Асқар  НАЙМАНТАЕВ: ТЕАТР ҰЛТТАРДЫ БІРІКТІРЕДІ
15.11.2020
1063
0

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр» дейді Ғ.Мүсірепов. Сол мөлдір өнердің тамырына қан жүгіртіп, «Хантәңірі» және «Қарадала» халық театрларының ашылуына жан салған актер Асқар Наймантаевпен аз-кем әңгіме өрбіттік.

 –  Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, ел аузында халық театрының ашылғаны туралы ақпарат өте кең тарады. Қуанғандар, сәттілік тілегендер басым. Жалпы, өткенді тірілту, ауыл, ауданда осы істі қолға алу идеясы қашан туды?

–  Бұл идея тым ертеде, осыдан он шақты жыл бұрын туған. Марқұм Еркін Ібітанов ағамыздың көңілін сұрап барған едік. Жанымда «Терісқақпай» театрының біраз азаматы бар. Сол дастарханда ақын ағамыз Нарынқол халық театры жайында көп әңгіме айтты. Әсіресе маған: «Сенің әкең сол халық театрын бүкіл республикаға, тіпті  он бес одаққа танытып еді. Адамның ойына келмеген биіктерге көтеріп, түрлі классикалық туындылар қойып еді. Кәсіби театрлармен терезесі тең болып, жұлдыздай жанғанына бәріміз куә болған едік. Сол әкең жеткізген дәрежесінде біз ұстап тұра алмай, театрды жауып алдық. Соған өкінем», – деп, көзіне жас алғаны қатты әсер етті. «Ойпырмай, соны қайтадан қалпына келтірсе ғой», – деген сөзі көкейімде қалып қойды. Ол кезде Нарынқол жеке аудан емес. Кегенге қарап тұрған кезіміз. Аудан әкімшілігінің табалдырығын біраз тоздырдым. Облыстық мәдениет басқармасына барғанымда бір ақсақал, атын ұмытып қалдым: «Шалғай ауданда театр ашсақ, керемет емес пе? Бірақ сен Алматының тұрғынысың, бізге жергілікті әкімшіліктен арнайы хат түсуі керек. Сонда рұқсат бере аламыз», – деді. Өкінішке қарай, жергілікті әкімшілік оны істей қоймады. Құрғақ уәдемен шығарып салады. Бір әкім уәде береді, келесі айналып барсаң, ол ауысып кетеді. Сөйтіп құр әурешілікпен  7-8 жылдай жүрдім. Ақыры, міне, жүзеге асқаны осы болды.

 – Ой жүзеге асты. Ел болып қуандық. Облыс орталығы – Талдықорғанда бір емес, екі театрдың тұсауы кесілді. Бұл жақсы. Дегенмен ғұмырлы болатынына қаншалықты кепілдік бар?

–  Ғұмырлы болатынына өзім сенем. Театр ашылды дегеннен осы күнге дейін талай адамнан «Мен жұмыс істейінші» деген өтініш түсті. Көбі – Өнер колледжін бітірген жастар. Алматыда жүргендердің өзі ауылға барып, сол театрда қызмет атқарғысы  келеді. Демек, мен көнекөздердің арман-мұратын ғана орындап қойған жоқпын. Бұл – алдымен жастарға, сол жақтағы халыққа керек дүние! Ауылда да өнер десе ішкен асын жерге қоятын қаншама талантты қыз-жігіт бар. Мәселен, «Хантәңірі» халық театрының алғашқы қойылымына оқушы қыздар қатысты. Олар аудандық мәдениет үйінде драма үйірмесі ашылса, соған қатыссақ деп отыр. Осы тектес тілегін айтқандар өте көп. Бұл –уақыт талабы. Жеңіл, арзан дүниеден халық жалықты. Ал  театр өнері мәңгі өлмейді. Көпшілік осыны ұғып отыр. Жастардың өзі осындай үлкен өнерге құмарта бастады. Ұйғыр ауданынан да күнде хабар келеді: «Ойбай, театрға кіруге өтініш айтып жатқан адам көп. Билік штатын тездетіп бекітіп берсе –жақсы болар еді», – деп.

 –  Осы театрлар ашылғанша жарғақ құлағыңыз жастыққа тимеді. Ендігі жағдай қалай болмақ?

–  Театрды аша салып, қақпағын бірден жаба салғандай болмай, мен әлі де сүйреймін ғой. «Іштен шыққан шұбар жылан» емес пе, қимаймын. Бірақ, шынымды айтайын, менің ауданға барып-қайтқанымның өзі үлкен қиындық туғызады. Ары-бері жолдың өзіне, қонақ үйге біраз шығын шығады. Ал  ол жақтан «Маған үй бере қойыңдар» деу тағы артық. Оған қақым да жоқ. Баруын барғанмен, ауыл халқына артық салмақ салғың келмейді. Біреудің үйіне барып, қашанғы жатасың? Қазақ өзінің туған құдасына да үш күн әзер шыдайды. Осы бір жарым-екі айдай уақытта екі театрға шапқылағаным сияқты бір амалын тауып, қол ұшын беріп тұрармын. Сосын, мәселе бір шешімін табар.

Әлеуметтік желілерге: «Бұл халық театры деңгейінде қалып қоймай, үлкен театр деңгейіне көтерілсе. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 68- жылы Жетісай халық театры құрылып, бір жылдан соң драма театр дәрежесіне көтеріліп кетті. Түркістан аудан болып тұрғанда Райымбек ағамыз театр ашып, ол да драма театр дәрежесіне көтерілген. Біздің екі театрдың бірі осындай әлеуетке жетсе, ой-жоспарымыздың орындалғаны», – деп жаздым. Ендігі үміт жергілікті әкімшілікте! Олар өтірік қуанған болмаса, олар өтірік құптамаған болса, осы ісімізді қолдар. «Осыған рақмет айтыңдар. Енді тек наурызда, мерекелерде қойылым қойып беретін театр боласыңдар», – десе, масқара сонда болмақ.

 –  «Хантәңірі» халық театрының іргесі тым ертеде қаланғанын айттыңыз. Ал Ұйғыр ауданында «Қарадала» халық театры алғаш ашылыпты. Жұрт қалай қабылдап жатыр?

–  Қарадала жұртының қуанышында шек жоқ. Бұл аудандағы кез келген мәселе – өте нәзік және өте күрделі. Кез келген ойланбай істеген істен от тұтанып кетуі мүмкін. Екі ұлттың арасындағы кішкентай кикілжіңнің өзі ауданның атына кір келтіріп тұрған кезде, театр ашу – бірлікті нығайтудың көзі. Мәселен, ұйғырдың «Арзу» ұлттық ансамблінің 40 жылдан астам тарихы бар. «Жазерке» ұлттық қазақ ансамблінің де 20 жылдық тарихы бар. Бір шаңырақ астындағы осы екі ұжым да алғашқы қойылымға жан сала ат салысты. «Сен ұйғырсың, сен қазақсың. Мынау сенікі, мынау менікі» деген жоқ. Құлшына кірісті. Тіпті, қойылымнан кейін «Ағай, енді не қоямыз, келесіде не болады?» деп сұрады. Сондай  сәттерде  ішің жылиды. Өнер ешкімді ұлтқа бөлмейді, кез келген кикілжіңді, өзге дүниені ұмыттырып, бір мүддеге, бір мақсатқа жұмылдырады. «Шіркін, мына көшедегі халық та театрға келсе, бір-бірімен осылай тату болса» деп, тілейсің.

 – Қос театрдың ендігі қадамы қалай болмақ? Ғимарат, қаржы, штат мәселесі шешілді ме?

– Ғимарат, қаржы, штат мәселесі енді биліктің назарында. Халық театрларын ашу о бастан облыстың жоба-жоспарында бар дүние. Мәселен, «Хантәңірі» театры ашылғанда облыста бір дүрбелең туды. «Осындай да салмақты дүние жасауға болады екен ғой», – деп, Жаңа жылға дейін облыстағы барлық аудандарда халық театрын ашуға тапсырма берді. Осының өзі біздің ісіміздің жалғасын тауып жатқанын көрсетеді. Біздің облыс қана емес, өзге облыс, аудандардан да «Қалай аштыңыздар?» «Не істеу керек?» дегендей түрлі сұрақ түсіп жатыр. Кейбір аудандарда халық театры болғанмен, көпшілігі жаңа айтқанымдай, тек мерекелерде бой көрсетіп, сосын облыста бір шара болса ғана бастарын құрап бір қойылым қойып, қайтып келіп басқа жұмысқа араласып кетеді. Бұдан халық театры, қазақ өнері дамымайды.

 – Репертуар жағы қалай болып жатыр?

–  Репертуар таңдау жағы өте қызық болып жатыр. Сол Нарынқол мен Қарадала өңірінен шыққан жазушы, ақын, драматургтер қаншама. Солар: «Елімізде ашылған театрға үлесімізді қосайық. Менің мынандай дүнием бар», – деп жан-жақтан хабарласуда. Әрине, жергілікті авторларды, сол өңірдің тарихын дәріптеу басты мақсаттың бірі. Бірақ театр өзінің театр екенін ұмытпай, мойнындағы ауыр жүкті абыроймен алып жүруі үшін үлкен талғам, үлкен жауапкершілік керек. Әдепке, мәдениетке жетелейтін, үлгі болатын, көрерменге ой салатын дүниелерге бару қажет.

 –  Енді алдағы жоспарға келсек…

– Алдағы жоспардың ең үлкені – облыс әкімшілігі жариялаған наурызда өтетін халық театрлары фестиваліне қатысу. Қазір «Сол фестивальге не алып барамыз?» дегенді талқылаудамыз. Түрлі ұсыныс бар. Әзірге аудандарға қайтып бара алғам жоқ. Енді екі аудан өздерінде халық театрының ашылуын жасамақшы. Сосын осы мәселені ортаға саламыз. Айтпақшы, Алматыдағы бір продюсерлік орталықтың кино түсірмек ойы бар. Соған осы екі театрдың актерлерін тартамыз дейді. Біз үшін бұл да – үлкен мәртебе!

 – Журналисі бар, қоғам белсенділері бар, бұл істі қызу қолдап, насихаттап, іліп әкеткенін жоғарыда айттық. Ал биліктің ойы қандай?

– Тәуелсіздік алған отыз жылдың көлемінде үкіметіміздің де, мәдениет министрлігінің де назарынан тыс қалып қойған бір шаруаны қозғағандай, соған назарларын аударғандай күй кешіп отырмыз. Рас, БАҚ, сайттар, әлеуметтік желілер өте жақсы насихаттады. Олардың үні бүкіл елге жетті. Көпшілік қуана қолдады. Демек, бұл дәл уақытында, дер кезінде жасалған қадам болды. Ендігі мәселе, осыны ары қарай дамытуда. Қос өнер ордасының басқан  қадамына  қолдау көрсетіп, шығармашылық жұмыстардың орта жолда аяқсыз қалмауына бәріміз ат салысуымыз керек. Әсіресе, билік осыны қолдап жіберсе, ауыл, ауданда мәдениет пен руханияттың дамуы зор  қарқын алар еді. Мәселен, бір ғана «Қарадала» театрының өткендегі «Ескендір» қойылымын дайындауға отыз адамды киіндіру үшін Шонжыда екі тігін чехы, бір ұстахана, Алматыда бір тігін чехы жұмыс істеді. Міне, бір театрдың ашылуының өзі үш бірдей жеке кәсіпкердің жұмысын жүргізуге қолғабыс етті. Айтпақшы, сол Ұйғыр ауданында сағат он бір кезінде Мәдениет үйіне келіп, бір зейнеткер апамыз ыстық шай мен күлше сатты. Ол кісі де өзіне тұрақты тұтынушы тапқанына риза. Қысқасы, театрдың халыққа берері мол. Оған салғырт қарауға болмайды. Осыны жақсы білетін Тұңғышбай Жаманқұлов ағам арнайы келіп, екі театрды бірден «Театр қайраткерлері одағына» қабылдады. Бізге осындай зейінді адамдар керек. Халық театры – ауылды жердегі өнердің үлкен мектебі, руханияттың бастауы. Осыны шенеуніктер дұрыс түсініп, қолдай алса –мақсатымыздың орындалғаны.

 – Әңгімеңізге көп рақмет! Қазақ өнері жандана берсін!

 Сұхбаттасқан Қ.ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір