Алашшыл «Есеп» партиясының көшбасшысы

Осы жылдары Қарағандыда Совет үкіметіне қарсы шыққан «халық жауын» жазалайтын «Карлаг» жүйесі қалыптасқаны белгілі. Мұрағат деректері бойынша, Қарағандыдағы Мұғалімдер институтында Мәскеу, Ленинград, Саратовтан жер аударылып, айдауға түскен зиялы профессура мен қазіргі Абай атындағы педагогикалық институтының кейбір мұғалімдері сабақ берген. Б.Ысқақұлы 1940–1942 жылдары Қарағанды мемлекеттік оқытушылар институтында (қазіргі КарГУ) қазақ әдебиетінің аға оқытушысы Айтбай Нарешеев бастаған «Жас қалам» үйірмесінің белді мүшесі болды. Сталин репрессиясы кезінде тыйым салынған Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжанның өлеңдерін жатқа білетін жастар бұл үйірмеде де белсенді бола бастаған. Жастар Алаш әдебиетімен де осында жүріп танысқан. Үйірме жетекшісі Орал педагогика институтын бітірген А.Нарешеевтің белсенді студенттері болған Ж.Өмірбеков, Қ.Ыдырысов, Ж.Баяхметов, Д.Мырзахметов, Д.Тұрғанбаевтардың есімі бірнеше естелікте аталған. Үздік студенттердің қатарында Бүркіт Ысқақовтың да болғаны туралы профессор, Перм университетінің түлегі, әдебиетші, фольклорист, этнограф П.С.Богословскийдің естелігінде келтірілген екен (1890-1966). П.С.Богословский – 1928 жылдан бастап, Ресей географиялық қоғамның мүшесі болған ғалым.
«Жас қалам» үйірмесінің мүшесі Б.Ысқақұлы Алаш арыстарының еңбектерін – А.Байтұрсынұлының «Маса» мен М.Дулатұлының «Оян, қазақ!», С.Мұқановтың «20 ғасыр қазақ әдебиеті 1-бөлім Ұлтшылдық дәуірі» (Қызыл Орда «Қазақстан» баспасы, 1932) кітаптарын үйірмеге әкеліп, үйірме қатысушыларына оқытып, өзара талдағаны жайында да естеліктерден білдік. А.Байтұрсынұлының: «Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып», Мағжанның: «Кене мен Абылайдың жолын қумай, Жапанда жайылудың мәні қалай?» өлеңдері осы үйірмеде арнайы талданғаны да осы ретте айғақталған. Алаш саяси элитасының отаншыл сөздерімен рухтанған сол кездегі жастар келешекте қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Абылай мен Кенесары хандардың жолын ұстануды өздеріне басты мақсат еткен.
Б.Ысқақұлының суырыпсалма ақындығы да көпке мәлім. Тарих сабағының тапсырмасы бойынша картаға қарап тұрған студент Бүркіттің: «Уа, Азия, ұлысың, Ұлылығың құрысын. Құрысын демей не дейін, Еропаның құлысың!» – деп жырлағаны жайлы дерек көздерінде жиі айтылады. Б.Ысқақұлының Қарағандыдағы сол кездегі жалғыз қазақ мектебінің тағдырына қатысты: «Жас қазаққа өз ана тілінде білім бермеу – бұл советтік жүйенің қазақты өз ана тілінен айырып, жирендіру», – деп саяси өткір пікір айтқаны да – оның рухты болмысының айғағы.
Ж.Қалиұлы мен М.Темірұлы естеліктері негізінде партия мүшелерінің тізімі анықталып, жалпы саны жүзден асқаны анықталған. «Есептің» бағдарламасында партия Алаш ұстанымын басшылыққа алғаны анық көрсетілген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Отанды қорғауды басты парыз санаған гвардия сержанты Нарешеев бастаған топ соғысқа аттанған. Майдан басталғалы бақылау қатаңдағаны турасында да деректер келтірілген. Соғысқа көзқарас та ерекше болған. Бүркіт Ысқақұлының: «Жастарды айдап ұрысқа, Қарттарды айдап жұмысқа. Отырғаны Советтің, Ойлаңдаршы, дұрыс па? Жоқ, бұл жатпайды дұрысқа, Жатпаса бұл дұрысқа, Барма, жастар, ұрысқа! Барма, қарттар, жұмысқа!» – деген жыр жолдары осы кезеңнің тарихи бейнесі іспеттес.
Б.Ысқақұлы 25 жылға сотталып, тек Сталин өлгеннен кейін ғана аман қалған. Осы ретте Руфь Тамарина ақынның да қуғынға түсу тарихы айтылған. Б.Ысқақұлының Алматыдан әуелі Новосібірге, одан 1951 жылдың 22 қыркүйегінде Жезқазғанның Степлагінен бір-ақ шыққан. Амнистияға ілікен «Есеп» партиясының мүшелері Сталин өлгеннен кейін, 1956 жылдың 24 қарашасында түрмеден босатылған. «Есеп» партиясы мүшелерінің толық ақталуы 1993 жылдың 14 сәуірінде ғана іске асты, бұны Б.Ысқақұлы бастаған арыстар көрмей кетті.
Отаншыл, алашшыл істердің басында болған Бүркіт Ысқақты – Алаштың көзі, Алаштың ізбасары дер едім. Әйтпесе басқа советшіл замандастарымен бірге коммунист болып, сол заманның сөзін айтып академик болуына да мүмкіндігі бар еді. «Алаш» сөзі қауіп төндірген заманда ел үшін жанкештілікке барған Бүркіт Ысқақұлы бастаған «Есеп» партиясының мүшелерінің өр рухы елімен бірге жасай бермек.
Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымының докторы,
профессор, алаштанушы