Елімізді тұрақты дамыту – баршамызға ортақ мақсат
18.02.2025
82
0

Өткен аптада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталды. Салалар бойынша тәуелсіз сарапшылар сөз сөйлеп тұщымды ой білдірді.

«2025 жыл – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл, – деді министр. – Биыл бірқатар атаулы мерейтойлар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстан халқы Аасамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. Сонымен қатар Абай Құнан­байұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиев­тің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтпек.
Аталған мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралармен қатар белгілі тұлғалардың мерейтойларын да жоғары деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл іс-шараларға қатысты кешенді жоспар бекітілді. Дегенмен атқарылар жұмыстар формальды түрде өтпеуі керек. Әр іс-шараның мәні мен мазмұны, тағылымы терең болуға тиіс», – деді Аида Балаева.
Министр саланы цифрландыру мәселесіне де жіті назар аудару қажеттігін, кино саласына қатысты өзекті мәселер де ұдайы назарда екенін, сондай-ақ анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын, ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау және кино саласын бұдан әрі кезең-кезеңмен жетілдіру жұмыстары жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар министр ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін атап өтті. «Халықтың бірлігін нығайтып, елімізді тұрақты дамыту – баршамызға ортақ мүдде. Ендеше, ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ете берейік», – деді Аида Балаева.
Жиында Қазақстан Жазушылар ода­ғының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, еліміздегі шығармашылық қауымға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетіліп жатқанын айтты.
«Таңғалатын бір нәрсе, кинематография, театр саласындағы кейбір адамдар мықты-мықты тұлғалардың қолын қойдырып, мемлекетке қызмет етіп жүрген адамдардың үстінен Президентке хат жазады. Міне, осыны тоқтату керек. Тіпті хатты оқымай қол қоятындар бар. Біреуді осылай нақақтан қаралауға бола ма? Сондықтан Президентке, үкіметке, министр атына жазылған хатқа қол қоярда оған байыппен қарау керек.
Мәдениетіміз қай жағынан болсын жақ­сы дамып келе жатыр. Былтыр республикамызда 5-6 мәр­те театрлар фестивалі Шығыс Қазақстанда, Алматы облысында, Маңғыстауда, Атырауда өтіп, оған қатысқан театр ұжымдары жүлделі болып, қуанып қайтты. Президентіміз бен үкіметіміз, Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәдениет, әдебиет, өнер саласына айырықша көңіл бөлініп отыр. Демек, аталған сала жұмысын жақсарту тек Президент пен үкіметтің немесе министрліктің ғана міндеті емес. Ол үшін жасалып жатқан мүмкіншіліктерді жете түсініп, жауапкершілік таныту қажет.
Мәдениет саласының жұмысы жолға қойылды. Облыстық мәдениет басқармаларының жұмысына қазақ жазушыларының кез келгені риза. Кітапханашылардың да жағдайы дұрысталды деп ойлаймын. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітап­ханаларда кітаптан бас алмай отырған жастардың да қатары көбейді», – деді Жазушылар одағының төрағасы.

Жүніс ОРМАШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір