ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ КӨЗ АЛАРТҚАНДАРҒА ТИІСТІ ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК
16.12.2020
1130
0

Осы аптада Ресей думасының екі депутаты бірінен кейін бірі: «Қазақстанда жер болмаған, Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері, оны біз сыйға тартқанбыз. Қазақтар кекірейсе, жерімізді өзімізге қайтарып, басқа жақтан мемлекет құрсын» деген сыңайда пікір айтты. Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі арнайы дипломатиялық нота жолдағанымен, көршінің «көбік ауыздары» оған қыңбайтын секілді. Бұл нені көрсетеді? Қазақстан тарапы мұндай жосықсыз мәлімдемелерге қалай жауап бергені жөн? Бұл сұрақты зиялы қауым өкілдеріне қойған едік.

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:
Орынбар – бұрынғы қазақтың астанасы. Осыдан-ақ кімнің есесі кімде кеткенін аңғаруға болады. Орыстар, керек десеңіз, тарихи деректермен қарайтын болсақ, қазір біздің жерімізде отыр. Егер әлгі депутат сауатты болатын болса, мұны бағамдар еді. Бұл пікір барып тұрған соқыр шовинистік көзқарастың көлеңкесі ғана! Сондықтан біз бұл дауға тиісінше нүкте қоя білуіміз керек.

Исраил САПАРБАЙ, ақын:
Ата-бабамыздың: «Орыстан досың болса – беліңде Айбалтаң қыстырулы жүрсін» дегені осы. Бұдан асқан арсыздық болушы ма еді? Жауыздық – арсыздықтың айуандық көрінісі. Ал енді талтүстегі әңгіме осы, ертең не болмақшы? Ойлан, қазақ…

Мұрат ӘУЕЗОВ, ғалым:
Дәл қазір мұның барлығы Әзірбайжан-Армян соғысынан кейін күрт өршеленіп кетті. Ердоғанның халықаралық саясатқа енуі, тағы да басқалар, осының барлығы Ресейді алаңдатады. Себебі олар Орта Азия түріктері бірігіп бас құрайды деп қорқады. Ал бұл бірігу Ресейдің империя құруына кедергі жасайтын болғандықтан бұлар тездетіп жоспарларын жүзеге асырмақ ниетте. Федоровтың сөзі осыған бір дәлел. Бұл өкінішке орай, өте үлкен апатқа пара-пар. Қазақстан да, Ресей де көптеген жағдайды бастан кешірді. Соның ішінде көп қан төккізген тотаритарлы жүйені де. Бірақ мұның барлығы ұмытылады. Және де жаңа империяның образы енеді. Империя – бұл Ресейдің бір ауруы секілді, бұл жетіспеу­шілік Ресейді XX ғасырда болған импе­рияны қайта құрсақ деген идеяға итермелеп отыр. Бірақ XX ғасырдағыдай империя құра алмайды. Себебі қазір геополитикалық жағдаят та, Ресей де бұрынғыдай емес, басқа қалыпта. Жалпы қазіргі Ресейдің империя болуға ұмтылуы немесе дәмесі өте күлкілі құбылыс. Шабылған, кесілген, туғанын танымайтын Ресейдің бүгінде әбден тозығы жеткен.
Ресейдің қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлерінің аузынан шығып тұрған бұл алғашқы сөз емес, әрине, қазақ тарихын да жоққа шығарғаны бірінші рет емес. Солженициннің, Жириновскийдің айтқандары да осы тақілеттес болатын, Эдуард Лимоновтың, осылардың барлығы  Қазақстанның солтүстік бөлігі өздеріне тиесілі екенін айта өтті. Сондай-ақ олар Ресейді империя ретінде көргісі келетіндердің көбейіп келе жатқанын айтады. Мұның барлығы әрине баяғыдан белгілі, бірақ бұл қазір ерекше бір айрықша айқындалып келе жатқан дүниеге айналып барады. Меніңше, Қазақстанның билігі, Сыртқы істер министірлігі бұл жағдаяттарға мұқият қарауы тиіс. Ресейде қазір белгілі бір күш бар, олар Ресейді империяға  айналдыру жайлы ойды елге сіңіріп жатыр. Солайша Ресей өзіне мәртебелі орын іздеп жүр. Керемет жарқын болашақты армандайды. Шынында күннен-күнге  Ресейді империя ретінде көргісі келетін ішкі халықтары көбейіп барады. Және олар белгілі бір қолдауды Ресей басшылығынан алатын секілді. Тіпті Соловевтің соған ұқсас бағдарламарын қарай қалсаң, сонда «империя» деген сөздер толып жүр. Бұл халықтың, қоғамның миына, түпсанасына еніп барады. Мұны Славяндық орыс патшалығын насихаттаушылар деп түсінуге болады.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
Бір емес, екі орыс депутаты еліміздің тәуелсіздігіне, егемендігімізге қауіп төндіретін араңдатушылық сипатындағы сөздер айтып, қос ел арасына сызат салмақшы. Оларды бұл ниетінен тез арада қайтаруымыз керек. Себебі біздің шекарамыз осыдан отыз жыл бұрын бекітіліп, шегенделген. Меніңше, бұл мәселеге екі мемлекет басшылары тікелей араласуы керек. Айрандай ұйып отырған берекемізді сыртқы күштердің бүлдіруіне, еліміз бен жеріміз туралы алыпқашпа пікірлер айтуына жол бермеуге тиіспіз. Шынын айтқанда, қазақтың жері ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге аманаттаған байлығы, мұрасы. Оған әлдебіреудің көз алартуына ешқашан жол жоқ. Біздің территориямызды әлем елдері мойындаған. Бәрі картада анық, айқын жазулы тұр. Тарих туралы сөз қозғағанда абайлап, аңдап сөйлеген дұрыс. Ендеше, біз осы орыс депутаттарының албаты сөйлеп жүрген сөзіне тойтарыс беру үшін ең әуелі өз береке-бірлігімізге мығым болуымыз керек.

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, қоғам қайраткері:
Мен бұл депутатпен Мәскеуде Халықаралық конференцияда кездескенмін. Онда да ол ұлы державалық идеясымен шығатын. Бірақ Қазақстанға тиіспейтін. Енді ашық түрде Жириновский, Лимонов, Рогозин және басқа шовинистерге қосылып кетті. Бұлардың бар мақсаты – қазақ халқы мен орыстардың достығын бұзу,  екі елдің ортасына от салу.
Кім болса да, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін ұмытпасын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір