ТЫЛСЫМ ӘРІ ТЫҢ ЖАНРДЫҢ ТЫНЫСЫ (Нұржан Қуантайұлының бір әңгімесі хақында)
21.01.2021
870
0

Соңғы кезде ағымдағы әдебиетте Нұржан Қуантай­ұлының «Үрейлі үш күн» шығармасы туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Әдеби туындыны оқу бар, түсініп оқу бар. Көркем прозаға тың тыныс әкелген осы шығарма турасында алдымен осы бір талапты алға тартар едік. Мұндайда Есениннің «Пушкинді оқу үшін талант керек» деген ғажайып тұжырымы еске түседі.

Ал сонда «Үрейлі үш күн» несімен ерекшеленеді? Несімен таңғалдырады? Заманауи үрдістердің күрделене түсуі үш деңгейлі болмыстың барлық саласымен қоса ой-сана әдебиетке де мүлдем күтпеген жаңалықтар әкеле бастады. Модернге деген құлшыныс, ізденіс күшейді.
Нұржанның бұл әңгімесімен ұлттық көркем әдебиетке «антиутопия» атты тың жанр келді деп түйіндеуге әбден негіз бар. Рас, бұл жанрда жазу талабы бұған дейін болмады деу артықтау шығар, бірақ қазақ әдебиеті жағдайында тың үрдіске үкі тағып, таным айдынына шығару мәртебесінің Нұржан Қуантайұлына бұйырғаны күмәнсіз.
Астары һәм мимикасы мол туындыны екі-үш мәрте оқу керек дер едік. Әрі та­ным­дық білігі төмендердің автордың айтар ойын түсіне қоюы да неғайбыл.
Кадзуо Исигуроның «Босата көрме сен мені» атты туындысы күні кеше ғана Но­бель сыйлығын алды. Әлемнің 100-ден астам тіліне тәржімеленді. Қазақша нұсқасы осы жолдардың авторының тәржімесімен «Фолиант» баспасында дайындалып жатыр. Соңғы кезде әлемдік әдебиетте «антиутопия» жанрының мәртебесін асқақтатқан бірден-бір туынды да – сол.
Алдымен антиутопия жанрының сыр-сипатына, мазмұнына тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Онда ғылыми фан­тас­ти­каның элементтері болуы заңды. Алайда сегізінші өркениетке тән, қисынды келешекті болжауға негізделеді. Ғылыми әдебиеттердің баянына көз салсақ «антиутопия» жанрының талпынысы адамзат тағдырының болашақ көріністерін көрсетуге ұмтылуында, сондықтан шығарма адам тағдырындағы ауыр да, бытықы-шытықы тағдырмен тығыз байланысты болмақ. Алдымен шығарманың астарлы болмысы қорқыныш пен үрейге негізделмек.

Біз «Үрейлі үш күннен» осы бір астарлы сипаттарды көріп көңілімізді бір марқайт­тық. Шынында да, адамзат тылсымды бір жайттарды іштей сезіп, түйсініп тұрады. Бірақ оны ауызекі тілде қисындап жеткізе алмайды. Әлемдік әдебиетке таңсық та тың антиутопия жанрының хас шеберіне айналып отырған Исигуроға тағдыры осы бір тылсымның кілтін табу бақытын һәм мәртебесін сыйға тартты. Ал Нұржан Қуантайұлы қазақ әдебиеті жағдайында осы тың жанрдың көшбасшысына айналып отыр. Ол, әлбетте, күмәнсіз.
Сюжет технологиялардың, оның ішін­де қатері көп заманда аса маңызды болып тұрған биотехнологияның төңіре­гінде өрбиді. Исигуро шығармасында Хейлшем деген құпия мекеме атын кез­дес­тіреміз. Онда белгілі бір топтардың қатысымен адам­ның дене мүшесіне трансплантация жа­сау­ға қажетті органдарын, бүйрегін, бауы­рын, жүрегін алу үшін арнайы жа­сан­ды жолмен клондалған балалар өсіріледі, тәрбиеленеді. Ол аз десеңіз, оқытылып, сауаттандырылады.
Ой-хой, несін айтасың, қолдан дене мүшесін алу үшін жасалған бейбақтар арасында дарынды ақындар, суретшілер, композиторлар бар. Тіпті, олар кәдімгі адамзатқа тән махаббат, сүйіспеншілік атты нәзік сезімдерге де кенде емес. Ал махаббат бар жерде қызғаныш, қызығу, жек көру болмақ. Сөйтіп оқырман Исигуро шығармасындағы клондалған адамдар болмысынан Адам-Ата ұрпағына тән қасиеттерді жаңа бір қырынан көріп, таңдай қағады.
Төменде сараптық анализі жасалмақ Нұржан әңгімесінен де біз осындай психологизмге толы сарынды аңғарып қуанып отырмыз.
Көріп отырсыздар, антиутопия жан­рын­­дағы шығарманың сюжеті өте ауыр болады. Әрі мұңды, қайғылы, аянышты. Нағыз «құдай бетін аулақ қылсын!..» дейтін жағдайыңыз да – осы. Клондалған қыз бен жігіт арасындағы, яғни күні ертең өлетіндерін білетіндер арасындағы махаббат оқиғасы тіптен әсерлі, ешкімді бей-жай қалдырмайды. Байғұстарды аяйсың, жылайсың, мұңаясың.

Міне, адамзат іштей сезіп, түйсінсе де айқын қисындап, күнделікті қолданысқа енгізе алмай жүрген тылсымның анықтамасы, яғни антиутопия осы жерден таным айдынына шығады. Алпыс екі айлалы адамзаттың құпиясы, жұмбағы көп болмысы оқырман назарына мүлдем басқа, тың қырынан ұсынылады.
Сонымен, Нұржан қазақ әдебиетіне осындай тың жаңалық, со­ны жанр әкелді дедік. Ал енді шама-шарқымыз жет­кенше: аталмыш әңгімені сана сара­бынан өткізіп көрелік.
…«Ерімбеттің білезігіндегі дисплей дың ете қалады». Яғни, персонаж – аңду, бақылау объектісі деген сөз. Тура Исигуроның Хейлшеміндегідей. Ерімбетті аңдушысы Сұлтан Ли шақырады.

«Сөздің қысқасы, Ерімбет мырза, үш жасар ұлыңызды сіз жалғыз өзіңіз баға ал­майсыз. Қатыныңыз жоқ. Екінші рет үйленбедіңіз. Шешесіз өскен баланың психологиясы дұрыс қалыптаспайды. Баланы Қоғамдық үйге өткіземіз».
Әңгіменің лейтмотиві – осы. Автор әлеуметтанудың аса өзекті бір проблематикасын алға тартады. Қазір көптеген қоғамдарда заң белгілі бір топтың, саяси ортаның диктовкасымен жасалады. Бұл жерде де автор осы бір үрдісті ишаралап тұр. Яғни лейтмотивтегі қоғамда «баланың шешесі жоқ болғандықтан заң баланы тартып ала алады» деген сөз бұл жерде тағы да Исигуроның Хейлшемін еске түсіреді.

«Заңның біржақтылығы» деген түсінік тағы бар. Яғни кейбір ортаның түсінігінде «Ана – кеме, әке – жезде». Ал ақиқат ұдайы олай емес, әлбетте. Қазір дүниета­нымда «мапа» деген ұғым қалыптасқан. Яғни ананың міндетін әкенің амалсыздан атқаруы.
Сұлтан Лидің айтуынша, «адамның өмірдегі орнын Корпорация белгілейді екен». Ал қазіргі қоғамда дәл сондай кор­порациялардың болуы мүмкін бе? Амалсыз осындай ойға берілесің. Белгілі бір топтардың мүддесін қорғау әрекетін қазір ешкім де жоққа шығара алмайды. Әрі ол – бар құбылыс. Нұржан осы бір ұнамсыз ақиқатты астарлы мимикамен жеткізіп тұр.
Сұлтан Ли Ерімбетке: «Бірнәрсені ескеріңіз: Балаңыз алдағы өмірде биороботтан да төмен сатыда тұрмасын. Сіздің пікіріңіз, қарсылығыңыз ештеңе шешпейді. Оны жақсы білуіңіз керек», – деп сес көрсетеді. Кәдімгі мықтының арты диірмен тартадының кебі.

Нұржан «Үрейлі үш күн» әңгімесінде, ашып көрсетпесе де, осы биороботтар та­қыры­бына мимика жасайды. Оны біз білетін әлемдік әдебиетте Нұржанға дейін тек Кадзуо Исигуро жасаған болуы керек, деп түйіндейміз. Исигуро шығармасындағы Кэти, Томми, т.б байғұстардың, яғни трансплантация үшін биологиялық жолмен өсірілген жасанды, «жартылай адамдардың» аянышты тағдырының Ерімбеттің баласының да сорына айналуы ықтимал. Ондай балалар, әлбетте, өздерінің не үшін жасалғанын біледі. Яғни өлетінін түсінеді.
Міне, антиутопия жанрының психологизмі де сонда жатыр.

Ал әңгіменің сюжеттік образына айналып отырған баланың өзі кім еді? Баланың анасы Хауа мен оның тағдыры ар­қы­лы қазіргі экологиясы ұшынып тұр­ған заманның бір мұңы көрініс табады. Дәрігерлер Хауаға лейкемия деген диагноз қояды. Әрі қатерлі аурудың ең ауыр түрі. Көпке ұзамайтыны белгілі.
Автордың баяндауынша, заманауи аппараттар лейкемияны емдеуге қауметті. Бірақ лазерлі сәуле Хауаның құрсағында жатқан шарана үшін қатерлі. Сондықтан дәрігерлер жас келіншекке өзінің амандығы үшін нәрестені алдырып тастауға кеңес береді. Әйтпесе емдеу мүмкін емес.
Хауа келіншектің алдында үлкен таңдау тұр. Не өзі өлуі керек. Не нәрестесін құрбан етуі керек.

«Білесің ғой, Ерімбет, мен шешесіз өс­тім. Ана махаббаты дегенді сезінбей келген адаммын. Қалай ажалдан аман қалғанымды да білесің. Бір кездегі еліміздің астанасында жойқын жер сілкінісі болды ғой. Ауыр зілзаладан қаншама үй қирап, қаншама адам опат болды. Біздің баспана кірпіштен қаланған, үстінде бетон плиталар жабылған, үлкен, жер үй болыпты. Соның өзі қара жер тулағанда бұрыш-бұрышы, дөдегесі морт кетіп, суырылып түскен ауыр плиталар шешем байғұсты басып қалыпты. Сонда бар-жоғы жиырма үштегі келіншек. Зілзаладан кейін құтқарушылар үйінділерді аршып, құлаған, қаусаған үй-үйді тінтіп, шалажансар жатса да, «тірі адам бар ма?» деп қарап келе жатқанда біреуі тар қуыстан адамның денесін көріп, «тірі ме, жоқ па?» деп қолын салып жіберсе, бір келіншек жатыр дейді, денесі суып кеткен. Әйткенмен екі жақтап сүймен салып, плитаны сырғыта итеріп, мәйітті көрсе, жатысы ерсі дейді. Сәждеге жығылғандай тізерлеп, маңдайын жерге қойған мәйіттің екі қолы екі бүйірін жауып тұрған».
Осылайша анасы іште жатқан Хауаның өзін ажалдан аман алып қалып, өзі опат болады. Бұл жерде адамгершілік өлшемдерге тән этноэстафетаны ескерте кетуге тиістіміз. Қазақ – бауыр еті баласын өз тағдырынан да жоғары қойған ел. Ақыры Хауаның өзі де анасының жолымен өзі опат болып, баласын өмірге әкеледі. Емшектегі ұлын жетім қалдырып, өзі бақиға аттанады.

Міне, сөйткен нәрестені Сұлтан Лидің қолымен Корпорация әкесінен де айырмақ. Одан арғы жағдайы не болатыны да белгісіз.
Сюжет барысында Сұлтан Лидің райынан қайтып, адамгершілікке бой ұрғанын аңғарамыз. Себебі Сұлтанның өзі де бала кезінде геттоның азабын тартқан. Ең соңында сөйткен Сұлтан баланың өзін корпорацияның мүддесі үшін тартып алғалы отырған нәрестенің шешесі марқұм Хауа құтқарады! Ал ондайды ескермеу, есепке алмау мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес!
Нұржан Қуантайұлының «Үрейлі үш күн» әңгімесінің негізгі сюжеті осындай. Туынды әсерлі, аянышты, оқыған адамды бей-жай қалдырмайды.
Ең басты түйін мынау: Нұржан Қуантайұлы осы әңгімесі арқылы әлемдік әдебиетте соңғы кезде көрініс бере бастаған, бірақ қазақ әдебиетіне таңсық антиутопия жанрын әкелді. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
Соны жаңалығың баянды болсын, қазақ әдебиеті!

Өмірзақ МҰҚАЙ,
жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері

 

Құлақтандыру

2021 жылдың 22 қаңтары күні сағат 11:00-де халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нұржан Қуантайұлының 50 жасқа толуына арналған «Баспа ісі және әдеби үдеріс: жазушы – редактор – оқырман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтеді.
Конференцияның Zoom-дағы сілтемесі:
Идентификатор: 867 7443 2310
Код: 207 601
ZOOM

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір