Сыбайлас жемқорлықпен күресу –  баршамызға ортақ іс
21.10.2020
858
0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты. Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – заңдарды өзге де күн тәртібінің жәрдемі мен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ.

Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси, қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

 Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық – мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетін әрекет екені күмәнсіз. Сондықтан да ҚР мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі –   осы зұлымдықпен күрес. Үлкен әлеуметтік қасіретке айналған ол – саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керек. Халық өздеріне қатысты қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қорғанудың нақты жолдарын білуі қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсатқа айналды.

 2019-2021 жылдарға арналған Алматы қалалық іс-шаралар жоспары аясында Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру керектігі көрсетілген.  ҚР 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруда «Нұр Отан» партиясының осы аттас бағдарламасының бірінші кезеңін  қолға алу жөніндегі жол картасының орындалуы және «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл шаралары жүзеге аспақ.

Алмалы ауданы бойынша бекітілген жоспар негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұрақты негізде жеке қабылдаулар, ашық есік күндері, брифингтер, кездесулер өткізіліп, аудан әкімі аппаратының ресми интернет-ресурсына, әлеуметтік желі парақшаларына ақпараттар, жаналықтар, мақалалар жарияланып  тұрады. Бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы жөніндегі ақпараттар мүдделі бақылаушы мемлекеттік органдарға тапсырылып,  аудан әкімінің интернет-ресурсында  орналастырылады.     

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру үшңн «Алмалы – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі құрылған. Оған Алмалы ауданы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі бекітілді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру және тұрмыстық жемқорлықты төмендету бойынша бекітілген іс-шаралар жоспары аясында  50-ден астам іс-шаралар өткізілді.

Мемлекет басшынының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасын іске асыру бағытында азаматтарға құқықтық көмек көрсету, кеңес беру және түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін Алмалы ауданы әкімі аппараты ғимаратының бірінші қабатындағы кіреберісте «Ашық Алмалы кеңсесі»  жұмыс істейді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құбылыстары мен өзге де жемқорлық түріндегі күшпен пара алу орын алған жағдайда хабарласу үшін сенім телефоны да (261-66-54)  бар.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерін ашық, ал қызметтердің өзін сапалы ету, сондай-ақ әкімшілік бөгеттерге шек қою – алдымызда тұрған міндет. Осының барлығы түбінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға жол ашады.   Жарқын болашағымызды достықта, келісімде және бірлікті құрудың қажеттігін түсінеміз. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде қоғамның қолдау көрсетуі  арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізе  аламыз.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағытта күресті қолайлы саяси орта түзеуден бастау тиімді болмақ, ал ол қоғам оппозицияның, нақты сөз бостандығы мен  биліктің кіршіксіз болуын көздейді.

Әрбір қоғам дамуының күнегей жағымен көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалын жақсартып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз деп білемін.

Күлия ҚАБДІЛМӘЛІКҚЫЗЫ,
 Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімі аппаратының басшысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір