ҮМІТ «ШЫРАҒЫ» ЖАНҒАН КЕЗ (рецензия)
23.10.2020
1880
0

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы

Ілгеріде, Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» новелласын талдаған едік (Ол «Әдебиет порталында» жарияланған). Енді, Санжар Бекжанға кезек келді. Есболдың әңгімесінде көбіне-көп форма алға шықса, мұнда мазмұнға басымдық берілген-ді. Ақын, әдебиет сыншысы Ардақ Нұрғазы Санжар Бекжанның «Қараңғы көшедегі шырағына» жазған алғы сөзінде: «Шығарма бірнеше қиықтан құрам тапқан. Соның бірі – сәтсіздікпен аяқталған махаббат. Бұл – қыз бен жігіттің қол ұстасу деңгейіне көтерілмей қалған сәтсіз махаббат емес, отбасылық өмірдің аяқталуынан тұратын махаббат. Шығарманы ұстап тұрған махаббатқа байланысты сезім бояуы. Бұл бояудың қанықтығын, әсерін, образын, реңін жеткізу үшін жазушы бірнеше детальды кірістіре пайдаланған. Соның бірі – өлім туралы ойлану. Әңгіме басталған сәттен өлім тақырыбы бірден ортаға шығады», – деп жазыпты.

Сөз ойыны орнын Ой ойыны басқан-ды. Өзіндік экзистенциясы бар, шығарманың. Бұның атауындағы «шырақ» – үміт нышаны, оптимизм мен пессимизм­нің шайқасып, итжығыс түсер алаңы, ашық алаң. Үміт деген үлбіреп, мақтадай үлп-үлп еткен нәрсе емес пе, қылдан да жіңішке, қам етпесе қапияда үзіліп кетпесіне кепіл жоқ. Күңгірт күдіктің бас-көзді сабалап, ұйытқыған қарлы бораны соққанда Үміт те үлбірек күйге түседі. Әлгі күдіктің ызалы күлкісі мысқылға толы, жан-жағындағыларды мазақ ететіндей, нақ. Кей тұста ішкі толғаныс-толқыныс тоқырауға қарай қол созатындай.

Дегенмен әдеби бейне әдептілік сақтап, сыртқа аса сыр шашпайды, біртоға, тұйықтау, бәрі – ішінде: әлем, ғалам, өмірге деген сенім, өлім хақтығы. Әңгімеден естелік иісі аңқиды, соған ерекше мән береді екен, Санжар. Жады шыңырауындағы шындықпен бетпе-бет келеді, кейіпкер. Ол естелік қалпында қайта-қайта, қайта-қайта оралып отырады. Кез келген кісі шындықтан қорқады, одан қашуға тырысады, барлығын жасырын ұстайды, жалпақ жұрттан. Бұл «шындық» – аң ба, адам ба, пері ме, періште ме, жын ба, ібіліс пе, белгісіз. Ол авторға ғана аян. Көркем мәтінге көз салайық: «Бұрын үлкендер ауыр жұмысты жоспарлаған кезде, ертең жаңбыр жауса екен деп тілеуші едік. Тілегіміз қабыл болса, көкке сеніммен қарайтын­быз. Бүгінгі жоспарымыз үзілгенде, көзқарасымда күмән болды. Әрине, кез келген ауа райына қарамай өзіңді өлтіру мәселе емес. Керісінше: ол өлгенде күн аяз еді немесе аспан тесілгендей жаңбыр құйып тұрды деген естелікке жақсы ма деп ойлаймын. Айналып келгенде, өз өміріңді қалай, қашан аяқтауыңды шешуге құқылы шығарсың?». Бұл – көркем бейненің өзді-өзіне қойған, санаға салмақ салар сауалы. Алла адамға ерік берген. Бұрыс я дұрысты таңдау әр жанның өз еркінде, бірақ оның да сұрауы болатынын менен жақсы білесіз. Соңы немен тынар екен? Құр нәрсемен ми кептіргенше, осындай күрделі тақырыптар төңірегінде ойланған әлдеқайда пайдалы, әлдеқайда қайырлы. Бір-ақ сәт, бір-ақ мезет өмір сүретін тіршілік иесі бар, теңізде. Бір-ақ сәт, қорқынышты нәрсе ғой, әлбетте. Олардың тіршілігі сансыз сәттен құралған-ды. Сөйтіп-сөйтіп іркес-тіркес жалғаса берер жалған дүния.

Олар үшін өмір – мезет. Өйткені көрген-түйгені – сол, одан арғысына бара алған жоқ, көрмеді, сезінбеді. Бір сәттің орнын екінші сәт басады, бұл – тоқтамай айналатын, дамыл таппайтын шексіз шеңбер я «Евклид кеңістігі» (Eⁿ) іспеттес тылсым құбылыс. «Қараңғы көшедегі шырақта» да – су бетіндегі танго билеген сәулеше жылт-жылт етер сәттер жетерлік. Алайда Санжар бұның барлығын оқырман жетесіне жеткізуді мақсұт тұтпағаны байқалады. Задында, елеусіздеу көрінуі де мүмкін, бірақ бажайлап қарап, зер салып, көңіл қойсаңыз, пенденің ешкімге айта алмас, жан түбіндегі жасырын ахуалын аңғарасыз: «Шатырдың шетінен тырс-тырс құлаған жауынның суы. Жаңбырдан кейін тазарған ауа, көшелер тыныштықта мүлгиді. Сапырылыс аяқталды. Адамдар да баяу. Тағы да шыдамдылық танытуға тура келеді. Ертең қарашаның бірі…». Тағы да сол үміт дәп осы жерде сопаң ете қалады. Бір өзгерістің болатынына сенеді, герой. Ол «өзгеріс» жаман ба, жақсы ма, бұл жағы да беймәлім.

Қазіргі әлем әдебиетінде метафикшндық (metafiction) сыпат басым. Протей сықылды сан құбылған мына «транзиттік қоғамдағы» әлгіндей хәлді бастан кешірген, бастан кешіріп жүрген және бастан кешіретін кісілер жоқ деп есептеу – ағат­тық. Ертеңгі күннен жағымды жаңалық күту, «жарқын болашаққа» ұмтылу, артынша-ақ торығу – қазіргі адамның көз көріп жүрген жаттанды ғадеті. Хәкім Аристотельдің ізбасарлары – философ-перипатетиктер: «Жан – Жаратылыс негізі» деп есептейді. «Жанның қиналатыны», «Жанның ауыратыны» туралы алғашқы ойларды да айтқан – сол перипатетиктер. Кейіпкер ішкі кедергіні жойғысы-ақ келеді, алайда бір дүние мазалайды, жаны жай таппайды, қасындағылардың әңгімесі бейне бір өзіне қатысы жоқтай сезіледі, денесі – жерде, Ойы – Көкте, тым алыста, жоқ іздеген жандай жортады, арғы-бергі жүріс, салпаңдаған сенделіс, маңайынан көп нәрсені іздейді, таппайды, алайда бәрі – нәтижесіз. Әуені лықа толтырған Сөзде мән жоқтай, тек қана әріптер жинағы, таңбалық деңгейде ғана-ақ: «Ол кездері мен де асыққан болуым керек. Әсіресе «Қара шаршының» мәнін білгім келіп көп қиналдым. Сәтсіз. Кәдімгі қара шаршы, басқа түк те жоқ. Одан кейін екі-үш айдай өткен. Ұйқысыз түндердің бірінде «Қара шаршыға» қарап жатып өткен өмірімді көрдім. Бүгінгі күнге дейін сүрген өмір өзімдікі еместей қара шаршының ішінен өзімді таныдым». Өзін төрт қабырғаға қамалғандай сезінетін әдеби қаһарман «еркіндікті», «тәуелсіздікті» іздейді, аңсайды, ішкі еркіндік, ішкі тәуелсіздік, оқшаулануға – ынталы, икемді. Десек те, шайтанша шақырған алдампаз қалалық пейзаж, тас шаһар, қаржы айналымы, қарбалас тіршілік бұған ырық берер емес. Адам – тәжірибе үшін дөңгелек ішімен жорғалайтын тышқан тәріздес. Алды-артына, оң-солына қарауға мұрша жоқ. Таң ата үйден шығады, кешке кеп сілелеген күйі төсекке сүріне-қабына құлайды, болғаны – осы. Бүгінгі кісінің жылауы да жылдам, күлуі де тез, тұрақсыздық бар, әйтеуір. Гармония-үйлесімді құлқыны құдықтайлар бұзған, тепе-теңдік сақталмаған-ды, салмақ бір жағына қисая басып кеткен, қолдан да істелген, табиғи да болуы мүмкін. «Көзімді ашсам ала көлеңке бөлмеде отырмын. Жаңағы көрген түсімнің ізі де жоқ. Тек аквариумдағы судың бетінде қалқыған өлі балық, өлі тыныштық және мен…». Шығарма барысында «өлі», «өлім», «ажал» сөзі көп қолданылғанымен де, кейіпкер тірі қалды. Өйткені: «…оянғанда тағы бір үміттің оты жарқ етті». Автор оны «өлтірген» жоқ, мүмкіндік берді, мүлгіген тыныштықты бұзу – оп-оңай. Әңгіменің «Қараңғы көшедегі шырақ» аталуы да сондықтан шығар деп жобаладық, өзіміз­ше. Жазушы Санжар Бекжанға сәттілік тілей отыра, жаңа шығарма күтетінімізді айтқымыз бар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір