АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІН АҒАРТАТЫН ҒЫЛЫМ
13.11.2015
1200
0
381462_1395217475_Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,
философия ғылымдарының  докторы, профессор,
ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі

19 қараша – Дүниежүзілік философия күні. ЮНЕСКО 2002 жылы қараша айының үшінші бейсенбісіне тағайындаған бұл шара қазір қанатын кеңінен жайып, әлемдегі көптеген елдерде ерекше аталып өтетін мерекеге айналды. Жұртшылықтың назарын философиялық мұраларды зерттеуге, адамзатты мазалаған сұрақтарды бірлесе талқылауға, жаңа идеялар тудыруға аударуды мақсат еткен осы күнге орайластырып ғылыми конференциялар, «Дөңгелек үстелдер», әр түрлі басқосулар өткізу үрдісі қалыптасты. Бұл жиындарда философияның өткені мен бүгіні, даму көкжиектері, өзекті мәселелері қызу талқыланады.

Жасыратыны жоқ, көптің пайымы бойынша философия – қиын ғылым, ал философтар – түсініксіз, өз әлемдерінде өмір кешетін адамдар. Н.Бердяев ХХ ғасырдың басында: «Философия – мәдениеттің ең нашар қорғалған жағы. …Философтар әрқашан адамзаттың шағын ғана тобы болды, олар ылғи да аз. Соған қарамастан адамдардың оларды соншалықты жақсы көрмейтіні таңданарлық», – деп жазған болатын.
Осы көзқарас қазір де қатты өзгеріп кете қойған жоқ. Біздің ойымызша, мәселе қоғамның өзіне, онда өмір сүріп отырған адамдардың даму деңгейіне байланысты, себебі, философия кез келген адам тез игере салатын ғылым емес. Философия дүние мен адам өмірінің себептерін анықтауға бағытталған ғылым десек, оны түсінуге және түсіндіруге рационалдық танымы, ақылды ойлау қабілеті мықты дамыған адамдар мен халықтардан тұратын қоғам ғана жете алады. Ал адамзат дамуының қай кезеңін алмаңыз, әсіресе қазіргі заманда, тобырда ақылдан гөрі сезімнің басым екендігі сөзсіз. Сон­дық­тан да дамудың жоғары сатысына ақыл мен парасатты бәрінен жоғары қойған, тарихи мұрасын сақтай отырып, өзіндік қайталанбас философиялық жүйесін қалыптастырған қоғам ғана жете алады десек, артық айтқандық болмас. Философияның қоғам дамуындағы ролі туралы қазақ философиясын зерттеудің негізін қалаушы ойшыл О.Сегізбаев:
«…философиядан адамзаттың өзі онсыз адамзат ретінде қалыптаса алмайтын, ештеңемен алмастыру мүмкін емес пайда алуға болады», – деп өте дәл айтқан болатын.
Ежелгі грек жұртында табиғат құбылыстарының алғашқы себептерін талдауға талпыныс, барлық ғылымдардың бастауы ретінде қалыптасқан философияның зерттеу объектілері, ізденіс өрісі қазір өте кең. Бірақ оның негізгі мәселесі – кезінде Сократ данышпан оған назарын аударып, күрт бетбұрыс жасаған, сол кезден бастап «мәңгілік» мәселелердің қатарына қосылған адам мәселесі, оның рухы, санасы, ойы, адамшылық келбеті, өмірінің мәні мен мағынасы, қоғамдағы орны мен ролі, тұлға ретінде қалыптасуы және адамның санасына тыныштық бермей, терең ойға жетелейтін тағы басқа толып жатқан сұрақтар. Жаратылыстану ғылымдарының, өнер мен әдебиеттің танымдық-әдістемелік негізін қалыптастыратын философия ең әуелі адам туралы ғылым. Ортағасырлық университеттерде философияның ең маңызды пән ретінде оқытылып, оны игермеген студентке өз саласын одан әрі зерттеуге тыйым салынғаны да кездейсоқ емес. Яғни философия адамның адамшылығын қалыптастыратын ғылым ретінде түсінілді. Мұхтар Әуезов ғұлама өте дұрыс байқағандай, философия «кең ақыл, терең қиял шығарған, адамның жанын тәрбиелейтін, жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып, ақтылыққа сүйрейтін ғылым, …адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарды қолға ұстаған шамшырақ». Сондықтан да философияның адамзат атаулы өз жолынан адасқан қазіргі замандағы маңызы туралы айтудың өзі артық.
Бүкіл әлем жыл сайын атап өтіп отырған осы ғылымның халқымыздың, еліміздің өміріндегі орны туралы қысқаша айтатын болсақ, философия қазаққа өте жақын ғылым. Өткен ғасырдың ортасында қазіргі ҚазҰУ-да философия факультеті ашылғанда қазақ балаларын қабылдамау туралы Мәскеуден бұйрық түскен екен. Себебі, билік басын­да­ғы­лар осыншама күрделі ғылымды қазақ­тар игере алмайды деп ойлаған. Бірақ Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов сияқты жастар екі-үш жыл өтпей-ақ өз қатарларынан озық шығып, талантты қазақ халқының философ халық екенін тамаша дәлелдеді, кейін қазақтың атын бүкіл әлемге танытты. Сол кезден бастап қалыптасқан қазақстандық философия мектебі Кеңестер Одағындағы санаулы үздік мектептердің қатарына қосылып, жаратылыстанудың философиялық мәселелері, ұлттық қатынастар, диалектикалық логика, Әбу Нәсыр әл-Фараби мұрасын зерттеу және тағы басқа тақырыптар бойынша ауқымды ізденістер жүргізді. Философияға жоғарыда аталған ғалымдармен қатар сол кезде келген Д.Кішібеков, Н.Сәрсенбаев, М.Сужиков, Қ.Әбішев, Ә.Нысанбаев, М.Сәбит, М.Бурабаев, М.Орынбеков, Р.Әбсаттаров, М.Хасанов, Ж.Молдабеков, С.Мырзалы, Ғ.Есім, Б.Нұржанов, Г.Соловьева, Ғ.Құрманғалиевалар қазір отандық философияның классиктеріне айналды.
Философия ХХ ғасырдың басында дағдарысқа ұшырағанда М.Әуезов: «…философия көркейеді. Көркейгендегі жемісін адам жаны қорек қылады», – деп болжам жасаған болатын. Осы көркею жолына қазақ философиясы тәуелсіздік алғаннан кейін түсті. Кеңестік дәуірде философиялық туындылар негізінен алғанда идеологиялық сипатта жазылған болса, саяси еркіндікпен бірге келген ой еркіндігі қазақ халқының философиялық дүниетанымының терең, қайталанбас мәнін жарқыратып ашып, ұлттық ойлаудың нағыз үлгісін көрсетті. Мазмұны жағынан этикалық, экзистенциалдық қазақ философиясының шынайы табиғатын, оның Абай бастаған көрнекті тұлғаларының ойларын талдауға арналған керемет еңбектер дүниеге келді.
Әрине, басқа ғылымдардағы сияқты, философияда да қордаланып қалған мәселелер аз емес. Бірақ біз оларға философ ретінде «бәрі өткінші, бұл да өтеді» деген ұстаныммен қарап, күрделі мәселелерді біртіндеп шешуге ұмтыламыз. Күні кешегі аумалы-төкпелі заманда ғылымымызға атақ қуған, тұлға қызметінің осы бір қасиетті саласынан хабары аз, кездейсоқ адамдардың да келгені жасырын емес. Ал қазір философ мамандығын қазақтың кемеңгер философтарының ісін жалғастырар, болашағынан үміт күттірер жастар таңдай бастады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия мамандығының бакалавриатында, магистратурасы мен PhD докторантурасында оқитын олардың «ғылымдардың ғылымы, даналардың данасы, өнерлердің өнеріне» (әл-Фараби) қызығушылығы мол. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген жастарымыз отандық ұстаздарының ғана емес, АҚШ, Германия, Франция, Грекия, Финляндия, Корея, Түркия, Ресей және тағы басқа елдердің ғалымдарының дәрістері арқылы философияның ғажайып дүниесіне терең бойлап, шетелдік тағылымдамалардан өтуде. Олар 70 жылға жуық тарихы бар кафедра ұстаздарының басшылығымен «Мәңгілік Ел» идеясы, қазақ философиясы, Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы сияқты тақырыптардан бастап, қазіргі заманғы философиясының сан алуан бағыттары бойынша ізденістер жүргізіп отыр.
ҚазҰУ – ХІІ ғасырда Еуропада негізі қаланған, ғылым мен білім беру үдерістерін үйлесімді тоғыстырған классикалық университеттердің жақсы үлгісі. Өз қызметін осы үлгіге лайықты түрде ұйымдастыруға ұмтылған кафедра оқытушыларының мақалалары Томсон, Скопус қорына кіретін жоғары рейтингті журналдарда жарық көре бастады. Ғылым және білім министрлігінің гранттық қаржы­ландыруына ие болған ғылыми жобалар аясындағы ізденістер де табысты жүргізіліп отыр. Кафедра магистрлер мен PhD докторларды бірлесе дайындау ісінде көптеген шетелдік университеттермен жақсы байланыс орнатты. Тек соңғы бір жылдың ішінде АҚШ-тың Техас Техно­логиялық университеті, Түркияның Едитепе университеті, Ресей Ғылым академиясының Философия институтымен ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасалып, Урал Федералдық университетінің философтарымен бірлесе отырып, қосдиплом­дық білім беру ісі қолға алынды. Түркі дүниесінің ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық мұрасын Еуропа ғалымдарының зерттеуі кафедра профессорларының қызығушылығын тудырып, Финляндия ғалымдарымен бірге жаңа ғылыми жоба жоспарланды.
Кафедра ұжымы университет ректоры, академик Ғ.Мұтанов ұсынған «Al-Farabi university smart citу» жобасының рухани платформасын дамытуға үлкен үлес қосып отыр. Бұл жобаның әлемде қалыптасқан 150-ден астам «ақылды қала» жобаларынан ерекшелігі – осы қалада өмір сүріп отырған адамның руханилығына басты назар ауда­руы екендігін атап өткен жөн. Яғни философтардың атқарар істері ұшан-теңіз.
Әріптестерімді, өмірге деген филосо­фиялық ойлау оның ұлттық сипатының ажырамас бөлігі болып табылатын бүкіл қазақ халқын бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, жарқын идеялар, шығармашылық табыстар тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ