Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап
23.12.2020
1087
0

Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалынан бір шоғыр туынды келіп түсті. Филиал басшысы, белгілі ақын Бауыржан Халиоллаға және сол өңірдегі күллі қаламгерге шығармашылық табыс тілей отырып, назарларыңызға әңгіме мен өлеңдер топтамасын ұсынамыз. Бұл үрдіс өзге облыстарда да жалғасын табады.

 ҚуанышТАЛАП,  «Өмір-бұлақ», «Ақиқат айнасы», «Жанардағы жарық күн», «Алакөбе», «Сәске самалы», «Түскі шұғыла», «Ымырт», «Бесіндегі мөлдір шық», «Түнгі серенада», «Тоғыс» жыр жинақтарының және балаларға арналған «Алшы», «Тіл – тамыр», «Ақ кептер» өлең кітаптарының авторы

ДОМБЫРА-РУХ

(Немесе шымыр шанақ үні)

 Тыңда!

Тыңда!

Тыңда дала тынысын,

Тыныстаған,

Көш келеді, күрең жолда ұлысын,

Тың ұстаған!

Естисің бе, мұңды дала сазын, сен –

Қоңыраулы,

Ғасырлардан ығыспаған!

 

Көш келеді… аруана үн қатқан,

Саламатты,

Баба мұңын, баба үнін тыңдатқан,

Адал атты!

Домбыраның шанағына сыйғызған –

Асыл мұра –

Ұлт тынысы аманатты!

 

Қасірет көп ұлы көште көмілген,

Дала мұңға,

Зұлмат жылда қаны сіңген төгілген

Бабаның да!

Үні, зары, шежіресі, тарихы –

Тіл қатады,

Шымыр үнді шанағында!

 

Арыны бар сом тұяқты тұлпардың,

Дүбірлеткен,

Асқақтатар қиясы бар сұңқардың,

Түрін көкпен!

Ұраны бар қайсар жүрек батырдың –

Майдандағы,

Хас дұшпанын дірілдеткен!

 

Үнін тыңда!

Пернесіне ерліктің,

Таңбаланған,

Балбал таста бейнесі бар елдіктің,

Қанға малған!

Домбырада тұлғасы бар қазақтың –

Намыс қанды,

Аман қалған зар заманнан!

 

Иісі сіңген боз жусанның күй-аңыз,

Бейнесіне,

Бозторғайдың үнін бірге құямыз,

Күйге сіңе!

Шымыр шанақ куә болып келеді –

Қазақпенен,

Домбыраның үйлесіне!

 

Домбыра –үн, баба қаны, тегіміз,

Күй – есіміз,

Тұтас шанақ – бірлігіміз, шебіміз,

Киесі – біз!

Жігер, қайрат, сарқылмайтын өр намыс –

Рухы биік,

Домбыраның иесі – біз!

 

 Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Сағыныш» жыр жинағының авторы. «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі

 Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған,

Басы кеткен салбырап – қойторыдай болдырған.

Бір жапырақ байғұсқа салмақ бітті мүмкін бір?!

Кім түсінген, әйтеуір, аспанда бұлт, күн күңгірт.

Терегім-ау, терегім!

Көз алдымда өспеп пе ең,

Думан күнің қайда еді ерте келіп, кеш кеткен?!

Жадыраған жанары – «көктем» деуші ед сол күнді

Есіңде ме көк аспан көк бұлттары жөңкулі?

Бұтағыңа қонақтап әнші құстар бармақтай

Ғашық жырын шертетін көктемге арнап жұмбақтай…

Уа, құдірет, құдірет!

Ғашық болу ғажап бір

Гүл өскендей ырғалып түнегінде тозақтың.

Ақ пен қара алмасқан сұрқай күндер ішінде

Махаббаттың шарпуы шұғыласын түсірген!

Сұп-сұр болып ырсиған қолдарындай кемпірдің

Тамырыңа қан жүріп, бұтағыңа өң кірді.

Сен көктемге ғашық ең,

Ғашық едің керемет,

Ғашықтығың соншалық – тіл байланды, не керек?!

Көздің жасы секілді ытқып шықты жасыл бүр,

Сол жасыл бүр бір күні жапырақ боп ашылды.

Мың жапырақ – мың жүрек!

Еріндері үлбіреп

Самал желін көктемнің есі қалмай сүйді көп.

Әттең, дүние, өткінші, ештеңе жоқ тұрақты,

Көктем кетіп қарамай, терегімді жылатты.

Көктем қайтсін теректі, жүрген жері жасыл бүр,

Ғашық қылып талайды мойындамай қашып жүр.

Сұлулардың серті сол – сүйдірсе де кінәсіз,

Жүрегіңді жалын ғып күйдірсе де кінәсіз.

Мамыр-маусым артынан жадыраған жаз өтіп,

Сен жайқалдың, жапырақ, айналаңды мәз етіп.

Ғашық болу – ол да бір өмір сүру әдісі,

Өз-өзіңмен бол бірақ, махаббаттың бағы үшін.

Сүйдіргені үшін-ақ мың алғыс айт Аллаға,

Жоғалтасың сезімді салар болсаң саудаға!

…Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған

Салбырайды жапырақ – қойторыдай болдырған.

Айбол ИСЛАМҒАЛИ,

«Көктемгі идиллия» жыр жинағының авторы.

«Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпазы, Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты

Із

Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,

сүрмелі көздердің ішінде өртенді.

…Қиялда – Версальды тербеткен мың гүлзар,

Даланы жалғыздық көмкерді.

 

Жалғыздық – емексіп, өрекпіп,

Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.

Кенет.

Күт.

Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан

Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.

 

Әуейі желдерден ұшындық,

Әулекі бұлттардан ұшындық

Содан соң…

 

Үй Елесі жанымызды түске орап,

Бақидың суреттерінен үзілген

Қып-қызыл отқа сіңді.

Экран ішінде Эвтерпа зарығып,

Жанарында әкетті жоқ ғасырды.

 

Түн күлді тасадан,

Түн күлді тасадан

Құсни xаттарды ұшырып

Жетім үркердің қолымен.

Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде

Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды

өлі дем.

 

…Жаураған аспанның көзі ісіп,

Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын

тоқтаусыз қақты.

Есік алдында – ақ қанат көгершін,

Бер жағында көлеңке сұлап жатты…

 

 

«Қош» дей алмай,

Жетім ойларды құшаққа ап

Көнерген кітаптай түледім.

Ал, кейін

Қабырғада гүлдеген үрейдің

қабағында қатып қалғанымды

білемін.

 

Үрке қарадық кімге?

Үрке қарадық неге?

 

…Қара ағаштың қауырсындары шашылып,

Жер ауыр күрсінді –

Мен де ауыр күрсіндім.

Сәби тұрды терезеге асылып,

Жол ауыр күрсінді.

Мен де ауыр күрсіндім…

 

Жанерке ҒИНАЯТ, «

Жайық Пресс» медиахолдингінде жұмыс істейді. Бірнеше республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері

Күйреуік

 «Из множества слов не сложить прикосновения»

                                                                      Дебора Боэм

Көздер өлді, сөздер өлді, серт өлді,

зарық жұтып, у ішіп.

Қолың тиген қауырсыным өртенді –

күлге толды уысым.

 

Аспан да анау мақта бұлтын құлатып,

мұңға малып реңін,

ебіл-себіл қайтқан құсты жұбатып,

көкжиегін түреді.

 

Менің күйім – сол қоңыр күй әуелгі,

өкпем де сол өлермен.

Қайырмасы әр көңілсіз әуеннің

өмір сынды сен өрген.

 

Сағынышым – қарашаның құрбаны,

ойлайтыным – ауыры.

Босағада еңірейді жылдарым,

жаза алмаған бауырын.

 

Соры батпан сүйретілген сүлдемнен

тамтық мұңды сіміріп,

есімді алып есінейді іргемнен

сенің қою іңірің.

 

«Ұмыт» дейді ол, «ұмыт» дейді ол шырылдап,

мен жүрекке үңілем…

…Жаны ұмтылған аяулысын ғұмырда

ұмыта ма тірілер?..

 

Жарық

 Қай сезім мені жұтарын қала тұр бағып,

мойнымнан батпан ой орап,

айтылмай кеткен сөздердің қанатындағы

қауырсындарды аялап,

келемін жолсыз мекенде,

бұйыра ма бақ?

Ақша бұлтқа аян күй, зарым…

Қоштаспай кеткен күзге анау қиыла қарап

барады өтіп мизамым.

Қиыла қарап жандарға* мезгіл ұшырған,

төбеге ұзақ қарғыдым.

Құс көрсем – сізді көрем де, көздің ұшында

сусылдайтындай тағдыры.

Жарықтан жанымды еліткен адасып қалып,

Өртендім.

Жану – неткен шер?!..

..Азабы ауыр тамшының қарашықтағы

жалғанға тамып кеткенше…

Қауышу үшін етейін жанымды құрбан,

Күйреді ғалам, мұң үдеп.

..Маңдайын оның жазмышы таңулы тұрған

иіскейінші бір рет…

Бір рет.

 

 Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ,

М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Филология» факультетінің 3 курс студенті. 

Республикалық «Мен жастарға сенемін!» жастар форумы «Поэзия» аталымының Гран-При иегері

                   Сауал 

Кеңістікте қалқыған бұл Жер-қайық,

Жүзіп жете алмай қалған Ай жаққа.

Ауа – Жанды көкке апарар жол ғайып,

Ашылады қай қақпа?

 

Сана сансыз шырмалады сұрақпен,

           Заңды жəне қалыпты.

Жаратылды əлем қандай мұратпен?

Мүмкін, құдай жалғыздықтан жалықты…

 

Көлегейлеп күмəн жүзін жап-жарық,

           Күн-көңілім тұтылған.

Көк тылсымы көкірегімді қақ жарып,

Уақыт уын сімірермін құтымнан.

 

Жоғалу хақ, жаралуың жорамал,

           Сенім жалғыз серігің

Мəңгі жұмбақ жасырады молалар,

Мүмкін шығар қайта өмірге келуім…

              

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір