АЛАШШЫЛ АЗАМАТ
Кейінгі жылдары қатарымыз сиреп барады деген сөзді жиі айтатын болып жүрміз. Себепсіз емес. Мына қысқа өмірдің қызығын да, қиындығын да бөліскен, яғни ағайындай алаңсыз араласқан, сенісіп, сыйласып, сырласып жүрген, жүрегіңе жақын адамыңнан айрылғанда қалайша қайғырып, қамықпассың?! Дүние шіркіннің бір орнында тұрмасын, айлар алмасып, жылдар жылжыған сайын – жасың ұзарып, көңілің құлазып келмеске кеткен күндер елесін есіңе түсіреді екенсің. Сондай сәттерде бірі ерте, бірі кеш дүниеден озған достарыңды ойыңа алып, мұңға батып, егіліп-төгіледі екенсің. Өз өмірімдегі өзегім өртене, қабырғам сөгіле, көкірегім күңірене есіме алатын аяулы азаматтар қатары тіпті көбейіп кетті. Жан аямас ағаларым Қалдарбек, Рымғали, Сейдахмет, Тельман, жүректес жан достарым Оралхан, Кәрiбай, Ақселеу, Серік сынды тағдырлас, рухтас айтулы Алаш ардагерлерінен айрылу бір мен емес, жалпақ елдің жүрегін сыздатқаны анық.
Осынау жанымды жаралаған қаралы тізімде күні кеше қимай қоштасқан Қоғабай – Қоғаш та бар. Жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң, достыққа берік, жақсылыққа жерік, жалғызға серік, бекзат болмысты, бөлекше жаратылған жігіттің төресі еді ғой. Мен бұл пікірді Қоғаштың кісілік қадір-қасиетін жан-жүрегіммен сезінген соң, ұзақ жылдар араласып, көзім жетіп, көңілім сенген соң ағымнан жарыла айтып отырмын.
Қоғаштың жан дүниесін, адами әлемін білу үшін оның өз жазғандарына жүгінгенім жөн болар. Ол көзі тірісінде қазақтың игі жақсыларымен жиі араласып, жақсы қарым-қатынас жасаған. Сондай-ақ, бала кезден бірге өскен, кейін қатар оқып, қызметтес болған достарымен де сыйластығын сақтаған. Қоғаштың көңілі қандай көпшіл еді. Көп адамдармен араласты. Көңілі құлаған, адалдығына сенген кісілермен сыйласып-сырласты. Жаратылысынан қайырым-мейірімге толы жан сарайы адам баласын алаламайтын. Қоғаштың жүрген жері әзіл-қалжың, ойын-күлкі болатын. Жайдары, жайсаң жігіт еді. Ол кісіні қызмет дәрежесіне, барлық-байлығына емес, адамгершілік қасиетіне қарап бағалайтын. Осы сөзімді тірілту мақсатында Қоғабайдың өзі жақсы көрген адамдардың бойындағы қандай адами қасиеттерін айрықша бағалағанына мысал келтіре кетпекшімін.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, Қоғабай әдебиет жанрының бар саласын қамти жазған қаламгер. Ол әңгіме, эссе, әпсана, әліптеме, портрет, күнделік, хикаят, роман, пайымдама жазып қана қоймай, ойын өлеңге көшіруден де бас тартпаған талант.
Қалихан Ысқақұлы туралы: «Қалеке, имандай шыным… Сіз қазіргі тірі жүрген қазақ пенделерінің ішіндегі бір жаны таза, бұл жарық дүниеге олжа боп жаратыла салған Алланың Перзентісіз!».
Гүлнәр Дулатова туралы:
«Міржақыптың өзі дейді ел сізді,
Міржақыптың сөзі дейді ел сізді.
Намысының қайыспаған қайсары,
Арыстардың көзі дейді ел сізді».
Манаш Қозыбаев туралы:
«Тарих дейтін шежірелі салада,
Тарланбозсыз ғұлама да, дана да…
…Жас шақтан-ақ білім іздеп жетілдің,
Кемелдікке өзіңіздей кепіл кім?!
Сіздің бүкіл өміріңіз саналы –
Өнегесі ұлтқа қызмет етудің!
…Қалыңдатқан оқулығын тарихтың
Геродоты сияқтысыз қазақтың»…
Шерхан Мұртаза туралы: «…Шерағаң… баспасөзде әбден ысылып, мол тәжірибе жинаған редактор, газеттің бар ұңғыл-шұңғылын біледі. Мәселе қоюдан қорықпайды… Мен Шерағаңды арқа тұтамын… аға көрем, өйткені ол пәк, адал, қазақтың Арыс перзенті».
Мұқтар Мағауин туралы: «Құрметті Мұқа! Жаратылысың мүлдем бөлек азаматсың. Ұлттың ұлт болуына, қазақтың ел қатарлы жұрт санатында болуы үшін де өзіңдей жан – Ұлылар керек! Сен өте талантты, дарынды Жансың».
Төлен Әбдік туралы: «…Сен табиғатыңнан пәк жаратылған, таза да мөлдір жігітсің. Сенің елге, жұртқа, ағайынға, досқа, бауырға, жалпы маңайыңа қадірлі болуыңның бір сыры… осында жатса керек… Адамның жан әлемін шарлаған биік талантыңның қуатты бірлігін де осы тұстан іздеген жөн».
Сейітбек Нұрханов туралы: «Сейітбек ағамыз жетілуімізге көп септігін жасады… үлкенге үлгі болды… ауыл балалары Секеңе еліктеп, ұзап оқу оқыдық, білім алдық. Секең – ғұлама, білгір, зерек кісі, тәлімі бізге зор мектеп».
Есләм Зікібаев туралы: «Өмірді мәңгі деп жүрсек, өткінші екен, байқаусызда Есләм өмірден өтіп кете барды. Ол өз еліне, халқына, туған жерге адал еді… Енді оның поэзиясы елімен бірге тіршілік етуге көшті».
Әлихан Бөкейханов туралы: «…Батыс пен Шығыс, Европа мен Азиялық ілім-білімді толық меңгерген ғұлама тұстары арасында мойны қанша ұзын көрінсе де мадаққа мастанбай, еткен еңбегін міндетсінбей, қалың тұман, қараңғы түн арасында алда бақ жұлдызы туатынына сеніп өткені бір сабақ».
Ахмет Байтұрсынұлы туралы: «Қазақ қауымы Ахаң – Ахмет Байтұрсыновты… өзінің рухани көсемі санап бағалаған… Тұстастары … көзі тірісінде-ақ халқымыздың ар-намысы десе, …ардақтысын құрметтегені деп қараған жөн… Ахаң жалпақ елдің сынына толып, мейірімін қандырған санаулы кісісі…».
Міржақып Дулатов туралы: «Жұлдыз ақты… жұртты оятқан Арыс өтті өмірден! Кеудеге от, ішке жалын, жүрекке шер, көкірекке мұң толды… Іштен тынып жұрты қалды… Осы күндері Міржақыптану ілімі басталды. Ғалымдар мен жазушылар біраз еңбек етіп, құнды зерттеу мақалаларын жазды. Демек, іздену, іздеу бар, келешек күнде Мағжан айтқандай Міржақып аты әлі алтын әріппен жазылар да, оған сенім мол».
Мұхтар Әуезов туралы: «Мұхаңа бар қазақ қарыздар, ал өзі қазақ қауымының алдында бүкіл парызын өтеген Ұлы Адам».
Сәбит Мұқанов туралы: «Сәбеңді Лениндік сыйлыққа ұсынғанда… бұл бәйге бұйырмады ғой… енді ешқандай сыйлық, атақ, даңқ Сәбит Мұқановқа керегі жоқ… халық берген атақ бар. Ол – халық жазушысы!».
Ғабит Мүсірепов туралы: «Ғабит Мүсіреповтің …жазушылық өнері – шынайы мектеп. Ол – өз ұлтының, қазақ халқының символы бола білген арыс… Сол арыс… соңына мол мұра қалдырды».
Қарауылбек Қазиев туралы: «Ол жазуға жорға еді. Оның нәзік сезімді, нәрлі суреткерлік даралығы бөлек болатын. …Ол аз жазды, аз жазғанымен саз жазды. Ол аз ғұмыр кешті, бірақ ұзын ғұмыр қалдырды… Ол ғұмыры… жазған шығармалары – кітаптары. Бұған да шүкіршілік!».
Қалдарбек Найманбаев туралы: «Біз ерте есейген Қалдарбекке… қызыға қарайтынбыз… Кісі жатырқауды білмейтін. Дүниенің төрт бұрышын аралаған ол іште де, сыртта да көп дос, туыс тапқан жігіт, оның есімі, кескін-кейпі, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, тек өзіне ғана тән күлкісі, бәрі-бәрі есте жақсы сақталар».
Теміржан Ыбышев туралы: «Теміржан бұл дүниеге бір-ақ келер жігіт еді… Мұндай жаны таза азамат, сірә сирек жаратылар… Мамандығы физик, өзі бес саусағынан өнер тамған талант-тын. Ол кісі жамандамайтын… Көп сөзді ұнатпайтын-ды… Темешім-ай… бір жайлауым едің… Сен барда тұтас едім…».
Сапар Садықов туралы: «Сапар екеуміз бір үйдің баласындай едік… Мектепке бірге бардық, жұбымыз ажырамады… Ол институт бітіргесін елге кетті. Мен Алматыда қалғанмын… Енді, міне, Сапар… дүние салды. Күтпеген жерден. Жүректен. Адал дос, жақын бауырым жұлдыздай ағып өтті… Әділ еді, турашыл болатын. Өмірінде сірә, әзіл де болса бір рет өтірік айтып көрмеген шығар».
Кеңес Үшбаев туралы: «Үшбайдың Кеңесі… өзін еркін ұстайтын, қалпы жақсы… дәрігер-фармацевт, медицина ғылымдарының докторы… Өзінің қолы ашық па деп қалдым. Маңайына көп қарасады дейді жұрт, жетім-жесірлерді елеуі тәуір қасиеті. Ағайын арасында сыйлы».
Енді осынау «Төрттаған» аталатын төрттомдықтан әдейі теріп алып, оқырман назарына ұсынылып отырған бұл үзінділерді бекер көшіріп алмағанымды айтайын. Қоғаш туралы – оның адамгершілік, кісілік қадір-қасиетін, шығармашылық жолындағы жемісті жетістіктерін ағынан жарыла, ақтарыла сыр бөлісіп, пікір пайымдаған мақала, өлең-жырлар жетіп жатыр. Мен оларға соқпай, салған жерден Қоғаштың өзі араласқан, өнер-білімдегі, ғылымдағы, еңбектегі өмір-тіршілігін бағалаған белгілі Алаш азаматтары мен қатар жүрген қарапайым адамдардың бойындағы адамдықты, адалдықты, кісілікті қалай түсініп-түйсініп жазғанын зерделедім. Ондағы мақсат – Қоғаштың адамтануын; қандай мінез-құлықты айрықша ардақтайтынын көрсету болатын. Ал бұл арқылы қадірлі Қоғаштың өз жан дүниесін айғақтап отырмыз. Осы мысалдар арқылы біз Қоғаштың өмірлік ұстанымы мен көзқарасын, неге құштар, неге теріс қарайтынын анықтай аламыз. Сондай-ақ, жауап ретінде кісі тану кілтін қалай тапқанына тәнті боламыз. Ол әр адамның болмысындағы өзі танып-білген, ерекше атап көрсеткен сол бір кісінің толық тұлғасын қызықтауы, сүйсіне суреттеуі себепсіз емес. Ол сайып келгенде жазушы Қоғабайдың, азамат Қоғабайдың өз бойында бар, өзі жанына серік еткен ерекше адами қасиеттер деп білемін.
Жазушының оқырман қолына тиген ондаған кітаптары бар. Алғашқы әңгімелері мен хикаяттары «Кілт»», «Қараша қаздарда» топтанса, кейін «Заманақыр» қостомдығы жарық көрді. Бұл шығармаларда ел мен жер, қазақтың қилы тағдыры, өткені мен бүгінгі өмірі өрнектелген. Сондай-ақ, «Ұлт ұстазы…», «Портреттер» деп аталатын әңгіме-эсселері, «Төрттаған» атты пайымдаманың төрт кітабы, «Үш Арыс» дейтін роман-эссесі жарыққа шықты. Қоғаштың елді елеңі еткізген ерекше екі еңбегі: «Қазақия» мен «Қазақ шаруасы» аталатын атан түйеге жүк болатындай көлемді, көтерген мәселелері тіпті тың әрі мән-маңызды туындылар. Бұл шығармалардың қай-қайсысы болмасын қазақ қауымының – тәуелсіз елдің толғақты міндетін абыроймен атқарудың, сөйтіп іргелі ел болуымыздың жөн-жобасын көрсетіп, бағыт-бағдар беретін, кемел де келелі ой қозғайтын көркем әрі көсемсөзбен әдіптелген толымды туындылар. Ұлтымыздың ой-санасын оятатын, жүрегіне жылу, жанына жігер беретін, намысын жанитын тірі сөзімен, пайымды парасатымен оқырман көңіліне қонатын шырайлы да шындыққа суарылған шығармалар.
Қоғабайдың айрықша атап өтер өзгелерде жоқ, басты еңбегі сонау бозбала кезінде жазылған «Сардары» повесінен бастау алған Алаш тақырыбының күллі шығармаларында жүйелі жалғасып келе жатқандығы. Жазушы бойындағы бар қабілет-дарынын Алаш азаматтарының тарихи тағдырын, ұлтқа сіңірген еңбектерін үздіге жазып, өмірлерін ұрпаққа өнеге етуге, сөйтіп олардың орындалмаған, бүгінгі буынға аманаттаған асқақ арман-мақсаттарын жүзеге асыруын көздеп, оны бүгінгі күннің міндеттеріне жалғастырып, сабақтастыра өрнектелген шығармалардың жыры да, сыры да айқын. Алаштың көк туын көкке өрлетіп, азат ел болуын көксеген Қоғабайдың баяғыда жабылып қалған «ҚАЗАҚ» газеті мен «АйҚАП» жорналын қайта жарыққа шығарып, Алаш азаматтарының аманатына адалдық танытуы тектілігі, ұлт жанашыры екендігі. Бұл – ұлтқа, қазаққа қызмет етудің ұлағатты үлгісі, елін сүйген ердің ерен ісі.
Әттең, шіркін, Қоғаштың ғұмыры сол мақсатын жеріне жеткізуге жалғаспай, оқыс опат болуы жанымызды жабықтырып, көңілімізді қамықтырып отыр. Алаштың адал азаматы, айтулы жазушысы бастаған істің арты баянды болса деген ізгі тілекпен аяулы дос туралы толғамымды аяқтаймын.
Айтқандай, 1 сәуір Қоғаштың туған күні ғой. Өкініштісі ортамызда өзі жоқ… бірақ сөзі бар… Есіне алатын отбасы, ағайын-туыс, ел-жұрты бар дегендейін… Соған да шүкір…
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.