ХАЛЫҚ – ДАНА, КІМ БАР ОҒАН ТЕҢ КЕЛГЕН?..
07.12.2020
1083
0

Шәкәрімнің бес сауалы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы: Әміржан ҚОСАН, саясаткер

 

Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

– Біле білсең, Өмір өзі – дара сын,

Жаратқаным бар пендесін ұнатқан.

Бірақ  кейін берген нағыз бағасын,

Әрқайсысын өткізіп ап сынақтан.

 

Әр ұрпақтың айнымайтын тірегі –

Әке сөзі және  ананың ақ сүті.

Өз мақсұтын Алла өзі біледі.

Мен сезетін Жаратқанның мақсұты:

 

Салыстырып көзі ашық пен наданды,

Бірін – сөгіп, ал біреуін – ұлықтау.

Бес-ақ күндік ғұмыр беріп,

                                           адамды

Пейіш пенен тозаққа деп сұрыптау.

 

Есіргенге бермей қойып еш үміт,

Адамзаттың атқорасын тазалау:

Өз күнәсін мойындаса, кешіріп,

Тәубасына келмегенді жазалау.

 

– Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адам – Алла жаратқанның ерегі,

Жұқты бірақ пендешілік безгегі.

Тіршіліктің адамға ең керегі –

Бақытты ету өзі менен… өзгені!

 

Әр күніңді сүргін нағыз ғашықтай,

Ұмытпағын ар-ожданды, ұятты!

Жүз жасайтын адам жүрер асықпай

Мың жасаған Нұқ пайғамбар сияқты!

 

Өткен күннің жоғалады дерегі,

Терісіндей қоянның ол бір күндік.

Тірі кезде талап қылғын, себебі

Тіршілік – ол Алла берген мүмкіндік!

 

Солай, солай. Бағалай біл Уақытты,

Ол да талай тақырыпты қаузыған:

Өзің бірақ бола алмайсың бақытты, –

Өзгелердің жырып алып аузынан!

 

– Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?

– Пенделердің өтер күні пендемен,

Екі өмірде бар қуаныш, бар қайғы:

О дүние болмысына сенбеген

Бұ дүниені қарық қыла алмайды!

 

Халық – дана, кім бар оған тең келген?

Кітабы оның хадистерден қалың да:

Жаратқанға жалбарынып сенгенмен

Тым әсіре діншілдікке салынба.

 

Шаршаса жас, кітап оқып шаршасын,

Қатар ұста дінің менен  діліңді!

Бір мешітті жүз мектебің қоршасын –

Құдайға да адам керек білімді!

 

Болашағың – мінезде һәм құлықта,

Үйрен білім, ілімдерді жатта бар:

Бақилықты ойла, бірақ ұмытпа

Миссияңды бұл фәниде атқарар!

 

Әр пенденің ойында бар бір айла,

Өлгеннен соң басқа күйге енеді.

Сен сенбесең, сенбей-ақ қой Құдайға,

Бәрібір де Құдай саған сенеді!

 

Ең жақсы адам не қылған кісі?

– Әр адамда болады екен әр шама:

Ең жақсы адам – Алла берген бес күнде

Мың жақсылық жасай алған баршаға,

Бір қиянат жасамаған ешкімге!

 

Ең жақсы адам жаманға да кең еді,

Ешқашан да берілмеген бейпілге.

Алланы да алдағысы келеді

Жаман адам жақсы адамның «кейпінде».

 

Реттеп қойған жалпы менен жалқыны

Өмір – базар, әркімнің бар үлесі.

Біле білсең, Адамзаттың әр күні –

Жамандар мен жақсылардың күресі!

 

Әрбір сәтің – шешуші кез бақ сынар,

Кім екенің көрінеді тегіңнен:

Адалдықтан айни алмай жақсылар

Арам ойлы жамандарға жеңілген.

 

Ұзақ ғұмыр беріп, адам шарласа

Бұл өмірдің ойын, қырын, адырын…

Бірақ, бірақ, жаман адам болмаса,

Жақсы адамның білеміз бе қадірін?

 

– Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?

– Қатар жүріп үміті мен күмәні,

Толқыннан соң толқын келер тізіліп.

Жағдайларға арта берме кінәні:

Заман емес, адам кетті бұзылып!

 

Жалған сенім. Жоқ ондайдың құны түк,

Бұл фәниің – бақилыққа өткелдей:

«Шүкір», «тәуба» дегендерді ұмытып,

Адам өзін Құдай санап кеткендей!

 

Ой-санасын басты ашкөз пайда нық,

Астамшылдың бола ма екен күні ашық?

Парыз кетті қарыздарға айналып,

Кінә кетті күнәларға ұласып!

 

Расын айтам – ұнамасын, ұнасын –

Екіжүздің шығып жатыр атағы:

Апта бойы мойнына алған күнәсін,

Жұма сайын жуып-шайып жатады!

 

Бірі – нәпсі биі, бірі – боданы,

Адамдардың жақсысы бар, жаманы.

Адамына сай болады қоғамы,

Қоғамына сай болады заманы!

 

Бұл заманның қат нәрсесі – ибалық,

Ол болмаса, бар тірлігің күйік те:

Жақсы адамдар қалады екен қиналып,

Жаман адам шығып кетсе биікке!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір