Актердың басты қасиеті – сахнаға өмір алып келу
29.01.2021
4614
1

Қазақ театрының абызына айналған белгілі актер Сәбит Оразбаев мерейлі 85 жасқа толды. Театр сахнасы мен түрлі фильмдерде сомдаған образдары арқылы руханият қоржыңын байытқан өнер иесімен сахна киесі, актерларға тән басты қасиеттер хақында әңгімелестік.

– Аға, өнер адамы болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?
– Әрине. Армандамасам, бұл жолға келер ме едім? Мектеп қабырғасында әртүрлі үйірмелерге қатыстық. Ол тұста оқушылар мейрам сайын арнайы дайындалып, мерекелік кештер өткізетін. Сондай жиындарға жиі қатысып жүрдім. «Жылқышы» деген әнді айтатынмын ылғи. Өнерге деген құмарлығым да осы әнмен басталды.
Мектепті бітіргенімде, ауылдағылар: «Ауылшаруашылығы институтының малдәрігері факультетіне түс», – деді қаумалап. Аталған оқу орнына келіп, құжатымды тапсырып қойып, Алматыны бір аралап көрейінші деп серуендеуге шыққанмын. Келе жатсам, қазіргі Абылай хан көшесінің бойында домбыра ойнап, фортепианоның дауысы естіліп, ән шырқалып жатыр екен. Ойпырмай, әлгі жерде тұсаулы аттай тұрдым да қалдым… Ақырын барып, сол маңайда отырған бір кісіден:
– Бұл не? – деп сұраған едім, ол кісі:
– Ой, бұл консерватория деген болады. Қайдан келіп едің, балам? – деді бірден.
– Елден келдім.
– Ә-ә, бұл жерге ән айтатын, домбыра шертетін, қобыз тартатын балаларды оқуға алады, – деп манағы кісі менің сұраулы жүзімнен бәрін аңғарғандай айтып берді.
Сол жерде ойымның нілдей бұзылмасы бар ма?.. Дереу кері қайтып, тапсырып қойған құжаттарымды сұрасам, бермейді.
– Қайда барасың? – дейді ол жердегілер.
– Консерваторияның әнші даярлайтын факультетіне барам, – деймін.
– Ой, айналайын балам, қателеспе. Сен бұл оқуды бітірсең, мал маманы боласың. Кең далада жүріп әніңді айта бересің. Ән айту үшін де адам ғұмырын арнап, оқуын оқи ма екен? – деп, олар да мені айнытып бақты.
Бірақ әйтеуір қайтпай жүріп документімді алып, консерваторияның әншілер дайындайтын дайындық курсына оқуға түстім. Оқып жүргенде, біршама уақыттан кейін, «Мұнда әртістер даярлайтын факультет ашылыпты, сонда балалар алып жатыр екен» деген қауесет шықты. Қарасам, бір топ қазақтың ұлдары мен қыздары сонда тапсыруға талпынып жүр. Бұл оқу орнының қабырғасында оқып жүргеніме бір жыл болып қалған, аздап тәжірибем де бар. Мұғалімнен: «Аға, осы менің дауысымнан бірдеңе шыға ма?» – деп сұрап едім, «Құдай қаласа», – деп көңілімді қалдырған жоқ. «Осында әртістер дайындайтын бөлім ашылған екен, соған ауыссам қалай болады?» – деп сұрағанымда, «Бойың бар, дауысың бар, өзің де тәп-тәуір жігіт екенсің, бағыңды сынап көр», – деп жауап қатты ол кісі. Ол бөлімге барғанымда, сынақтан өткізіп, қабылдады актерлыққа. Міне, осылайша актер мамандығын алып шықтық. Біраз дүниені үйрендік. Қуанышымызды еселеген жай – театрдың сол кездегі директоры Құрманбек Жандарбековтың басқа арнаға ойысқалы тұрған бізді Тоқпановтың түлектері деп жұмысқа қабылдауы еді. Қасиетті қарашаңырақта құдіреттері аспандаған небір талантты кісілер, халыққа кеңінен танылған мұғалімдер, профессорлар қызмет етеді екен. Ірі тұлғалардан именіп кіріп, сол сәттен бері қастерлі қазақ сахнасына қызмет етіп келеміз.


«Мені құртайын деп жүр екен бұл театр» деп ойладым

– Өзіңіздің қатарластарыңыз да, бір сахнада өнер көрсетіп жүрген інілеріңіз бен қарындастарыңыз да, жалпы көрермендеріңіз шежіреге жетік екеніңізді айтып, қара сөзге дес бермейтін қасиетіңізді жиі ауызға алады. Мұндай білімдарлық сізге қалай дарыды?
– Қандай оқуды тәмамдап, қандай ілім көздерімен сусындаса да, адам өмір бойы білімін жетілдіріп, сауатын күшейтіп отыруы қажет. Алла Тағала айналаны көретін көз, дыбысты еститін құлақ, сезінетін түйсік берді. Адамның санасын сәулелендіретін, алған тәрбиесін сіңімді ететін құдіреттің бірегейі – білім. Оқыған сайын, әртүрлі елдердің салт-дәстүрін білген сайын, оқи түскің, жаңа нәрсені біле түскің келіп тұрады. Ғаламды таныған сайын, өз еліңе, туған еліңнің ғұрыптары мен құндылықтарына деген құрметің де еселене түседі. Сөйтіп жүріп әжептәуір адам қатарына қосыласың. Қосылып қана қоймай, қарап тұрмай ақыл айтатын болдық енді біреуге (деп Сәбит аға езу тартып қойды).
Шешендік пен шежіреге жетік болу да біліммен келетін қасиет. Адамға сөз қонды екен, ары қарай жетілдіру талмай ізденуді қажет етеді. Театрға орналасқаннан кейін менде бұрын болмаған мүмкіндіктер пайда болды. Өнер ордасының үлкен қоры, кітапханалары, тарихы бар. Осынау байлық көзіне қатты қызыққаным сондай, жұмыстан кейін қалып бәрін түгесіп оқитынмын. Күндізгі сағат оннан екіге дейін, кешкі алтыдан он бірге дейін театрда жұмыс жүреді. Қалған уақытта күндіз болсын, түнде болсын рұқсат сұрап, манағы рухани құтханаларда отырып оқып, бар дүниенің нәрін сіңіруге, танысуға тырыстым.
Ауылда бала күнімізден арнайы білімі болмаса да, көргендігі мен көрегендігі қатар қабысқан қариялардың айтқанына құлағымызды түріп өстік. Даладан, табиғаттан тағылым алған сол қарттардың тереңдігі, ғақлиялығы мені әлі күнге дейін таңдандырады.
Бізге бұйырған тағы бір бақ – әкем театрға қадам басқан шағымызда да рухани байлығы мол ақсақалдардың, ірі тұлғалардың көзін көрдік, қатар қызмет еттік. Театр­да жұмыс істегендіктен өздерімен бірге іссапарларға алып кететін. Үлкен кісілер болған соң заттарын мықшиып, мықшиып көтеріп алып автобустарға апарып саламыз, бір қызметтеріне жарай алсақ, қуанатынбыз. Қолбаласындай қастарында жүріп, тәлімін алдық, тағылымын тыңдадық.
Мен өмірге келген өңірдің табиғаты да тым бөлек. Сұлу мекен. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күнбатысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Көзімді ашқан сәттен бастап осындай көркемдікке көз суарып өскендігімнің де өнерге іңкәр болуыма ықпал еткені сөзсіз.

– Сіздің шығармашылық жолыңызды «Сүйеу қартқа дейінгі және одан кейінгі Сәбит Оразбаев» деп бөледі зерттеушілер. Осы рөлге бекітілген белгілі актер Елубай Өмірзақовтың өзі сіздің қалай сомдағаныңызды көріп, бұл рөлден бас тартқан екен.
– Ол тұста Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қан мен тер» спектаклінде ассистент болдым. Ассистент дегеніміз – келмей қалған актердың орнына жұмыс тоқтап қалмау үшін рөлді уақытша сомдай тұратын адам. Оқуды жаңадан бітіріп барған кезім. Шалды ойнаймын, Сүйеу қартты сомдап дүркіреймін деген нәрсе үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Елубай ақсақал қатты ауырып, ауруханада жатқан болатын. Қасым Жәкібаев деген керемет әртісті шақырды. Мықты, әмбебап актер ғой, бірақ, неге екенін білмеймін, ол бұл рөлді ойнаудан бас тартқан көрінеді. Елубай ақсақал әне келеді, міне келеді деп жүріп, жағдайы нашар деген соң, театр әртістер іздей бастады. Мен ассистент болған соң өзіме жүктелген рөлді барынша шынайы беруге тырысып, сөзін жаттап, шалдың анау-мынау қылығын жасап, таяқпен жерді тықылдатып қоям. Әзірбайжан ағаның жұбайы, спектакльдың музыкасын жазған Ғазиза Ахметова апай бір күні келіп қарап тұрыпты да, Әзекеңе айтыпты: «Азик, сен шалды іздеп әуре болма. Ана Оразбаевты қарашы. Осы Оразбаевты шалға сал», – депті. Ғазиза Ахметова өте данышпан, ақылды адам ғой, «Осы шал да саған әзірге жарайды» деген болу керек. Бірақ әлі де маған «рөлді сен ойнайсың» деп айтқан жоқ, ассистент ретінде жүре бердім. Бірде Әзірбайжан Мәмбетов: «Спектакльды тапсыру керек, Мәдениет министрлігінен адам келеді. Көркемдік кеңестен кісілер жиналады, – дей келіп, – Сүйеуді сен ойнайсың. Шама-шарқыңа қарай ойна, оларға «рөлді сомдайтын үлкен кісі бар, бірақ ауырып жатыр» деп түсіндіріп айтамыз, – деп айтпасы бар ма? Ал кеп қобалжиын, «мені құртайын деп жүр екен бұл театр» деп ойладым. Өзі ол театрдан шығу оңай, ал кіру өте қиын. Таланттардың ордасы ғой. Сонымен не керек, мен де тырысып бақтым. Шалды ойнағанда аталарым есіме түсті. Базарға бардым сандалып, шалды көрейінші деп. Сөйтсем, жазылған образға сәйкес келетін шал жоқ. Бәрі бірдеңе сатып, шарасыз күйде отыр екен.
Шығарманың авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз дайындық кезінде маған келіп ұрысқан:
– Ей, бала, сен немене өзі? Ойнаймын деп ойлап жүрсің бе? Бұл шалды сен ойнамайсың, Елубай Өмірзақовтың өзіне арнайы жазғам бұл рөлді, – деп.
– Аға, мен ойнайын деп жүрген жоқпын, жәй ғана сөзін қайталап жүрмін, – дегенмін абдырап.
Кейін қойылым қойылды. Қойылымнан кейінгі күйімді көрсеңіз, қобалжу бар, жауапкершілік бар, терлегенім сондай, сырт киімім – шапаныма дейін малмаңдай су болған. Қиындықты көп көрген, екі шумақ өлеңі үшін он сегіз жылға абақтыда отырған Шахан Мусин ағамыз келіп: «Айналайын балақай! Балақай емес, атақай болдың сен. Мына образды күтпеген жерден өте жақсы алып шықтың», – деді құшақтап. Бір уақытта Әбекең (Әбдіжәміл Нұрпейісов) келе жатыр ар жағында. Шапалақпен тартып жібере ме деп күткенмін. Жоқ, келіп бетімнен сүйді. «Сен соавтор болдың менімен, – деген сонда. – Мен білмеген екенмін, бала. Мінезің жұп-жұмсақ көрініп, көңілім толмай жүр еді, сенің бойыңда біраз нәрсе бар екен. Шалды жақсы ойнап шықтың, менің көңілімнен шықты», – деді сөзін іле. Содан есіміміз кеңінен жайылып кете барды ғой.

«Бәсеке – бақталастық емес»

– Жасыңыз отызға да ілікпеген, жап-жас кезіңізде Сүйеу қартты жоғары деңгейде сомдауда сізге не сүйеніш болды?
– Адам сасқанда не істемейді? Базарға барғанда шағын денелі бір шалдың асығып тұра жөнелгенінде байқап қалдым, адамның жасы егде тартқан сайын екі аяғы бір-бірінен алшақтай береді екен, құлап қалам деп қорқады ғой… Образымды аяқты тап солай келтіруден бастадым. Осы кейпім қарт адамның бейнесін айшықтауда нысанасына дөп тигендей. Жалпы, Сүйеу қарттың образынан кейін өзім де тез есейіп кеттім. Балаңдық, жастық желік, еліктеушілік дегендерден бой арылтып, біраз өзгергенімді байқадым. Кейде өзімнің де қалжыңдап айтатыным бар: «Сүйеуді ойнаймын деп тез қартайып кеттім», – деп (күліп).
Бұлай ерте көзге түскеннің өзіндік минусы да бар екен. Әлдебір үлкен сыйлықтар беретін кезде тізімде тұрасың. Бірақ «Ой, бұл баланың болашағы алда ғой. Әлі жас, өмірі алда», – деген желеумен далада қалып қалған кездерім көп.

– «Жарыссыз сахнаның сәні жоқ», – деп айтқан екенсіз бірде. Өзіңіз өнер даңғылында жүріп, шыңдалу мақсатымен бәсекеге түскен тұрғыластарыңыз бар ма?
– Өнерде жүрген адамдардың барлығы да – аламанда жүргендер. Бәрі де көрінгісі, бірінші орынды алғысы, жақсы атаққа ілінгісі келеді. Ең қиыны сол, бұларға бірден қол жеткізу мүмкін емес. Үлкен сенім артқаннан кейін ғана, режиссерлер жақсы рөлді сеніп тапсырады. Ал бір рөлден құлап қалсаң, «Өткен жолы образды өз деңгейінде шығара алмады. Қазірше қоя тұрайын» деп олар да қорқасоқтайды. Актерлар кермеде тұрған аттай топ жаруды ғана ойлап тұрады. Өйткені мамандықтың қажеттілігі сондай. Өнер дегеннің өзі жарыс қой. Қазіргі заманның өзінде бәсекеге бет бұрған кезең дәуірлеп тұр емес пе?.. Алайда бәсеке – бақталастық емес, дара образ жасауға бағытталатын күш. Мысалы, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлудағы» Жантық рөлін Әнуар Молдабеков екеуміз екі құрамда ойнадық. Екі Жантық бір-біріне мүлде ұқсаған жоқ. Менің Жантығым Қарабайдың есепсіз малын қолға түсіруді, Қозы мен Қодардың арасын шиеленістіруді ғана ойлайтын сұм бейне болып шықса, Әнуардың Жантығы қатыгез, тәкаппар болып көрінді.
Бұл – сахнадағы спектакльге де тікелей қатысты айтылған сөз. Драматургтер пьесаларын алып келеді, оқимыз. Драматургияда, драмалық шығарма желісінде тартыс болмаса, ол қызық болмайды. Кейіпкерлердің өзі бірімен бірі тартыса жүріп өседі ғой.
– Театрдағы ең алғашқы рөліңіз – «Айман-Шолпандағы» Балпықтан бастап, талай сүйекті образдарды сомдадыңыз. Фильмдердегі қадау-қадау рөлдеріңіз өз алдына. Арманыңызға айналған рөл бар ма?
– Жалпы, ойымдағы барлық рөлдерді сомдаппын. Ханның да, қараның да жандүниесіне бойлап көрдім. Арман түгесілмейді әрине. Кейде «Қай рөліңізді жақсы көресіз?» деп сұрап жатады. Бұлай сұрақ қою дұрыс емес. Өйткені әр образың туған балаң іспетті. Әр қойылым өзіндік соқпаққа, төл тарихқа ие. Нағыз актерға тән басты қасиет – сахнаға өмір алып келу.

– Дегенмен болмысыңызға комедиялық рөлдер жақын ба әлде трагедиялық образдар ма?
– Шәкен Айманов деген актер болған. Өте мықты, хас талант. Ол әмбебап актер еді. Комедияда да жақсы ойнаған, трагедия­ны да еңіреткен, драмалық шығармалардағы рөлін де деңгейінен асыра сомдаған. Сондықтан актер жан-жақты болса – нұр үстіне нұр.
Әрине драмалық туындылардың өз актеры сараланып қояды. Күлдіргі кейіпкерлердің де сәнін кіргізетін телінді актерлары қалыптаспақ. Халық оларды да жақсы көреді. Қабақтың үнемі түнеріп жүруі кімге ұнай қойсын? Таңның атысы, күннің батысы трагедияны тыңдай беру де мүмкін емес. Таңат Жайлыбеков, Сейфолла Телғараев сынды комедия актерлары өткен. Олар сахнаға образдарын алып шыққанда, халықтың ішек-сілесі қатып, қол шапалақтап, бір рахаттанып қалатын. Алайда таңертеңнен кешке дейін күле берген де жақсы емес қой. Ойлы, өткенге, болашаққа көз жүгіртетін, философиясы терең образдардың да мәнін арттыру актер қолында. Маған мана айтқанымдай қай рөлім де ыстық.

– Сахнаға бергеніңіз көп пе, сахнадан алғаныңыз көп пе?
– Оқуды бітірген соң Әуезов театрының массовкасына қатысатынбыз. Біреулер болады, бостан-босқа жүріп, ыржыңдап келіп, ыржалақтап кете береді. Ал біреулер кішкентай эпизодқа қатысса да, өзінше бір образ жасағысы келіп, күшін салып талпынады. Оның барлығын тәжірибелі режиссер қалт жібермей бақылап, бойыңда бірдеңе барын сезсе, театрға жұмысқа қабылдайды. Ең қиын кезеңдер де осы сәттен басталады. Жүктелген образың туралы терең ойға батасың. Ол қандай адам? Оның сөзі қандай, жүріс-тұрысы қандай? Қоғамға, отбасына көзқарасы қандай? Бала-шағасын қалай тәрбиелеген? Міне, осындай мыңдаған сұрақтар туады. Актерлық деген, өзі қызық мамандық, сонымен қатар ешкімді аямайтын қатал сала. Өзіңнен өзгені жасайсың. Өзіңнен данышпанды да жасайсың. Өзіңнен сұмырай мен қатігезді де жасайсың. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Жантық секілді. Осы рөлді Мәскеу сахнасында сахналағанымда, ондағылар: «О-о, казахский Яго (Шекспирдің Ягосы), Казахский темпераментный человек!» – деген бағаларын беріп жататын. Осы тектес сан алуан бейнелерге ене жүріп, сан түрлі образдардың болмысына үңіле жүріп, адам ең әуелі өзін тәрбиелейді. Сахнадан алған баға жетпес байлықтардың бірі де осы болса керек.

– Сахна өнер адамынан қандай қасиеттерді талап етеді?
– Сахна – қасиетті орын. Сахнада сан алуан өнер түрлері тоғысады. Тарих та, керуен-керуен көш те, сынаптай сырғыған уақыт та, тіршілік пен өмір де осынау киелі мекенге өз бедерін салады. Мешітке кіргенде адам қандай күйді сезінеді, сахнаға көтерілгенде де сол күй билейді адамды.
Сахна адамдары, актриса болсын, актер болсын, дене тұрпаты жағынан сыптай болуы керек. Өнер адамы қашанда халықтың көз алдында. Ал қырағы көзді көрермен ештеңені жанарынан қағыс қалдырмайды. Актердың әдеп, ибасынан бастап, сөйлеген сөзіне, киім киісіне, жүріс-тұрысына дейін мүмкіндігінше дұрыс болуы керек. Кейбіреулер: «Оның бәрі бос сөз», – деуі кәдік. «Попроще» дейтіндері кездеседі. «Попроще»-ға өнер адамдары жатпайды. Өркөкіректікті де қасиетті сахна мен көрермен кешірмейді ешқашан. «Қайткенде адам қалады адам болып?» деген үлкен сұрақ бар. Данышпандардың түгелі айтқан бір-ақ ауыз сөз бар ғой: «Адам болу керек!» Адам әділдікке қызмет жасаса, ол бақытты болады әрі ұзақ өмір сүреді.

Сызды жертөледен жер бетіне шықтық

– Сахна талаптарына сай белгілі бір режимді ұстандыңыз ба?
– Үнемі қозғалыста болып, денешынықтырумен де айналысатынмын. Біздің мамандығымызда сор болатын бір дүние – темекі тартып, ішімдік ішу. Атақты, абыройлы болып, елдің алдында дүркіреп шыққанда оны достарына жуып бергісі келіп тұрады. Халықтың көз алдында ұзақ жүргісі келген жан бұл әдеттерден бойын аулақ салғаны жөн.
Ертеректе жас кезімде достарым қонаққа шақырған. Қыстың қақаған аязды күні. «Вино ішейік», – дейді олар. Мен: «Жоқ, ішпеймін», – деймін. «Ой, бұл пайдалы әрі тәтті болады», – дейді достарым да көнбей. Сөйтсем, вино тәтті екен, шынында. Тәжірибенің жоқтығы ғой, тәтті екен деп біраз ішіп қойсам керек, бұл «итің» адамның аяғынан алады екен. Жолдастарым да масайып қалған. Үйге жетеқабыл жерде далада ұйықтап қалыппын. Таңертең үйге келсем, анам терезенің алдында мені күтіп отыр. Есікті ашып, үстімді қақты. «Мұның не, балам, мас болғаның масқара» деген сыңайдағы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Үндемеді. Сол ештеңе айтпағаны қинады мені. Барып ұйықтап қалдым. Он бірлер шамасында ұйқыдан тұрып едім, анам дастарханын жайып шай берді. «Балам, мен елге қайтайын, – деді. – «Ойбой, Сәбит анасын дүркіретіп Алматыға алып келді», – деп жұрт шуылдап еді. Мынадай күйің маған қолайсыз екен. Алматының ауасы жақпады, қан қысымым бар еді десем, ешкім ешнәрсе демейді. Елге қайтам», – деді анам біраз үнсіздіктен кейін. «Ана, енді ешқашан ішпеймін», – дедім сонда бірден. Сол ішпегеннен әлі күнге дейін ішпей келемін. Далада ұйықтап қалғанымда үстімде анамның тоннан тігіп берген киімі болып, аман қалғандаймын. Әйтпегенде сол жатқанда-ақ өкпеге суық тигізіп алар ма едім. Оқуда жүрген кезімде апамды қасыма көшіріп алғанмын. Күн сәулесі әрең түсетін, аядай ғана жертөледе тұратынбыз. Оқып жүріп, «қара жұмыс», «таза жұмыс» деп талғамай жұмыс істедім. Күндердің күнінде қолыма фотоаппарат түсіп, оны табыс көзіне айналдыра бастадым. Міне, осылайша анам екеуміз сызды жертөледен жер бетіне шықтық. Кей сәттерде ол кісі ауырып қалса, жіпті қолына ұстатқызып: «Түнде бірдеңе әперуім керек болса, жіпті тартыңыз», – деп бір ұшын аяғыма байлап қоятынмын. Анам тоқсан сегіз жас жасады. Отбасылы болғанда жұбайым да анамды жақсы бағып, батасын алды. Сексенге толған қарттың: «Жетпіс тоғыз жасым жақсы еді», – деп айтқаны бар екен. Қазір өзім де тоқсанға жақындап қалдым, жиі ауыратын болып жүрмін. Сырқатты айту, ол қызық емес…
Мұғалімнің қызын іздедім
– Жас күніңізден қандай жағдайда да өзіңізді, өміріңізді жүйелі тәртіпке бағындыра алған жан екенсіз. Өмірлік жарыңызды таңдауда қаншалықты «талғампаз» болдыңыз?
– Ауылда Нышанкүл деген жеңгем бар еді. Алматыға кетіп бара жатқанымда: «Балам, сен өсесің, азамат боласың. Келін Қызылордадан немесе Жамбылдан болсын, құдалыққа алысқа бара алмаймыз. Содан кейін, балам, мұғалімнің қызын ал», – деп айтқаны бар-тын (күліп). Қыз іздейтін уақыт та болған жоқ. Дегенмен іштей мұғалімнің қызын іздеймін ғой. Бір күні волейбол алаңында отырғанымда маған қарай келе жатқан допты менен бұрын қасымда отырған бір қараторы қыз қағып алды. Мен қызға қарап күлдім, өзімнің қағып ала алмай қалғаныма намыстанып. Екеуміз сөйлесіп кеттік.
– Мамаң кім болып істейді? – деп едім…
– Мамам – мұғалім, – деді.
Енді, ол маған қарай ма, қарамай ма, онда шаруам жоқ… Шашым бұйра, бойым биік, түрім онша жаман емес еді (күліп). Неге екенін білмеймін, әйтеуір сол қызды алғаш көргеннен-ақ бір жерім бүлк ете қалды. «Ойпырмай, Құдайдың көмегі шығар, іздегенім алдымнан шықты» деген оймен сол қыздың бетін бері қаратуға барынша тырысып бақтым. Қазіргі сүйікті жарым – міне, сол қыз. Аллаға шүкір, көз тимесін, ұл-қызымызды өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырмыз.

P.S. Театр абызы әңгімесін сабақтай келіп: …Мақтанып отырғанда жаңағы айтқан апаң келіп қалды ғой қасыма, – деді сондай ырзалықпен күліп. Мен қапелімде ауызыма сөз түпей: «Апаға сәлем айтыңыз. Денсаулығы мықты болсын», – дегенімде, «Ә-ә, өзі де сол денсаулықпен айналысады. Үйдегі бәріміздің денсаулығымызға қарайтын осы кісі», – деді сөзін жалғастырып. Өнер иесінен сұхбат алмаққа телеарна тілшілері де келген екен. Біз қазақ сахнасының майталманымен әңгімемізді осы тұстан қайыра тұрғанды жөн көрдік.

Әңгімелескен Мөлдір Райымбек.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.03.2024 | 10:21

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір