«Суықтөбеден Сұлутөрге дейін»
13 қарашада, Қордай аудандық Мәдениет үйінде белгілі жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлының 65 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Жұмабай Шаштайұлы алдымен балалар кітапханасында болып, №2 орта мектеп оқушыларымен кездесті. Өзінің балалық кезеңі мен шығармашылық жолы туралы әңгімелеген Ж.Шаштайұлына оқушылар тарапынан қойылған сұрақтар өте көп болды. Қойылған сауалдардың мәні мен мағынасына ризашылығын білдірген жазушы өзінің өмір жолы туралы айтып, балаларды ең алдымен кітапқа құмартуға шақырды.
«Суықтөбеден Сұлутөрге дейін» деп аталған шығармашылық кешке елімізге танымал жазушылар мен ақындар, ғалымдар және өнер қайраткерлері қатысты. «Белгілі жазушы, публицист Жұмабай Шаштайұлының шығармашылық кешіне қош келдіңіздер! Бұл кештің Қордай ауданында өтуі жәйдан-жәй емес. Себебі, Жұмабай Шаштайұлы еңбек жолын Красногор ауданында бастаған», – деп кеш тізгінін ұстаған белгілі журналист Болат Мүрсәлім келген қонақтарды таныстырып өтті. Мерейтой иесін құттықтауға сахнаға көтерілген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы туған жерге арналған өлеңін оқып, мерейтойға жырдан шашу шашса, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бекен Ыбырайым қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы әңгімелеп, жазушының «Аспанқора» повесі туралы жылы пікірін айтты. Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облысы филиалының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының редакторы Несіпбек Дәутайұлы оқырманды ең бірінші тәрбиелейтін жазушы, соған назар аудару қажеттілігін және Ж.Шаштай- ұлының күрделі мәселелерді көтеріп жүрген қаламгер екендігін айтып өтті. Аталған ақын-жазушылармен қатар, бұл басқосуға Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әскербек Абаев келіп, жақында ғана Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай шығарылған 4 томдық кітапты және сол мерейтойдың символы болған домбыраны аудан әкімі Қайрат Досаевқа табыс етті. Кеш барысында жазушының әр жылдары журналистика саласында атқарған еңбегі, шығармалары жайында үлкен экраннан көрсетілді, сонымен қатар, бұрынғы Красногор ауданындағы «Коммунизм жолы» газетінде еңбек ете жүріп етене жақын болған, әріптес, жолдастары, қазіргі Қордай аудандық мәслихатының хатшысы Біржан Әлімбет пен Кенен ауылының тұрғыны, журналист Әскен Бәтішев өткенге шолу жасап, сонау 70 жылдардың аяғына қарай жетеледі. Қордай ауданының Құрметті азаматы Шопен Молдақалықұлы да ақсақалдар атынан алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында сөз алған аудан басшысы Қайрат Досаев қаламгерді бүгінгі мерейтойымен құттықтады. «Бүгінгі кешке жиналған қауым Қазақстанға еңбегі сіңген жазушы Жұмабай Шаштайұлының өмір жолы, еңбек еткен салалары, шығармашылығы, жеке кісілік келбеті туралы біраз қанық болды деп ойлаймын. Әрі рухани байып, жүрек түпкіріндегі әдебиетке деген ынтасын, құштарлығын оятып, көркем сөзге қызығушылығын арттырды деп сенемін. Осы үшін де әдеби кештерді жиі өткізуді дағдыға айналдырсақ, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз хақ. Қаламынан туған шығармалары оқырманның жүрегіне жол тауып, әдебиетке қосылған сүбелі үлес болды», – деген аудан әкімі Жұмабай Шаштайұлына қазақи дәстүрмен иығына шапан жауып, алғыс хатын табыс етті. Кеш барысында Қарлығаш Қожағазина, Айгүл Мақашева және Алматы қаласы мен Алматы облысының жас дәстүрлі әншілері, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері Есбол Шаңбаев пен Ұлжан Ағлақова әннен шашу шашса, күйші Қуаныш Ахметов өзінің «Шер» атты туындысын орындап беріп, ел алғысына бөленді.