АСЫЛ ӘҢГІМЕШІ
18.11.2020
1342
0

Әр жазушының өзіне қолайлы, жанына жақын жанры болады. Жазушы М.Байғұттың сүйікті жанры – әңгіме. Шығармашылығының бастауында әңгімелерімен танылған жазушы бүгінде осы жанрдың хас шеберіне айналған. Асыл әңгімеші М.Байғұттың көркем әңгімелері қазақ өмірінің көркем бейнесін, бүгінгі қазақ қоғамы мен адамдарының тұрмыс-тіршілігі мен рухани тынысын, керек десеңіз, ділін зерделетеді. Өз замандастарының, қарапайым ауыл адамдарының  тұтас бір галереясын жасаған жазушының әбден қалыптасқан өзіндік дара стилі бар.        

 М.Байғұтты өзгемен еш шатастыра алмайсыз. Қарапайым ғана ауызекі әңгімелеп отырғансып-ақ оқырманын тартып алатын бір сиқыр күші бар. Ол сиқыры – «қазақы тірлікті қазақы тілмен айшықтаған өмір шындығын» алға жайып салуы. Бұл ретте суреткер М.Байғұттың халқымыздың әңгімешілдік, қиссашылдық дәстүрін жаңаша бір қырынан жаңғырта-жалғастыратынын айтуымыз керек. Жазушының «Қазығұрт» баспасында жарық көрген  «Іштарлық пен құштарлық»  жинағы да шығармашылық күре жолының  ауытқымай келе жатқанын көрсетеді.

 «Іштарлық пен құштарлық» – жинақтағы көлемді хикаят-эссе. Жазылу формасымен де, мазмұнымен де күрделі әрі қызықты туынды. Олай дейтініміз – алып отырған объектісі  күрделі, ұлттық руханият биіктерінің бірі, бәлкім, өз деңгейінен алғанда, бірегейі. Ол – Мекемтас Мырзахметов. Өмір-тағдырында бүткіл қазақ халқының өмір-тағдырының синтезі бар. Ал, жеке тағдырында – қазақтың болу мүмкіндігі бар ғұлама (әр адам осы жолмен жүріп, толыққанды адам болу мүмкіндігіне ие деген мағынада). Хәкім десе болады. Сонау ғасырлар қойнауынан тартқанда әл-Фарабилерден, беріректен қайырғанда, Абай, Алашорда ардақтылары, М.Әуезовтердің жалғасы. Ұлы ізгіліктің, іргелі білімнің өзі.

  М.Байғұт хикаят-эссесінде негізгі тақырыбына сондай әдемі де табиғи бір жүлгемен келеді. Мекемтас Мырзахметов есімі автор сыныптастарымен елу жылдық кездесуде мектеп музейінде болғанда айтылады. «Төрге таман жылжыдық. Елу жылдық жүздеспекке жиналғандарға тұлғаларды таныстырып, саяхат жасатып келе жатқан сымбатты қызыңыз Мекемтас Мырзахметұлына көбірек тоқталыңқырады. Филология ғылымдарының докторы. Профессор. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Абайтанушы. Мұхтартанушы. Бауыржантанушы. Деді. Қызғалдақ қызыңыз. Ордендерін, медальдарын айтыңқырады. Түркі дүниесі бойынша да біраз атақтарын атады.

«Бұл ағамыз академик емес пе?» – деді бір кластас. «Академик атағын қимай жүр ғой. Әйтпесе, академиктердің нағызы осы ағамыз», – деді екінші сыныптас. «Әй, айналайындар-ай, біледі екенсіңдер ғой, хабарларың бар екен ғой» деп, іштей сүйсіндік. Біз. Сыныптастарға…»

Осы жерде шығарманың негізгі кейіпкері және тақырыбына байланысты елеусіздеу бір ілгек бар. Кейіпкер белгілі, тақырыпқа байланыстысы – сыныптастардың сол бас қосуында шаң берген күншілдік… Күншілдік Бас кейіпкердің ғылымдағы жолына сан рет тосқауыл қойған. Автор бұл хикаят-эссесінен бұрын жазған «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» атты эссесінде кейіпкерінің болмыс, мазмұн ерекшелігі туралы былай толғағанына тоқталады:

«…Бірінші, ерен ерлігі ретінде айрықша Абайтанушылығын айттық.                                                                                                                                                                                                                     Екіншіден, профессор Мекемтас Мырзахметұлы ғұлама Мұхтартанушы және Мұхтартанушылардың мерейлі мектебінің табанды тәлімгері ретінде де жұлдызы жоғары тұрған тұлға. Бұл – әлдеқашан дәлелденген ақиқат.

Үшіншіден, Мекем ағамыз миссионерлікке, оның ішінде отаршыл Ресей патшалығының миссионерлігіне көзқарасты түбірімен талқандап, қасаңданып қатып қалған, ағартушылық ретінде ақталып, мақталып, санада сақталып келе жатқан қағидасымақтардың быт-шытын шығарып, тағы бір ерен ерлік көрсетті…»

Жазушы кейіпкері, ғұлама М.Мырзахметұлының ерліктері төртіншіден, бесіншіден, алтыншыдан … болып жалғаса береді. Және осы ол анықтамалардың барлығының да мазмұн-мәні ашылады. Суреткер М.Байғұт кейіпкерінің өмір жолы, өмірлік ұстанымдары, ұстаздары, ғылымдағы ауыр жолы шым-шымдап ашатын хикаят-эсседе хәкім Абайдың ілімін зерттей жүріп, толыққанды адам, кемел адам философиясына өз болмысымен жауап бере алған ғұламаның бейнесін сомдаған.

«Тас Мекем көкеміздің өзгешелігі сол, бұл кісіңіз Бауыржан Момышұлының «Көкте Тәңірі бар, жерде архив бар» деген қағидасын қалтқысыз ұстаным етуімен ерекшеленер» дейтін жазушы М.Байғұт тағы бірде былай толғайды:

«Тоқтайды. Тас Мекем көкеміз.

Түркібасы төбесіне тесіле қарайды.

Бұрылады. Бізге қарата. Бүй дейді: «Күншілдік, іштарлық, көреал- маушылық туралы мен кезінде Баукеңнен, Бауыржан Момышұлынан сұрай- тынмын. Ол кісі: «Көреалмаушылық, іштарлық, күншілдік барлық пенделерде болады. Әрине, әркімде әртүрлі. Олар, яки, іштарлық, көреалмаушылық, күншілдік улы жыландар секілді. Бас көтертпей, мыжып тастау керек. Іштарлыққа бой алдырып, ой жеңгізсең, ұлтыңа құштарлықпен қызмет ете алмайсың», – дейтін».   

Байқаңызшы. Байыптаңызшы. Айналайын ардақты оқырман, сізге ескер- тіңкіреп отырыппыз. Қазақтың намыс туына айналған тұлғасы, ұлтыңыздың рух сардары Бауыржан Момышұлы іштарлық пен құштарлық хақында қалай қорытқан?! Ой-пікірін. Ғажап емес пе?! Мекемтастайын шәкіртіне бағдарлама байыптаған ғой. Өмірлік. Өнегелік.» деп толғанады автор.

Хикаят-эссе диалог формасында жазылған, әрине тура мағынасында сауал-жауаптар емес. Бұл жазушының кейіпкерімен рухани сыр-сұхбаты, сонымен қатар оқырманымен де. Мұнда ұлтына құштарлықпен қызметтің асқан үлгісін көрсетіп жүрген ғұламаның бастау-қайнаркөздерінен бүгінгі биігіне дейінгі бұралаң, бірақ, нұрлы жолы – ізгілікпен, ұлтына деген құштарлықпен нұрланған  жолы көркем кестесін тапқан. Сонымен қатар хикаят-эсседе ғасыр жүлгесіндегі қазақ өмірі, қоғам қайшылықтары, ұлттың рухани тамырлары,  ғылымдағы ахуал, әлеуметтік-этикалық мәселелер,.. …қазақ зиялы қауымы, ғылыми ортасының бет-бейнесі, заман сойылын соққан белсенді де, ұлы мұраттар биігіне тартып ғылым жасаған жекелеген тұлғалар – бәрі-бары өз көркем өрнегін тапқан.

Хикаят-эссе бас кейіпкерінің кезінде ғылыми тақырыбы туралы пікірлеспекке ұлы Мұхтар Әуезовтің алдына барғандағы эпизодқа зер салалық.

 «Иә, тың мен тосынның, мысалы, қандайын, қай маңайдан қазып байқамақсың? – деді Әуезов көз қиығын қиялай тастап. Мекемтасыңыз қарлығыңқы қырағытымен:  «Абай және Шығыс», – деген. Әуезов жартылай жұмулы секілді сезілген көздерін кенет бадырайта ашып, креслода тіктелді.  «Шының ба?» дегендей қайта қадалды. Сәл үнсіздіктен соң: «Әй, бала, жолың болмайды ғой», – деді күрсініп.»

Ұлы Әуезов айтса айтқандай,  бұл тақырып ғалымның алдынан таудай кедергілер тудырған. Алайда табанды, ұлтына құштар, ізгі ғалым Абайдың Шығыстан басталатынын дәлелдеп шықты, Абайтанудың іргелі ғылым саласына мұзжарғыштай еңбек сіңірді. Осының бәрі хикаят-эсседе ерекше бір махаббатпен сөз болады.

«Абай түгел түркіні ғана емес, түптің-түбінде күллі адамзатты тәрбиелейді. Тәлімдейді. Дейді. Түптің-түбінде адамзатыңыз Абайыңызға оралады. Абайыңыздың ақыл-ойы, мақсат-мұраттары, хауас ілімі мен жәуанмәртлік, яки толық адам танымы, бәрібір, әлемдік деңгейде мойындалады. Міне, Мекемтасыңыздың ойы осындай. Көп кешіктіре берместен, әл-Фарабиді, Ахмет Ясауиді, Баласағұнды, солардың ізгілік ілімдерін ілгерілеткен, дамытқан данышпаныңыз, айналайын Абайды негізге ала отырып, түркі дүниесінің моральдық кодексін дайындауымыз керек. Дейді тағы да. Тас Мекем көкеңіз. Бүгінде түркі халықтары әдебиетінің тарихын терең  һәм текті түрде жүйелеп жазып, түркі елдерінің бәріне ортақ оқулық ретінде ұсыну жолында жұмыстар жүріп жатыпты.»

 Мәтін ішіндегі мәтін принципі де қолданылып,  жоғарыда атап өткендей, «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» эссесі мен «Құмар қыздың құштарлығы» хикаясы әдемі үйлесім тауып тұрған шығармада оңтүстіктің табиғи-жағрапиялық көркем картасы, тамылжыған табиғаты мен адамдары акварельді бояулармен жарқырайды. Кейіпкерлерінің, әсіресе, Бас кейіпкердің психологиялық-этикалық портретімен қатар физикалық портреті де шебер жасалған. Мекемтас ғұламаны көрмеген адамның өзі оны өзінің бір жақыны, ұлттың ардақтысы деп қабылдарына сөз жоқ. Бұл, айналып келгенде жазушының үлкен шеберлігі, рухи мазмұнының көрінісі. Мазмұны да, формасы да ерекше осы хикаятты «Іштарлық пен құштарлық» емес, керісінше «Құштарлық пен іштарлық» деп атаса жарасар еді (іштарлықтың бірінші орында тұруы, бір есептен, оған басымдық берілгендей көрінеді.) Өйткені, бәрібір бәр-бәрін жазушының да, хикаят-эссе кейіпкерінің де  құштарлығы жеңіп шықпай ма.  Бұл әрі автордың өмірлік-жазушылық кредосына және сол хикаят-эсседегі кейіпкерінің табиғатына әбден сай.

Жазушының жаңа хикаяттарының бірі – «Хұсни ханымның хроникасы». Румидің «Қиссадағы мақсат: одан сабақ алмақ; әйтпесе, мұның бәрі саған құр хикая айтып беру үшін емес» деген сөзі эпиграфы. Тоғыз тараудан тұратын, бас кейіпкері Хұсни ханым болып келетін хикаят сұлулық пен ізгілік, махаббат пен мейірім туралы. Автор өзінің әңгімешілдік шеберлігінен айнымайды. Хұсни ханым, демек, автор да қоғамның эгоцентризмін барынша бипаздап әңгімелейді. Сұлулық бүгінгі таңда зат сияқты. Оны бәрі иемденгісі, тұтынғысы келеді. «Жаратылысынан-ақ рухани жылуарлық дарыған адамда, данышпан әл-Фараби меңзегендей, іс-әрекеттердегі ізгіліктер де, тектіліктен тайдырмақшылар алдындағы тартыныс та – күллі мінез-құлық, ерік-жігер де – бәрі әуелгі әуез-уыз сапасына байланысты болмақ-дүр», – дейді Әдебиетші әйел.

            Қоғамда тектілік жоғалып барады, деп алаң жазушы. Хикаяттың бір кейіпкері Әдебиетші әйел болса, бастан-аяқ жүлгеленетін «кейіпкер» – гуманист, ізгілікшіл әдебиет деу орынды. Жалпы жаны ізгі һәм жаралы әйел біткен (осындағы әдебиеті мен Хұснимен атар «Сүмбіленің суы» әңгімесіндегі қырғыз әйел) жан емін, рухани тірегін әдебиеттен табатыны бекер болмаса керек.

    Бүгінгі таңда әдебиетке айтылар басты сындардың бірі – бүгінгі замандас бейнесі жоқ, бүгінгі өміріміз бейнеленбейді болып келеді. Біз осыдан біраз бұрын осы сипатты бір сауалға жауабымызда, «…еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі, ғасырлар тоғысындағы тыныс-тіршілігі, өмірі туралы болашақ ұрпақтар қазақ әдебиетінен, оның ішінде қазақ әңгімелерінен оқып-білетін болары анық» дегеніміз бар еді.  Жалпы тәуелсіздік кезеңінің ауыр жүгін көлемі жағынан шағын болғанымен үлкен шеберлікті талап ететін әңгіме жанры көтеріп келеді. Бұл ретте суреткер М.Байғұт шығармашылығының орны үлкен. Жазушының соңғы кезең әңгімелері бір-біріне жалғаса келе өз кезеңінің көркем картинасын береді. Өзгерген қоғам, қоғамдық қарым-қатынастар, осы қарым-қатынастарда ашылатын адамдардың ниет-пиғылы, бұл кезеңнің жақсылығы мен кемшіліктері. М.Байғұт әңгімелері, бір есептен, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ өмірін, ауылын суреттеген Б.Майлин шығармашылығымен рухтас болып келеді. Айталық, «Гамбургтегі қазақтар»,          «Тоқсабаның тоқалы», «Әкімнің әйелі», «Аршакие», «Қажылықтың қабылдануы», т.б. әңгімелерінде жаңа заман, нарық заманында өмір кешіп жатқан қазақ қоғамы, ондағы адамдардың әрқилы психологиясы, ниет-пиғылдары бейнеленеді. Жазушының жұп-жұмсақ әжуасының астарында батпандай салмақ бар. Мысалы, «Сүмбіленің суында» бүгінгі қоғамымыздағы формализм, жансыз идеялар әжуаланады. «…Ұйымдастырушысы – өзіміздің бұрыннан бастамашыл Қазақстан. Бір таңданарлығы, бәрі де – ағылшын және орыс тілдерінде дағы, тек бата беру рәсімі ғана қазақ тілінде болып шықты.»  Осы сөйлемдегі «бұрыннан бастамашыл» деген тіркес қандай, нағыз ирония! Немесе тағы мысал:

– «Қорықпаңыз, – деді парашютке бекіте байлап жатқан қырғыз жігіт. –Тізеңізді сәл-пәл бүгіңкіреп алыңыз. Көл бетімен сырғанағанда да, жерге қонарда да, тіпті шағалалар шарықтайтын аспанда ұшқанда да қазақ пен қырғызша шіренбей, қытай мен жапонша сәл иіліп-бүгіліңкіреңіз. Ұқтыңыз ба?

– Ұқтық, – дедік біз. – Өзіміз де шірене алмайтындардың бірі едік…» Мұндай мысалдарды жазушының кез келген әңгімесінен кез келген бетінен оқи аламыз.

Жазушы әңгімелерінің бір парасы – өзгенің бәрі өзіне бірдеңе сұрап, телім тілеп келгенде, діл-діл деп күлкі-мазаққа ұшырайтын кейіпкері бар «Тексеру», депутат Дүниемалов мырза «Иттің құқығы туралы» жаңа заңның жобасын жасауға бел буып, ақылмандары, кеңесшілері, көмекшілері, қосымша қосшылары мен жасырын жәрдемшілері жаппай жұмылатын «Иттің құқығы», иттер мен адамдар арасында параллель сезілетін «Банктің иттері» сияқты әңгімелерінде бүгінгі қоғамымыздың дерттері көркем әжуаға түседі.  Бұл тұста байғұттық юмор мен ирония алдына жан салмайды.

Адам қай кезде де адамдығынан айырылмауы, ізгілікті ту етуі міндет – бұл суреткер М.Байғұт шығармашылығының өзек идеясы. Адамды ізгілік, мейірім құтқарады. Және де әдебиет жазушы үшін ізгіліктің символы, қоғам құнарын арттырудың жақсы жолы. Сондықтан да «Қош бол, кітап!» әңгімесінде автор кітаппен қоштасқан қоғам туралы –  әдебиет кітаптарынсыз қалған, оқудан, ойланбақтан аулақтанған адамдар аса қорқынышты екенін айтады.

           Жазушының жаны тұнып тұрған поэзия. Сондықтан да болуы керек, шығармалары жыр сияқты оқылады. Осы аяда адамдар да, табиғат та, мінездер де, жалпы психологиялық ахуалдар да бедерленіп, көркем бәдезделіп шыға келеді. Кейіпкерлерінің өзара  және әңгімешімен диалогтарында   жазушы олардың характерлерін даралау, тұрмыстық, әлеуметтік қарым-қатынастарын айқындауға ден қояды.  Жазушы әңгімелерінде алғаш оқыған адамға ауызекі стиль басымдық алатын сияқты көрінері бар. Ол екі сипатты болып келеді. Біріншісі – әңгімешінің өз сөз саптауында, екінші кейіпкерлердің өзара диалогтарында.  Көркем зердеден өткізсеңіз – өз-өзімен немесе кейіпкерімен, оқырманымен көркем диалогқа түсетін суреткер М.Байғұт  әрнәрсені өзегінен тартатын асыл әңгімешіге айналады. Кеңістігі  нұрлы «Іштарлық пен құштарлық» – шынайы оқырман жанын сөзсіз ізгілікке бастайды.  

Әлия БӨПЕЖАНОВА.

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір