«Қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігі – философия»
26.01.2021
1370
0

Көрнекті ғалым, философия ғылым­да­рының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің  еңбек сіңірген қызметкері – Досмұхамбет КІШІБЕКОВ толайым жас – 95-ке келіп отыр.

Досмұхамбет ақсақалдың ең елеулі, ең қажетті  ғылыми  еңбектері, негізінен, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің, дәстүрлі дүниетанымының астарлы сырларын философиялық тұрғыда ашып көрсетуге арналған.

Біз ардақты ақсақалымыз бен белгілі ақын Әбубәкір ҚАЙРАННЫҢ сұхбатын  жариялай отырып, мерейтой  иесіне зор денсаулық, қажымас қайрат, сарқылмас шабыт  тілейміз!

ҰШҚАН ҚҰС, ЖҮГІРГЕН АҢ ТІРШІЛІК ҮШІН КҮРЕСЕДІ

– Досмұхамбет аға, жасыңыз тоқсанның бесеуінен асып, жүзге қарай беттеген аз ғана ақсақалдарымыздың бірісіз. Біз Сізді «Қазақтың қазыналы да қайратты, абыройлы да айбатты қариясы» деп бейнелеуге  бейімбіз. Сондықтан болар, ғасырға жуық  осы ғұмырыңыздағы өзіңіз асқан асулар мен бел-белестерден түйгеніңіз де, түсінгеніңіз де жетерлік  қой деп,  ең алдымен адам өмірінің мәні не, сәні не екендігі туралы білгіміз келіп отыр. Бір емес, бірнеше ұрпаққа атасыз. Сауалымызға қысқа да нұсқа  түрде жауап берсеңіз. Қалған сұрақтар әңгіме желісінің бойымен туындай жатар.

– Бұл сауалыңның мән-мағынасы  өте тереңде.  Ұшқан құс, жүгірген аң, бүкіл жан-жануарлар мен жәндіктерге  дейін тіршілік үшін күреседі. Олар да азық іздеп шарқ ұрады, олар да ұя салып, өз ұрпағын  асырайды. Ал адам баласы – саналы құбылыс. Оның ақылы  мен ойы,  рухани дүниесі – шетсіз, шексіз. Өткен өмірінен сабақ алуы, болашаққа саналы  түрде ұмтылуы, сүюі мен күюі, бәрі-бәрі тек адамдыққа жетелейтін әрекеттер. Әрине, адам да әу баста жабайы болды. «Адамды адам еткен – еңбек» деген сөз бекер айтылмаған. Оның алдына күн сайын шығып тұратын әр түрлі түйінді мәселелер  мен  қиын  жағдайлар барлық жаратылыс перзенттерінен артық етіп қалыптастырды. Білу керек – ең алдымен жеке адамның өзі, сонан соң қоғам. Мемлекет құру мәселесіне де осы қоғамдасу жеткізген. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген Абай сөзінде осы өмірдің  мәні де, сәні де тұрған сияқты

 – Жетімдіктің ащы дәмін жас кезіңізден-ақ татқан екенсіз. Сол балалық, жастық шақтағы өмірден алған сабақтарыңыз да ғұмыр бойы өз пайдасын тигізген шығар? Әсіресе, адами рухыңыздың, кісілік  қасиеттеріңіздің  дамуы мен даралануы  жағынан.

– Менің туған жерім Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының орталығы – Шиелі кенті. Бұл жердің тарихи аты «Бес там» екен. Хан ордасы болған дейді. Шиелі кенті ежелгі заманнан бері Орынбор мен Ташкентті  жалғастырып жатқан керуен  жолының үстіне салынған. 1861 жылы орыстың патша үкіметі  крепостной шаруаларды қазақ жеріне алып келгенде іргетасы қаланыпты. Үлкен шіркеу мен төрт сыныптық орыс мектебі бар еді. 1934 жылы әкем қайтыс болды. Сегіз-тоғыз жастамын. Жалғыз баламын. Кішкене   ғана қоржын тамда тұратынбыз. Мен ол кезде екінші сыныпта оқимын.  Шешеме: «Енді не істейміз?» – деп едім, ол кісі иығын көтеріп: «Ауладағы кішкене жерден басқа ештеңеміз жоқ қой», – деді.

Мен анамның ойын түсіне қалып, бақшалы жерді тазарттым. Қаулап өсіп кеткен шөп-шалаңды түбінен орып жүргенімде, қолымды жаралап алғаным әлі күнге есімнен кетпейді.

Бақшалыққа ылғи қауын ектім. Бірінен кейін бірі өз кезегімен пісетін қауын түрлері – әңгелек, басыпалды, торлама деп аталады. Ал  күләбі дегені  –  қыстық қауын. Қабығы қалың болған соң, аязға шыдамды болады да, бұл қауынның құны қыстың күні қатты көтеріліп кетеді.

Тірлігімізге тірек болып тұрған соң, сол қауындарды жаз бойы күтіп‑баптаймын. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген бар ғой, бала болсам да, еткен еңбегімнің нәтижесіз емес екенін жақсы түсінетінмін.

ӨЛГЕН КЕЛІНШЕКТІ БАУЫРЫНДАҒЫ БАЛАСЫ ЕМІП ЖАТТЫ

– Ашаршылық жылдарынан қалай өтіп едіңіздер?

– Мектепке барған кезім 1932 жыл ғой. Шиелі деген құтты қоныс болуы керек – бізге ашаршылық айтарлықтай келмеді. Қырылып жатқан, босып кеткен жұртты көрмедім. Бірақ мәңгі есімде қалғаны, Жезқазған мен Қарсақбайдан шұбап жететін жастау еркектер мен бала жетелеген әйелдер еді. Үлкен үмітпен біздің жерге жететіндердің ылғи жасырақ адамдар болатын себебі – кәрі‑құртаңдар мен ауру‑сырқаулар жол бойында көмусіз қала береді екен. Біздің кентке жете салып өліп кеткен бір келіншекті бауырындағы баласының еміп жатқанын көзіммен көрдім. Сол бір кездердегі аштардың аянышты халі мен қасіретті жүздерін көзіме елестетпек түгілі, айтқым да келмейді.

Бақшамыздағы қауындарды тынбай әуектеп жүрген мені көріп, көрші‑қолаңдар мен көз таныстар жер‑көкке сиғызбай мақтайтын. Арам шөпті күнде құртамын. Әрине, сондай күтім болған соң, қауындарым да ғажап боп өседі. Діңкиіп‑діңкиіп.

Анам – Жәмилә Кенжебаева өте мықты адам еді. Әкем о дүниелік болған соң, екі жылдан кейін күйеуге тиді. Ол кісі де соғысқа аттанып, Курск майданында опат болған болу керек, әйтеуір, хабарсыз кетті. Аты‑жөні – Рахмет Қуанышбаев еді. Ол кісіден Әбіш деген бір бала қалды. Менің жалғыз інім – сол. Ортамызда, аман-сау. Жасы – сексен үште.

…СЫҒАН ӘЙЕЛДІҢ КӨРІПКЕЛДІГІНЕ ӘЛІ ТАҢ ҚАЛАМЫН

– Елден жыраққа қашан кеттіңіз?

–1941 жылы комсомол қатарына өтіп, «Алға, комсомол!» деп жүрген кезімізде, соғыс өрті лапылдап тұрған шақ еді. Сол кезде он жеті жасқа толғандарды әскери училищелерде оқытып, офицерлер даярлау туралы бұйрық шықты. Бізді Ташкенттегі оқу орны қабылдамаған соң, 1943 жылы Ростовтың маңындағы Батайск деген жердегі әскери ұшқыштар даярлайтын училищеге жіберді. Оқуы бір жылдық, машықтандыруы да бір жыл екен. Біз сол кездерде жаңадан жасалып шыққан ЛА-5, ЯК-3 деген истребительдермен жаттығу жұмыстарын жасадық.

Училищеге келмей тұрып, Самарқанда жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде әлдебір сыған әйелге жолығып қалғанымыз бар. Әлгі әйел: «Алақандарыңды ашыңдар, бал ашып беремін», – деп тұрып алды. Біз қалтамыздағы тиын-тебендерімізді беріп, бал аштырдық. Сыған әйел менің алақаныма қарап: «Соғысқа бармайсың,  профессор боласың», – деді. Ал Тұрсынбек Мәлібековке: «Офицер болып қаласың», – деді. Қасымызда кейіннен атақты адам болған Шахмардан Есеновтың туған ағасы Шахизат Жорабеков тұрған еді, соған: «Сен де офицер боласың, бірақ аман қайтпайсың», – деді. Сол сәтте менің арқам шымырлап кетті. Сол сыған әйелдің айтқандарының бәрі айнымай келді. Шахизат Жорабеков көп ұзамай-ақ опат болды. Соларды тиеп алып майданға қарай кетіп бара жатқан эшелонды фашисттер аспаннан бомбалап, түгін де қалдырмай, құртып жіберді.

Мен ол кезде ойыма кіріп-шықпаған ғылым жолына қарай бұрылып кеттім.

Ал Тұрсынбек Мәлібеков офицер болып қалды. Әлгі сыған әйелдің көріпкелдігіне осы күнге дейін таң қаламын.

Бірде, 1945 жылдың мамыр айында, орысымыз бар, белорусымыз бар, бір топ жігіт ұшақтың қасында әңгімелесіп тұр едік, әлдебір брезент киген шені жоғарылау біреу келді де: «Қане, ұшақпен ұшып, кім өнерін көрсетеді?» – деді. Мен ұшаққа отыра қалып едім, әлгі кісі де артымдағы нұсқаушы отыратын орынға жайғаса кетті. Мен моторды от алдырып, ұша жөнелдім. Әлгі артымдағы кісі үн қаптайды. Бары-жоғы белгісіз. Мен ұшып жүріп әр түрлі мәнерлер жасадым. Ұшақты жерге өте жақсы қондырдым. Әлгі кісі маған қатты риза болып: «Жарайсың, жігітім! Сені әскери әуе академиясына жіберу керек», – деді. Мен: «Ауылда жалғыз інім ғана бар еді», – деп едім, «Жоқ, академияға жібереміз», – деп, айтқанынан қайтпады. Абырой болғанда, менің тоғызыншы, оныншы сыныптарда оқып жүргенімде бастауыш сыныптарға сабақ бергенім туралы құжатым да бар екен. Ол кезде мұғалімдерді ұстамайтын, қайтарып жіберетін. Сөйтіп, елге оралдым. Қызылордада тұратын Тұңғышбай деген нағашы ағам бар еді. Оның баласы Мұқан Кенжебаев пединститутта оқитын. Сол кездегі Қызылорда пединститутының директорының орынбасары Абдолла Темірбековтың пәрменімен тарих факультетіне қабылдандым. Ол кезде оқу басталып кеткен болатын. Сонда да қабылдады. 40 сом стипендиясы тағы бар. Сөйтіп жүріп институтты үздік белгімен бітірдім де, өзім оқыған институтқа тарих пәнінен оқытушы болып қалдым. Төртінші курста жүргенімде Еркін Өтешқызы деген қызға үйлендім.

1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «аспирантураға бір орын бар» деген құлақтандыру шықты. Мен тәуекел етіп барып едім, бір орынға үш адам екен, жолым болып, түсіп кеттім. Міне, сол сәттен бастап философия ғылымының  соңында келе жатырмын. 1950 жылы Қ.Сәтбаевтың арнайы жолдамасымен Мәскеуге барып оқыдым. «Қала мен ауыл арасындағы қарама‑қайшылық» деген тақырыптан 1953 жылы кандидаттық диссертация қорғадым.

ҚАЗАҚТАР  ЕРКІН ҚҰСТАЙ, ТАРПАҢ ЖЫЛҚЫДАЙ ӨМІР СҮРДІ

– Досмағамбет аға, Сіз отыз екі жыл бойы Политехникалық институтта дәріс оқыпсыз, 1973 жылдан мүше‑корреспондент болып, 2003 жылы Ұлттық Ғылым академиясының академигі деген атақ алыпсыз. 800‑ден астам ғылыми еңбектеріңіз бен 70 монографияңыз жарық көріпті. «Халықтар достығы», «Құрмет» ордені мен медальдарыңыз да жеткілікті көрінеді. «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең», «Тарих философиясы және бүгінгі заман», «Сөз және жазу: дыбыс, таңба жүйесінің трансформациясы», «Ұлттық идея және идеология», «Қазақтар ментальдығының бастауы», «Мәдениет және өркениет», «Тәуелсіздік философиясы», «Өмір мәні», «Ғылым тарихы мен философиясы», тағы басқа еңбектеріңіздің тақырыбынан‑ақ көп сырды аңғаруға болатын сияқты.

Өзіңізді білетін жұрттың айтуы бойынша, міншіл де, сыншыл да емес, нағыз шыншыл адамсыз. Сізді «Философия патриархы» деп те атайды.

Менің өз басым философияны «ғылымдардың атасы» деп білемін. Көне дәуірлердегі Қытай, Үнді, Грекиядан бастау алатын осы ғылым саласының ең білгір маманы – өзіңізсіз. Ал  Сізді философия несімен қызықтырды? Өзіңіздің жеткен жетістіктеріңізге дән риза бола аласыз ба? Қазіргі Қазақстандағы философия ғылымының қал‑жағдайы қалай?

– Менің ойымша, біздің қазақ деп аталатын ұлтымыз – бүкіл түркі тілдес халықтар ғана емес, бүкіл әлем елдерінің ішіндегі ең озық ойшыл халық. Ал философия дегеніміздің өзі ой қозғайтын, ой тірілтетін ғылым. Қазақтың бүкіл тұрмыс‑тіршілігі – философия! Оның белгілі бір себептері де бар. Біріншіден, қазақ кең даланың төсінде, асқар таудың арасында емін‑еркін ат үстінде өскен халық. Олар басқа халықтар сияқты жер тырмалап, көкөніс өсірген жоқ, қыстауда ғана болмаса, сары жұрт болып бір орнына отырып та қалған жоқ. Еркін құстай, тарпаң жылқыдай өмір сүрді. Екіншіден, еркіндіктен, кеңдіктен туған өлең‑жырларының, даналық сөздерінің астарында жатқан сұрапыл сырлар да – тұнып тұрған философия!

Үшіншіден, туыстық, құдандалық қарым‑қатынастардың алуан түрлі жол‑жобаларының да әлеуметтік қана емес, философиялық мәні үлкен. Бұл үрдістердің бәрін мемлекетімізді ұстап тұруға лайықталған философиялық құбылыстар деуге болады. Мысалы, қазіргі кейбіреулер жаратпайтын «қалың мал» туралы, оның философиялық мән‑мағынасы туралы ғана жеке бір кітап жазуға болар еді.

Міне, мені философ ғалым болуға жетелеген ең алғашқы ойларым осындай толғаныстардан туындаған. Мен философияға тарих ғылымы жағынан жақын болдым. Шындығымды айтайын, біршама жетістіктерге жеттім десем де, өзіме өзімнің көңілім сонша толмайды. Мен ешқашан кеудемді кермедім, ешкімнен ештеңе қызғанбадым. Тіпті, студенттеріме де дауыс көтеріп сөйлеген емеспін. Бар ойым мен бар арманым – Қазақстанда қазақ ұлтының өзіне ғана тән ұлттық философияның негіздері шоғырланып, жақсы‑жақсы оқулықтар түзіліп, оқу орындарының бәрінде оқытылса деймін. Анық білемін, тек біздің елімізде ғана емес бүкіл дүниежүзілік ауқымда философия ғылымы құлдырап бара жатыр. Қазір дамушы елдер мен дамыған елдердің бәрі экономикалық, техникалық нақты ғылымдарға өне бойымен бұрылып кетті.

Абай – ұлы ойшыл, ұлы философ. Оның өлеңдері мен қара сөздерінен философияға тән барлық ерекше белгілерді тауып алуға болады. Өкінішке қарай, біз бүгінгі ұрпақ сол Абайымызды да түсіндіре алмай жатырмыз ғой. Тек бетінен ғана қалқып аламыз.

 – Ұлы Дала өркениетіне тән философия туралы не айтар едіңіз?

– Ұлы Дала перзенттерінің аузын ашса болды төгіле салатын шешендік сөздері мен мақал-мәтелдері, жыр-толғаулары неше жерден пәлсапалық мәнге ие болып, неше жерден ой қозғайтын бірден-бір ұлттық тәрбие құралы қызметін ұзақ замандар бойы атқарып келсе де, кешегі кеңес дәуірінен бері оны құлаққа ілетін ұрпақ қалыптаспай-ақ келеді. Бала тәрбиесі мен білім беру ісінде осындай әдістемелік оқу құралдары тым жұпыны. Сол жұпынылардың өзі – жасанды!

Маған кейде әдебиет пәнінің мұғалімдері мен бастауыш сыныптағы ұстаздардың өзі мақал-мәтелдердің мәнісін ұғынбайтын сияқты болып көрінеді. Мәселен, үй тапсырмасы ретінде мақал-мәтелдер жазып келуге тапсырады. Сонда, бұл не? Бұл – өз ұлтын, өз шәкіртін қорлау!

Бүгінгі таңда елдің бәріне жеккөрінішті болып біткен жемқорлар, алаяқтар кімдер? Тіпті, жақсы атанып жүрген қоғам қайраткерлері кімдер? Оларды қалай танимыз, бірінен-бірін қалай айырамыз? Соны білмей, дал болып отырғанымыз. Егер біз бала жасымыздан бабалар сөзін құлағымызға сіңіріп өсетін ел болсақ, бұндай бейшаралыққа, бұндай масқаралыққа бармас едік, төзбес едік. Көреген көзі бар, кесіп түсер сөзі бар нағыз егеменді ел болар едік. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында жер аударылып келген Янушкевич деген поляк саяхатшысы өз жазбаларында Құнанбайды таңертеңнен кешке дейін сөйлейді. Сонда ел-жұрты тырс етпей тыңдап отырады деп таң қалады. Міне, ұлының ұлы сөздерін халық қашанда тыңдаған. Бәрін болмаса да, бірталайын ұққан. Егер ұқпайтын болса, сол халық өзінің ұлы адамын танымас еді ғой.

 – Сіз өзіңіздің біліміңіз бен білігіңіздің арқасында АҚШ-қа, Италияға, Жапонияға, Франция мен Түркияға да барғансыз. Сол сапарларыңызда ең есте қалған сәттеріңізді де айта кетсеңіз.

– 1975 жылы Америкаға арнайы делегациямен барып, сондағы конгрессмен мистер Хоу дегенмен оңаша сөйлестім.  Ол: «Қазақстан деген қандай ел? Онда бостандық бар ма?» – деп сұрады. Мен өз саясатымызға орайластырып  жауап бердім.

1978 жылы Жапонияда Хиросима университетінде бір сағаттай дәріс оқыдым. Кездесуден кейін университет ректоры жапон шайымен сыйлады. Кесенің  түбінен құйылған шайды бір сағат ішуге  тура келді. Ректор: «Біз сіздермен туысқанбыз.  Біз Батыс Сібірден келгенбіз. Аттың ер тұрманы, қару‑жарағымыз бәрі ұқсас», – деп отырды. Хиросиманың трагедиясын сөз етті.

Мен өзіміздегі Курчатов атындағы институтта оқыған дәрісімді есіме алдым.

 – Жұбайыңыз туралы бір- екі ауыз сөз айтыңызшы.

– Марқұм әйелім – Еркеш Өтешқызы. Өзі Оралдан еді. Қыздар мектебіне мұғалім болып келді. Әлгі  1937 жылы атылып кеткен  комиссарлардың бірі – Әмірғали Менештің немере қарындасы. Маған төрт ұл  сыйлады. Барлық жағдайымды жасады. Жаны жұмақта шығар жарықтықтың!

– Қазір уайымыңыз бар ма? Елдің болашағы туралы не ойлайсыз?

–  Е‑е, қартайған адамда уайым көп болады ғой. Жеке басыма жетпей жатқан ештеңе жоқ. Дегенмен, өзің айтып отырған елдің болашағы мені көп ойлантады. Еліміз – аз, жеріміз – үлкен. Асты да, үсті де – байлық. Соңғы кездері осы жерімізге көз алартушылар көбейе бастаған сияқты. Әсіресе, Ресей тарапынан. Сондайларға бір тоқтау болатын, ауыздық салынатын күнді күтемін. Қазақ елі өз Отанында өссе, өркендесе деймін. Бабалардың сеніп қалдырған аманаттары тапталмаса екен деймін.

– Тілегіңіз қабыл болсын, Досмұхамбет аға! Құдайға шүкір, әлі тыңсыз, ширақсыз. Алла аман қылса, жүз жастың да бір биігіне ту тігіп отырарсыз, әлі!

 Жақсылықта жүздесейік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір