ЖАУАПКЕРШІЛІК АРҚАЛАУ ҮШІН АДАМНЫҢ АЗАТ БОЛУЫ ШАРТ
09.11.2020
1539
0

«Шәкәрімнің бес сауалы» VS «Қазақ әдебиеті»

Санжар КЕРІМБАЙ,
«Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы:

  1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

– Діни танымда мынадай қызық ұғым бар: «Алла – құпия жатқан қазына еді. Осынау мәңгілік қазынаның кәдеге аспай, тығулы жатқанын ұлық Алла қаламады. Сосын «оны іздеп тауып, рақатын көрсін» деп адамды жаратты». Маған осы таным ұнайды. Осы концепцияны рухани тұғыр етіп алсам, сарқылмас рухани қазына іздейтін бір қызықтың соңына түсерім анық. Онда адамның мақсұты да анық болады. «Қазына аралын» академиялық тілде трансцендентті немесе объектив әлем деп алсақ, ойымды былайша тарқатам: тұлға болып қалыптасып, нағыз өмірді (professional life) сүріп бастаған адам ар алдында, қоғам алдында, адам алдында немесе Құдай алдында жауапкершілік ар­қалайды. Арқалаған жауапкершілік 18 мың ғаламның мүддесімен үйлесім тауып, ортақ гармонияға келуі шарт, яғни жалпы тіршілік атаулыға мейлінше зиянсыз болуы керек. Жауапкершілік сезімі жүрекке бекіген сәттен бастап ғайыптың пердесі түріледі. Сосын объектив әлемдегі құндылықтар немесе рухани қазыналар жауапты кісінің жүрегіне ағылады. Құндылықтар оны түнімен мазалап: «Менің материяға айна­лып, әлемге көрінгім келеді. Мені туынды етіп жасап шығар. Қалыпқа түсір. Мәңгілік бұйым етіп мүсінде» – деп көңілін мазалап, тыныштық бермейді. Содан бастап оның түн ұйқысы төрт бөлінеді. Көңіліне енген құндылықтарды әртүрлі формада жүкті әйелдей «толғатып», «туа» бастайды. Осы­лайша өнерлі адамның артында ғибратты із қалады. Олар қалдырған ғибратты із бен ғажайып туынды кейінгі толқынның шабытпен өмір сүруіне жол ашады. Тір­шілік­тің неше түрлі соққысына төтеп бере­тін иммунитет қалыптастырады. Адам о дүниелік болған соң Алла одан сұрау алады деп сенсек, сұрақ мынадай форматта болуы керек деп топшылаймын: «Ал, құлым, өмірің озды. Менің қазына аралымнан Жер бетіне неше тонна құндылық тасыдың? Артыңда қандай ғибратты із қалды? Кейінгі буынды маған ынтық қылатын қандай өнегелі туынды қалдырдың?». Егер осы сұрақты өзімізге бала кезден қойып үйренсек, өмірді «кәсіби деңгейде» сүру жеңіл болар еді деп ойлаймын.

  1. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

– Тіршілік, ең алдымен, адамға екі түрлі феноменді арқалау үшін берілген деп білем. Біріншісі – еркіндік. Екіншісі – жауапкершілік. Жауапкершілік арқалау үшін адамның бұл өмірде азат болуы шарт! Себебі еркіндік феноменін тіршілікте ғана тамашалай аласың. Жердегі тіршілікте ғана адамның өзінің емес, басқаның мүдде­сі үшін пайдалы шешім қабылдайтын қаһар­ман­дығы айқын көрінеді. Егер Жа­рату­шы тіршілікті еркіндікпен бірге бер­месе, бұл өмір – озалдан анықталып, бәрі сызылып, өлшеніп қойған түк қызығы жоқ қатал тағдырға айналар еді. Онда ерлік істер атқарған неше түрлі тарихи тұл­ғалар­ды ұлықтаудың еш мәні қалмайды. Пайғамбардың да, батырдың да, ғұлама ғалымның да қадірі болмас еді. Сондықтан ақылды адам ес біліп, етек жиған күннен бастап: «Осы менің қалау еркім бар ма, жоқ па? Өмірді өз қалауыммен сүріп жатырмын ба, әлде тағдырдың жазғанымен дөңгелеп барамын ба? Ерік-қалауымды қай тарапқа бұрсам, өмірдің азабынан құтылып, мәң­гілік рақатқа кенеле аламын?» – деп сұрайды. Сұрақпен қорықпай бетпе-бет келген сайын адам өмірі мазмұндық жағынан қоюланып, байи түседі. Өлім сәті соғып, ажал кеп бас салғанда еркіндік нығметі мәңгіге жоғалады. Бұдан соң «Тірі болсам, өйтер ем, бүйтер ем. Қайта тусам, «қопарар» ем. Дүниені гүл-гүл жайнатар ем!» – деп өкінуден пайда жоқ. Еркіндік нығметі қолда тұрғанда ғана жасарыңды жасап қаласың. Еркіндікпен зейнеттелген мұндай ғажайып тіршілік қайта айналып қолға түспейді.

  1. Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен бол­сын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

– Логикаға ғана сүйеніп «жаман іске азап, жақсы іске рақат бар» деп сенем. Бір­ақ өлімнен соңғы өмір тым құпия болған­дықтан, анық жауабын білмеймін. Әрине, діни танымға сүйеніп: «Иә, бар. Ол жайлы Құранда айтылған» – деп қысқа қайыруға да болады. Бірақ оның өзі эмпирикалық әдіске емес, сенімге сүйену болып шығады. Яғни мен тозақ пен пейіштің барына иман келтіре салам. Бірақ бұл рационал танымдағы кісіге ұнамауы мүмкін. Жалпы, жүрегі сезімтал ақжүрек кісінің бәрі қайыр­лы ісінің о дүниеде алдынан рақат боп шығарын анық сезеді. Бірақ онысын ашып айта алмайды. Айтса, жағымсыз уағызға айналады. Сондықтан бұл таным мен сезім іште ғана қайнап жатады.

  1. Ең жақсы адам не қылған кісі?

– Қазір өмірден біршама тәжірибе жинадық. Енді осы тәжірибеге сүйеніп, сұрақты әуелі былай қояын: «Кімнен көбірек зиян көрдім? Кім маған көбірек қиянат қылды?» Жауабы анық: басқаның бағын көре алмайтын бақталас адам барлық жерді былғайды. Қай ұжымға барсаң да, былық солардан шығады. Біреумен іш­тей күндес боп, жатса-тұрса өзгенің өркен­деуіне жол бермеуге жанын салатын бақталас пенделерден адамзат мезі болып бітті. Іштарлығын жоя алмайтын күншілмен өле-өлгенше тіресуге тура келеді. Ал дүниеқұ­марлығын тия алмай, дәулет үшін, мал үшін жолыңды кесетін пендені айналып өту сон­шалық қиын емес. Ең жақсы адам – басқаның дарынын, даралығын, өнерін, басқа да толып жатқан қасиеті мен талантын жазбай танып, қызғанышқа берілмей, дер кезінде бағасын беріп, оны төбесіне көтеретін адам. Яғни өзін емес, өзгенің жетістігін көріп, біліп, танып, соның жолындағы кедергіні жоюмен айналысатын пенде – кісінің ең асылы саналады.

  1. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?

– Адам заманға тәуелді деп сана­маймын. Қазір әлемді тұтас бақылау жеңілдеді. Ғаламтор құдіретімен барлық елді барлай­сың. Бір заманда былыққа белшеден батқан елдер қазір әлемге үлгі шашып отыр. Бір дәуірде дүниеге өркениет үйреткен ұлыстар бұл күндері азғындықтың жеті атасын жасайды. Сондықтан «Адамдар түзелді яки азды» – деп біртекті айта алмаймын. Заңы мен билігін реттеген елдер заманды ығы­на көндірді. Керісінше, заңы мен билі­гін қисайтқандар қолайлы заманды қол­дана алмай, өз жұртын қолдан бұзды. Ал бұған да болмай, тым жалпылама алсақ, XXI ғасыр бәрібір «түзелем» деген адамға қолайлы кезең туғызды деп сенем. Қалай десек те, қазір адамды нақақ өлтіру қиын. Сондықтан бұл сұраққа «заман өте келе адамзат өркениеті «түзелемін» деген кісіге оңтайлы жағдай жасап берді» деп қана айта алам. Ал ондай мүмкіндікті құр жіберіп алған адамға не айта аламыз?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір