КЕМЕҢГЕРЛІК ҒЫЛЫМИ МЕКТЕП
09.11.2020
1623
0

Халқымыздың ардақты перзенті, еліміздің білім мен ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті ғалым, тағылымды ұстаз, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан су шаруашылығының білгір кемеңгері, Қазақ КСРінің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, зерделі зиялы тұлғаның біріТӘЖІБАЕВ Лашқар Есенқұлұлы.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА Вицепрезиденті, академик, әлФараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері


Саналы ғұмырын ауылшаруашылық ғы­лымына арнап, су мәселелерін терең зерттеп, көптеген ғылыми еңбектер жазып қал­дырған аяулы ұстаз, Лашқар Есенқұлұлы 1915 жылы 20-тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының қасиетті Қазығұрт өңіріндегі Қарақия ауылында дүниеге келген.

Лашқар Есенқұлұлы 1926-1931 жылдары Шымкент пен Алматыдағы ба­ла­лар үйінде тәрбиеленді. Л. Тәжібаев 1931 жылы жеті жылдық мектепті тә­мам­дағаннан кейін, Свердловскідегі Ин­­­дуст­риалды «рабфакқа» түсіп, 1936 жы­­лы Орта Азиядағы инженер-гид­ро­тех­­­ник мамандарын оқытатын ірі оқу ор­­ны саналатын Ташкенттегі ауыл шаруа­шылығын механикаландыру мен ирригация инженерлерін дайындайтын институтты үздік бітірді.

1940 жылы Қазақ КСР Су шаруашылығы саласына инженер-жобалаушы қызметіне арнайы жолдамамен жіберіледі. 1941 жылы Лашқар Тәжібаев еріктілермен қатар алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына атанды. Соғыстың алғашқы жылында Мәскеу түбіндегі ұрыста ауыр жараланады.

Майданнан жаралы ор­ал­­са да, тағдырға мойы­май, ел үшін қызмет етуін жал­­ғастырып, ғылымға біржола ден қойып, 1942-1943 жылдары Қазақ КСР Су шаруашылығы ми­нис­трлігінде инженер, Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі­нің су шаруашылығы және энергетика тобы­ның бастығы, Ленин атын­дағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы Ғылым ака­де­мия­сының Қазақ бөлімі респу­бликалық тәжірибе-мелиориация станциясының директоры қыз­мет­терін үлкен абыроймен атқарды. 1951-1962 жылдары – Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті) деканы болып, ұстаз ретінде қызмет жасай бастады. 1962-1963 жылдары – Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің Су қорларын пайдалану және қорғау жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бастығы, 1963-1996 жылдары – Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Гидравлика және ауылшаруашылығын сумен қамтама­сыз ету» кафедрасының меңгерушісі қыз­мет­терін атқарды. Жауапкершілігі мол лауазымды қызметтер мен ұстаздық бағытты ұштастыра білген ғалым, білім мен ғылымды қатар алып жүрді. Ол ауылшаруашылық аймақтарды егістіктер мен жайылымдарды суарудың жаңа әдістерін енгізу және оны автоматтандыру, гидроме­хани­ка салаларын барынша зерттеп, көп­те­ген ғылыми еңбектер жазды. Атап айтқанда ,«Қазақстанның су айдындары», «Қа­зақ­с­танның су ресурстары және ауыл шар­уа­­шылығы аудандарын суландырудың сұл­басы», «Жайылымдарға арналған жыл­жы­малы су көтергіш таспалы қондырғы», «Ауыл шаруашылығы аудандарын сумен жаб­дықтау және суландыру негіздері» атты монографиялары су саласындағы ғалым­дардын үстел кітабына айналды. Ойы терең ғалымның еңбектері жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.

Ғалым еңбек еткен жылдарда елімізде ауыл шаруашылығын суландыру мәселелері тым күрделі еді. Басым бөлігін шөлді және шөлейтті аймақтар алып жатқан ұланғайыр қазақ даласында ауыл шаруашылығын же­дел жетілдіру үшін су мәселесі басты күн тәр­тібінде тұрды. Міне, осы бір кезеңде ғалым Лашқар Есенқұлұлы бастаған бір топ ғалымдар, білікті мамандар аянбай осы мәселені шешу үшін атсалысты. Сол кез­дің өзінде Лашқар Есенқұлұлы бастаған ғалымдар қойларды сумен қамтамасыз етуге және суармалы жемшөп өндіруге арналған автоматтандырылған жайылым кешенін және Республикамызда бірінші ірі қара малды ұстауға арналған автоматтандырылған мәдени жайылым жасалынды. Жайылымдар мен шабындықтардағы шахталық құдық­тар­ды тазалауға арналған жылжымалы пневмогидравликалық қондырғы өнді­ріс­ке еңгізілді. Бұл өз кезегінде ел эко­номи­касының еселенуіне алып келді десек артық айт­қанымыз емес.

Бұл ретте өткен ғасырдың ортасында Лашқар Есенқұлұлы бастаған қазақстандық ғалымдар еліміздегі су мәселесін терең зерттеп, нақты тұжырымдар жасап, бірқатар ғылыми еңбектерін жариялады. Профессор Л.Тәжібаев ұсынған басты теориялық және әдістемелік қағидалар тұңғыш рет Қазақ­с­танның түбегейлі гидрогеологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді. Бұрын сусыз деп саналып келген шөл-шөлейт ай­мақ­тарда көптеген су көздерін ашуға негіз болды. Бұл ғылыми жұмыс Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аудандарының же­рас­ты су көздерін, олардың пайда болу жә­не қалыптасу заңдылықтарын анықтауда бір­ден-бір ғылыми тұжырым болып есептеледі.

Тіршілік көзі саналатын су мәселесін жете зерттеген Лашқар Тәжібаевтің «Қазақ­с­тан­ның ауылшаруашылық аудандарын су­мен қамтамасыз ету және суландыру» атты үлкен еңбегінде де қазіргі ауылшаруашылық ғылымына қатысты көптеген қажетті дү­ние­лер­ді келесі ұрпаққа қалдырып кетті. Өзім де гидромелиорация, гидротехника саласының маманы болғандықтан, бұл мәселені жақсы түсінемін.

Қарап отырсақ, бізде осы уақытқа дейін мықты ғалымдарымыздың арқасында кең-байтақ жеріміздің қай жерінде қандай өзен-көл, суқойма мен құдықтар бар, қай жердің астында қандай су қоры бар – барлығының да нақты картасы жасалынған. Дегенмен су ресурстарының бұрынғы жасалған карталары бүгінде толықтыруды, қосымша зерттеулерді қажет етеді. Өйткені алдыңғы буын ұстаз-ғалымдарымыздың бастаған ісін кейінгі ұрпақтың жалғастырып қа­на қоймай, жандандыруы тиіс. Біз су мәселелерін шешу­де қайта жаңалық аш­қан­дай болмауымыз керек. Сондықтан Лашқар Тәжі­баев сынды өрелі қазақ ғалым­дарының бұрынғы тұ­жы­рымдары мен арнайы жасаған карталарына, бай тәжірибелері мен ғылыми еңбектеріне сүйене оты­рып, заманға сай инно­ва­ция­лық жобалар жасауға серпін берсек ұтарымыз көп болатыны сөзсіз.

Қа­шанда халық мүд­десін ойлап, Қазақстанның ауыл шаруашылығын көркейту мақ­сатында ең өзекті санала­тын су мәселелерін ғылыми тұр­ғыда шешу, көптеген жаңа тех­нологияларды өндіріске енгізуді ғалым өз міндеті деп сана­ды. Айтулы ғалым осы салада жемісті жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, өзінің үлкен ғылыми мектебін қалыптастырды. «Өмірге келу – ата-анадан, қалыптасу – ұстаздан» деген аталы сөзді бабаларымыз текке айт­паған. Өз басым ұстазым – Лашқар Есен­құл­ұлынан ғылымға құштарлықты ғана емес, адамгершілік, адалдық, шыншылдық, кіші­пейілділік пен бар игі қасиеттерді үйрендім.

Қазақ Ауыл шаруашылығы институтында осындай зиялы ғалымның аспиранты болып жүрген кезімде ғылымға деген ынта-жігерім тіпті арта түсті. Сол кезде ұстазымның ті­келей ұсынысымен қазақ баласының қолы жете бермейтін Мәскеудегі А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алып, техника ғылымдарының кандидаты болу үшін ғы­лыми диссертациямды қорғадым. Лаш­қар Есенқұлұлының жетекшілігімен 30-дан астам ғылым докторы және ғылым кандидаттар диссертацияларын қорғап, бұрынғы Кеңес Одағының әр аймақтарында қызмет атқаруда.

Бүгінгі күні Тәжібаев тәлімін алған мыңдаған шәкірттер отандық агроөндірістік кешеннің дамуына, оның ішінде су шаруа­шылығын оңтайландыру жолында тиімді еңбек жасап келеді.

Алдыңғы буын ұстаздардың ғылымдағы ізбасарлары саналатын біздер – олардың зерделі істерін жалғастырып, ел дамуы мен жас ұрпақтың өсіп-жетілуі жолында жұмыла қызмет жасап келеміз.

Лашқар Есенқұлұлы көп жыл еңбек сіңір­ген Қазақ мемлекеттік аграрлық уни­вер­ситетіне 2001 жылы ұлттық мәртебесі бе­ріл­ді, ал үстіміздегі жылдың 23 қазан күні Үкіметтің № 707 қаулысымен ғылыми зерт­теу жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды.

2003 жылы университетіміздегі «Гидро­те­хника және мелиорация» кафедрасына профессор Лашқар Тәжібаевтің есімі берілді.

Бүгінгі таңда аталған кафедра «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің құра­мына кіреді. Осы жерде айта кету керек, су мамандықтарын дайындайтын бар­лық оқу бағдарламаларда Лашқар Есенқұл­ұлы­ның зерделі ғылыми еңбектері кеңінен пай­даланылады.

Университет жанында Азиялық даму бан­кімен бірге ашылған заманауи озық тех­нологиялармен жабдықталған, 14 зерттеу ғылыми зертханасы бар Халықаралық «Су хабы» жұмыс істейді. Оның миссиясы – ең озық инновациялық технологияларды іздестіру және трансферттеу, Қазақстан мен Орталық Азиядағы барлық су саласын зерттеген ғалымдарының тәжірибелерін шоғырландыру, су ресурс­тарын тиімді басқару мәселелерін шешуде жаңа бастамалар қарастыру.

Қазақстанда ғана емес ТМД аумағында бәсекесі жоқ бұл орталыққа атақты шетелдік сарапшылар мен су шаруашылығының білік­ті мамандары жоғары баға берді. Орта­лық құрамына «Су проблемалары және жерді мелиорациялау» ғылыми-зерттеу инс­титуты», «Біліктілікті арттыру және ма­мандарды қайта дайындау институты», «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасы кіреді. Орталықта 3 ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, 9 ғылым докторлары, 11 кандидат және 12 доктор PhD жұмыс жасайды. Бүгін су ресурстары және мелиорация мамандығы бойынша 23 доктор PhD, 56 магистрант және 400 астам студенттер білім алуда.

Орталықта биыл туғанына 105 жыл толған көрнекті ғалым Лашқар Тәжібаевтың мұражайы бар. Бұл мұражайдың мақсаты – Лашқар Есенқұлұлы сияқты атақты ға­лым­дарымыздың ардақты есімі мен сүбелі ғылыми еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жастарды терең білімге, ғылымға ын­та­ландыру. Ғалымның кіндік қаны тамған Қарақия ауылында салынған жаңа мектеп те ғалымның атымен аталады.

Орталықта су жүйесімен айналысатын ғалымдар, докторанттар, магистранттар елі­міздің Ауыл шаруашылығы министр­­лігі және Білім және ғылым министрлі­гінің гранттары мен аймақтық шаруа­шы­лық­тардың тапсырыстары негізінде су шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми жобаларды іске асырып келеді.

«Су ресурстарын бірігіп басқару» зерт­ха­насында ғалымдар су қоймаларының оң­тайлы жұмыс режимдерін орнатумен ай­налысады. Бұл гидроэнергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, өзендердің төменгі ағысындағы су экожүйелерін қал­пына келтіруге және сақтауға мүм­кін­дік береді. «Гидротехникалық жүйе­лер­ді гидравликалық модельдеу» зерт­хана­сының қызметкерлері көктемгі су тас­қыны кезінде бөгеттердің бұзылуы және көпірлердің шайылуы мәселелерін ше­шумен айналысады. Ғалымдар Бартоғай, Күрті және Қапшағай су қоймаларының су тораптарының қауіпсіздігі, ауыл шар­уашылығы айналымынан шыққан тозған жерлерді қалпына келтіру және су ресурстарын ұтымды пайдалану дек­ла­рациясының жобаларын әзірлейді.

Ғалымдардың осы және басқа да көптеген зерттеулерінің нәтижелерін енгізу қолайсыз табиғи факторлардың әсерінен болатын зиянды едәуір азайтуға және суды ұтымды пайдалануға жағдай туғызады.

«Гидрокүштік қондырғылар» зертха­насында жайылымды жерлерді суландыру мәселелерімен айналысады. Шахталық құдықтардан суды көтеруге арналған пнев­­мовакуумдық (эрлифтілік) сорғы қондырғысының және ағыстағы су энергия­сымен қозғалатын гидравликалық қоқыс соратын қондырғысының жаңа түрі әзірлен­ді.

Су ресурстарын есепке алу және оны ұтымды пайдалану үшін «гидравликалық жүйелерді модельдеу» зертханасының қыз­меткерлері қашықтықтан басқару цифрлық технологияларды әзірлеуде.

Ұсынылған құрылғылар өзендердегі, көлдердегі және су қоймаларындағы су дең­гейі бойынша ақпаратты қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Осы жобаны енгізу су объектілеріне кешенді мониторинг жүргізуге және техногендік апаттарды төмендетуге себебін тигізеді. Яғни тәуекелді төмендетеді.

Университет ғалымдары География инс­титутының ғалымдарымен бірлесе оты­рып, Сырдария өзенінде Көксарай ко­нтр­реттегіш су қоймасын салудың тиім­ділігі мен орындылығына ғылыми-те­хни­ка­лық негіздеме берді. Көксарай бөгетін пай­да­лануға беру Қызылорда және Түркістан облысының бір бөлігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және көктемгі кезеңде апатты қысқы су тасқындарының алдын алуға және суармалы жерлерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Су хабының зертханаларында су ша-­­ р­уа­шылығы саласының мәселелерін, атап айтқанда, суармалы суды пайдалану өнім­ділігін, табиғи ландшафтарды қалпына кел­тіруді және тағы басқа мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер белсенді жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің 22.06.2018 ж. №370 қаулысына сәйкес, ҚазҰАЗУ Су хабы қызметкерлерінің қатысуымен География институты Іле және Ертіс өзендерінің транс­шекаралық бассейндері бойынша ірі ауқымды толық зерттеулер жүргізуде. Зерттеудің басты нәтижесі «Цифрлық Қа­зақс­тан» мемлекеттік бағдарламасының іске асыруымен интеграцияланатын матема­ти­калық компьютерлік модельдеудің, геоақ­параттық технологиялардың қазіргі заман­ғы әдістерін пайдалана отырып, шектес аумақтардан келетін ағынның қысқаруына байланысты қалыптасып отырған қауіптер мен сын-қатерлерге ден қойылған ғылыми негізделген шаралар кешенін әзірлеу болады.

ҚР-ғы География институты, ҚазҰАЗУ, ҚазСШҒЗИ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҰПУ, Дулати атын­дағы ТарМУ, Қазгидромет, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және т.б. ұжымдардың қатысуымен «Кли­мат­­тың және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама дайындалды. Бұл жұмыстың нәтижесі еліміз үшін маңызы зор. Сонымен қатар ғалымдар дайындаған «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау, басқару» атты 30 томдық монографиясы жарыққа шықты. Бұл ғылыми 30 томдық еңбек 500-ден аса су қауіпсіздігі мәселелері жеке зерттеуші ғалымдардың монографияларымен халы­қара­лық басылымдарда жарияланған ғылыми мақалаларымен толықтырылған теңдесіз ғылыми туынды екендігін айта кету керек.

Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарапшылардың пікіріне қа­ра­ғанда, қазіргі кезде су ресурстарына байланысты өзекті мәселенің бірі – халықа­ра­лық су ағысын пайдалануды реттеу. Себебі аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдерді құрайтын өзен жүйелерінің ше­карасы болмайды: әлемде 261 су алабы – халықаралық (трансшекаралық) болып табылады; олар жер бетінің 45 %-н алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде халықаралық алқаптарда су мәселелерінің туындаған 500-ден аса қақтығыс жағдайлары қалыптасып, кейбір жерлерде әскери іс-қимылдарға дейін баруына мәжбүр етті.

Ғалымдар Республикадағы тұщы су ресурстары тапшылығын жою және онымен байланысты жүктемені азайтудың екі жолын ұсынды.

Бірінші – суды үнемдеу. Суды үнемдеу және оны тиімді пайдалану нәтижесін арттыру барысында өзен ағындыларының экологиялық шығындарын азайту арқылы іс-шараларды жүзеге асыру және су пайдалану кешенін дамытуды қарастыру.

Екінші – сумен қамтамасыз ету. Балама су көздерін игеру, өзен ағындысын кеңістік пен уақыт бойынша қайта үйлестіру, шекаралас мемлекеттермен су ресурстарын халықаралық ережесімен бөлісу, қолда бар су ресурстарын молайту.

Осы бағытта География институтының ұжымымен бірге жүргізген «Қазақстан Республикасы табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету» саласындағы ғылыми жұмыстарымыз үшін әл-Фараби атындағы ғылым және техника ғылымдары саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері болдым.

Су хабында біздің ғалымдар шетелдік әріптестермен де бірлесе отырып, халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруда. Мысалы, Азиялық Даму Банкінің қолдауымен USDA және Мичиган штатының университетімен бірлесіп Ақмола облысындағы цифрлық орталықта зерттеу нәтижелерін өңдей отырып, жайылымдық аудандарды бағалау бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Оңтайлы нәтижелер Қазақстанның басқа аймақтарында енгізілетін болады.

NASA, жерді бақылау және жаһандық өзгерістер орталығымен бірлесе «Қазақстан мен Моңғолиядағы тамақ өнімдерінің, энергия мен судың өз-ара тәуелділік динамикасы» тақырыбында жоба іске асырылуда.

Бүгінде Су хабы диалог өткізу, тәжірибе алмасу, барлық су мәселелері бойынша ақпараттың уақытылы берілуін қамтамасыз ету алаңына және шұғыл жағдайларға жедел ден қою орталығына айналды. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Су хабы жоғары деңгейде 30-дан астам халықаралық, республикалық және университеттік іс-шаралар өткіз­ді. Мысал ретінде Азиялық даму бан­кі­мен бірге «Қазақстандағы су қауіп­сіздігі және оны практикада тиімді пайдалану» семинары; Алмания ға­лым­дарымен бірге «Орталық Азия және Қазақстан су кешенінде инова­циялар» атты бизнес-форум және «Қазақстанның су ресурстарына технологиялық және ғылыми трансферттік потенциал» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция; Жа­пония ғалымдарымен бірге – Арал те­ңізін­дегі және Сырдария өзеніндегі эколо­гиялық зерттеулер бойынша семинар; Литва мемлекетіндегі Ұлы Витаутас униве­рси­тетімен (Vytautas Magnus University) «Қазақстанда жаратылыстану ғылымдары бағдарламалары бойынша оқыту тәжірибесін тарату» семинары; Аралды құтқару халы­қара­лық қорымен бірге – «Орталық Азиядағы трансшекаралық ынтымақтастық – бүкіл аймақтың қауіпсіздігі, тұрақтылығы және әл-ауқаты» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, т.б. шаралар жүйелі түрде жүргізіліп тұрады.

Пандемия кезінде де Орталық отандық және шетелдік ғалымдарымен бірігіп ауыл­шаруашлық тауар өндірушілерге он­лайн форматында кеңес беру үшін конферен­циялар өткізілді. Мысалы: «Су ресурстары және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Суармалы жерлерде су ресурстарын басқару, жаhандық ынтымақтастық бөлігі», т.б. актуалды тақырыптарға конференциялар жүргізілді.

Орталық АҚШ, Алмания, Австрия, Ис­пания, Франция, Польша, Ресей, Украина, Беларуссия, Қытай, Сербия, Слова­кия, Латвия мемлекеттерінің ғылыми орталықтары мен аграрлық бағыттағы жо­ғары оқу орындарымен өзара әріптестік келісім негізінде бірлесіп су шаруашылығы мамандарын дайындауда. Жан-жақты ынтымастық нәтижесінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдің белді ғалымдары біздің орталыққа арнайы шақырылып, тәжірибе алмасу үрдісі жолға қойылған.

Университет Польша мемлекетінің Варшава жаратылыстану универсиетінің ғылымдарымен «Су ресурстарын басқаруда IT технологиясын пайдалану» атты бір­лес­кен оқу бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарлама бойынша 2019-2020 оқу жылында 8 магистрант қос диплом иегері болды. Осы бағдарламамен оқыған магистранттарымыз өз білімін ArcGIS, QGIS, HECRAS, SWMM, CROPWAT IT бағыттары бойынша шыңдады. Бүгінде осы оқу бағдарламасы негізінде 10 магистрант білім алып жатыр. Су хабында менің жетекшілігіммен «Су ресурстарын басқару» бағыты бойынша жыл сайын Жазғы және Қысқы мектеп ұйымдастырылып тұрады.

Осындай игі істер Лашқар Есенқұлұлы қалдырып кеткен ғылыми еңбек пен өшпес білімнің жалғасы іспеттес. Халқының қа­мын жеп, ұлтының ертеңіне қызмет еткен, ғылым тарихында аты мәңгі өшпейтін дана ғалымның дара жолы – жастарға үлгіөнеге.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір