Күй – Нұрғиса
27.10.2020
1042
0

(Композитор музейінде жаңа реэкспозиция ашылды)


Қазақстанның, Кеңес Одағының Халық әртісі, Халық Қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әйгілі композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиев қазаққа ғана тән перзент емес, ол тұтас түркі жұртына ортақ ұлы тұлға. Сондықтан, ұлы композитордың мәдени мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру, ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтау, насихаттау, дәріптеу біздің борышымыз.

«Қазақ өнеріндегі ең күрделісі, ең толғау­лысы, ең сырлысы – ол күй өнері», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, қазақтың қуа­нышында да, қайғысында да жұбанышы болған күй өнерін шарықтатып, өз деңгейіне жеткізіп, дамытқан, қазағын әуенмен тербеген, саз суреткері Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында мемориалды музейінде жаңа реэкспозиция ашылды! Музей – рухани байлықтың ордасы! Сазгердің өмірі мен өнері туралы, тұтынған заттары мен құнды жәдігерлері, қордан жарыққа шыққан фотосуреттерін, партитураларын көруге мүмкіндік туды. Ол баршамыз бүгінгі күні орындап жүрген «Саржайлау», «Ақ құсым», «Куә бол», «Алатау», «Біздің ағай тамаша» сияқты т.б көптеген әуезді саздың авторы. Әрі сазгер, әрі дирижер, әрі күйші болған, бір бойына бірнеше талант қонған осындай ұлы тұлға қазақтың маңдайына бұйырғанына қуанасың да!


Күйден алау жақтыратын Нұрғиса,
Ойды көзбен бақтыратын Нұрғиса,
Шабынғалы тұрған долы барысты
Маужыратып сап тыятын Нұрғиса, – деп Мұзафар Әлімбаев толғаған. Иә, көкейдегі ойды тербеп, көңілге жетелей жөнеліп, жүректен орын алар күйлер Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларында ғана! Күй – қазақтың ежелден-ақ, мұңдасы, сырласы, жансерігі. Күйдің ғажаптығы сол – өмірдің мән-маңызын ұқтырады. «Күй тыңдап, күйді шын түсінген пенде жамандыққа бармайды» , – деп жатады. Сондықтан да күй – құдіретті, киелі деп есептелінеді. Домбыра туралы ұлы ғұлама әл-Фараби еңбектерінде: «Қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды», – деп жазылуы жайдан жай болмаса керек.

Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен өнері жолында өзінің жақсы көріп шертетін үш домбырасы болған. Соның ішіндегі көзінің қарашығындай сақталған құнды мұраларының бірі «Дариға-Домбырасы» музей экспозициясынан орын алған. Бұл домбыраны 1937 жылы Н.Тілендиевтің ұстазы, ұлы композитор, академик Ахмет Жұбанов арнайы тапсырыспен жасатып, Нұрғисаға сыйға тартқан. Композитор бұл домбыраны сол уақыттан бері қаншама уақыт өтсе де, көздің қарашығындай сақтап, өмірлік серігі Дариға Тіленді келінінің атымен «Дариға» деп атаған. Дарынды сазгер бұл домбырасымен ғажап туындыларды дүниеге әкеліп, қазақтың күмбірлеген күйі мен әуезді әндерін бүкіл әлемге танытқан. Композитордың «Дариға-Домбырадан» бөлек «Сұлтан», «Мархаба» деген домбыралары да болған. Ал «Қыз-Жібек» көркем фильмінде «Аққу» күйін тартқан домбырасына кино режиссері Сұлтан Қожықовтың есімін қойып, «Сұлтан» деп атаған. Ол домбырадан тартылған күй сол фильмде аққуларды көлге қондырған еді. Тағы бір домбырасына жеңгесінің есімін беріп, «Мархаба» деп атаған.


Өтті, кетті қайтейік жасыл дәуір,
Сорғалаған көзімнен жасым да ауыр.
Құстар қайтып келгенде көктем шыға,
Бірге мүмкін келерсің, асыл бауыр! – деп «Құстар әні» әнінің сөзін жазған ақын Тұманбай Молдағалиев атамыз осылай соңғы өлең жолдарын сазгер бауырына арнаған екен. Әрбір көктемде інісін күткен екен-ау ақын ағамыз! Нұрғиса Тілендиевтің туған күні – 1 сәуір! Құстар қайтып келгенде…
Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – көптеген сырлы әуендер мен әсем әндердің жаршысы болған композитордың роялі. Композитор бұл рояльді 1979 жылы осы пәтерге көшіп келгенде сатып алған. 1979 жылға дейін де Н.Тілендиевтің тағы бір роялі болған. Ол рояльды 1978 жылы «Ғұлама ұстазым Ахмет Жұбанов атындағы мектепке жүрегімнің сиқырлы кілтін ашқан сырдескі роялімді сыйға тартамын», – деп ұстазы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне сыйға тартқан. Бүгінде сол аспап мектептің төрінде тұр.

1949 жылы Н.Тілендиев Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне (декадасына) қатысады. Осыдан кейін дарынды дирижер Мәскеу консерваториясының опералық дирижерлер даярлайтын факультетіне оқуға түсіп, Н.П.Аносовтың сыныбы бойынша 1952 жылы бітіріп шығады. Сол оқу орнының соңғы курсында оқи арнайы тапсырыспен жүріп өзіне концерттік костюм тіктіреді. Осы киімін өмірінің соңына дейін халықаралық байқауларда, мерекелік концерттерде киіп шығатын болған. Концерттік костюм композитордың шығармашылық өміріндегі тазалығы, ісіне деген адалдығы, жалпы музыкаға деген кәсібилік көзқарасының жоғары дәрежеде екенінің айғағы.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы ең жоғарғы атақ «Халық Қаһарманы» төсбелгісін 1998 жылы табыстаған сәтінде Н.Тілендиев екі өтінішін білдірген екен. Бірі: «Мен дүниеден өткен соң Жамбыл атамның жанынан топырақ бұйырғанын қалаймын» – десе, екіншісі: «Халқым менің көзім қайтқаннан соң жоқтау айтпасын, оның орнына «Құстар әнімен» шығарып салғанын сұраймын!» – деген екен. Музейімізге келген қонақтың еңбектеген сәбиден, еңкейген қариясына дейін «Құстар әнін» шырқатпай қайтармаймыз! Музей дәстүрі солай! Келген қонақтармен шырқаған бұл әннің жүректі тербейтіні рас! Кейбір жан-дүниесі нәзік қонақтар жанарына жас алып қалады. Музейге келемін деуші әрбір азаматты күтіп, сазгер шығармаларын насихаттауға біздің қызметкерлер дайын. Әрқашан есігіміз ашық! Ұлы тұлғаларымызды ұлықтай білейік! Рухани байи түскіңіз келсе музейге келіңіз!

Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ,
Н.Тілендиевтің мемориалды музейінің ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ