Айжарық СҰЛТАНҚОЖА: ӘЗІРШЕ ҚАЛЫПТАСҚАН СТИЛІМ БАР ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН
20.11.2020
1328
0

Жуырда жас ақын Айжарық Сұлтанқожаның тырнақалды жыр жинағы жарық көріп, кітап тұсаукесері Алматыдағы Жамбыл жастар кітапханасында өтті. «Телеграмма қабылдап алыңызшы». Кітаптың аты қандай ерекше болса, жинаққа енген жырлардың да өзгеше формамен жазылғанын аңғардық. Ақыннан шағын сұхбат ала отырып, осы тосындықтың сырын сұрап көрдік.

– Айжарық, тырнақалды жыр жинағы­ңыз жарық көрген екен. Құтты болсын айта­мыз!
– Көп рақмет! Иә, жазушы достарыммен және азын аулақ оқырмандармен ақылдаса келе, ақырында соңғы үш жылда жазылған дүниелерді кішігірім жинақ етіп шығару керек деп ұйғардық.

– Сөз өнері сізді несімен қызықтырды? Со­ның ішінде поэзияға келу жолыңыз тура­сында айтып берсеңіз.
– Жазуға деген қызығушылығым жайлы әрі­ден бастайтын болсақ, алғашында өзім­ді тек драматургия мен прозада ғана сы­нап жүрдім. Алғашқы әңгімелерімнің бірне­шеуі жастар әдебиеті шеберханасының жи­на­ғына да енген болатын. Онымен қоса екі пьесамды да сахналаса деген арман бол­ды, алайда уақыт өте келе проза мен пье­са жазуға деген ұмтылыс азая берді. Осы­лай 2017 жылдан бастап жасырын түр­де поэзияға қызыға бастадым. Алғашқы жа­зыл­ған дүниелерді әлдекімге оқытуға деген ниетім де, батылым да болмады, де­­ген­мен де сол тұстағы процестің өзі жазу­­ды жалғастыруға шақырып тұрды. Ша­мамен, жарты жыл өткеннен кейін ақыры жазғандарымды жақын достарыма оқытып, кейіннен олардың қолдауымен басқа да оқырмандармен қоғамдық желі арқылы бөлісе бастадым. Енді, міне, араға үш жыл са­лып алғашқы жинақты шығарудың да сәті түсіпті.
Ал жалпы шығармашылыққа қалай кел­дім дейтін болсақ, кітап пен киноға бұ­рын­нан қызыққаныммен, тек СДУ-дың (маркетолог мамандығы бойынша оқыдым) екінші курсында ғана тұрақты түрде жаза бастадым және оған ең басты себептердің бірі – жазушы, драматург, режиссер дос­тарым­ның болуы.

– Жырларыңыздың ішкі мазмұны мен сырт­қы формасы мүлде бөлек. Бұндай өзге­шеліктің сыры неде?
– Менің әзірше қалыптасқан, жеке жазу стилім бар деп айта алмаймын. Ал жалпы жырлардың өзгешелігі – жазу барысындағы формалық жеке таңдаулардың нәтижесі болар.

– Бұл тосындықтың сырын ұқпай, туын­дыларыңыздан дәстүрлі стильді іздейтін оқырмандарыңыз кезіге ме?
– Әрине, тіпті барлық жазғандарымның үштен бірін ұқтым дейтін адам жоқ шығар. Бірақ негізгі мәселе де осында болуы мүм­кін, яғни интерпретация еркіндігі деген ұғым бар.

– Жалпы, шығармашылық тұрғысынан сізге қандай жанрдағы туындылар ұнайды және несімен ұнайды?
– Бұл сұрағыңыз осыған дейінгі берген екі жауабымды кеңірек түсіндіретін секілді. Стиль мен туындылардың «түсініксіздігі» кей жағдайда – мен үшін маңызды болған ав­торлардан алған әсердің нәтижесі бо­лып жатады. Яғни форма тұрғысындағы елік­теулер шығармаға да әсерін тигізеді.
Кейінгі кездері орыс поэзиясындағы – Күміс ғасыр ақындары мен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жазылған Батыс ақындарының өлеңдерін оқуға ниет болып жүр.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарлары­ңыз бар?
– Алдағы уақытқа әзірше нақты жоспар­лар жоқ. Бірақ бұл жанрдан әлі жалыға қой­дым деп айта алмаймын.

– Сіздіңше, поэзия дегеніміз не?
– Менің ішкі ойымда бұл сұраққа әр кез­­де әртүрлі жауаптар табылып жатады, мүмкін мен үшін поэзия сол жауаптардың жиынтығы шығар.

– Жазарыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір