Сәбит Досанов. Назарбаев: «Сенен асып қайда барам?» – деді
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің біріккен жобасы – «Асыл сөз» сұхбат алаңына белгілі жазушы, драматург, сыншы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Сәбит ДОСАНОВ қонақ болды. Жазушы сұхбат барысында өзінің соқпақты тағдыры, белгілі азаматтар туралы естелік әңгімелері мен өсиетін айтты. Сұхбатты әдеттегідей Кітап палатасының директоры Әділ ҚАЖЕНБАЙҰЛЫ жүргізіп отырды.
Аяқты сермеп қалғанда туфлидің ұшып кетпесі бар ма?!
– Аға, біздің ұжымға қош келдіңіз! Осы жобаны қолға алғалы қазақтың бірқатар марғасқасы бізге қонақ болды. Еліміздің ірі жазушыларының кезегінде өзіңізді шақырып отырмыз. Дәстүріміз бойынша, әңгімені бала күннен бастап өрбітсек.
– Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Үш ауысыммен оқимыз: таңертеңгі және кешкі ауысым майшаммен оқиды. Өмірден өтіп кеткен Хамит деген інім екеуміздің ортақ пимамыз болатын. Қыста түске дейін мен, түстен кейін ол киеді. Жазда оңай – жалаң аяқ жүреміз. Ең қиыны – көктем. Күн жылы болғанымен жер сыз, ал пиманы кисең – аяқ буланып кетеді. Мен пысық болдым, пысық дегенім жұмсартып айтқаным. Орысшасы – нахал. Үшінші сыныпта оқып жүріп өлең жаздық, қабырға газетін шығардық. Сол жылы жазған «Пішен даласы» деген әңгімем «Пионер» журналында жарияланып, онан кейін оқулықтарға кірді. Отыз жыл бойы екінші сыныптың оқулығынан түспеді. Одан бері қанша заман өтті, қанша дүние жаздық, қанша атақ алдық, кездесулерге бара қалсам, мұғалімдер: «Сізді білеміз, «Пішен даласын» оқығанбыз», — деп аңқылдап тұрады. Мен қарадай қысылам. Үшінші сыныптағы дүниең паспортыңа айналып тұрса – қиын екен.
Мен бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында туғанмын. Біздің аудан Одақ бойынша үлкен жетістікке жетіп, КПСС ОК қызыл туын тапсыратын болды. Сол салтанатты шараға обкомның бірінші секретары келмек. Қазақтан асқан жағымпаз халық жоқ қой. Дайындық үздіксіз жүрді. Мен тақпақ айтатын болдым, жанымда тағы он шақты бала бар. Дайындықты райкомның бірінші секретары тексеріп: «Мына баланың дауысы жақсы екен. Бірақ бір ескерту – сахнаға пимамен шығуға болмайды, туфли кию керек», — деді. Ол кезде туфлиіңіз түске кірмейтін заман ғой. Менімен бірге әуе апатынан қайтыс болған Бейсенбек деген нағашым бар еді, аяғы қырық екінші размер. Соның туфлиін сұрап киіп, сахнаға шықтым. Айтқан тақпағым әлі есімде. Дайындыққа жауапты кісілер: «Дауысың жақсы, тақпақты қимылмен айт» дейді. Мен де сахнада жақсы ойнаймын, өз бетімше тырысып жатырмын. Тақпақ соңында фашисті басқа тепкенді көрсетемін деп аяқты сермеп қалғанда әлгі туфлидің ұшып кетпесі бар ма?! (күліп) Ұшып кеткені өз алдына, қонатын басқа жер таппағандай обкомның бірінші секретарының алдына барып топ ете түсті. Ел қыран-топан күлкіге бөгіп жатыр, мен ұялғаннан жылап кетіп қалдым. Осыған намыстанған әкем үйдегі екі сиырдың біреуін сатты да, мені ертіп алып Қостанайға барып тұрып бастан-аяқ киім алып берді. Жиынға обком секретары сияқты киініп келдім. Ол кездегі басшылар қандай тамаша еді деп ойлаймын қазір. Бір күні ойламаған жерден ауданнан посылка келіпті. Ашып қарасақ, шұлықтан бас киімге дейінгі қажет дүниенің бәрін салып жіберіпті. Сөйтіп, әлгі өлеңнің, сөздің арқасында аудандағы «номер один» бала боп шыға келдім. Сөздің күші – Құдайдың күші. Міне, қамқорлықтың көкесі! Бір күні шешем сұхбат беріп отырып: «Бұл төртінші сыныбында «Пішен даласы» деген әңгіме жазып, соған көп ақша алған. Соған мына самаурынды сатып алып, құрбыларыммен шай ішкем», — деп отыр.
Қонаевтың нөмір бірінші досы болдым
– Сіз бірнеше сұхбатыңызда Дінмұхаммед Ахметұлымен жақын достығыңыз туралы айтыпсыз. Сол достық туралы айтылмаған әңгімелеріңізді тыңдасақ деп едік.
– Мен Қонаевпен қатты жақын болдым. Қалай дейсіз ғой? Бұл жерде де сөз құдіреті. Ол кезде «Қазақ әдебиетінде» бөлім меңгерушісімін. Кілең классиктер жұмыс істейді. Тіпті, газеттің куәлігін менсінбей, Жамбылдағы тері зауытына заказ беріп, ерекше куәлік жасатып алдым. Кез келген жерге осы куәліктің құдіретімен кіріп барам. Көп кісінің алдын көріп, ендігі арманым Қонаевқа кіру болып жүрген. Кей кісілерге «Қонаевқа кіргізші» десем: «Ол кісіде уақыт жоқ қой, не керек екенін айтыңыз, өзіміз қатырамыз», — дейді. «Маған не керек, үш бөлмелі үйім бар, қызметім бар. Ештеңе керек емес. Мен Қонаевқа кіріп мақтануым керек», — деймін.
Қазақтарға айтқан өтінішімнен ештеңе шыға қоймаған соң, орыстарды жағалай бастадым. Торғай облысын басқарған Ю.Трофимов деген сұлу жігіт бар еді. Ол да «Өзім жасап берейін» деп қашқақтатады. Мен: «Маған ештеңе керек емес. Олжастар, Әнуарлар кіріп, мақтанып жатады. Мен де мақтануым керек, Қонаев туралы жазуым да мүмкін», — дедім. Ол сөйлесіп көруге уәде етті. Бір күні Трофимов хабарласып: «Қонаевпен сөйлестім. Ол кісі сізді теледидардан жиі көретінін айтып: «Сәкен Сейфуллинге ұқсайтын жігіт қой, қабылдаймын» деді», — деп жақсы хабар айтты. Сағат үште қабылдайды деп еді, мен екіде барып алдым. Үш көмекшісі бар. Біріншісі – Дүйсетай Бекежанов. Ол Қонаевтың сеніміне кіріп алған әбден, маған келіп: «Құпия болмаса, не мәселемен келіп едіңіз. Қанша уақыт керек?» — деп сұрады. «Еш құпиясы жоқ. Олжас, Әнуарлар сияқты мақтанайын деп келдім». «Онда мәселеңіз жеңіл екен, он бес минут жететін шығар». «Ал әңгімеміз жарасып кетсе ше?» «Жазушы кісісіз ғой, ол жағын өзіңіз көрерсіз», — деді ол.
Содан не керек, ат шаптырым кабинет екен. Кірген бетте орнынан тұрып қарсы жүрді. Қолымды ұсынып едім, алмады. «Маған Сәбиттің өзін бер», — деп құшақтап амандасты. Үстелге жайғасқан соң әңгімеге көштік. Алғашында сөйлей алмай қалдым. Мысы басқаннан емес, айтам деп отырғанымды Қонаев айтып қойды. Мен: «Димаш аға, қабылдағаныңызға рақмет! Мен үшін бүгін тарихи күн!» — деп айтайын дегем. Енді отыра бергенде Димаш ағам: «Мен үшін тарихи күн, бақытты күн! Қазақтың болашақ ұлы жазушысымен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Келгеніңе рақмет!» — деді. Үндемей қалдым. Ол кісі де адам психологиясын әбден меңгерген кісі ғой, орнынан тұрып кітап сөресінен менің үш кітабымды алып келді. «Қайырлы таң» мен «Бұлбұл» онша керемет кітап емес, бірақ жиырма бес жасымда жазған «Аруана» деген керемет шығармам бар. «Аруананы» Түркия биыл елуінші рет оқулыққа енгізіп жатыр. Қазақтар оқымайды, шетел оқып жатыр. Сөйтіп, Димаш ағам үш кітапты алдыма қойып: «Мына екеуін парақтап шықтым, түгел оқи алмадым. Ал «Ақ аруананы» оқыдым. Менің жүрегім сезеді, сіз болашақта Әуезовтің, Мұқановтың орнында отырасыз. Сіз ұлы жазушы боласыз! Жазушыға керегі – ой мен тіл, ол сізде толығымен бар екен», — деді. Саяси бюро мүшесі кітабымды оқығанын айтқанда, өзі мақтаншақ адамда ес қалушы ма еді?! Тормоз жоқ, заулап сөйледім (күліп). Сөйтіп, біршама әңгімелесіп отырдық. Мен сағатыма қарағыштай бердім. Бір кезде Димекең: «Сағатқа неге қарай бересің? Асығып отырсың ба?» — деді. «Иә, асығып отырмын». «Неге асығасыз?» «Енді сіздің уақытыңызды алып отырмын ба деп қысылып…» «Асықпаңыз, Сәке! Уақыттың тығыз екені рас, халықпен, жазушымен сөйлеспегенде, кіммен сөйлесемін?! Сіз өзі ақкөңіл адам екенсіз, не ойласаңыз соны айтасыз. Шынымды айтсам, демалып отырмын. Мынау өзі бір «стандартный жұмыс», шаршайсың», — деді.
Димекеңнің осы ұлы сөзін мен әлі күнге дейін бастықтарға айтып жүремін, сұхбаттарда да айтамын. Бұны естіп, арқамды кеңге салып отырып тағы біраз әңгіме айттым. Бір кезде сағатқа қарасам, әңгімелесіп отырғанымызға 3 сағат 10 минут болыпты. Орынымнан атып тұрдым. «Не болды, Сәке?» — деді ол. Ешқашан атымды атаған емес, не «Сәке» дейді, не «інішек» дейді. Өмір бойы аралас-құралас болып, сыйласып өтті. Мен сол жерде: «Димаш Ахметович, біз жазушылар эмоцияның адамымыз. Тормоз жоқ, көсіліп кетіппін. Кешірім сұраймын!» — дедім. «Кешірім сұрайтын ештеңесі жоқ, жақсы демалдым!» деді.
Өзі мен сияқты әйелін жақсы көреді екен. Әйелі туралы біршама әңгімелер айтты. «Бүгін үйге барған соң Зухра Шариповнаға «осындай дос таптым» деп айтамын, сені үйге шақырамыз», — деді. Іле-шала тағы бір жағымды сөз айтты: «Маған келетін тоғыз жазушы бар. Әбішев, Сүлейменов, Әлімжанов… сен менімен дос болып, осы қатардың оныншы қатарына кіресің ғой?» «Боламын, кіремін!» «Оныншыны қойып, менімен дос боласың ба? Екеуміз қияметтік дос болайықшы. Менің нөмірі бірінші досым боласың ба? Менде нөмірі бірінші дос жоқ», — деді. Сол жерде екеуміз төс қағыстырып дос болдық. Мұнысы өзіме қатты ұнап отырды. Қайта отырған кезде ол: «Ал әңгімеміз бітіп қалды. Енді қандай шаруа бар, соны айт», — деді. «Ешқандай шаруа жоқ, қазір сізге жолыққанымды бүкіл Қазақстан біледі, маған сол жетеді», — дедім. «Дегенмен, келіп қалған екенсің, шаруаңды айт», — деп екінші рет сұрады. Тағы сол жауапты қайырдым. Үшінші сұрағанда Қонаев ашулана бастады: «Айналайын-ау, мен үлкен басыммен сұрап тұрмын ғой. Менің де қолымнан бірдеңе келеді, бір жақсылық жасайын», — деді. Сол кезде барып ойлана бастадым. Ол кезде қағазға жазылмаған заң бар көрінеді: Саяси бюро мүшесіне кім көрінген жете алмайды екен, жеткен адамның бар арманы орындалады екен. Пәтер, көлік, қызмет, тағысын тағы… Мен «еш шаруам жоқ» деп ана кісіні «оскорбить» етіп тұр екем. Адамның ауызына сөзді Құдай салады ғой, сол жерде тағы да тапқырлық қылдым. «Димаш Ахметович, сіз елге біраз жақсылық жасап тұрсыз ғой, мен де бір өтініш айтайыншы». «Айтшы!» — деп ол қуанып кетті. Өзі эмоцияның адамы ғой. «Димаш аға, сізді сағынғанда келіп тұрайыншы», — дедім. Сілейіп бір орнында тұрды да қалды. Бір кезде есін жиып, атып тұрып мені бас салып құшақтап: «Мен сені ақылды жігіт пе десем, сен данышпан екенсің ғой, гений екенсің ғой. Отызға жетпей мына сөзді айтып тұрсың. Ғамзатов, Айтматов сияқты данышпандар осы сөзді айта алмап еді ғой», — деді. Осылайша Досановтың Қонаевқа жолы ашылды. Сонымды пайдаланып талай адамның тағдырына ара түстім.
Олжас екеуміз талай қиындықтан өттік
– Олжас Сүлейменовпен де достығыңыз бар емес пе?
– «Құдай адамның ниетіне береді» дейді. Алла маған бәрін берді. Көзім түскен қызға үйлендім. Олжасты да маған құдай берген. Екеуміздің дос болғанымызға, міне, алпыс жылдан асып барады. Олжастың бірінші досы – мен, менің бірінші досым – Олжас. Екеуміз талай қиындықтардан өттік, бір-біріміз үшін құрбандыққа бардық. Бірақ бір-бірімізді сатпадық.
Құданы да Құдай берген. Назарбаевпен және Әубәкіровпен құдамын. Мен қазақтың біріне ұнадым, біріне ұнамадым. Әлем елдерінің паспортына айналған Ғамзатов, Айтматов сияқты тұлғалармен жақын болдым.
«Менің орындалған арманымнан орындалмаған арманым көп» депті Шыңғыс хан өлер алдында. Күнделік оқу керек, мен күнделік оқимын. Бір күні Напалеонның күнделігін оқып отырып, «Мен бақытты бола алмадым» деген сөзге көзім түсті. Бұл данышпандардың сөзін қазақтың шалдары «Бір кем дүние» деп бір-ақ ауыз сөзбен айтқан.
Францияға О.Сүлейменов, Р.Ғамзатов, Ш.Айтматов, Е.Евтущенколар барып кездесу өткізген екен. Бірақ ешкім шығармашылық кеш өткізбеген. Мен өткіздім сол кешті. Кештің мәртебесі жоғары. 2007 жылы француздар «Ақ аруана» деген кітабымды сыртымнан шығарып, өздерінің шақыртуымен сонда бардым. Кеш ұйымдастырып берді. Қазақтың жазушысы туралы дүниежүзінің баспасөзі жарыса жазды. Осылай шалқып жүргенімде анам: «Әй, Сәбит, кеудеңде темір-терсек тағар орын қалмады. Мұндайды Құдайдың өзі жаратпайды. Ормандай орысты, қырғызды тәнті еттің. Сол жетпегендей енді Франция дей ме, тағы бір жақта жүрсің. Аспаннан жерге түсу керек, бізге тіл-көз жақпайды», — деді. Айтқаны айнымай келіп, арада бір жыл өткенде Құдай төбемнен қос қолдап ұрды. 21 жастағы Данияр дейтін ұлым бар еді, менен жүз есе артық. 15 жасында «Абай» эпопеясын оқыды, сенбедім. Мен жақсы көрген ақындарды оқыды. Қолынан кітап түспей өсті. Алла ұлыма барлық қабілетті берді. Оны балабақшаға бермедім. 3 жасында хат танып, 4 жасында ән айтты. Дауысы керемет! Серкебаев бастаған музыканттардың барлығы оны мақтады, таң қалысып жатты. Өлең де жазды. Суретке көшіп, біраз суретшінің таңдайын қақтырды. Суреттен кейін техникаға әуестене бастады. «За рулем» дейтін журналдың бір әрпін қалдырмай оқиды. 4 жасында рөлге отырғызып қызықтаймын. Педальға аяғы жетпейді. Ал 14-15 жасында көлік сатып алатындар оны ертіп баратын болды. Мотордың халін дауысынан танитын еді. Моторды бір өзі шашып қайта жинайтын. Жарықтықтың астма дейтін ауруы бар еді. Адам одан өлмейді, бірақ сақтануы керек. Тойға дайындалып жүргенде киген киімінің қалтасына тынысын ашатын дәрісін салып еді, томпайып кетті. Ыңғайсыз деп алып тастаған. Үйде қалып кетті. Балам ақылды ғой, қаладан дәріханалардың бірінен басқасын сатып алыпты. Той басталды, жар-жар айтылып жатыр. Балалар енді келіп тоқтап жатыр. Сол кезде түсі сұп-сұр болып біреу жүгіріп келіпті. Шаршаған кезінде баламның приступы ұстапты. Қаладағы дәріханадан сатып алғаны мерзімі өткен дүние екен. Ішінде ауа жоқ. Біз той жасап жатқан жер бұрынғы ЦК-ға қарасты шипажай ғой, соның ішінде ертеде оқыған бір дәрігер бар. Жастар оны білмейді, жаны қысылған байғұсты жақын жердегі клиникаға жеткізген. Оның ішінде дипломды сатып алған орыс әйел не саларын да білмей сасқан. Кері әсер ететін бір укол салып, балам сол жерде дүние салыпты. Соны көрдік қой. Дәл сол сәтте қалтамда у болса, ойланбай өлер едім. Арада тәулік аралаған соң Президенттен бастап хабарласқан ағайын-туыстың көңіл айтуымен сабама түстім. Мен Аллаға сенемін, Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деді ғой. Мен де солай ойладым «Алла өзі берді, өзі алды». Оған көну керек. Екінші құтқарған нәрсе – елдің махаббаты. «Қайғыны бөліссе, азаяды» демекші, ағайын-туыс қаумалап алды. Үшіншісі – еңбек. Ұлым туралы кино түсірдім, пьеса жаздым. Осы үш нәрсе мені құтқарды.
Сәбең қазақтың әңгімешіл шалы болса, Мүсірепов – аристократ
– «Ақ аруанаңыз» туралы Сәбит Мұқанов мақала жазыпты. Сол кезеңдерді бір қаузап өтсек.
– Иә, жиырма бес жасымда жазған «Ақ аруана» еңбегім туралы Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсірепов те мақала жазды. Кітап жиырма жеті жасымда шықты. Орыстар, өзбектер, грузиндер аударды. Түркия оқулықтарына енгізді. Қолжазбаны Мұқанов пен Мүсіреповке бердім. Ай, ол кездің шалдары қандай еді?! Біз қазір солардың орнында отырмыз ғой, атымыз сол болғанымен, олардай болу қайда?!
Сәбит Мұқанов мені арнайы шақырды, керемет дайындалыпты. Шай ішіп отырдық. Шақпақ қанттан бір қант салдым. Сәбең: «Тағы біреуін сал», — деді. Артынша тағы салғызды. Осылайша кесеме бес қант салынды. «Енді іш», — дейді. «Ішпеймін, қалай ішемін, тәтті болып кетті ғой», — дедім. Ол кісі: «Мәриям, басқа ыдысқа құйып бер», — деді. Басқа ештеңе айтпады. Ет жедік, артынша кабинетке кірдік. «Жазушының бірінші құралы – тіл, екінші құралы – ой. Ой туралы айтпай-ақ қояйын, жасыңнан асып кеткен данышпан екенсің. Адамның ерекше қасиеті қасіретіне айналуы мүмкін. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Сенің қасиетің қасіретке айналып бара жатыр, сақтан!» — деді Сәбең. «Ол қалай?» «Сен тілді біледі екенсің де үстемелеп бояуды жаға береді екенсің. Сұлу сөздерді төгіп, ақ өлеңге дейін кетеді екенсің. Жазушыға бұл жараспайды. Суретшілер де бояуды солай қолданады. Білесің бе, мен қантты неге салдым? Сенің де шығармаң сондай тәтті болып кетсе, онда оны ешкім оқымайды», — деді. Әне, сол кездің шалдары солай түсіндіретін.
Сәбеңнен кейін Мүсірепов шақырды. Өзі еріншек, эстет адам. Сабырмен сөйлеп, керемет талдап берді. Ғабең туралы айтып қалдым ғой, тарқата кетейін. Сәбең қазақтың кеңпейіл, әңгімешіл шалы болса, Мүсірепов – аристократ. Мен ол кезде «Жазушы» баспасында редактор болып істеймін. Бастықтарым да, мұғалімдерім де керемет болды. Мұғалімдерім – Мұхтар Әуезов, Темірғали Нұртазин. Бастықтарым – Ілияс Есенберлин мен Жұбан Молдағалиев. Мүсірепов пен Мұқанов дос еді, үйлері де көрші болды.
Біз Зейноллаға ғашық болдық…
Қазақтың марғасқасы, ұлы тұлға Мұхтар Әуезов бізге лекция оқитын. Есіктен сөйлеп кіріп келе жатады. Бес-алты минут бойы мыңқ-мыңқ етіп сөйлей алмай тұрады, қысылғаннан мұрынын саумалай береді. Бес-алты минуттан кейін көсіледі. Еш қағазға қарамай-ақ сайрай жөнеледі. «Толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер» деп маржан сөздерді бірінен кейін бірін айтады. Бір күні жүгіріп шығып: «Мұқа, Мұқа, тұра тұрыңызшы», — дедім. өзі мені белгілеп алған. Таниды ғой.
Бірді айтып, бірге кетеміз-ау, Әуезовті кідірте тұрып, Қабдоловты қамти кетейін. Біз Зейноллаға ғашық болдық: әдемі жігіт, тартымды киінеді, түске дейін бір костюм, түстен кейін бір костюм киіп жүреді. Алғашқы сабағында лекция жоқ, әрбірімізге баға беріп жатыр. «Әй, сен Әуезовтен аумай қалыпсың ғой, ерінің қалың, бетің де қалың, маңдайың ашық. Сен Әуезов боласың», — деді Қабдешке. Маған бұрылып: «Сенің кескін-келбетің Мұқановты еске салады», — деді.
Әуезовке оралайын. Әлгінде тоқтатып алғанымды айттым ғой. Жанына жетіп барып: «Сізден сұхбат алайын деп едім». «Қай газет? «Лениншіл жас» па?» — деді. «Жоқ, «Қаламгерден», — дедім. Бізде бір қабырғаны түгел алып тұратын «Қаламгер» дейтін қабырға газеті шығатын еді. «Сен соның тілшісі болдың ғой?» «Жоқ, соның бас редакторымын». «Өй, өзің бір дөкей бастық екенсің ғой», — деді. Расында, «Қаламгердің» бәсі жоғары еді: бас редакторы, редколлегиясы, суретшісі бар. Айына екі рет шығады. Шыққан кезінде ректордан бастап тұра қалып бәрі оқитын. Мұхаңнан алған сұхбатым қабырға газетіне шықты. Керемет интервью болды, ректордың өзі мақтады. Өкініштісі – сол сұхбатты үлкен газетке бермегенім. Таппай қалдым ғой.
Мемлекеттік сыйлықтан талай рет бас тарттым
– Жоғары жақпен жақсы болдым дедіңіз. Сөйте тұра Мемлекеттік сыйлықтан алты рет құлапсыз. Бұның сыры неде?
– Ала алмаған себебім былай: бірінші түскенде-ақ алатын едім, Қонаевпен достығым бар, ел-жұрт «сен аласың» деді, сөйтіп тұрғанда бәйгеге Ғафу Қайырбеков қосылды. Керемет ақын. Бірақ дәл осы сыйлыққа нашар шығармасымен түсті. Аты «Жердегі жұлдыздар» болуы керек. Ғафу Қайырбеков маған: «Ағаңмен таласпа», — деді. Мен: «Оны Қонаев шешеді ғой», — дедім. «Қонаев шешсе, саған береді ғой». Сол кезде Сырбай маған қарап: «Әй, ұят болады, болмайды», — деді. Мен көнбей қойдым. Жаспын, алаулап тұрған кезім. Сөйтіп жүргенде Әуелбеков деген данышпан хабарласып: «Сәбит, мынау ұят болды, ағаңның өмір жасы кеміп қалады, ренжиді. Сен жассың, талай аласың. Жолыңды бер», — деді. Сол сөзге тоқтап, мен: «Ғафу Қайырбеков тұрғанда мен түспеймін», — деп жазып бердім.
Екінші рет «Дауыл» деген пьесамен түстім. Әуезов театрына адам сыймады қойылған кезде, шетелдік пресса жазып жатты. Драматургия бойынша басқа шығармалар құлап, мен өттім. Алайын деп тұрғаным өзіме аян. Сөйтіп жүргенде Мәскеуде курста жүрген Сәкен Жүнісов ұшып келді. Ағам ғой. «Әй, боқмұрын, бозөкпе! Не қыртып жүрсің?! Мен тұрғанда сыйлық аласың ба?» — деді. Мен тағы: «Қонаев шешеді», — дедім. «Қонаев шешсе саған беретінін білемін! Давай, қой», — деді. «Сыйлық алсаң, сені атып тастаймын!» Содан не керек, отыра қалып: «Сәкен Жүнісов тұрғанда сыйлық алмаймын» деп жазып бердім.
Заман өтті. Бірнеше рет құлап тағы бір жолы алатын болдым. Проза секциясының мүшесімін. Менімен бірге Сайын Мұратбеков түсті. Сайында жаңа шығарма жоқ. Отызға дейін керемет шығармалар жазып, отыздан асқанда тоқырап қалды, бірде-бір шығарма жаза алмады. Бұл – трагедия. Бір хикаят жазып, бізге оқытты. Маған әкеліп: «Мынаны бәрі мақтады, сен шыныңды айт», — деді. Мен оқып шықтым да: «Сәке, мына повесіңізді көрсетпеңіз. Шыққан бигіңізден түсіп қаласыз», — дедім. Содан бір жыл бойы ештеңе жазбады. Бәйгеге ескі шығармасымен түсті. Проза секциясындағы Бексұлтан Нұржеке сияқты жігіттер шулап қоя берді. Мен оларға: «Жігіттер, тоқтатыңдар! Сәкеңді классик деп мойындадық па, мойындадық! Отызға дейін керемет шығармалар жазды. Одан кейін тоқтап қалды. Оның өзі ерлік. Қазір өлім мен өмірдің ортасында жатыр, төсекте жатыр. Қазір құлатсақ, ажалынан бұрын өлтіреміз. Жіберейік, арғысын көре жатар, мен кандидатурамды алып тастаймын», — дедім. Сонымен, сол жолы Сайынды өткіздік. Жиналыста менің Сайыннан бір дауысым артық болып, лауреат болып шыға келдім. «Мен Сайын тұрғанда алмаймын», — дедім тағы. Олар «жазып бер» деді. «Мен Сайыннан төмен жазушымын, ол тұрғанда сыйлықты алмаймын», — деп жазып бердім. Осымен үшінші сыйлық кетті.
Иран-Ғайып алты рет құлап, жетінші ретінде алған. Мен сол кезде күліп едім. Жігіттердің бәрі мақтайды, бірақ бір-екі дауыс жетпей қалады. Кімдер сызып тастайтынын да білемін. Рымғали Нұрғали деген жерлес ағам бір күні хабарласып: «Әй, Сәбит! Маған Фариза Оңғарсынова хабарласып: «Сәбитке дауыс бер», — деп ұрысты. Мен саған өкпелімін. Екеуміз доспыз, жерлеспіз. Саған бермеген дауысты кімге беремін?!» — деп ренжіді. Мен Фаризаға ондай өтініш білдірмеп едім. Енді Рымғалидың маған дауыс бермейтінін білдім. Дауыс берер кезде Рымғали Астанада жүріп, дауысын конверт арқылы жіберіпті. Сол жердегі екі-үш жігітке: «Соның конвертіндегі хатты оқыңдаршы. Маған хабарласып, «дауыс бердім» деп айтты», — деп едім. Ойлағанымдай-ақ, Рымғали мені сызып тастапты. Содан не керек, алты құлап, жетіншіде алдық қой ол сыйлықты да. Алла әділ ғой. Менің құлай бергенім дұрыс болыпты. Алғашында оның қадірі болмапты. Дулат биттің қабығындай кітаппен алды, ақшасы – 3 000 доллар. Нұрландар да солай алды. Түкке тұрмайтын еңбекке жыл сайын жеті-сегіз адам алды.
Мен төрт том «Жиырмасыншы ғасыр» деген роман жаздым. Сол шығармамен түстім. Өте тартысты бәйге болды. Қырық адам қатысқан бәйге. Кілең мықтылар. Сегіз адам финалға келді. Шетел газеттері «Битва титанов» деп жазып жатты. Соңғы айналымға Несіпбек Айтов және мен өттім.
Тағы жолымыз болды, екеумізге де елу мың доллардан сыйақы берді. Бұл деген дүниенің ақшасы ғой. Ұлым екі мың долларға телефон алды. Қалғанын тойға шаштық. Мен дүниежүзінің біраз сыйлығын алдым ғой. Олардың сыйақысының кемі отыз мың доллар. Мысалы, «Шолохов атындағы әдеби сыйлықты» Әуезов екеумізден басқа ешкім алмаған. Ол ақшаның бәрін не істеймін? Мейрамханада адам басына үш жүз доллардан келеді, мен мақтаншақ сол ең қымбатын аламын. Шетелден келген достарымды санаторийге алып барамын, бару-келу билетін алып беремін. Сосын тұрмысы нашар адамдарға, туған-туысқа, жетім-жесірге таратып берем. «Осыны алмасам да өмір сүретін едім ғой, қызығын ел көрсін» деп ойлаймын, өйткені. Міне, біз Мемлекеттік сыйлыққа осындай соқпақтар арқылы келгенбіз.
Нұрекең әрдайым мені ойлап жүреді
Нұрсұлтан Назарбаевқа құда түсе бардым. Нұрекең әрдайым мені ойлап жүреді. Гольф ойнағанда мінетін көлік бар екен, «аяғы ауырып қалады» деп соны дайындатып қойыпты. Мен, әйелім, Ғабит деген інім, үйленетін жігіт – Ғабиттың баласы, төртеуміз келдік. Үй орман ішінде екен. Біраз жүріп барып келдік. Іштен Сара мен Нұрекең қарсы алды. Үстелге жайғасып отырдық, бірақ мен сөйлемей қойдым. Сөзді Нұрсұлтанның өзі бастады: «Әй, Сәбит, сен тегін жүрмейсің. Бір шаруа бар ма?! Қандай бұйымтайың бар?» — деді. «Нұреке, сіз патшасыз, мен – атақты жазушымын. Сіз пойызды, ұшақты тоқтата аласыз. Бірақ сіз тоқтата алмайтын бір құдірет бар!» — дедім. «Ол не?» «Ол – махаббат. Екі жас бір-бірін ұнатқан екен. Біз сол елдің салтымен Сара екеуіңіздің алдарыңыздан өтейін деп келдік», — дедім. «Сен рұқсат бердің бе?» — деді. «Берген соң келіп тұрмын». «Сенен асып қайда барады дейсің?!» — деп бір-ақ қайырды ол. Сосын қолын бұлғап: «Ал, жігіттер», — деп пәрмен бергені сол екен, төрт бірдей сұлу жігіт шампан ұсынды. Түрегеп тұрған күйі аққайнардан тартып жібердік. Өзі үстелге жайғасып: «Сәбит, кел, жаныма отыр. Құралай, сен анда, Сара, сен мында отыр», — деп бәрімізді жайғастырды. Әңгімелесіп отырмыз. Нұрсұлтан келіншегіме қайта-қайта қарай береді. Бір уақытта барып есіне түсірді. Менің келіншегім жас кезінде белсенді болып, Назарбаевпен бірге жүріпті. Құралайға қарап: «Сіз жақсы сақталыпсыз», — деді. Мен Нұрсұлтанға қарап: «Құпиясы неде, білесің бе?» — дедім. «Білмеймін». «Президент болсаң да білмейсің, менен үйрене бер. Күйеуі жақсы әйелдер жақсы сақталады», — дедім. Сөйтіп қалжыңдасып отырдық.
– Сәбит аға, бүгінгі керемет сұхбатымыз да соңына таяды. Біздің дәстүр бойынша сіздің ақ батаңызды – асыл сөзіңізді сұраймыз.
– Ф.Достоевский айтты деген бір сөз бар: «Әлемді құтқаратын – сұлулық». Мен соған қосып «Әлемді құтқаратын мейірімділік, қайырымдылық, адамдардың бір-біріне деген жақсылығы» деймін. Ақырзаман жақын, адамдар бір-біріне кешірімді болса, достық ойласа, одан артық ештеңе жоқ.
– Арнайы келіп, әңгіме айтқаныңыз үшін рақмет! Smart Qalamger деген жобамыздың аясында авторлық сайтыңызды жасадық. Соны тапсырғалы отырмыз.
– Менде дәл осы жоқ еді!
– Соған қоса Абайдың бюстін сыйлап отырмыз.
– Рақмет! Бұл – үлкен сыйлық. Сендерге көп рақмет!