Қуат Қайранбаев. Құштарлық
25.01.2021
804
0

Менің пікірімше, мамандық атаулының жақсы-жаманы болмайды. Мәселе, өзің таңдаған мамандығыңды қаншалықты жақсы көретіндігіңде жатса керек. Ал қалам мен қағазды өмірлік мұратына айналдырған журналист болу үшін бір ғана талпыныс жеткіліксіз екендігі де шындық.  Осы орайда, әріптесіміз, қазақ теле-радио журналистикасының қара нары, бүгіндері 80-нің сеңгіріне көтеріліп отырған Құсыман Игісін ағамыз мамандығын да, өзі ұнататын кәсіпті де жаңылмай тапқан деп айтуға болады.

Құсман Игісін

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылында дүниеге келген Құсыман ағаның ел мен жер дегенде жүрек лүпілі бөлек екенін әңгіме басында-ақ аңғарғанбыз. Әлде, адамның жасы ұлғайған сайын туған жерге деген ынтықтығы артатын әдеті бар ма, Құсекең айналдырып әкеліп балалық шағы мен ауылы жайлы сөз қозғай берген.

– «Жетіарал, жерім-ай, сауықшыл елім-ай» деген ән біздің жерге арналып шығарылған. Тарбағатайда Маңырақ деген тау бар. Соның биігіне шығып, төменге көз салсаң Қарасу деген өзеннің жеті айырық болып ағып жатқанын көрер едіңіз. «Жетіарал» атауының шығу төркіні осында жатқаны анық,  – дейді ол соғыстан кейінгі ауыр жылдарды еске алып. – Әкем – Серғали ескіше хат танитын, көргені мен түйгені мол кісі еді. Мектепке бармай тұрғанда әкемнен Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын үйрендім. Араб әліпбиін бүгінге дейін пайдаланып келемін.

«Адамды шығармашылыққа жетелейтін – тағдыр»  деп жатады білетіндер. Расымен, қазақ әдебиетінің жұлдызды шоғырына көз салар болсаңыз,  көпшілігінің ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде дүниеге келіп, сан түрлі ауыртпалықты басынан кешіргенін аңғарар едіңіз. Алаштың азаттығы жолында жандарын құрбан еткен алдыңғы буын ағаларымыз – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден бастап, олардың ізін жалғаған  Мұқаң – Мұхтар Әуезов, Сәбең мен Ғабеңдер, Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиет айдынына құлаш сермеген  Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев,  Дулат Исабеков сынды киелі қалам иелерінің тағдырлары оңай болмағаны анық. Ғұсыман ағамыз да өмірдің соқтықпалы-соқпақты жолдарынан өте жүріп, қаламгерлікке қадам басқан екен.  Ол бала кезінен өлең жазуға аңсары ауған көрінеді.

– Дегенмен мен суретші болуды армандайтынмын, – дейді Құсекең алыста қалған сол күндерді есіне алып. – Мектептің қабырға газетінен бастап, көрнекі құралдарға дейін өзім жасайтынмын. Салған суреттеріме айналамдағы адамдар жақсы деген баға беріп жүрді. Сондықтан мектепті бітіргеннен кейін бір шамадан суреттерімді салып алып, «Алматы қайдасың?» – деп тартып тұрмаймын ба. Арман қалада туысым тұрмақ, танысым да жоқ. Пойыздан түсе салысымен көркемсурет училищесіне келдім. Алдымнан шыққан бір мұғалім училищеге шәкірт қабылдау мерзімі өтіп кеткенін, менің кеш қалғанымды айтып, келесі жылы келуіме кеңес берді.  Таудай талабым тасқа шағылып, кері қайтуға мәжбүр болдым. 1960 жылы әскер қатарына алынып, танк ротасына түскенім бар. Бұл жолы да суретшілік өнерім көмектесті десем болады. Яғни, әскери бөлімнің көрнекті құралдары толығымен менің мойыныма жүктелген. Полк командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары, татар азаматы дивизия командирінің алдына апарып, оқуға түсуіме жолдама алып бергені жолымды ашты. Соның нәтижесінде әскерден оралысымен Алматыға келіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетіне оқуға түстім. Менің «мылтықсыз майданым» осылай басталған болатын.

Ақын мен жазушыны оқу орнында қалыптастыру мүмкін емес екені анық. Ал талабы таудай өренге журналистиканың қыр-сырын үйретіп, мынау құпиясы мың қатпар қоғамның сүрлеу-соқпақтарында  өз бағытыңды адаспай табатындай бағдар көрсету – ұстаздардың басты міндеттерінің бірі болса керек. Байқауымызша, Құсыман ағаның бұл белесте де жолы болған сыңайлы. Кейінгі буын – бізге де дәріс берген Тауман Амандосов бастаған ұстаздар шоғырының алдын көріпті. Үшінші курста жүргенде шаңырақ құрып үлгерген Құсекең Сәлімгерей Сұлтанғалиев, Сағынғали Өтәлиев сынды әріптес-достарымен бірге студент кезінде радиоға жұмысқа орналасып, қазаққа әлі таңсықтау көрінетін тың кәсіпті шырқ үйіргені өз алдына үлкен әңгіме.

Иә, университеттің үшінші курсында оқып жүріп, тәжірибеден өтуге келген жігіттің таудай талабы мен қабілеті, өзі дайындаған мәтінді оқығандағы қоңыр дауысы ондағыларға ұнаған болуы керек. Оны оқудан қол үзбей тұрақты тілші ретінде жұмысқа қабылдайды. Осылайша, Құсыман Игісіннің 1966 жылдан 2006 жылға дейін жалғасқан 40 жылдық теле-радио журналисті ретіндегі қызметі басталған болатын.

Құсекең өзінің теледидарға келуі жайлы баяндағанда оны көгілдір экранға баулыған ұстазы, өмірден ерте кеткен Совет Масғұтовты аса бір жылылықпен еске алады.

– Радиода қызмет жасап жүрсем де теледидарға аса қызығатын едім, – дейді сол кездерді жадында жаңғыртып. – Қазақтан шыққан тұңғыш дикторлардың бірі, қазақша-орысша мәтіндерді өзі жазып, оны жоғары кәсіби біліктілікпен көрерменге жеткізе алатын Сәкеңнін шеберлігіне сүйсінетінмін. Қолымыз қалт еткенде хабарлардың қалай дайындалатынын арнайы барып, көріп жүрдім. Совет Масғұтовтың «Көгілдір экран – өмір айнасы» деген оқулық кітабы қолымнан түспейтін. Ол да менің талпынысымды байқаған болуы керек, теледидарда бірлесіп хабар дайындауға шақырды.  1974 жылы Советтің өзі жүргізген «Мың да бір рахмет!» атты хабарында алғаш рет экранға шықтым. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің теледидар саласын дамыту жөніндегі арнайы қаулысы шығып, осы орайда лайықты мамандарды іздеу, кадр алмасу басталған кезде сол кісінің тікелей қолдауымен теледидарға жұмысқа келдім. Содан бергі журналистік қызметім осы бір ғажайып әрі жауапты жұмыспен байланыста өтті.

Иә, аз ғана уақыт бірге қызмет жасап үлгерсе де, өзі өнеге тұтатын ұстазының жолын жалғастырған Құсыман аға «Мың да бір рахмет!» хабарын «Атамекен» деп өзгертіп, ұзақ уақыт бойы жүргізгені жұртшылық жадында. Әсіресе, Алматының іргесіндегі Калинин ұжымшарынан, «Дегерес» кеңшарынан 1943 жылы Сталинградты қалпына келтіруге аттанған 7 сыныпты жаңа бітірген 88 қыз туралы, Дінмұхамед Қонаев дүниеге келген Бақанас ауданы, Жезқазған кеншілері жайлы түсірілген хабарлар «Атамекеннің» айтулы дүниелері еді. Ал жиырма жасында өмірден өткен ақын қыз Шолпан Иманбаева, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, екі мәрте Кеңестер Одағының батыры Талғат Бигелдиновтың кіндік қаны тамған Астана маңындағы Майбалық деп аталатын жер турасындағы деректі фильм де көрерменнің көзайымына айналғаны анық.

«Бұл ауқымы жағынан әрқайсысы бір көркем фильмнің уақытына пара-пар, мазмұны тұрғысынан деректі повестке бергісіз, адамдардың қиын да қызықты тағдырын арқау еткен, көрерменді бірде жылатып, бірде күлдіре отырып, сан жылдар бойы бір көруді арман еткен адамдарды сахна төрінде табыстырған, ұлттық дәстүр мен салт-сананы оятып, ұрпақ жалғастығын ұлықтайтын, жастарды отансүйгіштік рухқа шақыратын  хабарлар еді. Бұл менің теледидарда өткізген 20 жыл ішіндегі жан дүниемді жадырататын, тың ізденістер мен табыстарға толы дүнием болды!» – дейді Құсекең өз естеліктерінде. – Көшеде кетіп бара жатқанда, немесе қоғамдық көлік ішінде бейтаныс адамдар келіп: «Сіз Құсымансыз ба?» – деп тани бастағанда көгілдір экранның құдіретіне, өзің жасаған жұмыстың маңыздылығына  сене түсесің. Ал журналист үшін оқырман мен көрерменнің ықыласынан артық ешнәрсе жоқ!

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Қазақ теледидарының қарқынды дамып, қырандай қалықтауымен есте қалатын шығар, сірә. Себебі дәл осы кезеңдері аға буын өкілдерінің жадынан бүгіндері де өше қоймаған «Алтыбақан», «Атамекен», «Сұхбат», «Қымызхана», «Арай», «Көкпар», «Халық қазынасы», «Тамаша», «Парыз бен қарыз», «Айтыс» бағдарламалары ұлттық құндылықтарға шөліркеген жұртшылыққа таудан аққан тұмадай таңдайларына тиген болатын.

1976 жылы республикалық теледидардың «Құрдастар» деп аталатын жастар редакциясына бас редактордың орынбасары болып келіп, келесі жылдан бастап жеті жыл бойы бас редактор қызметін атқарған Құсыман Игісін мұнда да көптеген ігі істердің басында тұрғанын білеміз. Грузияның астанасы – Тбилиси  қаласының орталық студиясында алтыбақан құрып, Фариза Оңғарсынова өз өлеңдерін орысша оқыған, Татьяна Бурмистрова қазақша ән шырқаған хабарлар тамаша еді-ау. Ал, өзінің төл перзенті «Арай» хабарына сексенінші жылдардың басында Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болған ақын-жазушылар – Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Мұхтар Шахановтарды шақырып, Ұлттық кітапхананың үлкен залында түсіргені естен кетер ме?!

Бұл жерде Құсыман ағаның бойындағы дарыны мен қабілетін танып, оған жауапты жобаларды сеніп тапсырған ардақты ағаларды айтпай кетсек, арымызға сын болар еді. Ол осы жылдар ішінде 18 төрағаның алдын көрген екен. Қазақ руханиятын өрге сүйреген Камал Смаилов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Марат Сандықбаевтар қандай да құрметке лайық.

Құсыман Игісін теледидарда түрлі бағдарламалардың басшысы, ұйымдстырушысы әрі дем берушісі болғанын біздер білуші едік. Атап айтқанда, 1984 жылы «Алатау» бас редакциясы ашылғанда алғашқы қадамдарынан бастап, бес жыл бойы бас редакторы, кейіннен республикалық телерадиокомитетте Аймақтық телехабарлар тарату басқармасы құрылғанда бірнеше жыл сонда бас редактор қызметін атқарып, өңірлердегі қаламының желі бар, телехабар жасауға ебі бар жастарды тартқаны, оларды мамандыққа баулығанын шәкірттері айтып жүр.

Шәкірт дегеннен келіп шығады. Құсекеңнін өзінен тікелей тәлім алған көптеген шәкірттерін айтпағанда, Тарбағатайдағы шағын ғана Жетіарал ауылынан елге аттары мәлім 11 журналист шыққанын жер мен елдің киесі деп қана түсіндіруге болатын шығар. Осы қастерлі мамандықты Құсыман ағамен бірге бастаған марқұм Айтмұқаш Садуақасов, қаламы жүйрік Клара Қабылғазина, Аудармашы-журналист Жұмағазы Игісін, қылқалам шебері, әрі журналист Еркін Нұразханов, Серікхан Ахметов, Болат Абаған, Нұрбек Бекенов, Ербол Серғалиұлын бүгіндері жалпақ жұртшылық қалам қарымынан таниды. Бір әулеттен өрбіген төрт журналистің тізімін бүгіндері ағаның ұлы Ерлан Игісін абыроймен жалғастырып келеді.

Жалпы, Құсыман Игісін жайлы, оның теле-радио саласында атқарған жұмыстары турасында сөз қозғайтын болсақ, жуық арада айтып тауыса алмайтынымыз даусыз. Қазақ Телерадио комитетінде еңбек еткен 42 жылдың жемісі ретінде «Зілзала», «Ел мен жер», «Қой жылының көктемі», «Тауқымет» атты деректі фильмдері өзі туып-өскен Тарбағатай жерінен сыр шертсе, «Атамекен», «Алтыбақан», «Арай», «Шаңырағыңыз биік болсын», «Дөңгеленген дүние», «Тіршілік», «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан», «Қара орман бауыр, қайдасың?!» топтамалары, еліміздің өнер қайраткерлері хақындағы «Есіңде ме сол бір кез?», «Жадыңда ма жастығың?» туындылары Қазақстан компаниясының «алтын қорында» сақтаулы.

Эфирге хабар дайындаумен қатар, қолынан қаламын тастамаған Құсыман Игісін бүгіндері сексеннің сеңгіріне шықса да шығармашылығынан айнымағанына куә болдық.  Осыған дейін «Өнегелі өмірлер», «Хадис-намаз», «Ұлы дала», «Дүние-керуен», «Заман кезек», «Кадрде қалған 50 жыл» тақырыбындағы кітаптарды шығаруға үлес қосқан екен. Жұмыс бөлмесіндегі компьютер клавиштерін сергек теріп отырғанына қарап, алдағы күнге де жоспарлары бар екенін аңғарғанбыз.

Құсыман Игісін түрлі марапаттарының ішінде Қазақ телерадиосының «Алтын жұлдыз» иегері, Қазақстан Журналистер одағының Ә.Байжанбаев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері төсбелгісімен бірге, өзінің туған өлкесі – Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы атағын аса биік бағалайды. Сонау бала күнгі қаламға деген құштарлық осындай биіктерге жеткізген екен. Ал алдыда әлі де алар асулар күтіп тұр!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір