Батық Мәжитұлы. Жыр перзенті (поэма)
16.02.2021
1186
0

Шырайы Шәлкөденің бүгінгі ерек,

Құлпырған қызыл-жасыл гүлің бөлек!

Басталды Мұқағали мерейтойы,

Ақындар арқаланып дүрілдемек.

Алыпты аласарту мүмкін емес,

Тапты ғой өз тұғырын түбінде кеп!

 

Ақиқат ақ-қараны жүйеледі,

Құлаққа қуаныштың күйі енеді.

Елжіреп, еміренген Мұқағали,

Тауларға алтын басын иер еді!

Толқыды сонда бүкіл атамекен,

Ақын кеп Айғайтасқа сүйенеді.

 

II

Кеңдікке құштар еді, қайран ақын!

Теңіздей тербелетін, ойланатын.

Әлемді құшағына сыйдырса да,

Кіндігі Қарасазға байланатын.

 

Өлеңнің сапарына сайланатын,

Өмірдің шарығына қайралатын.

Шабыттың томағасын сыпырғанда,

Шарықтап қазақ жерін айналатын.

 

Іздеді – пейілдерді тарылмайтын

Береке, молшылықтан арылмайтын.

Іздеді – қарапайым қарияларды,

Қазақтың дәстүрімен қабылдайтын.

 

Сақалға тамшы болып дамылдайтын

Қорқатын адамдардан сағынбайтын.

Іздеді – ілтипатын нағыз достың,

Кесір мен кесапатқа бағынбайтын.

 

Іздеді – сандуғашты ән салатын,

Шынайы сұлулыққа тамсанатын.

Іздеді – інілер мен келіндерді,

Күлкісін шашу етіп қарсы алатын.

 

Абайдың болмысына сонша жақын,

Жүйрікті жолықтырса қол соғатын.

Шалқытып сезімдердің айна көлін,

Жүректер арасына жол салатын.

 

Іздеді – жетімдер мен жесірлерді,

Кіндігі қиындықта кесілгенді.

Тағдыры қыл үстінде шешілгенді,

Іздеді – іздерінен есімдерді.

 

Адамдар дүниеге не үшін келді?!

Нені алды, қарымтаға несін берді?!

Шығысы, батысы бар көкжиектен,

Жылжыған ұрпақтардың көшін көрді.

 

Кезетін – биіктерді, төмендерді,

Сезетін – ой жетпеген тереңдерді.

Іздеді – әзілі ыстық құрдастарын,

Іздеді – асып туған өрендерді.

 

Іздеді – ел бастайтын кемеңгерді,

Келбетін келешектің сенен көрді.

Іздеді – адамдардың арасынан,

Өзімен бірге өлмейтін өлеңдерді!

 

III

Ақын боп ғұмыр кешу қиын қандай?!

Арпалыс маңдайына бұйырғандай.

Ғажайып толқындары тіршіліктің,

Жаны мен жүрегіне жиылғандай!

 

Қарсылық қалады екен бұйым болмай,

Қайығын қара дауыл жиі ұрғандай!

Балқыған қорғасындай қазақы ұйқас,

Лапылдап өңешінен құйылғандай!

 

Бұл күйден құтылады қайда барып?!

Қиялын сүңгітеді ойға малып.

Тұр әне – қарсы алдында қағаз, қалам,

Жаз дейді орындыққа байлап алып.

 

Тағдырын өлеңге арнап қойғаны анық,

Өткірле қаруыңды,

Қайра, жанып!

Мәңгілік сағыныштар жетелейді,

Ақын боп туғаныңды пайдаланып.

 

Ұйқыдан оятып ап сілкілеген,

Періште, періште ғой шіркін, өлең!

Кеудесі жақсылардың алтын сандық,

Ашылар ақындықтың кілтіменен.

 

Аспанның араласып бұлтыменен,

Жаңбырға айналасың сіркіреген.

Мезгілдің алмағайып сәттеріндей,

Мінезді жаратқаннан кім тілеген?!

 

Лебізің шалқытады көңілді өскен,

Ұшқының қоздатады сенімді өшкен.

Азабын,

Тіршіліктің ақиқатын,

Баяндау мүмкін емес егілместен!

 

Даулы өмір, дауыл өмір – керілдескен!

Бәріне шыдау керек жеңілместен.

«Айтарын айтып қалған абайламай»,

Қиын ғой ақын болып өмір кешкен!

 

IV

Байлықты, басқаны да сұрамадың,

Тіледің – сөндірме деп жыр алауын.

Тек қана қағаз, қалам, уақыт керек,

Табасың қалғанының бір амалын.

 

Толғадың ғашықтардың ұнар әнін,

Бір ұшқын, нұр ұшқынды қуаладың.

«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»,

Кезіп бір кеткен кезде жыр аралын.

 

Жұмысын қайталадың бал араның,

Керемет кеңістікті араладың!

Басқансың көкірекке тауып алып,

Ұмытқан он сегіздің орамалын.

 

Тарқаттың ғажайыптың сан орамын,

Тірлікке жырсыз күнді баламадың.

Шарпыды тұлабойды нелер ағын,

Осы еді – дүниеден қалағаның!

 

V

Халқы үшін өлең жазды,

 Адам үшін!

Тек соған бағыттады сана күшін.

Сөйледі келе жатқан ұрпаққа арнап,

Сомдады қар өлеңнен дара мүсін.

 

Өнердің отырды да арбасына,

Неше рет барып келді – бармасыңа.

Айналу ақын үшін адал парыз,

Мағжанның, Махамбеттің жалғасына.

 

Сақтады Сәкендерін ол басына,

Жайғасты Ілиястың дәл қасына.

Әбділда, Тайырларға мұңын шағып,

Қосылды Қасымдарға – қандасына.

 

Ұйыды ақиқатты жақтап бәрі,

Түйісті ұлы жолда соқпақтары.

Тік тұрып жыр сарайын күзетті олар,

Қарауды есігінен аттатпады.

 

Абайдың отын жақты, жоқтатпады,

Сол үшін олар кейде бақ таппады.

Ұрпаққа кезек-кезек жол көрсетіп,

Керуенін нағыз жырдың тоқтатпады.

 

Өлеңді кие тұтты,

Құрметтеді,

Самғады болашаққа жыр кептері.

Өнердің бейнетіне төзу керек,

Бусанып ай маңдайы, бір кеппеді.

 

Ақ туын ақындардың құрметтеді,

Төгілді шумақтарға нұр көктегі.

Таланттың абыройы – арлы болу,

Осыған барлығы да міндетті еді!

 

Шабытқа жараспайды орталанған,

Қазынасы ақындықтың – шалқар арман.

Табатын ұяласты самғағанда,

Алтайдан, Атыраудан, қарт Оралдан.

 

Еліне еміреніп, арқаланған,

Еместі қаймыққан да, қалқаланған.

Анасы – Қазақстан қасында жүр,

Анасы бар ақындар ерке болған!

 

VI

Жырға толы жүректі түсінбедік,

Сәлемдестік саусақтың ұшын беріп.

Құзырына жалбақтап әкімдіктің,

Ақындықтың алдында кішірмедік.

 

Қызғаншақтың пиғылы ішінде өліп,

Мансапқорлар көрсетті күшін неғып?!

Көтерді танауын байғұс пенде,

Таланттардың әлсіздеу тұсын көріп.

 

Ақиқатшыл жандардан алыс тұрдық,

Мәстектер мен тұлпарды жарыстырдық.

Түлкілерді қолпаштап жылмаңдаған,

Қарғаларды сұңқармен салыстырдық.

 

Тайғанақты талантпен алыстырдық,

Атаукерін мықтыға сан іштірдік.

Қызметсіз ақынның хәлін сұрап,

Қайырыла кетуді намыс қылдық.

 

Үйренгендер қолпаштап ұлықтарды,

Буырқанып көрінсе ол, бұғып қалды.

Желбуаздар, бөспелер жетіп жатыр,

Табу қиын сөз танып, жыр ұққанды!

 

Кімге керек ақынның жылағаны?!

Тура айтқаны қажет пе, сынағаны?!

…Сенеді тек ақынға Хантәңірі,

Сыңғырлайды сондықтан бұлақ әні.

 

Иектей ме бірдеме мына араны?!

Кетпегендей сайлардан мұнар әлі.

…Еңселі үйдің иесі итін шешіп,

Терезеден имене сығалады…

 

Тау атасы: «Мұңайма, ұлым», – деді,

Айғыздалып әжімі күлімдеді.

Қарасудың айдыны дірілдеді,

Қарағайлар қапталда күбірледі.

 

Татымсыздар «Ол менің кімім?» деді,

Өлшеміне уақыттың жүгінбеді.

Айтып, айтпай не керек,

Күні ілгері,

Құлагердің шапқаны білінбеді!

 

VII

Өз жолынан өр ақын жаңылмапты,

Абыройлы міндетін орындапты.

Ұрпақтары өлмейтін өлеңдерін,

Жүрегіне, жанына қабылдапты.

 

Халық қана Ақын деп айта алады,

Хас шебердің егіні жайқалады.

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарады.»

 

Жырдың құсын алысқа ұшырыпты,

Күйі ғажап сондықтан, күші мықты!

Жердің бетін асыл сөз оятады,

Ақын даусы бәріне түсінікті!

 

VIII

Бәріне уақыт куә, алданбайды,

Шертеді сол күйінде болған жайды.

Бүгінгі естеліктер оған таныс,

Боясаң оқиғаны – таңданбайды.

 

Жалтылдап кейбіреулер жанды арбайды,

Алайда жоқ нәрселер бар болмайды.

Тиегін әңгіменің ағытам деп,

Өсіріп сөйлегенін аңғармайды.

 

Бірі ақынға қосылып қоғамдасқан,

Құрметтепті бірі оны сонау бастан.

Енді бірі арнайы іздеп келіп,

Көмектерін көрсеткен, саламдасқан.

 

Қызметтес, пікірлес, қаламдас жан,

Ақын үшін барынша алаңдасқан.

Нағашылар, жиендер, туысқандар,

Жамырап кеп, сөйлейді демалмастан.

 

Кейде тіпті кетеді тым ұшқары,

Осы қалай болар деп ығыспады.

Ақылымен жетелеп бір ағасы,

Үйретіпті өлеңді бір «ұстазы».

 

Не деген көп інілер – ырыс, бағы!?

Бауырмалдық танытып тыныстады.

Ажырата алмайсың,

Тіпті ақынның,

Атын байлап, шылбырын кім ұстады?!

 

Аңыздардың артынан кім ермеді?!

Еліктірді ғажайып жыр өрнегі.

Жатыр солай жазылып естеліктер,

Сан тарауды сан түрлі түгендеді.

 

Қысыр сөздің талайын жүгендеді,

Мүмкіндікті қазекең жібермеді.

Сүйемелдеп үйіне жеткізгенін,

«Естелік» деп жазып жүр біреулері.

 

Құлағымыз бәрін де мақұлдайды,

Шапалақтар дамылсыз сатырлайды.

Қанымызды қазақша қыздыратын,

Өлең де бір от екен,

Лапылдайды!

 

Нағыз білгір қайда екен ақылды, ойлы?!

Абыздарша айтыңдар ақын жайлы!

«Менің нәзік жанымды кім ұғар» деп,

Шың басында найзағай шатырлайды!

 

IX

Оңай емес безбендеу дарын ісін,

Жанартаудың зерттейміз жарылысын.

Мұқағалиды оқиды күллі қазақ,

Асыл жырдан ғибрат алу үшін.

 

Сөз маржанын адамның бәріне ұсын!

Еселесін жүйріктер тағы күшін.

Туған халқы ақынға той жасайды,

Өзін-өзі дұрыстап тану үшін.

 

Аяулы жыр – өмірдің гүлімісің?!

Ұлылықтың нәрісің, ұрығысың!

Кемеңгер кеуделердің жылуысың,

Сағыныш саздарының тұнығысың!

 

Періште сәбиімнің қылығысың,

Бабалар айнасының сынығысың.

Ақынның ұлағатын ұмытпаймыз,

Алаштың қасиетін білу үшін!

 

Шабыты шарықтасын, көкке өрлесін!

Жүректі өлең дейтін от кернесін.

Бұл тойға күндестікті жолатпаңдар,

Жүйріктер бірін-бірі жек көрмесін.

 

Жұлып ал аярлықтың бетпердесін!

Араға сына қағам деп келмесін.

Ақындар – парасаттың өкілдері,

Қазақтың парасаты шектелмесін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір