ӨНЕР ТУЫ ЖЫҒЫЛМАЙДЫ
Театр – мектеп, ол елдің ортасынан шыққан тума таланттарды шыңдайтын орда. Өнерге ұмтылған жастардың жігерін жанып, сезімін лаулатып, ойын ұштайтын алаң. Театр ақыл айтып, тәрбие сабағын өткізетін сынып емес, өмірдің қайнаған көріністерін көрсете отырып, көрермен залына жиылған көпшілікті ойландырып, толғандырып, сезімге бөлеп, әсерін өнермен ойға жетелейтін, ақылға жүгіндіретін мекен. Театр кафедра – онда дүниеде бар данышпан ойлар сезімге тоғытылып, жүрекке әсер етеді, дүниеде жоқ ғайыптан туған сәби ойлар сананы оятып сені қиялға жетелейді. Театр – әсемдікті, әдемілікті, сұлулықты өзінің қаруы етіп, сол қасиеттерді төкпей-шашпай жеткізе алатын өнер ордасы.
Ең бастысы театр тоқтауды білмейтін сезімдердің қайнары, кейде майдай сипап, кейде тулап, буырқанып, кейде саябырси қалатын, кейде сызылта ән салатын сезімдер тоғысы. Сен бізді көп жылатып жіберген жоқсың ба? – дейді маған. Ол жақсы емес пе? Көз жасы деген тазару емес пе? Әсіресе, театрда өнер туындысынан алған әсерден туған көз жасы. «Ой, сол күнгі күлгенім-ай», – дейді бір досым. Содан артистердің ойынын еске түсіріп, шабыттана, жылдам-жылдам сөйлеп көкірегін кернеген қуанышты қопарып саған сол күйі жеткізгісі келіп асығады.
Актер – театрдың басты тұлғасы. «Сен маған досыңның кім екенін айт…» деген сөз бар ғой. «Сен маған актеріңнің кім екенін айт, мен сенің театрыңның қандай екенін айтып берейін» деуге болады. Өйткені, театр актері арқылы белгілі. Көрермен де актерге келеді, актердің өнеріне келеді. Шіркін, осы 60 жылда біздің сахнаға қаншама актерлер көтерілді. Өз өнерлерін көрсетті. Алғашқы тума таланттар: ҚР халық артистері Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, С.Шотықов, ҚР еңбек сіңірген артистері Т.Айнақұлов, О.Әбдімомынов, К.Көпбаева, артистер Х.Саурықов, Қ.Көпбаев, Ш.Мәрденов, Ә.Кәнетов, А.Манаспаева, Р.Тәшібаева, Р.Қуанышев, Б.Балғынбаев, Ы.Раманқұлов, С.Ысқақов, С.Масина, З.Сәулебаева, О.Нәсімханов театрдың басында тұрды. Одан кейінгі мектеп көрген дарындылар Қазақстанның халық артисі Е.Төлеубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Ә.Арысбаева, Б.Алпысбаев, А.Сейілханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Әбжанова, Ү.Бегімова, Мәдениет қайраткерлері А.Артықбаева, Б.Ботбаев, З.Төлепова, артистер І.Шәкіров, «Құрмет» орденінің иегері Ұ.Баяділова, Ж.Досаев, Э.Машрапов, Г.Байсақалова, А.Нұрғазина. Бүгінгі жауқазын жастар, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығынын лауреаттары Б.Темірбеков, Қ.Айтжанова, артистер А.Байдалиева, Н.Шыналиев, З.Көздібаева, М.Пұшпақова, Ғ.Боранбаева, Ұ.Баймаханов, Е.Асанов, С.Әбдразақов, А.Төлеуова, Ә.Баймұқанова, А.Көшімбаев, А.Оразалиев, Б.Ошақбаев және т.б.
Театр сахнасына қаншама драматургтердің шығармалары қойылып, қаншама пьесалар алғаш рет біздің сахнаға қадам басты. Сонау 1955 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқтысымен» ашылған сахна әлі талай драматургтердің мекеніне айналатыны хақ. Алдыңғы сапта классиктеріміз Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ш.Хұсайынов, Т.Ахтанов, С.Адамбеков, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісов, Ш.Айтматов олардан кейінгі буын жазушылар Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әбдіков, А.Оразалин, Иран-Ғайып, Р.Отарбаев, Ә.Тауасаров, Б.Мұқаев тұрса, аударма пьесалардың авторлар қатарласа тізіледі: В.Шекспир, А.П.Чехов, А.В.Гоголь, Ф.Шиллер, К.Гольдони, В.Вишневский, А.Штейн, И.Друцэ, М.Карим, Г.Хухашвили, А.Каһар, С.Ахмад, Таупық Әл-Хакім, К.Рахманов, әр фамилияның артында қаншама тағдыр, қаншама өмір, қаншама жан тербелісі жатыр. Драматург ойы, режиссер қиялы, актер шығармашылығы. Қаншама көрермен, қаншама адам сезімдері, қаншама қол шапалақ – санап тауыса алмайтын ләззатты сәттер!
Режиссер демекші… Бір кезде біздің театрды режиссерлер театры деп те атап жүрді. Жақып Әбілтаев театрды құрды. Ұжымды бір жүйеге келтірді. Мен Дон Ук келіп, А.Д.Поповтан алған тәлімін Қызылорда театрынан бастады. Алғаш рет Қызылорда театрының барын, онда таланттар шоғыры жұмыс істеп жатқанын білдіріп, өзінің «Қаракөзімен» бүкіл республиканы шулатты. Р.С.Андриасян келіп, К.Гольдонидің суырыпсалма сахналық өнерімен, қазақтың суырыпсалма ақындығын қосып, Қожайыны бар қонақ үйден дәм татырды. В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясымен» аттандап, Маман Байсеркенов республиканың рухани әлемін дүр сілкіндірді. Труппаға К.С.Станиславский ілімін тереңдете үйретіп, ұжымды кәсіби деңгейге жеткізді. Қызылорда театры жайлы Республикада оң көзқарас қалыптасты. Т.Тұңғышбаев пен Т.Өтебаев та Қызылорда сахнасында өз іздерін қалдырды. Одан кейін менің кезегім келді. Мен асықпадым, аптықпадым. Білгенімді беруге тырыстым. Түйсінгенімді жасауға ұмтылдым. Актерлерден үйрене жүріп, оларға үйретуге бар күшімді салдым. Менен кейін қиялы шабытқа толы Ерғали Оразымбетов келіп, «Ақырзаманнан» бастады. Шаршамады, талмады, ең қиын кезеңде театрды абыроймен алып шықты. Өзі де абырой биігіне қол созды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық артисі.
Міне, он екі жыл өнер жолымды бастаған театрыма, жаңарған, жасарған ұжымыма қайта оралдым. Есейіп, ақыл тоқтатып, ұжымды үлкен ойға жетелейтін кезде келдім. Сол ойды жігермен бастап келемін. Труппа толық. Ауызбіршілік мол. Театр директоры – Мұхит Әбдікәрімов, орынбасарлары Ерқазы Алданазаров, Мұрат Әбжанов, бас суретші Серік Пірмаханов, режиссер – Оңталап Нұрмаханов, суретші – Тимур Сағымбаев және театрдың техникалық құрамы сақадай сай, кез келген асуды игеруге дайын. Театр ұжымын ұлы мереке – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әттең, Әлия бұл күнге жете алған жоқ. Серік, Ораз, Ұлбатай, Сәнім де арамыздан кетті. Бірақ олардың бәрі біздің қатарымызда, бізбен бірге деп ойлаймын.
Ылайымда өнер туын жығып алмайық, ағайын!
Әмір-Темір Хұсейн,
театрдың көркемдік жетекшісі,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.