Маттиас ДЕТЕРМАНН, ғалым: Қаныш Сәтбаев өзге ғаламшарлардағы өсімдіктерді зерттеген
27.11.2020
1112
0

Маттиас Детерманн – ғылыми-фантастика жанрын зерттеп жүрген неміс ғалымы. Ол Австриядағы Вена университетінде және Ұлыбританиядағы Лондон университетінде оқыған. Осы уақытқа дейін 4 кітабы шыққан М.Детерманн неміс, ағылшын, француз, араб тілдерінде еркін сөйлейді және латын, мальта, италия тілдерін аздап біледі. Ғалым қазір Катар астанасы Дохадағы Вирджиния достастық университетінің (АҚШ) бөлімшесінде қызмет атқарады.

– Маттиас мырза, жуырда «Ислам, ғылыми фантастика және бөгдеғаламшарлық өмір: мұсылман әлеміндегі астробиология мәдениеті» («Islam, Science Fiction and Extraterrestrial Life: The Culture of Astrobiology in the Muslim World») деген кітабыңыз жарық көргенін естідік. Құтты болсын! Осы зерттеу еңбегіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Менің жаңа кітабыма қызығушылық танытқаныңыз үшін көп рақмет! Мұнда мұсылман халықтарының әдебиеті мен мәдениетінде ғылыми-фантастика жанры қалай дамып жатқанын, мұсылмандар бөгде ғаламшарлардағы өмір жайлы не ойлап, қиялдайтынын зерделедім. Зерттеу барысында Бангладеш, Индонезия, Иран, Пәкістан және Түркиядан шыққан азамат­тар көмектесті. Олардың арқасында араб, бенгал, ағылшын, парсы, түрік, урду тілдеріндегі романдар мен әңгімелерді оқып, киноларды көріп, ойындармен таныстым. Өкінішке қарай, маған бұл салада қазақ менталитетінен мәлімет беретін кісіні зерт­теу жұмысыма тартуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, оқырмандарды мұсылман ұлттардың келешектегі ғұмыры және өзге ғаламшарлардағы өмір жайлы бір-біріне ұқсамайтын сан алуан таным-түсінігімен таныстырдым деп үміттенемін.

– Зерттеу еңбегіңізге неге бұл тақырыпты таңдадыңыз?
– Бала кезімнен ғылыми фантастика жанрындағы шығармаларды көп оқып, бұл бағыттағы фильмдерді де үзбей көремін. Мысал ретінде, америкалық мамандардың күллі дүниеге кең таралған туындысы «Жұлдызды жолды» («Star Trek») атап өтейін. Есейген соң, яғни 2000 жылдардың басында Таяу Шығыстағы және араб әлеміндегі саясат, саяси шиеленістер қызықтыра бастады. Мәселен, отбасымызбен және достарымызбен 2003 жылы Иракқа жасалған басқыншылықты талай мәрте талқыладық. Сөйтіп, 30-ға келгенде, екі қызығушылығымды бір арнаға тоғыстырып, Ислам әлемі бөгде ғаламшарлардағы өмір туралы не ойлайтынын зерделеуге кірістім.

– Қазақ та әлімсақтан Ислам дінін ұстанатын халық. Мұсылман елдері жайлы біраз ақпарат жинапсыз. Қазақ ұлтының әдебиеті мен мәдениеті немесе жалпы Қазақстан жөнінде не білесіз?
– Адамзаттың ғарышқа ұшуында Қазақстан жетекші рөл атқарды. Жаһандағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа сіздердің еліңіздегі Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқанын күллі дүние біледі. Сонымен бірге, Алматы маңызды астрофизикалық және астробиологиялық зерттеулердің орны болды. Бұдан бөлек танымал фантаст-жазушы Александр Казанцев 1906 жылы Ақмола облысында туған. Негізі, халықаралық деңгейде аты шыққан қайраткерлердің көбі орыс ұлтынан болғандықтан, өздерін мұсылман ретінде таныстырған жоқ. Бірақ мұсылман дініндегі қазақтардың арасында да ғарышты зерттеуге қатысты жобаларға атсалысқан тұлғалар болды. Мысалы, Қаныш Сәтбаев Қазақстан Ғылым академиясының президенті ретінде өзге ғаламшарлардағы өсімдіктерді зерттеуге қолдау білдірді. Тағы бір дерек айтып өтейін: 1950-1951 жылдары Памир тауының шығысында, құрғақ әрі суық жерде өсетін өсімдіктерді ғалымдар зерттеген. Өйткені, олар климаты осыған ұқсас Марс ғаламшарында өсімдіктердің өсе алатынын немесе өсе алмайтынын анықтағысы келіпті. Міне, кітап болып басылып шыққан осы зерттеуге Б.Б.Интыкбаева және Ж.Қуатова деген кісілер де атсалысқан. Аты аталған бұл адамдар сол кезде Алматыдағы Қазақ Ғылым академиясының астроботаника бөлімінде қызмет еткен екен. Ізденіс барысында қазақтар және қазақстандықтар жайлы осындай мәліметтер кездесті.

– Өмірбаяныңыздан сыр шертсеңіз.
– 1984 жылы Германиядағы Мюнхен қаласында тудым. Әкем заң саласында басшылық қызмет атқарса, анам ұстаз болды. Олар кітапты өте көп оқитын. Әке-шешемнің арқасында кітапқа бай үйде өсіп, ғылымға деген ынтам оянды. Мен Австриядағы Вена университетінде және Ұлыбританиядағы Лондон университететінде оқыдым. 2013 жылдан бері Катар астанасы Дохада тұрамын. Вирджиния Достастық университетінің (АҚШ) осындағы бөлімшесінде оқытушымын. Бүгінге дейін төрт ғылыми еңбек жазып, кітап қылып шығардым.

– Неше тіл білесіз?
– Неміс, ағылшын, француз, араб тілдерінде еркін сөйлеймін. Сонымен қатар, латын, мальта, италия тілдерін аздап білемін.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?
– Мұсылман елдерінен шығып, ғылыми-фантастикалық шығармалар жазған қаламгерлердің арасында мысырлық Ахмет Халед Тофик пен индонезиялық Ди Лестаридің кітаптары айрықша ұнады. Олар туындыларында ғылым мен технология саласындағы жетістіктер жөнінде жазумен бірге, әлеуметтік мәселелерді де көтереді.

– Қазіргі жазушылардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Менің ойымша, қаламгерлер мықты психолог болуы қажет. Жақсы шығармадан оқырман сан алуан жағдайға тап болған, әрқилы көзқараспен өмір сүретін, әртүрлі сана деңгейіндегі көптеген адамның ішкі жан дүниесін сезінуі, түсінуі тиіс. Сондай-ақ, мейлі, ғылыми-фантастика бағытында жазбаса да, сөз зергерлері ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарынан хабардар болып жүргені жөн.

– Еліңіз – Германияда жастар кітап оқи ма? Олар көбіне қай жанрды жақсы көреді?
– Ғылыми-фантастика жанры Германияда кең таралған. Әйтсе де, кейінгі буынның басым бөлігі кітаптан оқығаннан гөрі, телехикая не фильм түрінде көргенді, ойын нұсқасында ойнағанды ұнатады. Бұл салада әлемдік брендтер, әлбетте – «Жұлдызды жол» («Star Trek») және «Жұлдызды соғыстар» («Star Wars»).

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Ғылыми-фантастика жанрына көбірек көңіл бөлсеңіздер екен. Бұл салада қалам тербейтін жазушыларға үлкен әдеби сыйлықтар берілетін кездер сирек. Бірақ ғылыми-фантастикалық шығармалар жазатын қаламгерлер – жаһандық жылыну, нәсілшілдік, пандемия, кей аң-құстардың жойылып бара жатқаны т.б. өзекті мәселелерге жаңаша, тың көзқараспен қарайтын өте ақылды адамдар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір