ЗАМАНДАС КЕЛБЕТІ
24.09.2020
1079
0

Қазіргі қарбалас кезеңде қоғамның мұғалімге мұқтаж екеніне тағы бір көз жеткіздік. Ізгілік пен білімнің, адамгершілік пен ар-ұяттың, тіпті, адам бойындағы бар асыл қасиетті қалыптастыратын ұстаздардың мәртебесі жоғарыламаса төмендеген жоқ. Айқара ашық тұратын білім ошағының у-дуын, асыға басып аудиторияға кіріп келетін ағайлар мен апайларды сағындық.

Ректордың қатысуымен өтетін бірінші курс студенттерін құттықтау салтанаты індетке байланысты болмай қалмаса екен деп тілеп жүрміз. Барымызды киіп, енді ғана студент атанып, бал-бұл жанған ұлдар мен қыздардың бақытты жүздерін көрген қандай жақсы! Сол сәтте мұғалім болғанына шексіз қуанады ұстаздар.
Осындай ауыз толтырып айтатындай ұстаздың бірі – біздің Айгүл. Иә, біз бәріміз «біздің Айгүл» деп мақтанышпен айтамыз. Өйткені Айгүл Болатқызы біздің кафедраны басқаруға келгеннен бері өте көп шаруа тындырды. Өзі Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар мен Шетел Тілдері Университетін бітірген. Магистратураны да сол жерде оқыды. Қазақ Спорт пен Туризм Академиясына 2007 жылы ауысып келді. Соңғы екі жылдан аса тілдер кафедрасын басқарып отыр.
Ең алдымен, Айгүл Болатқызының мына ковидке байланысты карантин басталған биылғы жылдың наурыз айынан бастап, бір күн жіберместен, таңның атуы мен күннің батуына дейін кафедрада тапжылмай отыратынын тағы бір айта кетейік. Әрине, жайбарақат отырмайды, әрбір мұғалімге қашықтан оқытудың қыры мен сырын тәптіштеп түсіндіреді. Компьютермен орындалатын қым-қиғаш жұмыс назарынан тыс қалмайды. Қып-қызыл майдан дерсің. «Карантин өз дегенін жасап, дендеп кете ме?» деген күдік жұмысқа өте жауапкершілікпен қарауды талап етеді екен. Сабақ кестесін, силлабустарды талапқа сай жасауды қадағалайды. Кемінде жиырма адам бар. Әрбіреуінде жиырма сұрақ бар. Бәріне тек кафедра меңгерушісі Айгүл жауап беруі керек. Себебі онлайн оқыту айтқанға оңай. Және бұл – ерекше ыждаһаттықты талап ететін ағылшын тілі. Заманға сай, қала берді Академияның бағдарламасына сай әрбір студент шет тілін меңгеріп алғысы келеді, әрине.
Биылғы атап өткен ұлы Абайдың 175 жылдығын елден қалмай, жақсы атпен өткізуге де Айгүл ұйытқы болды. Академияның аясында орыс топтарының қатысуымен айтулы конференция өтті. Бас-көз болып, оларға сабақ беретін қазақ тілі мұғалімдері де белсене араласты.
Ал Абайға арналған орыс тілінде өткен дөңгелек үстелді Айгүл тікелей өзі ұйымдастырды.
Кафедрада ғылыми жұмыс жазу, атап айтсақ, ғылыми мақалалар, халықаралық конферен­цияларға қатысу мұғалімдерге қойылатын жоғарғы оқу орнының ең басты шарты екенін ескере отырып, өзі де докторантураға түсуді жоспарлап отыр.
Айта кетуге лайық, қазіргі жастарға үлгі болатындай сыйлы келін. Ата енесімен бірге тұрады. Жолдасы екеуі кейінгі іні- бауырға үлгі көрсететін тату отбасы.
Айгүлдің мұғалімдік мамандықты таңдауына мектепте отыз жылдан аса ұстаздық етіп келе жатқан анасының ықпалы зор. Нағашы атасы да өмір жолын мұғалімдіктен бастаған. Кезінде көп жыл мектеп директоры болды. Қазір Қапшағай қаласының Құрметті азаматы. Ақсақалдар алқасының мүшесі, зейнеткер.
Осындай мұғалімдер әулетінің дәстүрін Айгүл абыроймен жалғастырып келеді.
Айгүл өзі тәрбиелеп отырған ұл-қыздарынан ертең ұстаздықты ең болмаса біреуі таңдайтынына сенеді.
Ұлағатты ұстаздың ұстаздық жолында әлі де алар асуы көп болсын дейміз.

Мария АРЫНОВА,
Қазақ Спорт және Туризм Академиясы тілдер
кафедрасының доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір