НЕГЕ АДАМДАР АДАСТЫ, ОЙЛАНАЛЫҚ?!
13.11.2015
1629
0

wisconsin-wildcat-mountain-state-park-autumn-roadАсыл СҰЛТАНҒАЗЫ

 

***

– Бауырым?

– Ау?

– Біз кімдерміз?

– Ақиқатын айтайын, сіз күлмеңіз.

Ертеңге із қалдырар дәл бүгінгі,

Көрстандық немесе біз мүрдеміз.

 

– Мүрде деген не еді?

– Қоныс аға.

– Онда біреу біздерге болыса ма?

– Жақыныңнан қайыр жоқ, тек амалың,

Айырады бастан бақ, сор ұша ма!

 

– Амал дейсің,

айлам да бар,

Биліктінің алдында жайраң қағар.

Жұғысқанды жығатын епті едім,

Тірескеннің тағдыры ойран болар.

 

– Ой, аға, ол амалың жарамды емес,

Айтпаңызшы жастарға сараң кеңес.

Айлалы жан ажалға алдырмаса,

Алдар көсе көрсетер табанды егес.

 

– Осы сендер жүрсіңдер қайда лағып,

Араб елі жатыр-ау пайдаланып.

Алла деген жоқ шығар мен сенбеймін,

Біздің көзбен қарайық, ойланалық.

 

– Атеистік заманың кеткен аға,

Мейлі шамдан, ашулан, кектен аға.

Мүрде де мүлт кеттім деп өкінерсіз,

Айлаңа шоқ түймелі шекпен ала.

 

Сол кезде айырарсыз ақ-қараны,

Кеш болады, жыласаң жақ талады.

Иманға кел ағасы, ақылды жан,

Абайдай арын қорғап, сақтанады.

 

Құрық құрдас

(Қария сөзі)

Жылулыққа сұлулық үйір ме еді?

Суық дене сұрықсыз, күйімдемін.

Тазқарадай қарттық кеп шүйілгелі,

Ауру да жеңіп жүр биыл мені.

 

Құрдастарым біртіндеп алыстады,

Жер астына мекені ауысқалы.

Әр жерімді бір шоқып құмай-ажал,

Жан-дәнімді жүр екен тауысқалы.

 

Сен қаласың құрығым, құрдас-көзім.

Маған ғана аян ғой сырлас кезің.

Елу жыл жылқы үстінде бірге жүрген,

Құрық құрдас кешегі тумас сезім.

 

Сен ол кезде тобылғы шыбық едің,

Қара көзге басылған құрық өңің.

Қалтылдап қартайған да саған енді,

Үшінші аяғым деп жүгінемін.

 

Кірпігімді соңғы рет қаққан кезде,

сені ошаққа отын қып жатқан кезде,

Жылқы жылдар қадірсіз қалар досым,

Қоштасайық, кеудеде шоқ бар кезде.

 

Жетімнің монологі

Жуырда қар түседі паң далаға,

Мені қойшы, ертерек қамдан ана.

Жасынан жетім қалған жас құлының,

жамылғысыз жатқанға арлана ма?!

 

Үйренгенмін қаңтардың азабына,

Жетімегің мұз қатса азады да.

Тоңғақ жер – сапарлатып кетердегі

ұқсайды екен өзіңнің ажарыңа.

 

Қоқайын көріп келем талай қыстың,

Ит тағдыр тартысына қалай түстім?!

Тоң саусағы тоқымын жамай алмай,

Сарқылатын шағы ғой малай-күштің.

 

Көрде жатып боласың несіне алаң,

Бір жаңа жертөлеге көшіп алғам.

Сағыныштың моншағы көп шашылған,

Кей кезде сол қонысты есіме алам.

 

Есіме алсам өксимін, өкіремін,

Ит тағдыр ғой несіне өкінемін.

Жұқа кебін жамылып кетіп едің,

Қамдан ана, өлмейді жетімегің!

 

***

Күз келеді,

Сыйлайды екен аяулым бізге нені?!

Саудыраса сарғайған жапырақтар,

Сыбдырынан сағынып ізде мені.

 

Шық тұрады,

Талдар да жылайтынын ұқтырады.

Тамшысынан таңдардың ізде мені,

Табыспаса неге ел жұп құрады?!

 

Жел еседі,

Мен болып өзіңменен кеңеседі,

Мені іздеші жұпыны бақ ішінен,

Мына әлемнің белгісіз келешегі.

 

Қайда барып тынады, қайда қалып,

Біреулер жүр жақсыны пайдаланып.

Көрінсе де ақ таңда айнала анық,

Неге адамдар адасты, ойланалық?!

 

Кесірі көкіректен, күзден емес,

Күз де жетті, айтайын сізге кеңес.

Кел дегенде жанымнан табылмасаң,

Сезімімді себепсіз, іздеме кеш!

 

***

Толмаған соң кеудесіне жұпар гүл,

Сағыныштың дерті меңдеп жұтап жүр.

Сенің шашың Иран бақтың гүлдері,

Петрарка, Жұматайлар жұтар бір.

 

Сенің көзің жасындардың жарқылы,

Құнсыз одан дүниенің алтыны.

Жанарыңды сағынғанда Естайлар,

Ән салады-ау ісінгенше алқымы.

 

Қасың сенің туған айдың қарасы,

Кірпігіңмен сәуленің бар таласы.

Сәруар, Ләйлі естерінен тандырған,

Ақан сері, Мәжнүндеймін шамасы.

 

Бөктердегі бүлдірген ғой ерінің,

Бүлдіргенге ынтық қылды мені кім?!

Аққу төсті аруым-ау қоншы енді,

Сенсіз мына көкіректің көлі мұң!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір