнан басталған еңбегіңнің бүгінде жеке бір саласы болып қалыптасты.
Өткен ғасырдың 86-жылы баспасөзде жарияланған «Тарихи төбе» мақалаңнан кейін 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандарына арналған сол төбеге ескеркіштің орнатылуы, Салқам Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырдың Белжайлаудағы Батур қонтайшыға қарсы соғысқан жерінің Орбұлақта өткені туралы көптеген деректермен дәлелдеп, соңында Үкімет қаулысымен 1998 жылы жазда Орбұлақ шайқасының 350 жылдығының ресми тойлануына, ескерткіш тастардың қойылуына, тіпті өткен жылдары сол жердегі Салқам Жәңгірдің бейітіне, Бекет Тұрғараев сынды мецанаттың алғауымен ескерткіш қойғызып, айналасының абаттандырылуына өзіңнің ұлтыңның алдындағы азаматтық парызыңды орындағаның деп білеміз. Абылай, Қабанбай бастаған батырлар, Ақын Сара, Әсет Найманбаев, Қанабек, Күләштар бастаған өнер адамдары туралы мақалаларың – бұлар да тарихымыздың бір бөлшегі. Жетісу жерінің ұңғыл-шұңғылын, айтулы тұлғаларын зерттеп, оқырманға ұсынған «Өзендер өрнектеген өлке» кітабыңда, өзің де қарап жүрмей, бұрындары өткен батырлар мен қаһармандарды, байлар мен билерді мақтап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсаған рай танытқаның үшін жұмыстан қуылып, жаманатты болған кезіңді де ұмытқан жоқпыз. Ол да кезеңнің кесірлі саясаты еді.
Қазір қытай, моңғол, қазақ тіліне жетік Әбенайұлы дейтін зерттеуші ініңнің Шыңғысханға байланысты көне құжаттарды («Құпия шежіре» т.б.) түпнұсқадан жер-су атауларын орысшаға әдейі сайқал саясатпен бұрмалап аударуының салдарынан, қағанның туған жері, түрлі оқиғалардың өткен жерлері моңғол жері емес, Жетісу жері екенін дәлелдеуге арналған біраз мақалалар жазыпсың. «Қазір Рашид әд-Диннің парсы тіліндегі «Жылнамалар жинағының» нұсқасын осы тілді білетін біреуге оқытып, оның да орысшаға аударылғанда біраз деректердің әдейі бұрмаланғанына, тіпті автордың түпнұсқада «Моғолстан» деген сөзін «Моңғолстан» деп орысшалағанына, сөйтіп, әйтеуір, қағанды қазаққа жақындатпауға барын салғандарына көз жеткіздім», – деп, ұрлықтарын ұстағандай болып жүрсің. Күресе бер, түбі шындық салтанат құрар. Тек қана соңғы жылдары асыл әйнекпен (лупа) оқып, жазатының алаңдатады, досым. Ғұмыр бойы ала қағазбен алысқаныңның кесірі. Аз айтып, аз жазған жоқсың, жиған-тергенің жиырма томға жуықтапты.
Құрдас, іні-дос ретінде: «Ісіңе бекем Бекеңсің, сексенге келген екенсің. Енді көзіңді де, өзіңді де сақтау үшін аз да болса, дамылдап қоюды ұмытпашы», – дегім келеді.