Бауыржан ЖАҚЫП, ақын: ЖАМБЫЛДЫҢ КӨЗІН КӨРГЕН, КЕНЕННІҢ ӨЗІН КӨРГЕН…
27.10.2020
1141
0

Қазіргі қазақ сатирасының ақсақалы, белгілі ақын, жыршы, танымал қаламгер Мыңбай Рәш ағамыз 90 жасқа толып отыр. Үлкен сыйлаған елдің баласымыз. Сонау бір кездерде әжем марқұм: «Үлкен кісі көрсең, сәлем бер, алдынан кесе көлденең өтпе!» – деп, өсиет айтушы еді. Сол бала күннен сіңген қасиет болар, жасы үлкен ағаларды сыйлап, сәлем бергеннен ұтылған кезіміз болған жоқ. Осыдан жарты айдай бұрын Мыңбай ағамызға арнайы сәлем бере бардым. Қауқылдап, қалбалақтап, балаша қуанып қалды. Мерейтойына орай, Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бағдарламасымен шығатын бес томдық шығармалар жинағының екі томы қолына тиген екен. Соған ерекше қуанып, сол кітаптарды көрсетіп, сөз бастады. Мыңбай аға 1930 жылы 19 қазанда Семей облысы, Шұбартау ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келіпті. Бұл енді мен туған «Социалистік Қазақстан» ауылымен шекаралас жатқан мекен. Сол екі ауылдың шектескен тұсында өткен ғасырдың 60-жылдарында ашылған «Ақбастау» атты алтын кеніші болатын. Бала кезімізде орыс атаулыны сол кеніштен Семейге кен тасыған көліктерден ғана көретінбіз. Екі ауылдың ортасында «Бидайық» деген егіс алқабы бар еді. Сол кеніш пен егістіктің арғы жағында дүниеге келген ағамыз ауыр балалық шақты бастан кешірген екен. Шешесі Нұржәмила өмірден ерте озған. Алты жасында әкесі Ахметкәрім Рәшев соғысқа аттанып, сол күйі оралмайды. Ағайындарының қолында қалған бала Мыңбайды балалар үйіне тапсырады.

Қыстың суығында сол жастар мектебінде оқыған күндерін ағамыз былайша еске алады: «Қараған мен тобылғыны толтыра жаққан темір пештер шымнан салынған аласа мектеп ішін пәлендей жылыта алмайды. Сыныптағы көнетоз парталарға сығылыса, сыртқы киімімізді шешпей, сүмірейіп отырамыз. Тон атаулы қызыл қынаға боялғанымен, пұшпақтары майласып, жылтырап кеткен. Балалардың біразы келте тондарымен, енді біреулер, кие-кие тозығы жетуге таянған пальтоларымен келеді. Жүннен басылған пима ол кездің таптырмас аяқ киімі еді. Менің аяғымда ­– тесілуге таянған табанына қатқан тулақты сірестіре тіккен көне пима. Үстімде әскерден бір аяғынан айрылып келген Қомар нағашым сыйлаған фуфайка. «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» дегендей, қолпиған кеңдеу фуфайканың ішінде Рәбиға жеңгем (Қомардың жұбайы) қасқыр терісінің пұшпақтарынан құрамалай тігіп берген, жеңі жоқ кеудеше. Жағылған оттай денемді қыздыратын да сол». Балалар үйінде қырық шақты бүлдіршін бар екен. Бірі қырдан, бірі ойдан келген жетімектер. Ішетін тағамы: қуырылған бидай, құрт езіліп жасалған көже. Оқта-текте арық-тұрақ малдың мүңки бастаған еті қосылып істелген көженің және бір түрі. Нан пісіретін наубайхана аудан орталығында мүлдем жоқ. Қолынан келетіндер күзде орып алған астықтарынан қол диірменге тартып, ұннан таба нан, бауырсақ, тоқаштың түр-түрлерін пісіріп жатады. Нан иісі мұрыныңды жарып кетердей, кеңсірігіңді қытықтайды. Бірақ бұл дәм балалар үйіндегілерге бұйыра бермейді.

Жастайынан колхозға барып, шөп шауып, бірде егін орысып, бірде мал бағысып жүріп, бала күнінен еңбекке араласқан оны өмірдің өзі ширықтырып, үлкен жолға салады. Әдебиет пәнінің мұғалімі жақсы адам ретінде жадында жатталып қалыпты. Сол кісінің көп кітабынан күнде біреуін, «жыртпаймын, бүлдірмеймін» деп сұрап алып, латын әрпімен шыққан шығармаларды қызыға оқыпты. Оқып қана қоймайды, бастан-аяқ жаттап алады. Олардың қатарында «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», Қажым Жұмалиев пен Жұбан Молдағалиев аударған қырғыздың «Манасы» бар. Кейін бұл жырдың біраз тұсының қырғызшасын да жаттап алған еді.
Мыңбай аға Жамбылды көргендегі әсері туралы тағы бір қызық әңгіменің шетін шығарды. Мен үнсіз тыңдап отырмын.

«Қырық үшіншінің жазында мен 7-сыныпты тәмамдап, әдетімше «Алғабастағы» ағайындарымның ауылына барып демалатын шығармын деп жүрген ем.
– Сені тыста біреу шақырып тұр! – деді менімен бір сыныпта оқып, балалар үйінде бірге тәрбиеленіп жүрген Әбіл Барманашев.
Сыртқа шықтым.
– Мыңбай деген бала сен бе? – деді ұзын бойлы, бұтында галифе шалбары, үстінде темекі түстес кителі, басында күн қағары бар кепкі киген, кішірек қара көзі қалың қабағының тасасына жасырына жылт-жылт еткен, өңі жылы бейтаныс біреу.
– Иә, менмін!
– Әкеңнің Житомирден жазған хатын алған шығарсың?
– Алдым.
– Ендеше сол әкең айтқан Дүйсежан деген ағаң мен боламын, – деп күлімсірей қарай бергенде, атын ойнақтатып Әбдірәсіл келе қалды.
– Әй, Мыңбай жолың болатын болды, мынау туыс ағаң сені Алматыға бірге әкетпек. Бүгін біздікінде қонақ болады да, ертең ертемен Текбай шопырдың мәшинесімен Аягөзге тартасыңдар, әрі қарай Алматыға пойызбен жетесіңдер, – деді.
– Аягөзге бір тәулікке таяу жол жүріп шаршап-шалдығып зорға жеттік. О кезде бүгінгідей тас жол атымен жоқ. Ойдым-ойдым тастақты, батпақты, сазды жерлер көп-ақ. Қарабұлаққа таянғанда мәшиненің балоны жарылып, екі-үш сағат аялдауға тура келді. Бұл күні бар болғаны 14 сағат ғана жүретін пойыз ол кезде екі тәулік жүретін. Жолаушы пойыздарының өзі – товар таситын вагондары секілді күрең түсті. Алматыға да жеттік-ау, шамасы. Қазіргі Қапшағай тұрған тұстан көз жіберген едім. Түу-түу шалғайдан өркеш-өркеш тау қатпарларын көріп, қайран қалдым.


– Анау қай тау?
– Алатау деген сол болады.
– Е… дей салдым бұрыннан білетіндей-ақ.
Бұл – қырық үшінші жыл. Соғыс сұрапыл жүріп жатқан кез. Қызыл әскер естерін енді ғана жиып, қасақы жауға қирата соққы беруге мықтап кіріскен шақ. Дүйсежан ағаның баспанасы бұрынғы Абай, қазіргі Төлебаев көшесі, №80 үй болып шықты. Аласа там үй, бас-аяғы төрт соттық жерге орналасыпты. Дүйсежанды «ағатай» деп кеттім.
– Аға, қайда қызмет істейсің? – деп едім.
– Обкомда, – деді.
– Қандай қызметте?
– Нұсқаушымын. Біздің бөлімді ұйымдастыру бөлімі деп атайды. Орысшасы – орготдел.
– М-м… деп қойдым.
– Өкінуші болма, күз келгенде оқуыңды онан әрі жалғастырасың. 18-санды қазақ орта мектебінің директорымен келісілді, – деді ағатайым.
…Бір күні кешкісін:
– Әй, сен Жамбыл кім екенін білесің бе? – деп сауал қойды.
– Е, білмей, ол дөкей ақын! – дедім.
– Дұрыс айтасың, Жамбыл – жыр алыбы, шынында да дөкей, – деді ағатайым.
– Оны неге айттыңыз? – деп едім:
– Ә… жәй айтқаным ғой! – дей салды.
Арада бірнеше күн өткен соң ағатайым Жамбылды және еске түсіріп:
– Сені ақындар айтысына ертіп барам, орныңда тыныш отыра аласың ба? – деді.
– Е, о не дегеніңіз, тыныш отырамын.
Екі күннің бірінде мұғалімдердің сабақ үстінде «шошаңдамай тыныш отырыңдар» дейтіні есіме түсті.
– Жарайды. Онда сабақтарыңды пысықтап болған соң менімен бірге жүресің.
– Қайда барамыз?
– Опера театрына!
– Онда не болмақ?
– Республикалық ақындар айтысы өтеді.
– Жамбылды көрем бе?
– Көргенде қандай! Сол айтыстың шымылдығын Жамбыл атаң ашады.
– Ой, рахмет ағатайым, – деп қуанғаннан құшақтай алдым.
…Қырық үшінші жылдың қараша айы болатын, суық желі суылдап қыс қаһарын сездіргенімен, жер бетінде әзірше қар көрінбейді. Театр маңдайшасындағы қызыл матаға: «Республикалық ақындар айтысына қатысушыларға ыстық сәлем!» деген ірі жазулар жазылып ілінген екен.
Ағатайым мені амфитеатрдағы орындықтардың біріне әкеп жайғастырды да:
– Тсс… оқыс қимылдап шошаңдаушы болма! – деп және ескертті.
Театр іші лық толған адам. Әлден кейін жылтыр басты біреу, ұзын бойлы, қара шашын тіке қайырған және біреу (кейін білдім, алғашқысы Қазақстан орталық бәлшебектер партиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов те, екіншісі Жоғарғы Кеңес төрағасы Қазақбаев мырза, үшіншісі Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов екен) олардың қасындағылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов… Тағысын-тағылар…
Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде қанқұйлы жауға қарсы сес ретінде осындай шара керек болғаны хақында қысқаша айтылғаннан кейін алғашқы кезекті беру үшін басқарушы:
– Жыр алыбы Жамбылды сахнаға шақырамыз! – деді. Жұрт ду қол соғып жатыр. Басына бөрік, үстіне шапан киген, оң қолында домбырасы бар атақты Жамбыл ақын сахна төріндегі кілемше жабылған биіктеу сәкіге шығып кірісіп кетті. Дауысы қарлығыңқырағанмен анық естіліп тұрды:
– А-ау, Алатаудан, Арқадан
Ақылдарым келіпсің…
Тілдерінен бал тамған
Жақындарым келіпсің.
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр
Бас қосқалы келіпсің
Жүрген жері думан жыр –
Сендер елге көріксің.
Шаршы топта төгілген
Сөздеріңді сағындым
Көзге жылы көрінген
Өздеріңді сағындым….–деп бастап, ақындарға арнаған жырын төкті.
Жырының тәмамдалар тұсында:
«Уа, Орынбай мен Шашубай,
Сендер өзен басындай.
Ағытыңдар өлеңді!
Сөздеріңнің күшінен
Жау жүрегі түршіксін,
Тыңдаған жұрт құлшына
Құмарынан бір шықсын!», – деп құйылдырды.
Жыр алыбының бастап берген жыры жауға атылған алғашқы сөзден сомдалған сүйрік тұмсық снарядтай болды.
– Жаса, Жамбыл!
– Жыр алыбына мың алғыс! – деген сөздер театр ішін кернеп кетті. Артынша ақындар айтысы жұп-жұбымен сайысуды жалғастыра жөнелді. Сол айтыста мен Қошқарбаев Шашубайды, халық ақыны Қалқаны, Орынбай мен Кененді, Иса менен Нұрлыбекті, Нартай мен Маясарды, өзге де айтыскер жыр шеберлерін көріп тәнті болдым.
Үш күнге созылған жыр сайысында бірінші орынды Иса Байзақов жеңіп алды. Қалған орындарды өзге ақындар бөлісті.
Айтыс қорытындысында:
– Жыр алыбы Жамбылға түйе сыйланады, қалған ақындарға жеңгендері бар, жеңілгендері бар, баршасына бір-бір жылқы беріледі, – деп жарияланды.
Жамбылдың ақындарға арнай айтқан толғауы да айтыскерлердің жер-жердің бірлігі мен тірлігін, жемісі мен жеңісін паш еткен жыр шумақтары да жеңіс күнін жақындатуға арналған ересен күш, ерекше сес еді».
Менің қасымда бүкіл қазақтың кешегі тарихы отырғандай күй кештім. Мыңбай аға көсіліп отыр. Жамбылдың ғана емес Нартай мен Нұрлыбектің, Шашубай мен Орынбайдың, Қалқа мен Кененнің, Иса мен Маясардың айтыстарынан үзінділерді жатқа соғады. Үш күнге созылған айтыста биыл туғанына 120 жыл толып отырған қайталанбас төкпе ақын Иса Байзақов
І- орынды жеңіп алғандығын еске алды.
Мыңбай ағаның өз аузымен айтқан әңгімелерін тындасаңыз, оны әдебиет ауылына өмірдің өзі жетелеп әкелгендей әсерде қаласыз. Соның бірі – бар болғаны 14 жасында Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына қатысуы дер едік. Жетім қалған бала кезіндегі Мыңбайды тәрбиесіне алған кезінде Семей облысының қазақша күрестен чемпионы атанған жорға мініп, ит жүгіртіп, құс салып, сері атанған, Қажымұқан батасын берген Әбдірәсіл Елеусізұлы деген ағайыны болған екен. Сол ағасы 1944 жылы шілдеде аталып өткен Ұлы Абай тойына Мыңбайды да ерте барады. Әбдірәсіл астындағы құла қасқасына «тізеңді бүгіп сәлем бер!» дегенде, жануар айтқанын екі етпей, тойға келген атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының алдына барып тізерлеп басын шұлғиды. Абайға арналған тойда бала Мыңбай алғаш рет Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Күләш Байсейітоваларды көреді. Бұл оны әдебиет әлеміне бұрынғыдан да зор іңкәр еткен алғашқы баспалдақтарының бірі еді.
Ол еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. 13 жасында ұлы жырау Жамбылды көруі, 14 жасында Абайдың 100 жылдық тойына қатысуы өз алдына, 26 жасында «Ара» журналына Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі қызметке шақырады. Ол кезде «Ара» журналының беделі керемет болатын. Сатиралық журналда сыналған көптеген лауазымды қызмет иелері орнынан босаған. Яғни баспасөздің пәрменділігі орасан зор еді. Сол журналда жүріп 1957 жылдың ақпан айында журналға жазылу мәселесімен Отарға іссапарға барған Мыңбай аға Кенен Әзірбаев сияқты біртуар тұлғаға арнайы сәлем беріп, әңгімесін, әнін тыңдап қайтады. Міне, Мыңбай ағаны әдебиет әлеміне өмірдің өзі әкелгенінің бұл да айқын дәлелі.
Мыңбай ағаның есімін біз осыдан 40 жыл бұрын студент кезімізде естідік. Деканымыз Темірбек Қожакеев туралы эпиграмма жазыпты. Содан есімде қалғаны: «Сатира жоқ дейді, – Темірбек Қожакеев, басқаны қоя тұрып, сол жайлы сөз етейік. Онда қайдан, қайтіп істеп көп тірлікті, Жоқ сатирадан қалай қорғадың, докторлықты» осы шумақты жазған Мыңбай Рәшев деген сатирик екен деп, бәріміз жаттап алғанбыз. Бірақ профессор Темірбек Қожакеев ол эпиграмманы көңіліне алмастан, Мыңбайдың сықақшылығына әділ бағасын беріп кетті. Темкеңнің: «Сатира жанрында 50- жылдардың ортасынан бері қарай қалам тартып келе жатқан тотияйын тілді, тапқыр сарбаздардың бірі – Мыңбай Рәш», – деген сөздері тасқа басылып тұр. 1996 жылы Темірбек Қожакеевтің 70 жасы тойланды. Туған жері Жамбыл облысының Меркі ауданына бір топ қонақтарды шақырды. Бір көліктің ішінде үлкеніміз Мыңбай Рәш, одан кейін Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Кәдірбек Сегізбаев, Көпен Әмірбек, бір топ қалам ұстаған қауым Алматыдан жолға шықтық. Мыңбай ағаның әдебиет ауылындағы небір әңгімелерді майын тамызып айтатынын сол сапарда көрдім. Жол бойы Мұқаңның, Сәбеңнің, Ғабеңнің дауыстарын айна-қатесіз салып, Тайырдың, Ғалидың, Қалижанның, Қасымның, Сырбайдың өлеңдерін өз мәнерімен жатқа оқыды. Арасында «Манастан» үзінділер де орындады. Біз Мыңбай ағаның жадына таң қалдық. Тағы бір мәрте 2012 жылы Дінмұхамед Қонаевтің 100 жылдық торқалы тойы Бақанаста өткенінде барған қаламгерлерден Мыңбай аға екеуміз бір киіз үйге түстік. Сол үйде атақты палуан Жақсылық Үшкемпіров те бар екен. Мыңкең қолына домбыра алып, киіз үй ішіндегілерді тәнті етіп, қыран күлкіге бөледі. Қазіргіде аңыз боп айтылып жүрген «Мыңбайдың митаспасына» сонда тағы бір куә болғаным бар.
Мыңбай аға сатирик ретінде «Біле қойдым», «Бетің қисық болса», «Суылдақ», «Тсс… тісіңнен шығарма», «Мұржа мұрын», «Кері тартқанды, бері тарт», т.б. көптеген сықақ кітаптарын шығарды. Олардың ішінде нақты, шартты фельетондар да, сықақ әңгімелер де, әзіл өлеңдер, эпиграммалар мен пародиялар, памфлеттер мен мысалдар да бар. Оның сатирасындағы басты ерекшелік – қоғамдағы келеңсіз жайттарды уытты тілмен, өткір әзілмен сынауда өзіндік тың формаларды қолдануы. Әсіресе Мыңбай – сатирик тақырып қоюдың шебері. «Құштарлық пен іштарлық», «Есек боп ақыр, әтеш боп шақыр», «Барарда тайраңдады, қайтқанда сайраңдады», «Естіген құлақта жазық жоқ», «Шыж-быж», «Шыбық тимес шыңқ етер» сияқты шығармалары соның дәлелі. Сатиралық шығармаларындағы кейіпкерлерінің есімдері де бір-бір образ ретінде езу тартқызады. Мысалы: Жазғанбай Алаяқов, Азбанбай Собалақов, Дойыр Шойырұлы, Даурықбай Дүрдаразұлы, Жымысқы Жыбырлақов, Жымқырбай Сыбырлақов, Маубас Аумасұлы, Миқұла Дәубасұлы, т.б. кейіпкерлердің есімін оқығанда-ақ, автордың шартты түрде кімдерді сынап отырғанын оқырманның іші сезеді. Мыңбай Рәшев сатирасы жылдар бойы қоғамның дамуымен ілесіп, өмірдегі келеңсіз жайттардан арылуға талай буын ұрпақты тәрбиелеп келеді.
Мыңбай ағаның тағы бір қыры – ақындығы. Қаламынан туған дастандар, толғаулар, өлеңдер мен балладалар оқырманнан лайықты бағасын әлдеқашан алған. Бұл туралы академик Серік Қирабаевтың: «Мыңбайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1955 жылы көркем әдебиет баспасында жарық көрді. Содан бастап оның азаматтық лирика, сатира жанрында жазған өлеңдері жеке-жеке жинақ болып басыла бастады. Қаламы қатая келе ол эпикалық тұрғыда көптеген поэмалар жазды. Шоқан өміріне арналып жазылған «Шоқан», Мұхтар Әуезов туралы туындатқан «Ұстаз», Қаныш Сәтбаев туралы «Данышпан», қаһарман батырларымыз Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров хақында «Батыр-дастан», Нұрғиса Тілендиевке аралған «Киелі домбыра» еліміздің тәуелсіздігін тебірене толғаған «Топжарған елім», өзге де көптеген дастандары қазақ поэзиясының алтын қазынасына қосылған елеулі үлес деп айтуға әбден болады», – деген салиқалы пікірінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әбділхамит Нарымбетов: «Ұлы Отан соғысы қаһармандарының даңқты өмірін поэмада шабытты жырлаған ақынның бірі – Мыңбай Рәшев. Тарихи батырлар Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровтардың әдеби бейнесін жақсы шығарған. Ұлттық поэзияда игерген бар дәстүрді, образды кеңінен әрі ұтымды пайдаланған», – деп бағалағанындай, шын мәнінде Мыңбай ақын поэзиясы қазақтың ауыз әдебиетінен, дәстүрлі сөз өнерінен тамыр тартып жатқаны айқын байқалады.
Ақынның «Тәтті түс» атты өлеңі бар. Түсінде Ұлы Абай мен Пушкинді көрген ол қолына қаламын алып, сол түсін айна-қатесіз өлең жолдарына түсіреді.
«Тамылжып Татьянаның ғашық әні,
Жандырта ақын Абай қосылады.
Тербелді «Тәңір қосқан жар едің сен»
Жүректі шымырлата жосып әрі.
Төңірек тыңдағандай құлақ тігіп,
Жатқандай жақын аймақ, жырақ біліп,
Айтты ақын көзден моншақ мөлдірлете,
Жабырқап жан жүрегі жылап тұрып», – деп төгілдіре келіп, екі ұлы ақынның кездесуін өз фантазиясымен әсерлі жазып шыққан.
Ал, эпикалық шығармаларға келгенде, ақын бұрынғыдан да кең тыныстап, еркін көсіледі. Оның жоғарыда аталған Шоқан, Мұхтар, Қаныш, Бауыржан, Мәлік туралы поэмалары сол тұлғалардың бейнесін поэзия өрнегімен сомдай білген. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына шын қуанған қарт ақын 80 жасында «Топжарған елім» деген тәуелсіздік дастанын жазып жариялады. Осы поэмадағы:
Сүйінші, уа, халайық,
Сүйінші сұрар таң бүгін.
Береке, бірлік зорайып,
Дәулетке толсын әр күнім!
Ардақтап ата-бабаны,
Өткенге тағзым етейік.
Зобалаң зәрлі заманың
Кеткенге тағзым етейік!
Бағыттан алған жаңылмай,
Жасақтап жасақ қабылдай,
Қасиетті қастер жерінің,
Қамы үшін қазақ елінің,
Бірлікке үндеп дабылдай,
Ауыздығымен алысып,
Тұлпары асау тыпыршып,
Тұрғандай батыр Абылай!
Түлеттік туған даланы,
Бұған да шүкір, а, Құдай!.. – деген ағылып-төгіліп түскен жыр жолдары ақынның ауыз әдебиеті үлгілерімен терең сусындағанын көрсетіп тұрғандай. Ол «Қобыланды», «Алпамыс», «Манас» жырларынан үзінділерді әлі күнге дейін жатқа айтады. Атақты режиссер Асқар Тоқпанов үлгісімен Жамбылдың, Мұхтардың, Сәбит пен Ғабиттің, Ғали мен Тайырдың сөйлеу, жыр оқу мәнерлерін өз дауыстарымен айнытпай салғанда, аты аталған ұлылар қайта тірілгендей күй кешесің.
Мыңбай аға қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген, академик Әлия Сәрсенқызы Бейсеновамен Алматыдағы 12-мектепте бірге оқыған екен. Әлия апайды бойжеткен оқушы кезінен білетін ақын деректі дастан жазыпты.
…Біз тұрған шалғай далада ел,
Алматыға келіп жеткенбіз.
Серағаң, Нығмет, Баламер
Студент болып кеткенбіз…

Дәрістің тыңдап естісін –
Мұхтар мен ұстаз Қажымның
Қыздармен бірге кешкісін,
Өнердің өрдік саз үнін…

Әлия аттас қыздардың
Осалын көрсем не дейсің.
Шыңдары шырқау құздардың
Шоқтығы шежіре көбейсің.

Ал менің жырлар Әлиям
Сәнімдей сол бір кезімнің
Білуші ем балғын шағынан
Мәніндей соқыр сезімнің.

Сымбатың сыбдыр қағатын,
Бозбала бала қайындай.
Келбетің көпке жағатын,
Тай тұяқ туған айымдай.

Раушан гүлдей кезінде
Жас таңда жарған қауашақ.
Ақ жүзің мойыл көзіңе,
Жарасушы еді-ау тамаша-ақ!

Қайырылмай кеткен құстардай,
Қиқулы сол бір шақтар-ай.
Қайтпасқа бекіп ұшқандай,
Бал жастық мүлде тоқтамай!.. – деген жастық шаққа оралудан басталған дастан академик Әлия Бейсенованың ғылымдағы бағындырған биіктеріне дейін көркем тілмен, көрікті оймен көмкеріледі.
Жүз жасаған Жамбылдың көзін көрген, әуелете ән салған Кененнің өзін көрген, Мұхаңнан дәріс алған, Сәбеңнен шабыс алған, Ғабеңнен намыс алған көнекөз ақын, сатирик, эпик, эссеші, көсемсөзші, жыршы, семсер тілдің сүйрігі, жауынгер жанрдың жүйрігі Мыңбай Рәш ағамыз тоқсанға толып отыр. «Лениншіл жас» газетінде, «Ара» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан баспасында» Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып абыройлы қызмет атқарған Мыңбай аға «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Ерең еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері атанған. Көпті көрген көнекөз тұлғаға шығармаларыңызбен жас ұрпақ, жаңа буынды ұлттық рухта тәрбиелеп, жасай беріңіз! – демекпіз.

Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын,
ҚР ҰҒА-ның
корреспондент-мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір