Соңғы шайқас: жылқының ішін жарып соғысу
29.01.2021
1381
1

 

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы – қазақ батырларының жаугершілікте қолданған ұрыс тәсілдерінің бірі әрі жаужүрек қаһармандардың ең соңғы қолданатын ұрыс амалы болған. Бейне өзін құрбан етіп, жауына соңғы демі қалғанша қарсы шабатын жауынгерлер сияқты ақырғы қаһармандық, жанкештілік ұрыс айласы да осы еді.

Қаптаған қалың жау басып келгенде, олардың алдын бөгеу үшін батырлар жылқының ішін жарып, жасырынып немесе кеудесін қалқан етіп, қаптаған жауды бір-бірлеп атып отырған. Бұл ұрыс тактикасын бейғам жатқан қазақ даласына тосыннан жоңғарлар шапқыншылық жасаған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары қазақтың аты біріне мәлім, біріне беймәлім талай баһадүрлері қолданған. Ұрыс майданында даңқпен қаза тапқан олар тұтқиыл шабуылдан елін қорғау үшін халықты алға жылжытып жіберіп, өздері тосқауылда қалып, жандарын пида еткен.

Бір ғажабы, осы соғыс тактикасын қазақ батырларынан екі-үш ғасыр кейін Француз әскерлері дүниежүзілік бірінші соғыста қолданыпты. Ал бұл соғыс тәсілі Еуропа соғыс тарихындағы «таңғажайып ұрыс тактикаларының бірі» ретінде сипатталады. Қазақ-жоңғар соғысында қолданылғаны туралы да қазақ шежірелерінде деректер бар. Бұған мысал ретінде Жоңғар шап­қыншылығы кезінде елін қорғаған Құдайназар батырдың ерлігін айтуға болады. Өкінішке қарай, шежірелерде, тарихи кітаптарда, дастандарда, тіпті романдарда жазылып қалғанына қарамастан, қазіргі кезде бұл соғыс тәсілі туралы білетін жандар өте аз.

Тарихи деректер, романдар, дастандар және шежірелер бойынша, 1718 жылдарда қалың қалмақ қолы қазақ даласына басып кірген кезде Қазақ даласының шығысын күзеткен Құдайназар Тәңірбердіұлы бастаған жүз сарбаздың жылқының ішін жарып соғысу тактикасын қолданып, шайқасқаны, сол ұрыста ешбірінің аман қалмай, түгелдей қаза тапқаны айтылады.

Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры, тарихшы Жамбыл Артықбаевтың тарихи деректеме кітабында Құдайназар Тәңірбердіұлы батырдың осы ерлігі нақты мәліметтермен жазылған. Тарихшы Еркебай Қабылжан «Қызай елі тарихи деректері» деп аталатын жинағында да Құдайназар Тәңірбердіұлының «жылқының ішін жарып соғысқанын» баяндайды. Ал Доспер Саурықұлы (1894-1971) «Есенгелді батыр» дастанында Құдайназар батырдың аттың кеудесін қалқан етіп соғысқан шайқасын ерекше шабытпен жырлайды. Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» романында да жанын пида еткен батырдың соңғы өмірі туралы айтылып, Құдайназардың жүз сарбазбен ойрат қолының алдын тосқаны бейнеленген. Романға сәйкес, Құдайназардың атқан оғы жерге түспейтін мерген қызы Күлайым әкесін қимай, көшті алға жылжытып жіберіп, жаудың алдын тосуға қалып, жүз батырмен бірге ерлікпен қаза тапқан.

Романда осы оқиға былай баяндалады:

«Жоңғар қақпасы арқылы Жетісуға ойрат қолы басып кіргенде, осы Есенгелді жеті-сегіздегі бала екен. Жау әскері жақындап қалғанда, әкесі Құдайназар батыр қалың елді мал-жан, бала-шағасымен Арқаға қарай көшіріп жіберіп, өзі жүз жігітпен қалмақтардың жолын бөгей тұру үшін асуды күзетіп қалған көрінеді. Әйелі кішкентай екі ұлын бір атқа мінгестіріп, көшпен бірге кете барады да, бойжеткен жалғыз қызы Күлайым әкесін қиып кете алмай, тосқауыл топтың қасында қалады. Күлайым атқан оғы жерге түспейтін асқан мерген екен. Қиын асудың шығар аузына бекінген жүз жігіт қара құрым қалмақты екі күн бойы бері өткізбей, арыстанша алысады. Жақын келгенін жебеге түйреп, алыста сай табанында жүргендеріне тас домалатып, жау әскерін көп шығынға ұшыратады. Ақыры оқтары таусылып, әбден титықтап қалжыраған кезде ғана асуды қолдан беруге мәжбүр болады».

Осылайша, Құдайназар батыр мен қызы және жүз сарбаз елді аман алып қалғанымен, өздері сол майданда опат болады. Батырдың көшпен бірге кетіп, тірі қалған балалары тарихта «үш жетім» деп аталады. Үш жетімнің бірін көтеріп, бірін жетектеп, анасы балаларының нағашысы Сарыүйсінді паналайды. Кейін үш жетім еліне оралғанда, елді аман алып қалған батырдың ұрпағын көкке көтеріп, ат шаптырып, той жасайды. Осы тойдан кейін, үш жетімнің бірі, әйгілі батыр Есенгелді мен Қабанбай батырдың достығы басталады. Дарабоз батыр Қабанбай Есенгелдіні қазақтың кемеңгер ханы Абылаймен таныстырады. Осыдан кейінгі тарихи оқиғалардың бәрінде Қабанбай мен Есенгелді батыр бірге жүреді. Әке кегі жүрегіне тас болып қатқан Есенгелді батыр Қабанбаймен бірге талай жеңісті жорықтар жасайды. Дарабоз батырмен бірге Хан Абылайдың орда жиналыстарына шақырылады. Тарихи шешімдер жасауға қатысады, елшілік қызметтер атқарады.

Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың жазуынша, сол кезде Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің әскербасылары мен белді тұлғаларын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХҮІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-жылдардың басы болатын.  Қазақтың шежірелерінде бұл заманды:  «Садақ белде дап-даяр, найза – қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда», – деп суреттейді. Құдайназардың ұлы, Қабанбайдың замандас, адал досы Есенгелді батыр бастаған «Қызай елінің батырлары Абылай ордасының шығыстан қорғайтын қалқаны қызметін атқарушы  еді», – деп жазады тарихшы.

Әкесі елін қорғау жолында мерт болған Есенгелді батыр әке аманатын мүлтіксіз орындаған, халқына ерекше қызмет еткен, «Абылайдың 100 батырының» бірі болып ержетті. Ол да ұрыстарда жауынгерлігімен, ақылдылығымен, ерекше тапқырлығымен көрінді. Бұл туралы тарихи деректер өзімізде де көп. Әсіресе, Есенгелдінің аты орыс, қытай тарихи жазбаларында жиі кездеседі.

2015 жылы Голливуд осындай қорғану тәсілін қолданған шынайы тарихи оқиғаны баяндап, «Тірі қалу» атты фильм түсіріп үлгерді. 1823 Миссури территориясындағы америкалық тәуекелші Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғалардан шабыт алып, жазушы Майкл Панке 2002 жылы «Тірі қалушы (Выживший)» деген роман жазды. Автордың осы романды жазуына түрткі болған таңқаларлық шытырман оқиғаның бірі – «жылқының ішін жару тәсілі», сол себепті де бұл оқиға романның басты бөлімі ретінде енген. 2015 жылы роман желісімен Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. Әйгілі актер Брэд Пит басты рөлді сомдады. Сол жылы Оскардың 12 номинациясына ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда жылқының ішін жару тәсілі анық көрсетілген. Шын мәнінде, мұндай таңқаларлық және тапқыр ұрыс тәсілін олардан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз ойлап тапса да, оны әлі күнге ашып айта алмай жатырмыз.

Бүгінгі ел мен жер бізге аманат болған бейбіт заманда жаугер­шілікте жанын пида еткен қазақ батырларының жанкешті ұрыс тәсілдерін, әсіресе, осы мақалада айтып кеткендей, жылқының ішін жарып соғысу тактикалары сияқты соғыс тәсілдерін білу, әспеттеу, зерттеу, әрине, біздің міндетіміз деп ойлаймын.

 Талғар ДӘЛЕЛҒАЗЫ

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.03.2021 | 18:11

аталған фильнің акторы Леонардо Каприо емес пе еді ?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір