«Жұлдыз» – ең үздік журнал
15.11.2020
3286
1

«Жұлдыз» журналы «Жылдың ең үздік журналы» аталымы бойынша «Үркер — 2020» ұлттық сыйлығын жеңіп алды.
«Жұлдыз» – Қазақстан Жазушылар одағының әдеби-әлеуметтік журналы. «Шолпан» (1922 ж), «Таң» (1924 ж) журналдарының ізбасары саналады. Алғашқы саны 1928 жылы жарық көрді. Әр жылдары «Жаңа әдебиет» (1928-32), «Жыл құсы», «Әдебиет майданы» (1932-39), «Майдан» (1941-45), «Әдебиет және искусство» (1939-41; 1945-57) атауымен шығып тұрған. 1957 жылдан «Жұлдыз» деген атпен шығады. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында үш жыл жабылып қалса, соғыстан кейінгі уақытта да жылдар бойы жабылып қалған кезеңі болған.
Журналдың қалыптасуына қазақ әдебие­тінің классиктері Б.Майлин, I.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов көп еңбек сіңірді. Алғашқы редакторы – С.Сейфуллин. Журналға Ө.Тұрманжанов (1935-1937), М.Тиесов, Ғ.Мұстафин (1940-1948), Т.Ахтанов (1953-1954, 1971-1972), 3.Қабдолов (1954-1957), Ж.Молдағалиев (1958-1962), Ә.Нүрпейісов (1962-1964), С.Мәуленов (1964-1971), Ш.Мұртаза (1972-1975), Б.Тілегенов (1975-1988), М.Мағауин (1988-2006), Т.Медетбек (2006-2008), Ұ.Есдәулет (2008-20018) сынды көрнекті қаламгерлер әр жылдары бас редактор болған. Қазіргі бас редакторы – ақын Ғ.Жайлыбай.

«Жұлдыз» – Алаш жұртының сан ғасырлық даналығын бойына жинақтаған, таза ұлттық журнал. ХХІ ғасырға тиесілі тәуелсіз жаңа қазақ әдебиетінің бас ордасы, құтты ошағы, еліміздегі ең байырғы әдеби басылым – «Жұлдыз» журналының ұлттық руханиятымыздағы алатын орны ерекше. Ғасырға жуық уақыт бедерінде әдебиетіміздің классиктерінен бастап, жаңа талап жас таланттарымыздың үздік шығармалары «Жұлдыз» бетінде үздіксіз жарық көріп келеді. Яғни барлық жанрдағы көркем туындылар осы басылым бетінде кеңінен қамтылып, оқырман жүрегіне жол тапты.

Біз «Жұлдыз» журналындағы әріптестерімізді және күллі оқырманды лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз. Басылым ғұмырлы болсын!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.02.2024 | 00:41

Өте керемет 👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір