Келбеті көркем театр
07.12.2020
3407
1

Дүние жүзіндегі «театр» деген атауы бар қай өнер ордасының болмасын тарихына үңілсек, бастау алған сәтінен бастап өзіне тән шығармашылық келбеті, көркемдік бағыт-бағдары болары анық. Жер жәннаты Жетісу даласында 1975 жылы ашылған Б.Римова есімімен аталатын Талдықорған драма театрының да қазақ өнері тарихында алар өзіндік орны бар. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты шығармасымен шымылдығын ашқан өнер ордасы бүгінде 45 жылдық тарихы бар үлкен ұжымға айналған.

Өткен ғасырда іргетасы қаланып, тамыры бекіген театрдың осы жылдар ішінде толымды еңбектері мен толағай табыстары аз болған жоқ. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары Жетісуда тамыр жайып, сол өлкені саф өнерге сусындатып қана қоймай, өз көрермендерін тапқан театр жаңа белеске көтеріліп келеді. Театр тарихы жайлы жазылған том-том деректер де аз емес. Себебі Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры түрлі кезеңдерде театр фестивальдерінде тұғырлы орындардан көрінгенімен қоса, кәсіби шеберліктерін шыңдап, репертуардағы қойылымдарымен республикамызға және шет елдерге жан-жақты танылған. Шымылдығы ашылған күннен бастап М.Қамбаров, Ә.Құлданов, Ә.Мәмбетов, Б.Омаров, С.Асылхан, Әмір-Темір Хұсейін, Қ.Сүгірбеков, М.Ахманов, К.Касенов, Б.Ұзақов, Қ.Қасымов сынды режиссерлердің қолтаңбасы тиген театрдың әлі талай биік белесті бағындырары сөзсіз. Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай театрдың 30 жылдық мерейтойына орай «Талдықорған театры» атты еңбегінде театрдың құрылымы, тағылымды тарихы мен сахнада әр жылдары шыққан әрбір жаңа спектакль туралы сын-пікірін айтып, қойылым түзген режиссерлердің шығармашылық табыстарына тоқталып, талғап-талдап, құнды дүние қалдырып кеткен. Біздің мақсат та сол. Бүгінгі күн ертеңгі тарих екенін ескеріп, өзім қызмет етіп жүрген театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігін, даму бағытын айту, шығармашылық келбетін айқындау.

2018 жылы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен театр жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа ғимаратқа көшкен шығармашылық топ ерекше құлшыныс, жаңа леппен бастап кетті. Өткен ғасырда іргетасы қаланып тамыры бекіген театрдың осы жылдар ішінде толымды еңбектері мен толағай табыстары аз болған жоқ. Театр жұмысының нәтижелі болуы – білікті басшылық пен ұжым мүшелерінің ұтымды ұйымдасқан, жүйелі жымдасқан еселі еңбегінің нәтижесі екені анық. Бұл орайда Сенкебаев Руслан Исабекұлы бастаған ұжым қол жеткізген табыстар – соның айқын дәлелі.

Театрдың 45- маусымының ашылуы көркемдік бағыт бағдары мен тыныс-тіршілігін, сонымен қатар жалпы театрдың шығармашылық келбетіне қанық бояу берген тәрізді. Репертуар жыл сайын қазақ драматургтерімен қоса, орыс, әлем классиктерінің таңдаулы шығармалары бойынша қойылған спектакльдермен толығып отырған. Жаңа драма жанрындағы әлемдік шығармаларды сахналау тәжірбиесі де жүзеге асқан. Бұған дәлел Отан соғысының 75 жылдығына арнайы Б.Шамбетовтың режиссерлығымен сахналанған, 45-маусымның шымылдығын ашқан «Нобель» сыйлығының иегері С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемі болды. Елін сақтап қалу үшін, соңғы демі қалғанша күрескен ерлердің қатарында нәзік жанды аруларымыздың қан майданда неміс фашистеріне қарсы шайқасып, соғыс даласында отан үшін отқа түскен әйел-қыздардың сан-қилы тағдырының тапталуы, арман-мақсатының, күн сүйген келбетінің «күлге айналғаны» туралы сыр шерткен бұл қойылым көрерменнің көңілінен шыға білді. Артынша Қазақ театрларының ішінде алғаш рет Шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына орай «Аққан жұлдыз құласа» тарихи драмасының премьерасы өткізілді. Театр тамыр жайғалы репертуардағы тарихи тақырыпты арқау еткен қойылымдардың орны бөлек. Ұлттың даму жолындағы тарихи оқиғаларды көрсету арқылы болашаққа бағдар беру тұрғысынан бұл ұжым елеулі еңбек етіп келеді. Театр тарихын ғана емес ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміздің тарихының бір бөлшегін толықтырған бұл еңбек бүгінгі күнге берері мол, ерекше шығармашылық дүние болары анық. Жетісу халқын рухтандырып, жаңаша әсер сыйлаған қойылымдардың бірі «Орақты батыр» болды. Қойылымдағы режиссерлік шешім, актерлік құрам, сахна декорациясы кез-келген көрерменді бей-жай қалдырмайды. Себебі, шығарма – өміршең, режиссерлік шешім – ұтымды. Актерлік құрам өз алдына бөлек әңгіме. Қойылымның  режиссурасы шымыр. Бұл тұрғыда жас режиссер Ерлан Кәрібаевтың ізденісі мен шеберлігін ерекше атап өткен жөн. Спектакль оқиғасы шымылдық ашылған сәттен бастап көрерменді еліктіріп әкетеді. Артистердің қимылдары, сахна сайыстары, соған сәйкес декорация, жарық беруші және музыкамен әрлеуші ойлары бір-бірін жақсы толықтырып, сол дәуірдің шынайы шындығын дәл жеткізіп тұрды. Бұл қойылым барысында Бикен апа театрының әрбір актеріне көрерменнің шексіз махаббаты анық байқалды. Театрдың творчестволық беталысын танытатын нәрсе – репертуар екені ақиқат. Талдықорған театрының қазіргі репертуары белгілі мөлшерде осы қағидаға жауап береді десек артық емес. «Бір түп алма ағашы» – еліміздің бірнеше облыстық театрларында Ә.Оразбеков сахналап келе жатқан өміршең туынды. Әр спектакльден соң жанары жасаурап, туыс, бауырдың қадірін түсіну сезімдері артып шығатын көрермендер соның дәлелі. Қазақ көрерменінің сұранысын қанағаттандыратын туынды Б.Римова атындағы театрдан да өз орнын тауып репертуардағы үздік қойылымдардың қатарын толықтырған.

Бүгінде театрдың штат кестесінде 135 адам қызмет етеді, оның ішінде 52-сі шығармашылық құрамдағы әртістер. Олардың біреуі ҚР Халық әртісі, екеуі «Құрмет» орденінің, біреуі «Парасат» орденінің иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – 1, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – 2, ҚР мәдениет қайраткері – 6, ҚР мәдениет саласының үздігі – 6, «Ерен еңбегі үшін» медаль иегерлері – 3, Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты – 5, «Дарын» сыйлығының лауреаты – 1 және Алматы облысының – 4, Талдықорған қаласының – 6, бірнеше ауданның Құрметті азаматтары қызмет етіп келеді. Осының бәрі бір шаңырақтың астында бір адамдай жұмыс атқарған азаматтардың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Суретпен сахнаға сән беріп, спектакльдерді безендіріп «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болған қоюшы-суретші Шалабаева Қарлығаш Есенқызының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Жарты ғасырға жуық ұлт руханиятына талмай үлес қосып келе жатқан Б.Римова  атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы, актерлік құрамның кәсіби деңгейі жайлы көп дүние айтуға болады. Өнерді жасайтын, өнер үшін өмір сүретін ол – әртістер қауымы. Өнер кемесінде өз биігі мен өз бағасын алған тұлғалар бар, солардың бірі Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова. Театр – сегіз қырлы, бір сырлы өнер, сондықтан болар оның қыр-сырын, құпиясы мен маңызын ұғынған адам ғана өнер биігіне жете алады. Осы қасиетті жолмен келе жатқан актрисамыз бүгінгі таңда сахна мен өмірін бір тұтас ағзадай ұстап, ұлттық театр өнерінің дамуына өз үлесін қосуда. Саналы ғұмырын киелі өнерге арнаған актрисамыз 1975 жылы Талдықорғанда ашылған драма театрдың іргетасын қалағандардың бірі. Өмірінің 50 жылынан астамын өнерге арнаған актриса бүгінде театрдың анасы атанып отыр. Сондай-ақ сахнаға жан бітіріп, жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Серік Нұрхалық, Кендебай Темірбайұлы, Аман Қожабеков, Мәкен Нұрмұхамбетова, Әлихан Ыдрышева, Мұса Әжібеков, Базарбек Тоқымтаев, Сағындық Жұмаділ, Ғалия Темербаева бастаған өнер иелерімен бірге ізін жалғап  келе жатқан орта буын Аян Қожбанова, Абай Нұғманов, Сандуғаш Мұңайтпасова, Дастан Пышанов, Ақмарал Төлеуова сынды біртуар таланттар қызмет атқарып жүр. Театрдың негізгі күші – жастар. Талдықорған театрында орындаушылық шеберліктері кісі назарын аударарлық талантты жастардың қатары жетерлік. Солардың қатарында көпшілік көрерменнің көзайымына айналған Роза Қапашева, Ерлік Қалибек, Еркебұлан Айдымбаев, Айгерім Бекболатова, Ақерке Мұстафа, Гүлжазира Тілепбергенова, Жасұлан Заманбеков, Гүлмайра Тілеуғабыл, Айдана Абдрахимова, Толғанай Ағламова және т.б.

Өнер – халықты эстетикалық мәдениет пен биік адамгершілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Соның ішінде, әсіресе, театрдың алар орны айрықша. Бұл киелі мекен қоғамдық ой-сананың негізін құрап, әр адамға рухани байлық сыйлайды. Республикамыздағы сондай өнер ордаларының бірі –  Б.Римова атындағы Талдықорған театры. Тағылымды тарихымен еліміздің мәдени-рухани жағынан кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан театрдың құрылғанына бүгінде 45 жыл.

Айгерім КЕНЖЕБАЙҚЫЗЫ, Б.Римова атындағы Талдықорған театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.11.2023 | 09:38

спасибо

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір