Ұлттық рух, сана және уақыт
Ұлттық рухы біртұтас, айқын, асқақ халықтар ғана тарих көшінде ұлы жеңістерге жететіні адамзат қоғамында сан мәрте дәлелденген. Ендеше, осы құдіретті құбылыстың мән-мағынасына үңіліп, жеке адам, я бүкіл қоғамның болсын рухани әлемі, жан дүниесі өте күрделі сан алуан, қатпар-қатпар қабаттарымен сипатталатынына көз жеткізе түсер еді. Белгілі бір деңгейге дейін рухани дүние материалдық жағдайдан тәуелді болғанымен, ары қарай дербес өмір сүретін өзінше заңдылықтары бар құбылыс екені тағы да белгілі. Бірақ сол рухани дүниенің ішінде қадау-қадау бірнеше категориялар мен түсініктерді алатын болсақ, мысалы, рух пен сананың ортақ қасиеттері, ортақ мазмұны көп болғанымен біртектес мағынаны білдіреді десек, қателесер едік.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі
Біздің ойымызша, сананың өзін сананың қалыптасуы, өсіп-өркендеуіне, дамуына, қоғамға ықпалына байланысты бірнеше деңгейге бөліп қарастыруға болады:
Пендешілік сана – ең төменгі деңгей. Пендешілік сана деп отырғанымыз, сүйек пен еттен жаралған пенденің күнделікті өмір сүру үшін, тіршілік үшін күресімен сипатталады. «Қайтсем нан тауып жеймін, қайтсем киім кием» деген мәселелер, сұрақтар осы сананың негізгі мазмұны болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда пендешілік сана бүкіл хайуани дүниеге, жан-жануарларға тән инстинкттермен өте ұқсас келеді. Барлық тіршілік иелерінің өмір сүруі үшін күресетіні, жауларынан қорғанатыны, азық тауып жеп, тіршілігін ары қарай жалғастыруға, ұрпақ жалғастыруға ұмтылатыны белгілі. Бұл инстинкт биологиялық, психикалық деңгейде болатын құбылыс. Пендешілік сана осыменен өте ұқсас. Пендешілік сана қоғам өмірінде қай кезде басым болады? Егер де қоғамды кедейшілік жайласа, қоғамда өмір сүру, тіршілік ету мәселесі алдыңғы қатарға шыққан кезде. Мысалы, біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономикалық салада, материалдық өндірісте көп дағдарысты жағдай кешкен кезде, кешегі өндіріс орындарының барлығы жабылып қап, жұмыссыздық етек алған кезде тіршілік үшін күрес алдыңғы деңгейге шықты да, қарапайым халықтың көбісі осы тіршілік үшін күресті негізгі мақсат етті, яғни пендешілік сананың ықпалына түсіп кетті. Ауылдағы жағдай, көптеген мектеп бітірген жастардың ауылда жұмыссыз қалып, қалаға ағылуы, қара базарларды жағалауы, қолы жеткендерінің арба сүйреп, күн көруі, соның аржағында бұзақылыққа ұрынуы деген сияқты үлкен проблемалар осы пендешілік сананың басымдылығын көрсетсе керек.
Кеңестік дәуірдегі қоғамдық өмір тоқырауға ұшырап, теңгермешілік, сұрқайлық, біркелкілік сияқты құбылыстар етек алған кезде «партия аман болсын, үкімет өлтірмейді» деген бойкүйездікке, немқұрайдылыққа, жалқаулыққа бастаған масылдық сананың да тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тіршілікке, іс-әрекетке ұмтылуда көп кедергілер келтіргенін айта кеткен орынды.
Сананың келесі деңгейін біз таптық сана дер едік. Бұл қазақтың «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» дейтін психологиясымен анықталады десек, қателеспеген болар едік. Мұнда сананы билейтін басты нәрсе «қайтсем қамтып қалам, қайтсем жағдайымды күшейтем, материалдық жағдайымды байытам, басқадан асып түсем?» деген сұрақтар. Бүгінгі біздің қоғамдағы нарықтық жағдайда осы сананың басым түсіп тұрғаны белгілі. Кешегі Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі дәуірде қолында сол кезде билігі болған адамдардың көбі халықтың барлық байлығын талан-таражға түсіріп, мүмкіндігінше қамтып қалып, соның негізінде бай болып шыға келгені баршаға аян. Таза еңбек, маңдай термен баю бір басқа да, басқаның байлығын иемдену деген мәселе осыдан туды. Қарапайым халық қалтасын қағып, алақанын жайып, кедейленіп қалды да, ал «пысықайлар» байлық иесі болып шыға келді. Мұнда сананы билейтін негізгі нәрсе – дүниеге құмарлықтың басым түсуі, нысапсыздық, қанағатсыздық. Осының негізінде қоғам поляризацияға түседі, жіктеледі.
Тәуелсіздік жылдары есімізді жиып, еңсемізді көтеруге, өзімізді-өзіміз танып ,білуге, ұлт есебінде рухымыздың оянуына үлкен тоспа қойып, етектен тартып келе жатқан бодандық сана туралы да айтқан орынды болмақ. Ресейдің боданында, кейіннен Кеңестер Одағының құрамында болған ұзақ мерзімде біз ұлттық болмысымыздан айрылуға шақ қалғанымыз баршаға аян. Экономика саласында тек қана шикізат көзіне айналғанымыз, яғни колониялық моноқұрылымдық экономика қалыптасқаны өз алдына, әсіресе, рухани өмірде де шынайы жетімдік көрдік. «Бодан жұрттың иті де төмен қарап үреді» дегендей күй кештік. Сол бодандық кезеңнен бойымызға жұққан, санамызға сіңген жалтақтық, жасқаншақтық, жағымпаздық, екіжүзділік сияқты құбылыстардан арылу бүгінде оңайға түспей тұр.
Аталған сананың деңгейлерінде рух туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Ал рух, ұлттық рух қай кезде туындайды? Рух сананың дамуының, өркендеуінің, қоғамға ықпал ету деңгейінің ең жоғарғы биігінде туындайды. Бұл кезде әрбір адам немесе қоғамның негізгі тобы жеке бас пайдасынан, жеке өзінің тіршілігінен, күнделікті өмір күйбеңінен жоғары биіктейді де, бүкіл елдің, халықтың қам-қарекетін негізгі нысана қып, санасының өзегіне айналдырады. Дәл осындай жағдайда ғана ұлттың қалыптасуы жөнінде әңгіме қозғалады.
Бізде қазір халық пендешілік санадан әлі толық арылып болған жоқ, ал қоғамда таптық сана басым болып тұр. К.Маркс айтқандай, «таптық сана – қоғамның қозғаушы күші». Пендешілік сана қоғамның жағдайы жақсарған сайын кішкене түзеліп келеді, бірақ әлі халық бұдан арылып болған жоқ. Сондықтан бұл жерде рух туралы, ұлттық рух туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Сана пендешіліктен, күнделікті тіршілікке байланысты мәселелерден, дүниеқұмарлықтан азат болып рух деңгейіне жеткен кезде материалдық тәуелділіктен арылады, керісінше тұтас қоғамды қатыстырады және қоғамға ықпал ету жағында тұрады, сана жүйеге түседі, мазмұны, формасы жағынан байиды. Сосын сана жеке адамның орбитасынан шығады да, қоғамға қарай бұрылады. Осы кезде барып рух пайда болады.
Рух дегеніміз не? Әсіресе, бізге қажетті ұлттық рух немен байланысты? Рух – жалпыадамзаттық құбылыс, негізінен ол ұлттық формада өмір сүреді. Өйткені, қандай да бір адам болмасын, ол белгілі бір ұлттың, ұлыстың өкілі. Ұлттық рухтың мазмұны – өз ұлтыңа деген ерекше сүйіспеншілік. Ол сүйіспеншілік қайдан пайда болады? Егер де ұлттың топырағында туып-өссең, оның болмысын қаныңа, жаныңа, тәніңе сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын білсең, мәдениетін білсең, әдет-ғұрпын білсең сүйіспеншілік пайда болады, бұл ұлттық рухтың негізгі базасы болып табылады. Ары қарай рух қалыптасу үшін ұлттың жағдайын, жете алмай тұрған кемістіктерін, алдына қоятын нақты мақсатын, яғни ұлттық рухтың мәнін сезіне білу керек. Сонда ғана ұлттық рух қалыптасады. Ұлттық рухты тек түсініп, сезініп қою жеткіліксіз, ең негізгісі өз ұлтың үшін белсенді іс-әрекетке көшу керек. Мысалы, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ұлттық рухтың (қазіргі кезде бұны ұлттық идея деп те атауға болады) негізгі мәні – жаудан ата-баба жерін азат ету болды. Сол кезде ұлттық рухтың мазмұны бір-ақ ауыз сөзбен – «Аттанмен» жеткізілгені, осы сөздің құдіретінің, ұйымдастырушылық күшінің қалай болғаны баршамызға белгілі.
Қазақтың ұлттық рухының қайнар көзі қайдан қалыптасты? Ерекшелігі қайсы? Қазақ халқының ұлттық рухының қайнар көзін бірнешеу деп қарастыруға болады. Ол:
– Біріншіден, көшпенді өмірге байланысты табиғатпен етене қабысып кету, яғни бүкіл табиғаттағы керемет гармония, үйлесімділік, табиғаттың сұлулығын, құдіретін бойына сіңіріп, ерекшелігін танып, табиғаттағы өзгерісті танып, сол арқылы ауа райын болжай білу, жұлдыз арқылы болжау, жыл мезгілінде орын ауыстырып отыру, т.б.;
– екіншіден, қазақтың ұлттық рухының бекемдігінің, күштілігінің қайнар көзі – жеті атаға дейін қыз алыспауынан туындайтын қан тазалығы, тектілігі. Осының арқасында ұлан-байтақ жердің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі бір-бірімен қыз алысып, құдандалы болып, әдет-ғұрпының бір-біріне ұқсас болуына, тілінің тазалығын, қоғамның бірлігін, жердің бүтіндігін сақтауға жағдай жасаған. «Құда мың жылдық» деген мақалдың мағынасының өзі неге тұрады?
– үшіншіден, қазақта кедей болмаған, жетім-жесір болмаған. Өйткені, әрбір қазақ өзінің аталас бауырына қамқор болған. Жетімін жылатпаған, жесірін жалғыз қалдырмаған;
– төртіншіден, сөзге тоқтау, сөз бостандығын сақтау қасиеті. Қоғамдағы әлеуметтік жағдайды баяндауда ақын-жыраулардың, шешендердің ролі зор болған. «Тура биде туған жоқ» деген мақал тегін айтылмаса керек;
– бесіншіден, жоғарыда айтылғандардан туындайтын мықты ұлттық тәрбие, ар, ұят мәселесі. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген қанатты сөзді ұлттық рухтың сипаты ретінде қарастыруға болады.
Үш жүз жылға жуық қазақ орысқа бодан болды. Осы уақытта ұлттық рух аяусыз жаншылды, тығырыққа тірелді. Кіріптарлық, бодандық психология басым болды. Оның көрінісі – тілдің жоғалуға таяу болуы, ұлт- тық дәстүрдің, діннің әлсіреуі. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезіндегі батысқа еліктеушілік, батыс мәдениетінің ықпалы арта түсті.
Ұлттық рухты ояту, қалпына келтіру деген ескіні көксеу, консерватизм емес. Мысалға, Жапония ұлттық рухты берік сақтап қалғанының арқасында жаһандану көшінен қалмай экономикасы, мәдениеті дамыған мықты мемлекет ретінде қалыптасып отыр. Бізде де заманның ағымына қарай белгілі бір жүйеге, логикаға, ұлттың негізгі мақсатына сәйкес ұлттық рухты жандандыру, ояту жұмысын жүргізу керек. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш қайраткерлерінің, одан бергі уақыттағы Қ.Сәтбаев, М.Әуезов бастаған ғалымдардың, қайраткерлердің еткен еңбектері бір басқа, осы мәселеге бүкіл болмысын, жанын-тәнін арнаған адам Ақжан Машани еді. Фарабиді қазаққа қауыштыру, Абай мен Фараби арасындағы ішкі байланысты ашу, ғылым мен білімнің дінмен арасындағы байланысқа жаңа көзқарас қалыптастыру сияқты еңбектерін ұлттық рухқа қосқан үлесі деп қарастыруға болады.
Біздің ұлттық мүддеміз не? Ол қазіргі кезде заман талабынан туындап отырған, жаһандану заманында жұтылып қалмай, керісінше экономикасы, әлеуеті, мәдениеті мен салт-дәстүрі берік қалыптасқан, жан-жақты дамыған әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіру. Қазіргі кездегі ұлттық рухты көтерудің өзектілігі де осында тұр. Бұл тұрғыдан алғанда бүгін таңда қоғамдық ой-сананың өзегіне айналып отырған Елбасымыз ұсынған, бүкіл халқымызды ұлы мақсат жолында ұйысуға бастап отырған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының маңызы ерекше. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқталып өткен болатын. «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық, Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп- қазығы етіп алдым». Ендеше, бүкіләлемдік бәсекелестік үдерістерінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін, босағасы берік, керегесі кең, шаңырағы биік Мәңгілік Ел атануымызға қуат беретін күшті ұлттық рух қалыптастыру жолындағы қадамымыз сәтті болсын!
ПІКІРЛЕР3