БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ КӨҢІЛ БӨЛУ ҚАЖЕТ
Балаңызды аш қалдырмайсыз. Кемі үш уақыт тамақтандыратыныңыз анық. Тәнін қоректендіріп, ата-анаға тән парызыңызды өтеп жүрсіз. Ал рухын немен қоректендірдіңіз? Тек қарын тойдырудың соңы – тоғышарлық. Ал рухы уызға жарыған баладан елінің ертеңін ойлай алатын көкірек көзі ашық жан өсіп, тәрбиеленбек.
Осы мәселеге орай Тіл саясаты комитеті жақында жас жазушылармен кездесу өткізіп, балаларға арналған кітаптарға қатысты ұсыныстарын алған. Сол жиында балалар кітабының сапасы мен санына жауапты құзырлы сала басшыларымен тағы бір тереңдете талдау жасау мәселесі ұсынылған.
Осы тұрғыда Тіл комитеті балаларға арналған кітаптардың сапасы мен санына қатысты депутаттық сауалдар жолдап жүрген Парламент депутаттары, балаларға арналған кітаптардың авторлары мен кітап саудасымен айналысатын дүкен жүйесі қожаларының басын қосып «Бүгінгі күні, елімізде бала психологиясына тән қызықты кітапқа неге зәруміз? Кітап дүкендерінде соның ішінде ірі сауда орталықтарындағы кітап сауда желісі дүкендерінде қазақ балалар кітаптары неге аз?» — деген мәселелер бойынша конференция өткізді.
Конференция Президент Қ.К.Тоқаевтың Жолдауына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруда халыққа жақын болу, қоғаммен кері байланыс орнату міндетін жүзеге асыру тапсырмасын орындауды мақсат етеді.
Автор. Баспа. Кітап дүкендері. Осы үшеуінің арасында мықты байланыс болғанда ғана балалар кітаптарының саны мен сапасын көтеруге болады. Осы тұрғыда Тіл саясаты комитеті қандай жұмыстар атқарды, болашаққа бағдары қандай деген сауалдар бойынша және өзге де түйткілдер турасында төмендегі мәселелерді ортаға салды.
Комитет баспа ісінде үйлестіріп отырған «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында балалар әдебиетін басып шығарып, республика, облыстық кітапханаларға таратуда. Мәселен 2017-2019 жылдарда 165 млн. теңгеге 83 000 дана таралыммен балалар әдебиетін басып шығарды. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу бағытында 20-ға жуық балалар шығармаларының авторлық құқықтарын сатып алып, басып шығаруда.
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ақпаратына сәйкес 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті әрқайсысы 1000, 1500 данамен жарық көрген. Тәуелсіздік жылдарында балалар кітаптарының 70% мемлекеттік тілде басылып шыққан. Бұл — Кітап палатасына келіп түскен міндетті даналар бойынша статистикалық ақпарат.
Бұдан бөлек балалардың руханияты мәселесі назардан тыс қалған емес. Әр жылдары балалар әдебиетіне қатысты кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастырылуда. Мәселен 2018 жылы министрліктің қолдауымен Халықаралық балалар әдебиеті форумы өткізілді. Сондай-ақ балалар әдебиеті жайында жазылған сын-мақалалар да аз емес. Қоғамдық ұйымдар тарапынан «Дарабоз», «Алтын тобылғы» байқаулары өтті.
Жалпы елімізде балалар әдебиетін тұрақты түрде басып шығарумен «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспалары және «Атамұра корпорациясы» айналысады. Аталған баспалар республикалық бюджеттік бағдарламаларға қатыстырылып отырады. Кейбір баспалардың еліміздің аймақтарында кітап дүкендері желісі орналасқан.
Алайда бүгінгі күні, елімізде бала психологиясына тән қызықты кітапқа деген зәруліктің болуы, кітап дүкендерінде соның ішінде ірі сауда орталықтарындағы кітап желісі дүкендерінде қазақ балалар әдебиетінің төмен көрсеткіші қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Баспалардан жарық көретін балалар әдебиетінің басым бөлігі шетел аудармалары, ал дүкендерде заман талабына сай балалар әдебиетінің саны төмен.
Министрлік балалар әдебиетінің балалар тәрбиесі үшін маңыздылығын ескере отырып, биыл «Мәдениет туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, Кітап палатасы жанынан бірнеше жобаларды 2021 жылдан бастап жүзеге асыруды жоспарлауда. Соның бірі «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқаулары. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қомақты сыйақымен марапатталатын болады. Іріктеу барысында заманауи технологиялардың қолданысымен жазылған кітаптарға ерекше назар бөлінеді. Мәселен, аудиокітаптар, 3D, 5D кітаптар, түрлі хош иісті кітаптар, дыбыстық кітаптар және басқа да сұраныстағы өнімдер. Бұдан бөлек «Асыл сөз» жобасы аясында әр тоқсан сайын балалар әдебиетін насихаттауда балалар қаламгерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Сұхбаттың видеосы, жазбаша түрі БАҚ-тарда жарияланып отырады. Бізде қазақ балалар әдебиеті ерте заманнан қалыптасқан. Қазақ балалар әдебиетінің асыл мұраларын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында биылдан бастап «Балалар әдебиетінің алтын қоры» құрылды. Алтын қорға Кітап палатасының мұрағатында сақталған (1937 жылдан бастап) балалар әдебиеті шығармалары іріктеліп, енгізілуде.
Бүгінде балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген авторлар аз емес. Алайда олар өз оқырмандарын қанағаттандыра алмай отыр. Әрине қазіргі таңдағы балалар әдебиеті өзге ел мәдениеті мен әдебиеті дәстүрінен үлгі алған сапада ғана емес, жаңашылдыққа бой алдырған төл шығармалар болуы қажет. Осы орайда авторларымыз ер жүрек, өз отанының патриоты, ардагері болуға жетелейтін адал адамның қазіргі заманғы образын жасайтын шығарма жазуды игеруі қажет. Біріншіден, мұндай шығармалар Егеменді ел құрылысына қажырлы күш жұмсайтын адал ұрпақты тәрбиелейді. Екіншіден, балалар шығармасын жазғанда олардың жас ерекшеліктері ескеріліп (үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға), әрбір сөз баланың уылжыған жас жанына қозғау салып, сұлу суреттерімен эстетикалық әсер ететіндей болса, жеткіншектердің келешегіне жол ашып, оларды өмірге икемді, төзімді күрескер етер еді. Үшіншіден, балалар әдебиетін ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланыстырса, яғни ғылым мен технологияның қарыштап даму сатысында өмір сүріп отырған бүгінгі бала оқырманды қандай шығарма сүйсіндіруі, түйсіндіруі мүмкін деген зерттеулер жүргізілуі қажет. Себебі балалар әдебиеті — ұлт мәдениетінің мықтап қаланған іргетасы. Төртіншіден, жасөспірімдерге арналған шығармаларда сөз мәдениеті мен эстетикалық талғам жоғары. Бұл жастағы оқырмандар (11 мен 14 жас аралығындағы) осы кезде үлкендерге еліктеп, өздеріне лайық мамандық іздеуді арман ете бастайды. Сондай-ақ олар көбінесе ғылыми – фантастикалық кітаптар мен саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады. Өкінішке қарай қазір елімізде жеткіншектерге арналған фантастикалық әдебиеттер жоқтың қасы. Шындығын айту керек, жас оқырмандар шетелдік авторлардың (ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» кітабын) шығармаларымен сусындауда. Бесіншіден, балалар әдебиеті мазмұнында трагедия болмауы керек, себебі баланың сезімі нәзік, олар мейірімді қалап тұрады. Алтыншыдан, баспалармен бірлесіп елімізге танымал романдарды ықшамдап жазып, шығару.
Елімізде кітап шығарушы ұйымдар да баршылық. Алайда олардың қазіргі нарыққа төтеп беретін бәсекеге қабілеттілігі дамымауда. Отандық баспалардың маркетингтік, менеджменттік саласы жолға қойылмаған. Осы ретте өз өнімдерін нарыққа шығарып, пайда таба алмауда. Сондай-ақ қазіргі таңда оқырмандар кітаптың сыртқы және ішкі безендірулеріне де мән береді. Кітап дизайны да эстетикалық дамуды қажет етеді. Баспалар жас оқырмандар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде аударма әдебиет емес, қазақ төл балалар әдебиетін басып шығаруды қолға алса дейміз. Бұл жағдайда баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының баспалардың халықаралық кітап-жәрмеңкелеріне қатыстырылуын ұйымдастыруы отандық баспалардың дамуына ықпалы зор.
Балалар әдебиеті кітап дүкендері желісінде қазақ тілді балалар әдебиеті контентіне басымдық беруіміз қажет. Ол үшін ірі сауда орындарындағы кітап дүкендері желісі қазақстандық баспалармен бірігіп жұмыс істеу тетіктерін қарастырса. Балалар әдебиетін дамытуда жүргізілген зерттеулер барысында әлемдік тәжірибеге сүйенсек балалар әдебиеті өкілдерінің мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан арнайы мемлекеттік сыйлық, сондай-ақ президенттік степендиялар, медальдар тағайындау қарастырылған. Сонымен қатар балалар әдебиетін дамытуда, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда кітапханалардың үлесі өте жоғары.
Осы ретте:
— Балалар әдебиеті оқылымы бойынша мектеп кітапханалары мен мәдениет саласындағы кітапханалар байланысын нығайту;
— Аталған кітапханаларда, жалпы қоғамда балалар әдебиетіне қатысты өткізілген шараларды БАҚ-тарда жиі көрсету қажет.
Балалар әдебиетін дамытуда қоғам болып атсалысу орынды. Жалпы қалам ұшынан шыққан жаңа туындының одан әрі аяқтанып кетуіне үш бірліктің, яғни автор – баспа – кітап дүкендерінің бір жүйеде жұмыс істеуінің маңызы зор.
Конференцияда сенаторлар Н.Төреғалиев осы салаға бей-жай қарай алмайтындығын білдіре отырып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы балалар әдебиетіне жеке қаражат бөлуді қолдайтынын, «Балдырған», «Айгөлек», «Ақжелкен» т.б. балалар журналы мен газеттер таралымын көбейту, ауылдық жерлердегі балаларды осы басылымдармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ бүлдіршіндерді жастайынан мәдениеттілікке, өнерге, шеберлікке, эстетикалық талғамға үйрететін балалар журналдарын шығаруды сөз етсе, А.Қапбарова балалық шағының кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетінің шарықтаған шағында өткенін еске түсіре отырып, тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиетінің осы деңгейге жетуіне қолынан келгенше ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі таңда балалар әдебиетіне насихаттың жоқтығын атап өтті.
Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі мүшесі Қ.Жолдыбай елімізде болып жатқан пандемия жағдайына байланысты енгізілген шектеулер кезіндегі бос уақытын балаларының кітап оқуға көңілін бөлу барысында ірі сауда орындарындағы кітап дүкендерінен бірді екілі қазақ тіліндегі балалар әдебиетінен басқа кітаптарды кездестіре алмағанын жеткізе отырып, балалар әдебиетіне қатысты мәселелерді 2020 жылғы 26 қыркүйекте Алматы қаласында Мемлекет Басшысының қабылдауында болғанда көтергенін айтты. Балалар әдебиетін насихаттауда жарнаманың болуын, балалар әдебиетін жазуға тапсырыс беру жолдарын ұсынды. Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ү.Мұңалбаева балалардың сауатсыздық деңгейінде біздің мемлекетіміз 100-дің 67- орнында екенін атап өтті. Қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетінің төмендеуінен балалардың да оқу зейіні дұрыс қалыптаспай отыр деді. Балалар руханиятын көтеруде 2021 жылды балалар әдебиеті жылы деп атауды Үкіметке ұсынатынын жеткізді.
«Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов жалпы балалар әдебиетінде 20-дан астам жанр бар. Журнал осы жанр бойынша балаларға қызмет етуде. Алдағы уақытта «Балдырған» журналының бір жылдық жинағын (12 журнал) балалар кітабы етіп басып шығаруды ұсынды.
Конференция барысында қатысушылар қазақ ертегілерін жаңаша үлгіде жазу, жаңа кейіпкерлерді өмірге әкелу, қазіргі балалардың нені қалайтынын, оларға қандай әдебиеттің қызық болатынын зерттеу керегін талқылады. Сондай-ақ балалар әдебиетін дамытудың тетіктері, ақын-жазушылардың заманға ілесетін тақырыптарды игеруі, кітап нарығындағы қазақ тілді контенттің үлесі, баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, төл әдебиеттің жауһарларымен сусындату т.б. балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелері жөнінде сөз қозғалды.
Осы орайда конференцияға қатысқан Парламент депутаттары, құзырлы органдар басшылары, балалар жазушылары, баспа басшылары және кітап дүкендері жүйесі башылары мен қызметкерлері қатысқан коференцияда сөз алғандардың ұсыныстарын ескере отырып, Қарар қабылданды. Жиналған қауымның ұсынысын жеткізу бізге парыз. Бұл орайда Үкіметтің мынандай мәселелерге көңіл бөлу қажеттігі ұсынылды:
Әлемдік тәжірибеге сәйкес балалар әдебиеті өкілдеріне арнайы мемлекеттік сыйлық, сондай-ақ Президенттік стипендиялар бөлу, медальдар тағайындау;
Еліміздің заман талабына сай Ұлттық балалар әдебиеті кітапханасын ашу;
Балалар әдебиеті жылын жариялау;
Жастар әдебиеті жылын жариялау;
Ал Мәдениет және спорт министрлігі отандық баспалармен бірлесіп мына мәселелерді ескерсе:
Балалар әдебиетінің жаңашылдыққа бой алдырған, сөз мәдениеті мен эстетикалық талғамы жоғары төл шығармаларын сатып алу, басып шығару;
Балалар әдебиеті жанрлары бойынша энциклопедиялар шығару;
Мемлекеттік бағдарламаларға аймақтардағы жас ақын-жазушыларды көбірек тарту;
Мемлекеттік театрларда жас драматургтердің шығармаларын қою мәселесін жүйелеу (белгілі бір үлесін айқындау).
Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне де төмендегідей ұсыныстар айтылды:
Балалар журналдары мен газеттердің таралымын көбейту, ауылдық жерлерге жеткізу;
Елімізде балаларды ерте жастан мәдениетке, эстетикаға, өнерге баулитын журналдарды басып шығару;
Медиа саласында бүлдіршіндерге, қаламгерлерге арнап және олардың шығармаларын насихаттауда, балалар әдебиетін, кітап оқу мәдениетін дамытуда тележобалар, түрлі бағдарламалар санын көбейту;
Әдеби процестегі жас қаламгерлердің әрекетін, рөлін тану, мемлекетпен бірлесе жұмыс жүргізу механизмін анықтау.
Балалар өміріне жақынырақ сала ҚР Білім және ғылым министрлігімен, Қазақстан жазушылар одағымен бірлесіп:
Жастарға арналған әдеби альманах шығару (жылына екі рет);
Жас қаламгерлерге арнап әдеби фестивальдер (өлкелік, аймақтық) ұйымдастыру;
ҚР Білім және ғылым министрлігіне:
Балалар психологиясын, әдебиетін зерттейтін институт құру;
Балалар әдебиеті суретшілері, дизайн кадрларын дайындауда грант көлемін ұлғайту;
Мектеп кітапханаларын балалар әдебиетімен толықтыру, балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңа форматын қарастыру.
Сол тәрізді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп:
Әдеби альманахты (6 айда бір рет шығады) жоғары оқу орындарында, колледждерде білім алушы студенттерге жеткізу;
Жаңа кітапты, жаңа шығарманы білім беру мекемелерінде (балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында) насихаттауға қолдау білдіру;
Балалар журналдарына жазылуды жолға қою;
Білім беру мекемелері кітапханаларында балалар әдебиетін, жастар шығармаларын көптеп тарту, авторлармен, соның ішінде жас авторлармен онлайн кездесулер ұйымдастыру.
Одан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктері Жазушылар одағымен бірлесіп:
Аймақтарда қалам тартып жүрген жеткіншек және жас ақын-жазушыларды қолдау; республикалық байқауларға қатыстыру;
Балалар әдебиеті авторларын ер жүрек, өз отанының патриоты болуға жетелейтін адал адамның қазіргі заманғы образын жасайтын шығармалар жазуға ынталандыру;
Аймақтардағы балалар кітапханаларын дамыту;
Бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру;
Ал балалар әдебиетін, оларға арналған кітаптардың дүниеге келуіне тікелей қатысы бар Қазақстан Жазушылар одағы мына мәселелерді назарға алса:
Балалар жазушыларының қазіргі заман талабына сай тақырыптарды игеруіне ықпал ету;
Балалар шығармасын жазғанда олардың жас ерекшеліктерін ескеруді;
Балалар әдебиетін ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланыстыруды;
Жасөспірімдерге арналған шығармаларда сөз мәдениеті, эстетикалық талғамның жоғары болуын;
Балалар әдебиеті мазмұнында трагедия болмауын қадағалау.
Баспалармен бірлесіп елімізге танымал романдарды жасөспірімдерге арнап ықшамдап жазып, шығару;
Аймақтардағы жас ақын-жазушыларды одаққа мүшелікке тарту.
«Әдеби-өлкетану» жобасына жас ақын-жазушыларды тарту;
Жас сыншылардың біліктілігін көтеретін курстар ашу;
Қазақ әдебиетін манипизациялау (әдебиет арқылы қоғамның санасына әсер ету).
Ал кітапты басып шығару, оның тартымдылығы мәселесіне орай баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясы:
Отандық баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдерін қарастыру;
«Автор – баспа – кітап» дүкендері арасындағы байланыс жүйесін қалыптастырып, кітап таралымын ұйымдастыру;
Кітап дизайнының эстетикалық дамуын қалыптастыруда баспаларды халықаралық кітап-жәрмеңкелеріне қатыстыру, тәжірибе алмастыруды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе деген ұсыныстар айтылды.
Бүгінде әлемнің барлық елдері балалардың дамуына тікелей әсері бар кітап, мультфильмдер, балалар театры, балалар кітапханасы сияқты рухани дүниеге стратегиялық мәселе ретінде ерекше сергек қарайды. Әсіресе олардың осы өнімдер мен қызметті ана тілінде алуы ерекше маңызды. Балғын шағынан өз ұлтының руханиатыныың уызына жарыған бала өсе келе өз елінің шын жанашыры, арқасүйері болып өсері анық.
Әділбек ҚАБА, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы
ПІКІРЛЕР1