АДАМЗАТ ҒАЛЫМЫ
07.12.2020
1302
0

Үстіміздегі жылы әлем жұртшылығы адамзатқа ортақ ұлы ойшыл Әбу Насыр ибн Мұхаммед әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтуде. Ғұламаның адамзаттық ақыл-ойда алатын орны, дүниетанымының тірек қағидалары және оның мұрасының бүгінгі таңдағы теориялық және практикалық мәні туралы ортағасырлық шығыс әдебиетінің маманы, арабист, түркітанушы және көркем аудармашы  Зифа-Алуа Әуезова ой толғайды.

– Әңгімеміздің басын Фарабидың өсу-қалыптасу жолы, ұстаздары туралы тақырыптан бастасақ.

– Әл-Фараби IX ғасырда Аббасид халифатының шалғай провинциясында, Фараб қаласында мұсылман отбасында туып-өскен.  Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін оның өмірбаянына байланысты еңбектер өте аз. Дереккөздерде оның Фараб қаласынан шыққандығы көрсетілген.

Жасы жиырмаға таяған шағында ол білім-ғылым іздеп, Бағдадқа келеді. Бағдад шаһары ол кезде ғылым мен мәдениеттің, жазу-сызу дамуының және түрлі ғылымдар мен ағымдарды тоғыстырған ірі орталық болатын. Тумысында ақыл-ой-санасы қатып қалған догмадан ада және түрлі үстем дәстүрлерден тәуелсіз жас Фараби Бағдадта дамыған ғылыми, мәдени және идеологиялық ілімдердің бәріне де ашық және жаңалық біткенге құмар болды.

Ол өзінің Құран және оған қатысты білімін Бағдадтағы ислам теологтары еңбектерінің және оларға түсініктемелердің орасан қорымен байытты және несториандықтар арқылы христиан ілімімен,  Платон мен Аристотель сияқты ежелгі грек ғалымдарының еңбектерімен терең танысты. Сирек кездесетін өмірбаяндық дереккөздерге сүйенсек, оның Бағдадтағы алғашқы тәлімгерлерінің бірі Йуханн бин Хайлан несториандық болған.

Фараби тек теологиялық ғылымдарды зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар ол жаратылыс пен ондағы адамның орны туралы қалыптасқан тұжырымдамаларға қызығушылық танытты, ұстазы  Йуханн бин Хайланнан логика, медицина және әлеуметтануды оқыған.

Шығыста және Бағдадта ежелгі грек философиясымен Әл-Фарабиге дейін Әбу Юсуф Әл-Кинди (Батыста Алкиндус ретінде танымал) деген ғалым айналысқан.  Әл-Кинди – Аристотельдің трактаттарына жүгініп, оларға шолу мен түсініктемелер жасаған алғашқы мұсылман ойшылы. Ол метафизика, логика, математика, медицина, музыка, оптика туралы трактаттардың авторы болған. Жас әл-Фарабидің ежелгі грек философиясына келуіне, Аристотель мен Платон және пифагорлықтардың еңбектеріне деген қызығушылығын оятуға Әл-Киндидің әсері болғандығы сөзсіз.

Трактаттарын жазу барысында ғалым Мысырға, Мороккоға сапар шегіп, Алеппода дәріс берді. Ал өмірінің соңғы жылдарын Хамданид билеушісі Сейф ад-Даулдың қамқорлығымен Дамаскіде өткізді. IX ғасырдың аяғында мұсылман әлемі үлкен кеңістіктерді жаулап алды, бірақ ол Әл-Фарабиді тұлға ретінде де, ғалым ретінде де құндылықтардың бір жүйесінің шеңберімен шектей алған жоқ.

Әл-Фарабидің еңбектерінде үйлесім, үйлесімділікпен қатар тұтастық және біртұтастық туралы көп айтылады. Ол бұл ұғымдарды тұлға тұтастығы мен адамның өзін-өзі тануы және жалпы таным ұғымымен қалай байланыстырады?

– Әл-Фарабидың көзқарасының жан-жақтылығы соншалық, оны адамның өзін-өзі тану Ұстазы деп атауға болады.

Дегенмен, оның дүниетанымының негізгі тірегі – тұтастық және біртұтастық. Тұлға, яғни, жақсылық пен тәртіпке ұмтылған адам біртұтас жүйенің бөлігі ретінде өзінің табиғи мүмкіндіктеріне сай өз жолын табуы керек.

Фараби «Құдай – жалғыз және ол адамның ақылы аумағынан тыс сферада әрекет ететін Интеллект» -дейді.  Егер Құдайды үнемі өзін-өзі зерттеп, өзгеріп отыратын Ақыл десек, онда ол жаратқан адам да туа біте білімге ұмтылады. Ғаламды Құдайдың дәл осы зияткерлік әрекеті жаратты. Ғаламның жаратылысын Әл-Фараби кездейсоқ құбылыс емес, Интеллект жаратқан Космостың бір бөлігі деп түсіндіреді. Сондықтан да әрбір адам өзін Ғаламдық Интеллекттің, яғни біртұтас әлемді құраушы бөлшектің бірі ретінде сезіне алады. Бұл өте маңызды, себебі ол адам баласына бір-бірін өзара бірлікте, бірлестікте тұтас дүние ретінде сезініп, бөлініп-бөлшектенбеу жауапкершілігін жүктейді.

Осылайша ол адамның санасы мен логикасына әбден түсінікті де қонымды Әлем Бейнесін жасайды. Басқаша айтқанда, үйлесімділік интеллектуалды жағынан да, логикалық жағынан да Жаратушының ниетіне сай, ал осы үйлесімділікті бұзатын барлық нәрсе – керісінше, логикаға сыймайды және дұрыс емес. Яғни, музыкада, саясатта, адам өмірінде немесе басқа да кез келген салада үйлесімділіктің бұзылуы қашанда логиканың бұзылуына әкеледі. Мұндайда ежелгі үнділердің « Құдай адамды жазалағысы келсе, алдымен оны ақылынан айырады» деген идеясы еске түседі.

Әл-Фараби музыка туралы трактатында әл-Киндиден және Пифагор мен Платон дәстүрлерінен кейін үйлесімді дыбысқа қалай қол жеткізуге болатындығын, қай аккорд үйлесімді, қайсысы сәйкес келмейтінін түсіндіреді. Аккорд үйлесімділігі пропорциялар дұрыстығында, әл-Фараби мұны Күн жүйесіндегі планеталардың орналасу пропорциясымен салыстырады. Сөйтіп, ол неоплатониктердің «аккорд мінсіз болса, бүкіл әлем жақсарады» деген идеясын жалғастырды. Үйлесімділік те дүниедегі барлық нәрсе сияқты Жаратушының ниетінен туады. Адам ақыл-ой арқылы өмірін өмірді танып-біліп, үйлестіре отырып, оны жақсарта алады. Сонымен қатар мінсіз үйлесімділік бар жерде, оны бұзатын және оған мүлдем қарама-қарсы – таза үйлесімсіздік те бар. Мұндай үйлесімсіздік адам бойындағы дін мен халықтар арасындағы қарым-қатынастағы, соғыстар мен үргін-сүргінге қатысты тұтастықты бұзады.

Әл-Фараби дүниетанымының тұтастығы әлемдік орасан зор ғалымдарды шабыттандырды. Тұлғалық тұтастық, барлық нәрселердегі тұтастық, адамдар мен халықтар арасындағы қарым-қатынас тұтастығы – қай замандарда да адамдарды біріктіретін векторлар. Мұндай дүниетаным жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылған қоғамдардан құралған әлемді құтқара алады.

Фараби «Ақиқат» ұғымын қалай түсіндіреді? Оған жету мүмкін бе?

Әл-Фарабидың иерархиялық жүйесінде адам баласына ерекше орын беріледі: бір жағынан, адамдар өмір сүретін материалдық дене және жалған дүние.  Бұл – «төменгі» деңгей. Бірақ адамның ойлау қабілеті оны «жоғары» сферамен байланыстырады. Адам баласы бақытқа немесе мінсіз әлемге тек үнемі ізденіп, танып-білу мен ойлау нәтижесінде қол жеткізе алады.

Белгілі бір нәрсені тану немесе «Ақиқатқа» жету барысында адамның ақыл-ойы таным объектісінің мәнін түсінеді. Мұны ол өзінің Ай сферасымен байланысты тізбегінде «Белсенді Ақыл» немесе «оныншы реттегі Ақыл» деп атайды.  Адам белгілі бір білімді игергеннен кейін өзі үшін қалай өмір сүру керектігін шеше алады:  әділ өмір сүру керек пе, әлде жоқ па?! Шынайы бақытқа ұмтылу керек пе әлде жоқ па?! Адам тек ненің дұрыс, ненің бұрыстығы туралы ойлана білгенде ғана «Белсенді Ақылға», яғни, Ақиқатқа жақындай алады. Ойлай білетін және адал да тақуа адамның жаны ғана өлгеннен кейін мәңгі өмір сүре алады.

– Адамзат баласы жаратылғалы бері түрлі соғыстарды бастан кешіп келеді. Осы соғыстар Фараби айтқан үйлесімділік пен ақиқаттың ауқымына қаншалықты сыйымды?

– Кез келген соғыс – ғаламның тұтастығы тұрғысынан алғанда қисынсыз, мәселе жалпы гуманистік дәстүрлер мен идеяларда ғана емес, мәселе Фараби айтқан ғаламдық логиканың жоқтығында және үйлесімділіктің бұзылуында.  Сондықтан да Әл-Фараби соғыс пен бейбітшілік тақырыбын ашық қозғамай-ақ, бізді өзінің бүкіл дүниетанымы мен логикасы бойынша әлем, ғалам дегеніміз – соғыссыз өмір сүру деген тұжырымға әкеледі. Қақтығыстар мен соғыстарға, әлемді бөлшектеуге, адамдардың өліміне әкелетін құбылыс – мұның бәрі, ең алдымен, үйлесімсіздік. Үйлесімділік өмірдің барысын, құрылымын бұзуға мүмкіндік бермейді.  Ақылды адам әлемдік интеллекттің бір бөлігі және ондағы өз орнын білетін үйлесімді адам ретінде ешқашан соғысқа, қақтығысқа бара алмайды. Пайғамбар Әл-Фарабидың трактаттарында берекелі қоғамды басқаратын, сезімтал және дана, үйлесімділік дегеннің не екенін жақсы түсінетін және бәрінен де жоғары интеллект иесі ретінде суреттеледі. Оның ешқашан қоғамды соғыс жағдайларына әкелмейтіні айдан анық.  

Бүгінгі қоғам үшін Әл-Фараби мұрасының құндылығы неде?

Әл-Фарабиды оқу керек және оның тереңдігіне бойлап оқу керек, сонда ғана адамның дүниені түсіну қабілетінде өзгерістер жүруі мүмкін.

Әл-Фараби дүниетанымының негізгі тірегі – тұтастық және біртұтастық.

Оның ІХ-Х ғасырлардағы кез келген дінге, кез келген халыққа төзімділік, дүниенің барлық көріністерін танып-білуге дайын болу және үйлесімділік пен тұтастық және біртұтастыққа негізделген бүкіл адамзатты біріктіретін дүниетанымы оны жаһандық ауқымдағы ойшыл ретінде танытты. Оның еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, өмірді терең де жан-жақты түсінуге негіз болды. Бүгінгі цифрлық технологиялар мен жаһандық процестер дәуірінде әлемді түсінуде тұтас көзқарас өте маңызды, өйткені онсыз саясат та, адамдармен қарым-қатынас та мүмкін емес. Ежелгі философияны сақтап, дамытқан Әл-Фараби, Авиценна және Аверроэс сияқты шығыс ғалымдарының арқасында Еуропа талай ғасырлар бойы қақтығыстар мен соғыстарға  батырған орта ғасыр схоластикасы мен қарама-қайшылықтарға толы догматизмді жеңіп шықты. Оның жалпыадамзаттық проблемалар мен құндылықтарға бағытталған философиясы Шығыс пен Батысты, әртүрлі конфессиялар мен этникалық топтарды біріктіруге көмектеседі. Бейбітшілік пен «шынайы бақытты» насихаттайтын мұндай философияның негізінде соғыс атауымен жоқ. Сондықтан әл-Фараби мұрасына жүгіну – біз өмір сүріп жатқан әлемді сақтаудың бір тәсілі. Әл-Фараби мәдениеттер диалогына тікелей шақырмаса да, көптеген халықтардың тәжірибесін бойына сіңірген және партия, конфессия және ұлттардың бәріне ортақ философияға негізделген әмбебап зияткерлік модель жасап шығарды. Оның философиясы бірде-бір дінді, бірде-бір халықты кемсітпейді. Мұсылмандар немесе христиандар немесе пұтқа табынушылар немесе жеке адамдар үшін бөлек үйлесім жоқ, ол – біртұтас, тек адам өмірінің негізі мен барлық нәрсенің түпкі себебі болып есептелетін баршаға ортақ үйлесімділік, ақыл-ой үйлесімі ғана бар.

Арада қаншама ғасырлар өтсе де, әл-Фарабидың есімі  тарихта ешқашан ескірген емес. Себебі неде деп ойлайсыз?  

Әбу Насыр ибн Мұхаммед әл-Фараби – Шығыстың ортағасырлық философиясының аса ірі өкілдерінің бірі де бірегейі.

Ол – бүкіл әлемді өзінің тақырып палитрасы кең энциклопедиялық трактаттары арқылы мойындатқан ғалым.  Жаратылыс негіздерін жекелеген халықтардың ғана емес, бүкіладамзаттық дүниетаным тұрғысынан бірлікте, бірлестікте қарастырған бірден бір ғалым.

Әл-Фараби – өзіндік ерлік жасаған адам. Оның ерлігі – өзінің біртұтас әлемге деген көзқарасын дәлелдей білуінде және Мұсылман халифатында танымал философ бола отырып, түрлі діндер, халықтар мен зияткерлік ағымдардың қарама-қайшылықтарына қарамастан, олардың барлығын бақытқа, шындыққа және білімге деген ұмтылыс біріктіретіндігіне деген берік сенімінде.

Фараби ғылым арқылы мұсылман, христиан және христианға дейінгі дүниетанымдардың заманауи зияткерлік синтезін жасап, перспективалы және өнімді философиялық модель құрды. Ол – әлемдік тарихта Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзіндік диалогын орнатқан және адам баласына тұтас та қақтығыссыз әлемді түсінудің мәнін көрсету арқылы Шығыс үшін де, Батыс үшін де тартымды ғылыми және дүниетанымдық тұжырымдамаларды жасады. Сөйтіп, Әл-Фараби өзінен кейін Шығыста еврей ойшылы Маймонид пен парсы философы Ибн Сина (Авиценна) жалғастырып, кейінірек Еуропа ғалымдарын шабыттандырған жаңа зияткерлік тізбекті бастады десек те болады. Осы тұрғыдан алғанда, мен әл-Фарабиды Әлемнің Зияткер Азаматы дер едім.

Ғылыми ортада әл-Фарабиды оның өмір сүрген дәуірінің нормалары бойынша басқаша ойлау өкілі деп қарастырады. Бұл, әрине, кездейсоқ емес, себебі, оның көзқарастары мен идеялары замандастарының ғылыми пікірталастарында қолданылған жанрлардың ауқымынан әлдеқайда кең. Ол өз шындығын түрлі дүниетанымдар мен оларға қарама-қарсы идеялар бірлестігінен іздеді.

Фараби ғылымдарды жіктей отырып, өз заманындағы әлемді танып-білудің барлық белгілі салаларын түгелдей суреттеп, олардың алдында тұрған мақсаттарын толықтай ашып көрсетеді. Ғалымның бұл классификациясы бүгінгі таңда да қажеттілікке айналып отыр, мысалы, Пәкістанның білім-ғылым жүйесі өзінің ғылыми қызмет құрылымын қайта қарастыруда күні бүгінге дейін әл-Фараби классфикациясына жүгініп отыр. Бұл осы елдің білім саласын жаңа сатыға көтеріп, жақын арада басқа елдерде де сұранысқа ие болуы мүмкін.  

Міне, сонау ІХ ғасырда өмір сүрген ғұлама есімінің ғасырлар өтсе де еселене жаңғыра түсуінің себебін оның осындай рухани, ғылыми және тұлғалық тереңдігінен іздеуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қалдыгүл ЖАНЫБАЕВА

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір