Рүстем ӘБДІРАШ, режиссер: ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРА БОЛМЫСТЫ АҚЫНЫ
12.02.2021
1097
0

Әке, бүгін өзіңізбен хат түрінде тілдесудің орайы келіп тұр. Бұл да адамды ерекше сезімге бөлейтін, өткен шақтың маңызды сәттерін ойға оралтатын ерекше хал екен. Ең әуелі көңілімді толқытып отырған дүние – «Құлпытас» кітабыңыз. Алғашқы бөлімі «Фәниден бақиға дейін» деп басталады. Сіздің бақиға аттанғаныңызға да жиырма жыл толыпты. Бақиға кеткен адамға хат жазудың өзі қиын. Өмір деген қызық, өмірден жас өте ме, кәрі өте ме, беймәлім. Сіз дүние салғанда елу екі жаста едіңіз. Өзім қазір елуден елу бірге қадам басып барамын. Қарап отырсам, азғантай ғана, жарты ғасырлық ғұмыр. Шын мәнісінде, әке, өмірден ерте кетіпсіз…

Талай рет таң ата мен ұйқымнан тұрғанда, жұмыс кабинетіңізге шақырып алып, жаңа туындыларыңызды оқып беретін сәттер көз алдымда. Сондай таңдардың бірінде: «Біраз ғұмыр кештім. Қарапайым адам үшін елу жас көп емес шығар. Бірақ ақын адам ретінде біраз жасаған сияқтымын», – деп айтқаныңыз бар. Кітабыңызды «Құлпытас» деп атайтыныңызды айтқаныңызда, бұл атау құлаққа біртүрлі ауыр естілді. «Басқа атқа өзгертсеңіз қайтеді?» – дегенім де есімде. Тап осы жинағыңыздың өзіңіз бар кезде шығатын соңғы кітап екенін сездіңіз бе екен, «Құлпытас» деп қоюыңыздың да бір себебі осы болды ма деп ойлаймын бұл күнде. Пушкиннің: «Я памятник себе воздвиг нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа, Вознеся выше он главою непокорной, Александрийского столпа», – деп айтқанындай, бүкіл шығармашылығыңызға қойылған ескерткіш іспетті бұл жинағыңыз бүгінде әр жырсүйер жанның төрінде сақтаулы. Өзіңіз жоқ болсаңыз да, жырларыңыз оқырмандарыңыздың жадында жаңғырып, өз тіршілігін жасап жатыр.

Қырқыңызды өткізуге дайындалып жүргенбіз. Сол күні үйге қатты шаршап келіп, ертерек ұйықтап кетіппін. Түннің бір уағында асханаға кіріп қалсам, бәз баяғыша тоңазытқыштың ішінен жылқының етін алып, жаясын турап жеп отыр екенсіз. Сонда: «Сіз тірі екенсіз ғой… – деп қатты қуанған едім. – Осыдан қырық күн бұрын, ел болып сізді шығарып салып едік, тірі екенсіз ғой?» – Балам, сендер Кеңсайға мені емес, менің сауытымды алып бардыңдар. Мен өлген жоқпын», – дедіңіз сонда. Ұйқымнан шошып оянғандай болдым да, оянған бойда асханаға барсам, жоқсыз… Сол оқиға, сол түс дәл өңімдегідей үлкен әсер қалдырды.
Біз үшін, оқырман үшін мәңгі тірісіз, әке! Поэзияны жаны сүйетін жандар барда, қазақтың тілі, ділі аман тұрғанда сіз де туған тілімізбен бірге жасай бересіз.
Өзім және өзім жазған өлеңмен
– екеу болып ғұмыр кешіп келем мен!
Кездерім көп қайырлаған қайғыға,
кездерім көп қуанышқа кенелген!

Кездерім көп қия-құздан құлаған,
Кездерім көп ағыл-тегіл жылаған!
Кездерім көп жыртып-жыртып жүректі
Амалсыздан тағы қайта құраған…

Сезем бірақ (жүз өкініп, мың күрсін!)
Айырады ажал атты құрғыр сұм…

Бір Жарастың барар жері – белгілі,
бір Жарастың барар жерін кім білсін!?

Мәскеу. Ж.Әбдіраш, Ш.Мұртаза, Ш.Сариев

Тап осы өлеңіңізде сіздің бүкіл адамдық, ақындық миссияңыз, жаныңыздың толқынысы менмұндалап тұрғандай.
Халық сізді ақын деп таныса, мен үшін ең әуелі – әкесіз. Әкенің орны балаға қашан да бөлек. Бала кезімде сіз мені өзіңізбен бірге ертіп талай рет қазақ руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағына алып баратынсыз. Жаныңызда жүріп, «Қаламгер» мейрамханасында қаламдас достарыңыз – Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Қадыр Мырза-Әлі, Бексұлтан Нұржекеев, Ахат Жақсыбай, Сағат Әшімбай, Кеңшілік Мырзабеков, Тынышбай Рахым, Шөмішбай Сариев ағалармен әңгімелесетінмін. Олар да бала демей, менімен шынайы сөйлесетін.

Бірде Сағат Әшімбай, Ахат Жақсыбай, Шөмішбай Сариев ағаларымызбен «Аққу» кафесіне барғанбыз. Кафенің ерекшелігі де сол, айдында қос аққу жүзіп жүретін. Қанаттарын кербез жайып, мойнын сондай сұлу кейіпте бұрап тастап жүзіп бара жатқан аққуға қарап тұрып: «Осы аққу аяғымен жүзе ме, жоқ қанатымен жүзе ме?» – деп сұрағанымда, «Қанатымен жүзеді», – деп тіл қатқан бір ағамыз. «Жоқ, жоқ, қараңызшы, қанатымен емес, аяғын малтып жүзеді, қараңызшы», – деймін мен де сөзімнен қайтпай.

Тағы бірде қаламгерлердің арасында Екібастұз туралы әңгіме өрбіп жатқан. Мен Ахат ағадан: «Екібастұз деген не? Оның екі басы бар ма? Тұздың екі басы бар ма?» – деп сұрағанмын бәрін қызық көріп. «Сен көп білетін болсаң, мұрт-сақалың өсіп, тез қартайып кетесің», – деп қалжындаған еді Ахат ағам. Енді, сол мықтылардың біразы ақырындап сіздің қатарыңызға қосылып жатыр. Әбіш ағамыз кетті, Қадыр көкеміз өтті өмірден. Жас күнде алға ұмтылып, өмірден тек сый мен табыс қабылдағандай тіршілік жасайсың да, жас келген сайын өмірдің тек табыстан ғана емес, жоғалтудан да тұратынын ұғынады екенсің. Ол – туғаныңды жоғалту, қимасыңды, жақыныңды, досыңды жоғалту… Замандастарыңызды, достарыңызды көргенімде, өзіңіз өмірге қайта оралып келгендей әсерде боламын. Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулет, Темірхан Медетбек ағаларды кездестіргенде, сіз дүркіреп жүрген дәуір көз алдыма елестегендей болады. Мектеп қабырғасын ең алғаш аттағалы тұрғанымда, шие реңді қып-қызыл, су жаңа волгамен келіп, мені мектепке алып барған едіңіз. Сол заманның ең қымбат көлігіне мінгенде төбем көкке жеткендей болды. Есейе келе түсінгенім, Жазушылар одағын Әнуар Әлімжанов басқарып тұрған сол жылы «Азия-Африка қаламгерлерінің форумы» өткен болатын. Сонда Кеңес одағы кезіндегі көзбояушылық екен ғой бұл да, шетелдік қаламгерлерді қарсы алған советтік қаламгерлер қара жаяу жүрмесін деп, көлік берген екен уақытша. Қазір сол шақтарды күліп еске аламын.

Жатқызды қыртыс, қырымды,
Жылжыған жылдар өтектеп..
Мектепке тұңғыш ұлымды
Келемін үнсіз жетектеп.

Салқыны күздің соғады,
Ойлантпас қалай ол сені?
Жанымда томпаң қағады
Жанымның құйттай бөлшегі.

Бұл күнді көріп түсінде,
Асыға күткен аз ба адам?!
Шаттығым да бар ішімде,
Тәтті мұң да бар аздаған.

Екі ұдай сезім тербеумен,
күлген де болам сыр сақтап,
Жарасқан атты сүрлеуден
Бөлінбек қазір бір соқпақ.

Жақындай бере:
Ал, енді,
Тоқтама, – дедім, – тарт! – дедім.
Шапқылап ала жөнелді,
Арқалап шағын портфелін.

Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсін қайдан сотқарың:
Алғашқы жүгін өмірдің,
Арқалап бара жатқаның!.. –
деген жыр жолдарыңыздан сол сәттегі сезім күйіңізді түйсінгендей болдым.

Сіздің жастық шағыңыз, есейген шағыңыз, жүріп өткен жолыңыз, шығармашылық ғұмырыңыз – келешекте үлкен фильмге арқау болатын ғұмыр. Өзімді қайрап, осындай мақсатта болашақта көркем дүние жасауды жоспарлап жүрмін.

2003 жылы өзіңізге арнау ретінде «Қаладан келген қыз» поэмаңызды негізге алып, фильм түсірдім. Осы фильммен көптеген дүниежүзілік фестивальдерге қатысып, әлемді бір аралап шықтым. Алғашқы махаббатыңыз туралы, алғаш жазған жырларыңыз туралы кинода суреттей отырып, рухани тіршілігіңізге жан бітіргім келді.
Жазушылар одағынан шығып, қасындағы «Балалар әлемі» аталатын дүкенді аралайтынмын бала кезде. Ұнаған ойыншықтарды бірден алып беретінсіз. Үйге келіп сатып алған ойыншықтармен өзіңізбен бірге ойнайтын едік, әке. Балалық шақтағы осындай қымбат естеліктер жадымыздан шыққан емес.

Ж.Әбдіраш пен жары Нәзікгүл, 60-жылдар

Анамызға арналған лирикалық жырларыңыз қанша жастың сезіміне сүйеніш болды.
Нәзік!
Суретті ұсынғанда
Гүл өңнен
Шаттық көрдім.
Махаббатқа мәз бе едің?!
«Бақыттымын» дегім келіп тұр ем мен,
«Бір керемет сөзді тауып жаз», – дедің!

Ертеңіме екеу болып қараймын,
Екі жүрек дүрсілдейді кеудемде.
Керемет сөз болар ма екен,арайлым
Бақыттымын! – деуден де!
10.02.1968.
(Алғаш рет жарияланып отыр)

Ақын мен жұбайы – Нәзікгүл, 1998 жыл

Алматыға ең алғаш келген сәтіңізді әңгімелеп берген едіңіз бірде. Таң ата пойызбен Алматыға жеткеніңіз, фонтанның алдындағы орындықта ұйықтап қалып, оянған сәтіңізде ауланы сыпырып жүрген адамды көріп, әр адам өз ауласын өзі сыпыратын ауылдан келген бала ретінде бұл көрініске қатты таңқалғаныңызды айтып, бізді де таң-тамаша қалдырғансыз.
Сол жыл,
Сол ай,
Сол күн… бәрі – есімде,
Алдымда алыс жол тұрғаны – есімде!..
Алматыға келген күнім – есімде!.
Алатауды көрген күнім– есімде!..
Қарлы шыңдар құшақ жая қарсы алып,
Мен келді деп жатқандайын жар салып,

Желге мініп желген күнім – есімде!
Бұлақ болып ұлы ағымға кіргендей,
Бұл дүниенің жұмағында жүргендей
Жерден жұлдыз терген күнім – есімде.

Жан-жағымды ән қылғаным – есімде,
Таңдарымды таңға ұрғаным – есімде.
Жетеміз көп жетпей жықпыл-жымына,
Жетеміз деп «коммунизм шыңына»
Пәтер іздеп қаңғырғаным – есімде!
– деп жырлағаныңыз бар, аяулы Алматыға ең алғаш табан тіреген жанның көңіл ауанын дөп басып.

Қолтаңба беріп тұрған жас ақын – Жарасқан

Жыр туған шақта мүлде басқа болмысқа енетінсіз. Бала кезімізде жұмыс бөлмеңізден түні бойы жазу машинкасының тықылдаған дыбысы естіліп тұратын. Таңға дейін Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүгірдің күйлерін винил пластинкаларымен тыңдап, темекіні бұрқыратып отырып өлең жазатынсыз. Кабинетіңіздің есігінің астынан аздап шығып тұратын темекі иісі біздің бөлмеге келетін. Сол иісті сезіп оянатын едік ұйқымыздан. Таң атқанда сіздің жүзіңізге көз салып, жаңа жыр өмірге келген сәттегі өте бақытты кезіңізді талай мәрте көргенмін. Өлеңдеріңізді анамызға, ес біле бізге оқып беретінсіз. Сол мезеттердің бәрі келмеске кетті, бірақ жүрегімізде, санамызда өмір бойы жасай бересіз. Жазу машинкасының дыбысын естіген сайын сол бақытты күндер көз алдыма келеді. Әттеген-ай, әлі де тірі болғаныңызда талай ақиқатты ақ параққа төгер едіңіз. Жетпісінші жылдары жазылған «Дала, сенің ұлыңмын» поэмаңыз үшін қуғынға түсіп, «Мағжанның құйыршығы» деген мәнде айыптаулар жүріп, сізге бағытталған фельетондар да жазылды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста отты жырлардың авторы Мағжан атындағы бірінші сыйлыққа өзіңіз ие болдыңыз (Бертін келе бұл сыйлық «Алаш сыйлығы» болып өзгерді). Туындыларыңызға Мағжан ақынның рухын сіңіре жаздыңыз. Көп уақытымды сіздің жұмыс бөлмеңізде өткізгенді, архивтеріңіз бен қолжазбаларыңызға үңілгенді жақсы көретінмін. Бірде тартпаңыздан Мағжанның өлеңдерін тауып алғаным есімде. Қылышынан қан тамып тұрған Совет одағы тұсында мұндай әрекеттерге қатаң тиым салынғанына қарамастан, қаймықпай ақын жырларын сақтап жүрген екенсіз. 1986 жылы сол жалынды жырларды оқып, Желтоқсан оқиғасы кезінде сол өлеңдерді бірнеше дана етіп көшіріп, сыныптас балалармен бірге алаңда тараттық. Ол үшін ұсталып та қалдық. Тергеуші кісі аты-жөнімді сұрап, әкемнің ақын екенін бірден танып, үйге телефон шалып, босатып қоя берген болатын. Ел тағдыры шешілер айтулы оқиға кезінде азаматтық үн қатқанымызға қуанып қалғаныңызды аңғартқан едіңіз сонда. Қазір тыныш, бейбіт заманда өмір сүріп жүрміз ғой. Бірақ, соған қарамастан, көрші елдегі кейбіреулерден: «Қазақтың солтүстік жерлерін Ресейге қайтару керек», – деген сыңайдағы сөздерді естігенде, «Солтүстіктегі Кереку жерінде Мағжандай дара тұлғамыз дүниеге келіп, сол мекеннің табиғатына көз суарып, құндылықтарын бойға сіңіріп өскенде, ол жерлер қалай өзгенікі болмақ?» деп күйінемін. Ол аймақтар біздің рухани шекарамыз. Қазақтың небір марғасқаларының кіндік кескен жері. Тәуелсіз ел болғанымыз бір төбе, сөз жетпес қуаныш болса, сол азаттыққа сызат түсірмей, келешек ұрпаққа мирас болар жерді ұлтарақтай болса да жат қолына бермей сақтау бізге аманат. Ал сол аманатқа қиянат етпеу жолында, бізге күш беретін, рух беретін бірден-бір көз, ол сіздердің жырларыңыз, әке…

Туған дала,
әлдилеп ерен екпін,
 бастан кештім ғажап жыл,
керемет күн…
Кеттің деме, көбірек төңіректеп,
сен – жарықсың,

мен – көзсіз көбелекпін!..
Бар арманым:
еңсесі биік өлең,

сапар шегер ұрпаққа сыйыменен.
Мен өлмеймін!
Өлсем де –
саған деген
махаббаттан осынау күйіп өлем!
Туған дала,
«Асқарыңмын,
шыңыңмын,
Аспаныңмын,
Жұлдызыңмын,
Күніңмін!»
деуге хақым жоқ әзірге…
Әйтсе де,
көзіңмін һәм құлағыңмын, тіліңмін!.. –
деп келетін жыр жолдарыңыз елге, жерге қатысты мәселе туындағанда маған үнемі темірқазықтай, атамекенге деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісіндей болып келеді. Туған елмен, туған жермен біте қайнасу деген осы болар, сірә…

Өзіңізбен өмір хақында, өнер хақында әңгімелескенімізде: «Поэзияда болсын, өнерде болсын, қаншама бағыттар, толқындар, стилистикалық ізденістер жиі туып отырғанымен, барлық ізденістің, барлық форманың базасы – айналып келгенде, туған тіл мен ұлттық мәдениет. Қанша жерден мықты төңкерісшіл, модернист болсаң да, негізгі тірегің – халқыңның тарихы мен тағдыры. Осы негіздерден қуат алғанда ғана мәңгілікке жол тартасың. Тамырың мықты болады, жоғарғы бұтағың биікке көтеріліп, шайқалмайды. Шайқалса да құламайды», – дейтінсіз қашанда. Осы ұстаныммен өмір сүрдіңіз. Әр жырыңызда өз болмысыңыз асқақ қалпында тіл қатып тұрғандай. Өмірімнің әр сәтінде қайталап оқи беретін жырларыңыз көп. Солардың бірі – «Ақырғы өлең». Қырқыңыз өтетін уақытқа таман жазушы Қабдеш Жұмаділовтің ұлы Дәулет досым Лондонда ВВС арнасында қызмет етіп жүргенде, эфирден жаңалықтарды шегеріп, өзіңізге арнап хабар жасаған. Сонда осы өлеңіңізді оқып, бәрімізді тебіренткен еді. Осы өлеңіңіздің соңғы шумағы құлпытасыңызда жазылып тұр:
Қалай да жанарыммен қатар сөнбе,
тамшы бол тарыққандар татар шөлде!
«Өмір!» деп өрекпіген жүрегімнің
жан даусы жаңғырығып жатар сенде…

Ақын мен ұлы Р.Әбдіраш, 1997 жыл

Иә, әке, жүрегіңіздің әр соғысы жырларыңызда қатталып қалғандай. Өмір бойы өлеңді ту ғып өттіңіз. «Басыма құлпытас қойған кезде аты-жөнімнің алдына «Ақын» деген сөзді үлкен әріппен жазыңдар», – деген аманатыңыз да жадымызда. Уақытты көпке создырмай осы аманатты орындаған ел ағаларына алғыс айтамын.

Шығармашылығыңыз талай буынды тәрбиелеп, жылдар бойы оқырмандарыңыздың жадында, жанында жаңғыра бермек. Атыңызда туған жеріңіз Қызылордада, Аралда, Алматыда көше атаулары бар. Халқыңыз есіміңізді құрметпен еске алып отырады. Туындыларыңыз оқулықтарға енуде. Корней Чуковскийдің «Айболит» ертегісін қазақша сөйлеттіңіз. Осы еңбегіңізді балалар театрына дайын тұрған спектакль десе де болғандай. Дүниежүзілік классикалық туындыларды тәржімалап, оларға жаңа өмір сыйладыңыз. Көркем әдеби сын жанрына да қанат бітіріп, қалам тарттыңыз. Сағат ағамызбен талай рет таңды таңға ұрып балконда отырып, әңгімелесіп, бірде сөзге келіп қалып, бірде ренжісіп, енді бірде құшақтасып отыратындарыңыз есімде. Сіз өмірден өткелі де жиырма жыл болыпты. Бұрынырақта сіз есіме түскен сайын, жанарым дымданатын. Уақыт өткен сайын адам қатая ма, көзім жасаурауды қойған секілді еді… Қатайып кеткен едім, расында. Бауыр етім балам Ақназарымнан айрылып қалып, жандүнием құлазып, қайғыдан қабырғам опырылып қалғандай күй кештім. Бұл оқиға бүкіл отбасымызға ауыр тиді. Мойымауға тырысамыз. Осындай ауыр кезеңде де сіздің жырларыңызды оқып, қайта жігерленіп, тіршілікті жалғастырып жүріп жатырмын.

Балалық шағың жалғыз-ақ,
Бейуақта қайтып оралмас…
Жастық шағың да жалғыз-ақ,
Жарқ ете қалған ақ алмас!

Жасыл көктемің жалғыз-ақ,
Жайраңдап күліп жететін.
Қоңыр күзің де жалғыз-ақ,
Құс болып ұшып кететін…

Шын махаббатың жалғыз-ақ,
Шағылмас көңілің шағылар.
Туған жерің де жалғыз-ақ –
Жат жерде жүрсең сағынар!..

Тойдырмас көзді тілекпен
Тонатып алма арыңды…
Өмірден жалғыз жүрекпен
Жырлап өт Жалғыздарыңды!
Адам ғұмырының әр кезеңін шынайы бейнелеген поэзияңыз дархан дала төсінде жасай береді, әке! Жырыңыз барда, Сіз барсыз….

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір