Фердинанд Дүйсен. Дәмелі (толық нұсқа)
28.09.2020
2281
0

СҮЙІНШІ, АЛАШ!

 Қазақы қара сөзбен өрнек салып, ой ұстасы атанған Жүсіпбек Аймауытұлының тағы бір «Дәмелі» атты тамаша аудармасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сәрсенбі Дәуітовтың әзірлеуімен кезінде «Парасат» журналында жарияланса да, тәуелсіздік алғаннан кейін бір де бір баспа бетінде жарыққа шықпай (мазмұнын түсіну үшін кей фрагменттері жеткіліксіз болғандықтан), Ж.Аймауытұлының 6 томдық шығармалар жинағынан да қалыс қалып қойған бұл романның бәсі жоғары. Көркемдігі мен шынайылығы жағынан Ақбілектен кем түспейтін аударма-роман – жан иесі, бейшара көшпелі араб қызы Дәмелінің тағдырын суреттеген ғажап туынды. Сүйсе – құлай сүйетін, иланса – еркін беретін Дәмелі адамды сүю адалдықпен өлшенеді деп сенді. Дүние мен ләззатқа бой алдырған өзге адамның бәрін өзіндей көрді. Қиянатқа шыдамады. Ақыр аяғы сорғалаған көз жасына тұншығып кетті. Жүсіпбек Аймауытұлының осынау аудармасы қазақ прозасы, аудармасы үшін үлкен олжа деп біліп, оқырман қауымның назарына зор құрметпен ұсынамын. Романды тұтас құрап, жүйелеу барысында бір жеріндегі байланыс оқиғасы жетпегендіктен, екі сөйлеммен біздің тарапымыздан жалғасын тапты. Мазмұндық жағынан түсінікті болуы үшін жасалған осынау аздаған өңдеуімізге қадірлі оқырман қауым мен әдебиетші-ғалымдар түсіністік танытар деп сенеміз. 1926 жылы «Мысль» баспасынан М.А.Троцкаяның аударуымен шыққан орыс тіліндегі нұсқасымен салыстырмалы анализ жасалып, сол негізде жүйеленді.

  Баспаға әзірлеген филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкір.

 

****

Адам табысы адам баласына ортақ. Мәдениет, әдебиет – бір елден бір елге жұқпалы ырыс. Самаурын, лампы, сүт машина, соқа, трактор, роман, драма… – бәрі бөгде мәдениет табысы. Бала ересекке еліктегендей, өнерсіз ел өнерлі елге еліктемек. Бір кезде бұнан араб, арабтан Еуропа, Еуропадан орыс үлгі алған болса, бұл күнде орыс мәдениетінен біз үлгі алмақпыз. Өнерлі елден үлгі алмай, өнеге көрмей еңбегіміз құнарлы, ажарлы болмақ емес. Абайдың кестелі толғаулы сұлу сөздері орыс ақындарының өлеңіне жүзген соң барып туған.

Қарасөз көркем әдебиетіміздің көркеюі үшін Еуропаның таңдама өнерпаздарынан өнеге алуымыз керек. Бөгде әдебиеттен қорқуға болмайды. Ең болмаса, өз бойымыздың өскенін, өзгеге теңестірсек байқаймыз, артқыға қарап шүкір, алдыңғыға қарап пікір етеміз. Бірақ бөгде әдебиет оқушыларымыздың ұғымына шамаланбай, қатықсыз қара көже қып берілсе, онда мән жоқ. Ал қазақтың өміріне, ұғымына үйлесімді әдебиетті өңдеп, қырнап, жұтындырып ұстата білсең, бөгде екенін де сезбей сіміріп алады.

Бұл қолымыздағы әңгіме – француз ақыны Фердинанд Дүйсеннің (Дюшен) Алжырдағы әдебиет бәйгесінде жүлде алған романы. Мұны біз өңдеп, қырнап, өзгертіп, көп жерін алып тастап, алдарыңызға тартып отырмыз. Оқушыларға, оның ішінде әйелдердің ауыр тұрмысын көзге көрсетуге бұл әңгіме пайдасыз болмас деп үміт етеміз.

Неге десеңіз, Дүйсеннің жазғаны – кәдімгі қажылардың қалтасын қағып, қан қақсататұғын бәдеуилердің тұрмысы, өмірі. Олардың тұрмысы, салты, мінез-құлқы құдды қазақтікі. Олар да қызын қалыңмалға сатады, олар да көп қатын алады. Олар да жалқау, надан. Олардың қожа, молда ишандары да өтірік шариғат соғып, құлқынын қармайды. Дұға, бойтұмар, үшкіру дегендеріңіз оларда да бар. Үлкенді сыйлау, бос сөзге құмарлық, жоқ жерден пайда іздеу, етке тоймау, ең ақыры насыбай атуға шейін бәдеуилерде (көшпелі арабта) бар.

Бәдеуи еркегінің әйелге қожа болуы қазақтікінен де сорақы дерлік. Байы қатынын тастағанда: «Бұрынғы қалың малымды төлемей тұрып, екінші байға тимейсің», – деп байлап қояды екен. Әйел үстіндегі киімнен өзгені өзіне меншіктей алмайды екен. Қайтып келген қызын пұлдап сата алмаса, әкесі қаңғыртып қуып жіберетіні де болады екен. Бұл салттар – қазақта бұрын (хандар, патшалар тұсында) болса да, бұл күнде тозығы жетіп, әлдеқашан қаусаған салт. Ол түгілі қалыңмалдың да ініне су құйылып отыр ғой. Араб әйелдерінің көрген күнін оқығанда, бұл күнгі қазақ әйелі шүкір еткендей, қабырғасы қайысқандай болар.

                Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ.

ДӘМЕЛІ

 ӘКЕ

Тірілт қыстағынан төменірек, анадай жерде сары буалдыр аптап шаңның ішінде қайырымды Мәзеннің көнетоз қорасы мүлгіп тұр. Төңірегін қоршаған итмұрын шарбақтан қоңыр шатыры әрең көрінеді. Қорасы десе емен бұтағынан қалың қылып салынып, шырышпен қоршалып бекітілген. Шатырдың оң жағында күншуақта ақ етегін желпілдетіп қаптал жаюлы тұр, сол жағында шабынған бураша мойнын кекжитіп, сыңараяқтап сілейіп дегелек тұр, ал ана жақта екі дегелектің арасынан өлеусіреген көкше түтін тіп-тік болып, көгілдір әуеге өрмелеп барады.

Күн еңкейген, намаздыгер таяу. Бұтаның арасынан шөптің шошақ жалпағайы да шошайып көрінді. Міне, тақуа Мәзеннің паңсыған жадау жүзі де, бурыл сақалы да, жіті көзі де көрінді.

Мәзен баптана аяңдап, қорасынан жолға шығады. Ұзын бойлы, шынжау адам, сол қолында шала бүктеулі қызыл жібек орамал, оң қолында бұлғаңдаған қалайы дәрет шәугім. Аяғын санап басып, Мәзен есігінен елу адым жердегі басы қолшатырдай дөңгеленіп тұрған бұтақты, күлтелі май ағашына келіп, саясына тоқтайды. Шәугімін ақырын жерге қойып, арқасын күнге бере отырып, қоңыр тақталы сары сапияннан тігілген башмағын оң жағына таман көрнекі жерге қояды. Беті-қолын, аяғын бипазданып жуады. Сөйтеді де орнынан тұрып, екі қолын иығының деңгейіне дейін көтеріп, қоңыраулатып: «Аллау-акпар, Аллау-акпар… әшһады-ән ләйлла һа илилла…» – деп азан айтады. Мөлиіп намаз оқып тұрған Мәзән сопының алдынан өткен араб адамдары құрметпен бас иеді.

* * *

Қалың бұтаның ар жағынан күрең баулы сәлде мен қыдыра жал көрінеді. Бұл – салт атты, келбетті, мықты, жас жігіт. Кигені қызыл, мінгені алтынмен нақыштаған ер. Бұл жігіт арабтарға таяна беріп, атын лып етіп тежеп, оң қолын көкірегіне қойып:

– Ассалаумалайкум! Алыс жолдан келе жатқан адам ем, адастым. Бәкірұлы Мәзеннің үйін іздеп келем. Әлде сіздер жөн сілтемес пе екенсіздер? – дейді.

– Уәліксалам, жолаушы! Мәзен отаға­сының үйі тап алдыңызда, осы жол апарады, – деп арабтар жауап берді.

Арабтар әрі қарай бұтаға кіріп кетеді. Олардың біреуі тапжылмай тұрып қалады да, салт атты жолаушыға көз салады. Сөйтеді де жайымен тұрып:

– Алыс жерден келе жатқан кім боласыз? Түріңіз жат кісі болса да, тіліңіз бізше көріне­ді, – деп сұрайды. Атты жолаушы жымиып тағзым етеді.

– Ой, қырағы, ақылды қартым-ай! Жөн сұрағаныңыздың жөні бар, жөнімді айтайын, бұдан жиырма бес жыл бұрын мен осы тауда туыппын. Он жасымда бұ жерден кеттім. Жарық сәуле көрген, үйіне қайтқан дегелекше мен де туған жеріме бүгін қайтып келемін.

* * *

– Уа, ассалаумағалайкум, әкетай-ай! Мен – Мансұр молданың ұлы Ақылбай.

– Е, балам, уәлліксалам, – десіп Мәзен Ақылбайды қуанышпен қарсы алып, алдындағы үлкен ағаштың көлеңкесіне отырғызды.

– Қолымнан келген тілегіңді орындауға бола құдай сені маған айдап келіп берген болса, құдайдың онысына да шүкіршілік! Ақылбай киімін жөндеп, екі қолын жанына салып сөйледі:

– Құрметтілердің құрметтісі, алапаты артық мұсылманым-ай, бұрын білмеген болсаңыз, енді білдірдің, әкемнен жастай жетім қалған, үйдегі жалғыз еркек мен едім, сонда да Тәңірдің бергеніне шүкір, бетімнің түзелгендігін содан байқаңыз, бүгінде тамақты да, киімді де дәулетім өзі даярлап тұрады. Екі апамды біреуден ілгері, біреуден кейін жасап-жабдықтап құтты жеріне қондырдым. Енді өз үйіме де бір шүйке бас кіргізем бе деген ниетім бар, – дейді де, биттәй ғана сөзін доғарады. Мәзен тырп етпей күтеді, жігіт сөзін аяқтады.

– Сіздің күйеуіңіз Мұстафа менің ру ішіндегі тілектес кісім болатын, оны да біліп қойыңыз, мен оның үйінде болғаным, әйелін де көргенім бар. Сіздің соңғы қызыңыздың келбеті ол қызыңызға ұқсаған болса, әуелі Құдай, екінші сізге ұнаса, айттырып алам ба деген ойым бар.

Жігіт сөйлеген сайын Мәзеннің көзі тесіп барады, қошқыл қолымен сақалын бипаздап сылап қояды, қояды да үй жағына таман бетін қырындатып:

– Уа, Дәмелі! – деп біреуді селқос шақырады.

* * *

Әнтек кідірген соң, ауладағы қадалардың арасынан үріп ауызға салғандай жымиған бір жүз көрінеді. Ол жүз ұялып, тасаланады да, аздан соң ақ маралдай керіле паңданып, маңғазсып қайта көрінеді. Сонда тұрып Мәзен айтады:

– Өй, қызым-ай! Біз шөлдедік, бізге құмырамен сүттің сарысуын әкеліп берші! – дейді. «Ә» дегенше Дәмелі тағы көрінеді. Бұ жолы үлбіреген, әуелде балдырғандай майысқан, тал шыбықтай бұралған бойы айқын көрінеді… Көк көйлегі жарасып, тоқыма башмағынан жоғары, жалаңаш аяқтың тобығындағы сом сақиналары сылдырлап, торғындай ақ білегін көтеріп, құмыраны төсіне таман ұстап, бала қаздай байпаңдап, ылдидағы ағашқа қарай түседі.

Жыбыр-жыбыр басқан аяғының сыбдыры әрең-әрең естіліп, Дәмелі таянады. Екі көзі жерде, құмыраны ептеп жерге қояды, сөйтіп орнынан көтеріледі де, көзін жоғары бір көтерместен сызылып аяңдап кетеді.

Ақылбайдың көзі Дәмеліде. Майысқан ұзын кірпіктің астындағы жалынды, терең, қарашығын көріп қалды, монтиған, топ-толықша бетіндегі оймақтай, мамық, тәтті қызыл ерінін де байқады. Торсиған, жұп-жұмыр ақ құба білегі де, бұраңдаған қыпша белі де, жас баланың аяғындай, кіп-кішкене аяғы да… Ақылбайдың көзіне еркелеп, жағып барады.

-* * *

Мәзен де Ақылбайға тесірейе қарап өліп барады. Ақылбай ақырында қартқа қарап:

– Ой, әкетай-ай! Дәмеліңе қандай қалың берсем екен?… – дейді. Мәзен сақалын тағы бір сипап қойып:

– Балам, менің алғашқы Кемел деген қызыма Мұстафа жүз жиырма ділда беріп еді, – дейді.

Ақылбай жұлып алғандай қабағын майыстырып:

– Мен оны жүз ділда берді ғой деп ойлап ем, – дейді. Мәзеннің азырақ жөтелгісі келсе де, әрең тоқтатады.

– Балам, жүз жиырма болатын… уәде қағазымызда көрсетілмеген, қосымша төлегені де бар… ондай егжей-тегжейін Мұстафа ұмытқан шығар…

Немесе жаңылып айтқан болар…

Ақылбай жымияды.

– Болса болсын жүз жиырма ділда. Бұл қызыңызға да сондай қалың сұрайсыз ғой, шамасы.

Қарт жымиып, басын шайқайды.

– Балам, Мансұр молданың ұлы өзіңді өзің қорлағың келмейтін болар? Қалай айтасың, екі қызымды да көрдің ғой, соңғы қызымды артық бағаламағаның ба? Жә, Алла кәрім-ай, қойдан бөкенді айыра алмағаның ба? Ақылбай Мәзенге жылы жүзбен қарайды да айтады:

– Әкей, шыны Құдайдікі, алғашқы қызыңызды мен анықтап көрген де екен, тек биттей ғана көзімнің қыры түсіп еді, алайда көзім қырағы тәрізді еді.

Мәзен қолын келте сермеп, тоқтатып қойып:

– Алла атымен ант етемін, рас, сен қырағы Мансұрдың ұлысың. Бірақ жаңа ғана өзің бетіне көзім түсті дедің ғой. Сен көзіңннің қырымен ғана көрген екенсің, биттей ғана. Бірақ бетпен бәрі тәмам болмайды. Басына кеспек кисе, ең сұлу деген хор қызына қандай баға берер едің? Балам, өзге мүшесі де есепке кіреді ғой. Өзің де білесің. Өйткені сенің көзің шын қырағы екен. Менің жаңа кетер-кетпесте, – деп келе жатып, – сөзін аяқтатпайды, өткір қара көзін жас жігіттің көзіне қадап, күтеді. Бір талайға дейін шалқалап күледі.

– Ой, қайырымды әкетай-ай, сізге өзге сыйлаған сыпатымен тұрмай, жақсы саудагердің ебін де берген Алладан айналып кетейін. Арпаны базар нарқынан арзан алам деген кісі сізге жолауға болмайтын көрінеді.

Қарттың көзі қабағына сүңгіп, ерні жымырылып, баяулата, әндете сөз қозғайды:

– Әркім өз жұмысын өзі біледі, «өз қотырыңды өзің қасы» депті ғой. Соны айтқан соң екеуі үн-түн жоқ тағы отырады. Кідірмей Ақылбайдың әдепті маңғаздығы ұстап:

– Қанша сұрасаңыз да анық бағаңызды атаңызшы! – деп сұрайды. Мәзен ешнәрсеге қызықпаған, бір түрлі жұмбақ түрде отырып:

– Саудаласқан кісімен сөйлеспегенді артық көруші ем, – деп бір басып өтеді.

– Әлде мен саудаластым ба?

– Түрің солай ма деп жоримын.

– Ақылды қарт, өз бағаңызды айтыңыз, содан соң көрейік .

Мәзен жігітке үңіле бір қарап:

– Екі жүз ділда, – дейді. Ақылбайдың түрі әнтек сұрланады.

– Әкей, саудаласқан кісімен сөйлеспейтін болсаңыз, есен тұрыңыз, жұмысыңыз менсіз де оңға бассын, – дейді де орнынан тұрады. Мәзен шалбарының қалтасынан оюлы шақшасын алып, алақанына насыбайын салады да, атпай азырақ кідіріп, қоштасқалы тұрған жігіттің қолын созулы күйінде қалдырады. Солай отырады да, сөздің тегін айтқан кісіше жайымен:

– Екі жүз ділда. Сауда-саттық жұмысында жиырмадан бірі кемітілетін салт бар ғой. Дәл тұрар жерін айтсақ, бас-аяғы жүз сексен ділда, – дейді.

– Жарайды, әке, сізге ұқсап мен де саудаласпайын. Мен сіздің малыңызға жүз қырық ділда ұсынамын.

Тағы біраз уақыт өтеді.

– Мен айттым ғой саған, жүз сексен ділда, – деп Мәзен жай айта салады.

– Ал, жүз қырық бес, бұ да көп.

– Жоқ, ең тұрар жері – жүз жетпіс бес. Ақылбай басын шайқап, ағашқа байлаулы атына барады. Алла атымен ант етемін, жүз жетпіс болсын, бұл нақ бағасы. Онда да әкеңнің әруағы үшін.

Жігіт тағы келіп отырады. Ләм деместен қартқа шылымын ұсынады. Екеуі қарсыма-қарсы отырысып, біріне-бірі қарасып, шылым тартысады. Содан кейін сөз қайта басталады, бұ жолы сөз сыпайы, салмақты, әдепті, біріне-бірі сене, бастарын таяй шүйіркелеседі. Сүт пісірімге таяу сөйлескен соң екі жағы да келіседі: Дәмелі жүз елу ділдәға сатылады.

        II

ҰЗАТУ

Міне, той да таяу. Бүрсігүні таңертең Дәмелі жаңа мырзасының үйінде ұйықтайды. Ақылбайдың үйі оған үй болады. Бірақ Ақылбай анау теріскей жақтағы Деліс шаһа­рын­да тұрады. Бүгін алакеуімнен аттану керек, өйткені Мәзен ол шаһарды тіпті алыс атаған.

Мұстафа шәужайынан ұстап Іңкәр қы­зын ақ қашырға мінгізіп жатыр. Ер ор­­нына қашырдың үстіне қыл кептеген қызыл тысты арқалығы бар, жұмсақ мүйет орнатқан. Дәмелі осы үлкен ұяға малдасын құрып отырады, кемер белбеуін салбыратып, шапанының құрыс-тырысын жазады. Таңның таудан асқан қызғылтым саңлақтанған сәулесіне шомылып, қайтып көрместей, бір жола қалып бара жатқан үйлеріне, қорасына көпке дейін қимай қарайды.

Шатырда қонақтап отырған дегелек қош айтысқандай Дәмеліге ырғай мойнынсозады, сабалақ құйрығын бұлаңдатып, қызыл ит Дәмеліден көзін айырмайды, Мұстафаның теуіп жібергеніне болмай, сұр мысық қайтып келе береді де, қашырдың аяғының астына барып, жүнін күжірейте береді.

Дәмелі күрсінеді, зілсіз құмарлық күрсілі, бірақ бойын тез-ақ жиып алады. Қош, қош! Деліс алыс, жүру керек.

 

* * *

Мәзен бас-көз боп жөнелтудің қамында. Қора маңы үлкен әбігершілік. Отыз-қырық кісілік керуен айқай-қиқу, амандық көрісу, күлісу, жылау-сықтау, ұзату, мылтық атумен сапталып шығады. Сөйтіп, аттылы, қашырлы керуен май ағашының жанынан өтетін жолға тізіліп түсіп, содан әрі өзенге қарай бұрылады. Сары алтындай сандақтаған жып-жылы күн түнгі шықпен бастары күмістей жылтылдап тұрған бұталардың ортасында Дәмелі жымияды. Шыққа да, бұтаға да, бәріне де жымияды. Жоқтан өзгеге жымияды. Бәрі де оған қызықты, ермек тәрізді көрінеді. Бәрінен де Дәмеліні ертіп, қастерлеп әкеле жатқан жұртты айтсайшы. Өй, жасаған-ай! Қайыптың атына мініп, қолындағы үлкен мылтығын диірменше айналдырып келе жатқан, жұп-жуан, жуас Мұстафа мынау. Торпақтай ала қашырына мініп, аяғы салақтап келе жатқан еңгезердей, мес, тақыраш дүкенші анау. Оның артында Сейтқадыр қожа. Біреу алып кететіннен жаман ұзын түтігін ерніне көлденең салып, тұтамдап ұстап, күмістеген қамыс таяғы қолынан түспей келе жатқан. Одан әрі жасау артылған қажырлы, есті үлкен қашырлар, екі теңдеулі жасылды, сарылы тақталы ағаш әбдірелер, шоптығының үстінде пілдің басына мінген немеше шоқиысып, қарқылдап отырған бала, әйелдер қатар жүргісі келіп, алыстан айқайласып, бірдеңе деп келеді. Кемел жалаңаш, бұйрабас сары баласын алдына алып емізіп келеді.

Міне, керуен қиыршық тасты, қызыл құмды арнадан өтіп барады, жаңа шыққан күннің шуағымен жарқырап, жыланша бұраңдап, арнамен қылдырықтай өзен ағып жатыр… Дәмелі көзін жоғарыға салды.

Тірілт шәһәрі кенет басына шығып кеткен тәрізді, арты да, сол жағы да, төбе үстін­дегі мұнаралар секілді, найзадай-най­задай сорайған шәһәр. Төменде құртымдай жасыл теңбіл май ағашы. Одан гөрі қалың құрақ қоңыр теңбіл үйлер. Қош болыңдар, қош!

Әпелсін, құрма бауларын жағалап, басталған арпа егінін жүлгелеп, әтір иісі аңқыған әдемі жерлерді басып, мидай жазық шөптесін жолмен керуен әлі жүріп келеді. Еркектер езу тартады, сұлу бикештер Дәмеліге қарап жымияды.

 

* * *

Күн көтеріліп, тау кенеріне алтын нұрын төгеді. Иаудың тап етегінен Деліс бас көтереді. Үлкен қыстақ, адам айтар емес, Тірілттен жиырма есе үлкен, сүттей аппақ.

Сол жағында көкпен-көк жақұт түсті қозғалып жатқан бір дәу, түсі біресе кемпірқосақ тәрізденеді, ұзын-ұзын күмістей жолақтар кесіп өткен тәрізденеді. Дәмелі қарайды. Аузын ашып, сілейе, таңдана қарай-қарай көзі талады. Өмірі көрмеген тамаша, тым болмаса алыстан да көрген емес, бұл пұрансұз (француз) шәһәрі мен теңізі еді.

Содан кейін қасында қалтақтап келе жатқан Іңкәрге қарайды. Әлдебір бетіне перде киген адамды көріп, күледі. Ойбай-ау, перде екен-ау. Ол есінен де шығып кетіпті. Өзінің де иек жағында ақ сүзгі пердесі бар. Араб жұртында шәһәрлерінде әйелдер тысқа бетін жауып шығады. Олардың өмірі қапаста өтетін болса керек. Дәмелі ұзын қасын әнтек жиырып, қабағын түйгендей болады. Бөтен әлдебір көлеңке құйындай қалбақтап өткен сияқты.

Бірақ көлеңке жоғалды. Дәмелі ойына жіңішке мұрты қиылған, жұмсақ қолды Ақылбайдың суретін елестетеді. Сөйтеді де қамыс шыбығымен қашырын сауырға бір салып айдайды.

Аздан соң қашырдың тұяғы бір күмбездің астында күңгірлетіп бара жатады. Қашыр тоқтайды. Қараса, Дәмелі төрт бұрышты кең қораның ішінде тұр. Астыңғы қабаты өңшең терезе, үстіңгі қабаты жиектері шарбақты, басқышты калерей.

Жібек қынама, асыл тас, тана-моншақ киініп, шарбақтарға асылып, Дәмеліге қарап, әйелдер сүйген ишарасын қылады. Ол кезде Мұстафа мен Мәзен Дәмеліні шыны-аяқтай ептеп ұстап, қашырынан қолтықтап түсіріп жатады.

Бұл әйелдер – Ақылбайдың бірге туған апа, қарындастары. Бұлар үкідей ұшып жас келінді көгілдір сырмен қабырғалары боялған, самал үйге әкеп кіргізеді, жабыла сүйіседі, аялайды, мәпелейді, шаттанысып шаңқылдайды.

Содан кейін көгілдір бөлмеге екі ағаш әбдіре әкеп кіргізеді. Әйелдер әбдіреден жайнаған жасыл жасауды саусылдатып алады. Бұл – Ақылбайдың қалыңдығына сыйлаған жасауы. Әйелдер таусылмас, ұзын мұнара әңгімеге кіріп кете жаздап, қайта оралады да, бұйымдардың ішіндегі ең таңдамаларын былай алып қояды да, өлгенше баптап, тоғыз саққа жүгіртіп, көздерін ашып, жұмып, мойындарын қылқыңдатып, бетім-ау, пәлен-ау десіп, Дәмеліні сәндеп киіндіре бастайды.

Әрең дегенде күн батардың алдында Дәмеліні безендіріп болды-ау. Мәз-мәйрам, уда-шу, күлген, сыңқылдасқан топты әйелді ертіп, Дәмелі басқышты калереймен екінші бөлмеге бет қояды. Шымылдық ашылады, Дәмелі кіреді. Кіре беріп оқыс тұра қалады, өйткені қарсы алдындағы айнада тағы бір жас келін өзіне қарсы келе жатыр екен деп қалады.

Күлкі мен айқай онан сайын үйді басына көтереді.

– Аха-ха, ха, ойбай, есер қызым-ай! Басқа келін дегенің, қалқам-ау, өз көлеңкең ғой, – дейді де, шымылдықтың аржағындағы үш лампының жарқыраған қызғылтым сәулесі түскен айналы шкафқа қарай Дәмеліні итермелейді.

III

ҚАРЫЗ

Күндерден күн өткенде ерлі-зайыпты екеуі түскі тамақтан кейін бау түкпірінде сыбырласып, шүңкілдесіп отырғанда, анадайдан маңыздана аяқ басып келе жатқан айбатты, салауатты, тақуа Мәзенді көреді.

Ақылбай тұра алдынан жүгіреді, екі еркек бірінің бірі иығынан сүйіп, қайта-қайта сәлемдесіп, төмен қарап Дәмелі де таянады. Қарттың баласына жылы ұшырағандығын содан біл, баласына еңкейіп амандасады, Дәмелі басын көтеріп, жалаңаш білегімен әкесінің ұзын мойнын құшып, үндемей, ернімен тез сүйіп алады. Содан кейін ұзын кірпігін тағы да түсіріп, мүп-мүләйім кейін шегініп кетеді.

Мәзен Ақылбайдың бетіне қарап, екі қолын жоғары көтереді:

– Алланың бергеніне шүкір, менің байқауым, Дәмелі кешікпей сені бөпелі қылар. Сөйтіп, саған тартқан жиенімді көріп, мен де бір жасармын.

Атасының қошаметіне Ақылбай қошамет сөзбен жымиып жауап береді:

– Мен шынымен мақтанарлық балам болғанын тілеймін, мен Құдай айдап сіздің есікті қақтым ғой…

Екеуі отырысады, Мәзен жиені туғанда қандай қуанатынын әңгіме қылады. Өлгенше ауыр бір істі ұмыту үшін оған мұндай қуанышты хабар керек еді.

Мәзен басын шайқап, көпке дейін сақалын сипай береді:

– Ой, балам-ай, саған Құдай бақ берген кезде менің үйіме қайғы жібергенін көрмеймісің… Ақылбай атасына таңдана, тесірейе қарай қалады. Мәзен тағы сөйлейді.

– Соңғы кезде мен дүкенші Тақырашпен жерге сөйлесіп жүр едім, оның жері менің қасымда болатын ғой. Құметті Сейт-Хамит ишанның арқасында (маған жәрдем қыл деп сұбхан итереді ғой) сол жерді арзан алуға сөз байласып едік. Балам, өзіңе де мәлім шығар, біздің ортада Сейт – Хамиттың ықпалы зор, әзиз адам ғой, мен де сол перілердің бір мұртымын ғой. Жарықтықтың ықпалы сондай күшті болса да, жер иесі сөзінен айнып кеткені. Сондықтан мен жердің сатылғаны туралы тезірек шартты уәде жасауға асықтым. Ақшаны түгел, қолма-қол нотариустың алдында төлемек болдым. Сол жерге төлеймін ғой деп өзіңнен қалыңға алған жүз елу ділдаға тағы елу ділда қосып, салып қоймасым бар ма? Адамның көңілдегісі бола бермейтінін қараңызшы, таң қалғандай, қынжылғандай бір іс қой, балам! Кеше жол жүрейін деп сол ақшамды қарасам, ділда түгілі дым да жоқ! Бұ арабтың ұрысындай епті ұрыны дүниеде таппассың.

Ақылбайда үн жоқ, Мәзен басын шайқап, таңдайын қағып, көзі әлдеқайда алабұртады. Бір мезгілде жоғары қарап:

– Содан соң жанымдай жақсы көретін, аяулы балам саған келіп отырмын, туралыққа, жөнге сия ма, сыймай ма?! Алты айға немесе үш айға дейін тауып беруге екі жүз ділда бере тұр, өйткені бір талай адамға қарызға берген ақшаларым да бар еді, олардың қайыратын мезгілі де, мінеки, таянды, – дейді де Ақылбайдан көзін айырмайды.

– Осындай болмашы қызметіңді сұрап саған келудің өзіне де бір талайға дейін табаным тұрмады, өйткені қалада, күйеулеріне жолыққанымда олар сенің сандығында үш жүздей ғана ділда салулы жатыр – деп еді.

Ақылбайдың қабағы алғашқы кезде тұқсиып отырсада әрі-берден соң құрыс-тырысы жазылып күлген болады.

– Алла атымен ант ете сөйлейін, қызыңды айттырып алу турасында сені барып тұрған саудагер екенсің деп едім, бүгін оған қосымша айтатыным, зәуде істі болып, сот алдына шыға қалдың бар ғой, саған қорғаушының керегі жоқ екен.

Ертеңіне таң сәріден Мәзен қызымен де қош айтысуды ұмытып, үш айдан кейін ақшасын өсімсіз қайыруға күйеуіне жабайы қолхат тастап, үйіне сызып береді.

IV

 ЕСЕПКЕ ОТЫРЫСТЫ

  Үш ай «әу» дегенше-ақ өтіп кетті. Дәмелінің «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ», мезгілі таянып келе жатқанға масаттанып «мұртынан күледі», сонда да сыртына шығармайды. Құтты болсын айтқандардың сөзін өзіне ұнамды, бір түрлі мүләйімдікпен тыңдайды да қояды.

 Анау күнгіден бері қайынбикелерінен талай нәрсені көріп, біліп, ысылып қалды. Енді нағыз шәһәр әйелі болып алып, кісімен өтірік жайдарысып сөйлесуді де, өзін қалай ұстауды да, жүзін құбылтуды да, сөзді қалай талғауды да біледі. Жалғыз-ақ күйеуін алғашқы күнгідей сүйеді. Ол сүйгені әлі сол қалпында, сонысын ғана айтпасақ, Дәмелі дуардың бұрынғы ойсыз, қамсыз көгершіні емес. Кейде есіне Тірілт шәһәр түсіп кеткенде, көзіне әлдебір өткір күн сәулесі шағылысқандай көзін сығырайтады. Үйдегі малдарын ұмытып бара жатқанына өзі де қол қояды. Сөйтеді де шынтақтап отырып, мейірімді анасын, өмірі күзгі күндей сұрланып, мұңмен өткен сорлы анасын ойлайды. Қоңырсыған жалаңбас шырақтың ала көлеңке сәулесінде сықсиып отырған анасының тым-тырыс үйде жападан-жалғыз шүйкедей болып, қадалып отырған түрі көзіне елестейді.

 Міне, Мәзеннен асығыс хат әкелген Мұстафа: «Әлхамды иллә сау-саламатпыз! Қызымыз Дәмелінің күйеуі құрметті Ақылбай баламызға сәлем. «Бағдында» сізге айтатын хабарымыз: енеңіз науқастанып жатыр. Осы барушы Мұстафаға Дәмеліні ертіп жіберіңіз, кім біледі, Құдай сәтін салса, қызын көрген қуанышы анасының сырқатына ем болмас па екен? Сен ескертсең де, бүгін ақшаны жібере алмадым, ғафу ет. Осы науқастың әлегі кейпімді бұзғандығы сонша, қазір есепке отыруға да қолым тиетін емес».

 Дәмеліге төркініне баруға Ақылбай өзі мәслихат берді. Босанатын мезгілі таяғанмен, араб тауының қыздарына салт атқа мінуге екі қабаттықтың бөгеті жоқ қой, сонымен, жас келін көңілі қапырық болып, қашырға мінеді.

 * * *

Бірнеше күннен кейін Ақылбай Мәзеннен: «Дәмелі аман-есен келді!» – деген екі-үш жол хат алды. Арада үш жұма өткенде бұлар неғып хабар бермей жатыр деп дамылсызданып, Ақылбай енесінің науқасы жайын сұрап, хат жазады. «Інкәрдің науқасы бір қалпы» – деген шолақ хатты да алады. Осыдан басқа түк, түк жоқ. Екі жүз ділдә ұшты-күйлі ұмытылды.

Әлде науқастың салдарынан көңілі жарым болып, қолы тимей жүрген бола ма? Немесе қарыз берген адамдарды кезінде берімсектерін өтей қоймады ма? Бұл қалай ақшаны жібермей жатқаны? Мұны қайтсем екен деп, Ақылбай біраз сергелдең болып ойланды да, атасына мындай хат жіберді:

«Уаллаһіл… Құрметті көруші қайын атамызға мың қайтара сәлем! «Бағдында» айтар сөзіміз, біздің бұл ескерткеніміз, сізге ауыр тисе, оны кешерсіз, өйткені сізге қанша жағайын десе де бір уақиға болып қалып, балаңыздың оған қарсы тұруға хәлі болмай тұр. Қайғыңыз қандай күшті болып, көңіліңізді алаң қылса да, біздің Деліс шәһәріне соңғы келгендегі үш айдан кейін қайтармақ болып алған екі жүз ділдә қарызды ұмытып кетуіңіз кішкене ойға сыйыңқырамайды. «Үш айдан кейін қайырамын» деп қолхат беріп, міндетті болған едіңіз, міне, төрт айдан да асып кетті. Қанша күтсем де, ақшадан хабар-ошар болмады. Оның үстіне бауға төлеуге арнап қойған ақша екенін ол күнде өзіңізге айтқан едім. Ей, қатынымның әкесі, біздің әкеміз! Өзіңізге жәрдем қылған адамға қастық еткіңіз келмесе, екі жұманың ішінде менің ақшамды орнына саларсыз деп сенемін».

Екі жұма өтті. Бұ жолы бір ауыз жауап та қайтпады. Ақылбайға әлде енем әл үстінде жатқан шығар деген ой келеді. Бір жағы қайғыдан, бір жағы ауруды бағып қажудан қатыным да ауырып қалды ма деп ойлайды. Сол ойменен қажымас қара сұр атын ерттеп мініп, желе-жортып жолға шығады.

* * *

Шам жамырамай-ақ Ақылбай атасының шәһәріне келеді. Атасының қорасында «шуү» дегенде көзіне түскен енесі Іңкәр қарулы қолымен тас астауға салып, көпіртіп кір жуып жатыр. Басын көтеріп Ақылбайды көріп таниды да, қысылыңқырап бетіне қарайды. Іңкәрдің артында қысқа шағыл күннің шуағына жылынып, ши үстінде Дәмелі отыр. Енді артына бұрылғанда, Ақылбай жайымен маңғазданып, үйден шығып келе жатқан атасын көреді.

–       Ой, балам, ой! Менің үйіме айдап келген жасағаннан айналайын. Жай-күйімізді білдіруге жаңа ғана хат жазғалы отыр едім. Атасының «а» дегеннен бұлай дегеніне Ақылбай сасып қалады, әйтсе де бойын жиып алады да, атасына қадала қарап:

–Рас-ақ, сіздің хатыңызды алып қайтуға Тәңір айдап келді. Сөз жоқ жамағатыңыздың жат науқасы ол хатты маған жіберуге бөгет болған ғой, – дейді. Мәзен табан аудармай тұрып қалады. Қабағы ғана әнтек қимыл етеді. Асықпай, саспай басын қақырайтып көтеріп алып салмақтап:

–Қарттықтың үлесі – ана сүті аузынан кеппегендердің әдепсіздігі мен аңдаусыз сөзін кеше білу, – деп кекеп өтеді. Ақылбай қолын қусырып қартқа қарайды:

–Алла атымен ант етемін, сен менің қатынымның әкесісің, мен сені туған әкемдей құрметтеуге әзірмін. Бірақ ақсақалдар жастарға өнеге көрсетіп, борыштарыңды мезгілімен төле, өтірік айтпа деп үйретуге міндетті екенін де біліп қой.

Бұ сөзді ол қатты айтты. Егін жұмысынан қайтып келе жатқан адамдар тап үйдің жанынан жүреді. Олар бастарын көтерісіп, күңкілдеседі де, естімеген кісі боп, асығып үйлеріне қарай тартады. Ақылбайдың әлгі сөзіне Мәзен қырын қарап тұрып, қысылмай паңдана жауап қайырады:

–Жат жаланың қатын-қалаштың көзінше бажылдауынан аулақ бол – деген сөзді естігенім болушы еді. Сондықтан мен үйіме кіремін, менің үйімді өз үйіңдей көр. Әйтсе де қатының босанбай тұрып, үйіңе қайтқаның дұрыс болар, босанатын мезгілі таяу. Босанған соң алып қайтарсың, Алла жәрдем берсе, мен де өз тұсымнан сенің қарызыңды төлеуге шамам келіп қалар.

Ертесі ел тұра Ақылбай үйіне қайтты.

 * * *

Арада екі жұма өткен соң, Мұстафа Мәзеннен хат алып тағы келді. Бұ жолы хаты бұрынғылардан ұзын: «Баламыз Ақылбайға сәлем. Өзің кеткеннен үш күннен соң келіншегің босанып, дүниеге қыз бала келтірді. Қазір қол-аяғын бауырына алып, үйіңе қайтуға да жарады. Енді келуіңе болады. Бірақ тағы да сенімен дауласпайын деп, мен әуелі есеп қылысқым келіп отыр. Әрине, мен саған екі жүз ділданы төлеуге міндеттімін. Ал сен де бірнеше статьялар бойынша маған қарыздарсың. Келіншегіңді асырап сақтағаным үшін, босанған кезде, одан кейін де келіншегіңді мен күткенім үшін, келіншегің сұраған соң, молдадан ішірткі, бойтұмар әпергенім үшін, тағы да сондай ұстаған шығындарым бар. Ол өз жөнімен ғой. Әсіресе, сенің құтты қадам үйімде жанымыздан өткен ауыл адамдарының көзінше мені қақараттап, тілің тиіп, шатақ қылғаның маған зор кемшілік келтірді. Жұрт өсек қылып алды, маған тура қарамайды. Пірдің етегін тұтқан мүрид едім, ол қадірім аяқ асты. Соның үшін менімен есепке отырғың келсе, мені қорлаған күнә-сұмдығыңды мен кешсін десең, осы хат апарушыдан бұрынғы қолхатымды қайтарасың. Сөйтсең, арамыздағы барлық жұмыс жайланады. Осы айтылған жөні бар, тура сүйіспеншілік бітімге көнсең, мен келіншегіңді өзіңе қайырамын. Ал көнбейтін болсаң, келгеніңмен пайда жоқ».

 V

 СЕНІМ ҚАҒАЗ

Ақылбай қатынын қайырып алуды талап қып мировой сотқа арыз берді. Сот жұмысты қарайтын күні Дәмелі келмейді, оған таңырқарлық дәнеңе жоқ. Жалғыз өзі келе алмаған ғой. Мәзеннің бұл дауға қатысы жоқ. Әлде ол жұмыстың созылғанын, сөйтіп күйеуін жалықтырып, өзіне пайдалы бітімге көндіргенін қалайтын болар. Бірақ Ақылбай тату-тәтті бітісерлік кісі емес, қалайда қуып жүріп қатынын үйіне қайтартатын кесім қылдырады.

Енді оған тек осы кесімді орнына келтіру қалды. Әуелі Мәзенге хабар қылып, енді соттан кесімді орындауға кісі шығар деп сұрағалы отырғанда, төбеден түскендей соттың кесімін бұзуға Дәмелі Мәзенқызы арыз беріпті деген хабар сап ете түседі.

Сүйген жары Дәмелі, сүйген күйеуіне жаңа туған бөбегін мәре-сәре болып алып қайтады деген Дәмелі, сот ерік беріп отырғанда кесімге көнбейді, ереуіл қылды деген не сұмдық!?

Қой, бұл ойға сыймайды, бекер болар. Ақылбай салып отырып сотқа барады. Қатыны нотариуске көзбе-көз өзі келіп, соттың кесіміне наразы екенін білдіріп, оны бұзуға Мәзенге берген сенім қағазын хатшы селқос ұстата бергенде, Ақылбай сілейді де қалды.

 * * *

Ертеңгі жәрмеңкеге Мұстафаның келгені жаңа, сұры тым-ақ қашыңқы. Мұртын жұлмалап, мұрнын қасып, жөтеліп сіңбіріне береді. Ақырында бір аяғын ілгері қойып, екінші аяғына салмағын салып, бойын бекітіп, қолын айқастырып алды да:

– Ақылбай құлағың сал, сен менің туған бажамсың, мені жұрт «Мұстафа тәуір жігіт», – дейді. Сөйтіп, мен саған бүгін мәслихат бергелі келіп отырмын. Тілімді ал. Мәзеннің айтқанына көн, қолхатын қайтып бер, соған берген қарызыңнан без. Сенің дәулетің бар, біраз сомаң кемігенмен, ойсырап қалмас. Сонымен, қатыныңды қайтып аласың,– деп келе жатқанда, Ақылбай кимелеп, «Қайтуға Дәмелі көнбесе қайтем?» – деп шүңкілдесе сұрады. Мұстафа бұл жұмысқа түсінбеген тәрізденді.

– Дәмелі? Не дедің? Құтырдың ба?..

– Менімен дауласып жүрген қатынның өзі ғой. Мен құтырғам жоқ. Өйткені ол әкесіне сенім қағаз беріп қойыпты. Мұстафаның көзі бажырайып, замат қалшиа қалады. Содан кейін екі адымдай артына шегініп, көпке дейін мандайын уқалай береді. Қабағын түксейтіп, өзімен-өзі арпалысқан адам сипаттанады. Бір мезетте жан-жағына қарайды да, Ақылбайды қапталынан тартып, жартастың қақ жиегіндегі дөңге жетелеп апарып, сыбырлап айтады.

– Ой, бауырым ай! Дәмелі екеуіңе пайдаңа бола… Мәзен, мен, келіншегім –үшеумізден басқа тірі жан білмейтін сырды саған еріксіз айтқалы тұрмын. Бірақ күн бұрын айтып қояйын, мен өзім тыныштығымды жақсы көремін, зәуде бұл сырды сыртқа шығаратын болсаң, мен жатып тынамын. Менің сөзімді үлкен сыр деп біліп, аузыңнан шығармасыма деп әуелі Алла, екінші пайғамбар атымен ант ет.

Ақылбай жүзін құбылаға беріп, ант қылғаннан кейін Мұстафа сырын сөйлейді:

– Құлағың сал! Мәзеннің қызын ертіп нотариуске келуі рас. Ол қызының сенімен дауласуға, әкесіне сенім хат беруі рас. Бірақ (оңдап тыңда) нотариус сенім хат берушіні де, алушыны да білген жоқ. Сенім хат берушінің беті шала бүркеулі еді, айта берсем, ол қыз тіпті сенің қатының емес. Ол менің қатыным еді. Ақылбай селк етіп, тәлтіректеп бара жатқанда, Мұстафа иығынан сүйеп:

–       Сорлы Дәмелі әкесі мен күйеуі дауласып жүргенін білмейді. «Менің

күйеуім қайда жүр, қызына ат қоюға неғып келмей жатыр?» – деп кеше менен сұрады, – деді.

 * * *

Одан арғы сөз Ақылбайдың құлағына бармағандай екі көзі далада, бет-аузы қуарып кетті. Жұлып алғандай:

–Есебі атамыз қанішер десейші? – деді.

–Тек! Ақырын! Аузыңнан шығармай­мын дегенің қайда? – деп, Мұстафа бүйірден ұстай алды, сөйтті де дауысын сыбырға айналдырып:

–Иә, атамыз қиянат қылды. Бұл қиянатпен ол пайдаланады. Сен де, мен де оған түк қыла алмаймыз. Төлегеннен басқа шара жоқ шығар, екінші, еліміздің ғұрпы әкесі қандай қысымшылық етсе де, өз қызы оны айыптауға жол жоқ, үшінші, Мәзен өзі пірге қол тапсырған, біздің бұл тау еліне беделі бар, мүрид адам, сондықтан қорыққанымнан өзіме қуғын қыла ма деп мен де өзімді бағамын. Міне, бүгін мен саған әдейі келіп, ақшаңнаң без, Мәзеннің одан сұрары жоқ. Әйтпесе деп осы даудан тағы ілемін деп айла құрады. Ол сенен қатыныңды айырады! Сөйтеді де, Дәмеліні басқа біреуге сатады деп айтып отырғаным сол.

Ақылбай маңдай терісін бұқаша жиырып, оның сөзін тыңдап болды да бетіне қарап:

–Бұ кісіге, бұл атама көрсету керек, мен оны үйретемін, – деп кіжіне шорт кесті.

АҚЫЛБАЙ ДӘМЕЛІГЕ ҚАРСЫ

Сот ашылды! Іс қаралды.
Мәзен қызы Дәмелі талапкерді атынан шақырған адвокат көшпелі араб елінің заңын толық түсіндіріп кеткеннен кейін қорытынды сөзінде былай деді:
– Жиып-теріп келгенде, зәде көшпелі араб әйелі күйеуінен айырыла алмайды, талақ хат ала алмайды екен. Ол уақытта ерінің зорлық-зомбылығы ше? Ол қандай десеңіз, әкесінің үйіне барып қорғалайды: «бұтаға қорғалаған торғайдың да жаны қалады». Ғұрып бойынша, төркініне барған әйелінің мазасын алуға, артынан қуып баруға, еріне жол жоқ. Сонымен, қатыны күйеуіне ренішті болып жатып алады. Реніш қылуға жол бар. Маған ісін беруші әйел де бұл күнде күйеуіне қарсы ренжу мұрсатымен пайдаланып, оның үйіне барудан әйгілене бас тартып отыр. Дәмелі атынан соттан сұраймын, еріне ренжігенін білдіріп, әкесінің үйіне барып қорғалағанын сот куәландырса екен.
Өз кезегі келген соң, мына жақтан Ақыл­байдың адвокаты тұрып сөйледі:
–Көшпелі арабтың әйелі еріне ренжуге қандай мұрсаты бар екенің менің құрметті айтысушым егжей-тегжейін қалдырмай ақтан тигізе айтып өтті. Маған өте аз ғана сөйлерлік-ақ нәрсе қалды, одан гөрі дұрысырақ айтсақ, сол аз ғананың өзін әлгі сөзден шығарып айтамын. Ол сөз ренжу дегеніміз – әйелдің өз басына ғана берілетін, жалғыз өзінен өзге жан онымен байлануға болмайтын пұрсат. Дәмелі атынан менің оқымысты айыпкерім сөйлеп өтті. Ол өз айтарын айтты. Одан өзгені айта алмады. Тірілт шәһәріндегі адамның реніші туралы сөйлегенде, онын атынан-жалғыз Дәмелінің атынан ғана сөйлеуге болады. Бірақ сол Дәмелінің өзі қайда? Сөздің шынына келгенде, Дәмелі ісін берген адвокаттың артында отырған біреуді мен көріп тұрмын. Бірақ ол біреу – Дәмелі емес, Дәмелінің әкесі. Сенім қағаз деген нәрсенің болатынын мен құп білемін. Бірақ ол сыпаттама қағаз, ол адамның еркімен берген тілегін дәлелдей алмайды деп ойлауға біздің дәлеліміз бар. Ол дәлел қайсы десеңіз, маған ісін беріп отырған азамат Ақылбайға Мәзеннің жазған хаты. Ол хаттың сөзі: «қатыныңды қайтарып алам десең, қарыз алған ақшамның қолхатын өзіме қайыр», – деп ұсынады. Бұдан шығатын түйін сол, маған сенуші Ақылбай азамат қатынының ренжігенін өз аузынан есту үшін, ерлі-зайыпты екеуін сот алдында беттестіруді өтінемін.
Сот кеңесі бөлмесіне кіріп сыпаттамаларды қарастырып: «Ақылбай мен Дәмелі соттың ашық мәжілісінде емес, жабық мәжілісінде беттестіріледі», – деп қаулы шығарады.

* * *

Алайда бұл кездесу бір айсыз болмасқа кетті. Мәзеннің адвокаты: «Бұл өзі жас босанған келіншек, тұрған шәһәрі болса алыс, жол болса ауыр, пәлен-пәктуан», – деп жайға қаратқызды. Мәзен үйіне қайтқан соң, ертеңіне-ақ осы берілген кеңшілікті пайдаланып қалуға кіріседі.
Ол иманды кісі жүзденіп, бұйыра отырып, Дәмеліні шақырып алады да, салауатты дауыспен:
– Ой, қызым-ай! Сенен бөпе туғаныңды менің жіберген кісімнен ести тұра, осы күн­ге дейін еріңнің көрінбегеніне, сөз жоқ, таңданатын да, жабығатұғын да шығарсың, – деп бір басып өтеді.
Дәмелі баласын бауырына таман қы­сып, әкесіне қарайды. Мәзен азырақ жөтеліп алып, маңлайын алақанымен бір сипап өтіп тағы қозғайды:
– Қарағым, сенің ерің: «Ол бала менен туған бала емес», – деп айтуға аузы ұялмай отыр. Оны бір деп біл.
Дәмелі шанқ етеді. Мәзен қолың жұлқа сермеп, Дәмеліні тырп еткізбейді.
– Ерің бұл сөзді жалаң менің көзімше айта бір сәрі еді, сорымызға қарай біздің ишандарға жақын жүретін бірталай инабатты айғақтардың алдында айтқаны ауыр-ақ тиді. Сонымен, менің үйіме оның көрсеткен қорлығы жүрегімді қанды жара қылды.
Сақалын бірнеше рет баптана сипайды, арабта көкке кезену салқыны солай басталады ғой. Дәмелі өзіне аян бұл кәрілі сипатты көргенде, қу шүберектей болады. Мәзен тағы қозғайды:
– Әйткенмен оның не дегенін де елемей, бір реттен мен ұмытар да едім, зәуде, сен мені де, сені де – бәрімізді де осынша қорлап отырған адамның босағасын мәңгі көрмеймін деп безетін болсаң.
Дәмелі үнсіз жылайды. Содан кейін баласын көкірегіне басып, жүгіне құлайды:
– Ой, әкетай-ай, бұл сөзді ол айтқан болса, шүу деп ашу кернегенде, не есінен айрылғанда аузынан шыққан болар. Онысын кеш, әке! Ол дәйім мейірімді, момын болушы еді, ол сенен кешірім сұ­рар… Менің қайтқанымды қалайтын болса, қайтуға маған рұқсат ет! – деп жалынды. Мәзен жиренген адамша езуін тыржитып, қызына қарап сөйлейді:
– Саған бір қорлық аз, екінші қорлық ке­рек екен. Бұл – ақ! Сонша мейірімді, сон­ша момын Ақылбайдың сені қорлағаны шын. Болмаса мені Құдай атсын. Менен кешірім сұрайтын жігітіңнің неғып отырғанын білесің бе? Ол сені ел көзінде масқаралауға арпалысып, кәпірдің сотына арыз беріп, сенің өзіңнің келгеніңді талап етіп отыр, сен тақуа үйдің қызы кәпірдің ортасына барғаның ба?!

* * *

Кідірмей Тірілт шәһәріне лақап шашылды: «Ақылбай жынданыпты-мыс, малғұнмен тамыр болыпты-мыс. Ол ислам дінінен безіп, насарати дініне кірмек екен. Мұсылмандардан жиренетінін әшкере соғып жүр дейді. Міне, атасының үйін қайтіп көргісіз боп, қорлап жүргені сол екен. Деліс шәһәрінде пәлендей шайханада отырғанда ол жұртқа ашықтан-ашық: «Қатынымды қайтіп әкелем, шошқа етін жегізуге, арақ ішкізуге әкелемін, қызымды шоқындырамын», –депті-мыс.
Бұл өсек күннен-күнге өршіп, неше түрлі егжей-тегжейіне дейін түрлендіріп әкетті. Ақылбай сотта өлтіре сөйлегенін ауылдың кейбір адамдары да естіген ғой. Бұ бір шатақ, бұған қарсы көкжал Мәзеннің қылар қайраты жоқ.
Үйден шығудан қалған Дәмелі мен Іңкәрге көрші әйелдер де келіп, аяған, есіркеген болады. Іңкәр мен Дәмелі үйде оңаша отырғанда бірін-бірі жұбатқысы, уатқысы келеді. Дәмелі мұңайып басын шайқайды, шайқаса да жігер бар:
– Жоқ, Ақылбай ондай бұзық адам емес, ол келіншегі мен қызын аламын деп іздейді, өйткені оларды ол сүйеді. Мәзен екеуінің арасында не пәле болып қалды. Кемел неғып көптен көрінбейтін боп кетті?
Жуырда, әнеугүні Мәзен келіп қалатында, Мұстафа осы бірдеңе айтқалы келе жатып, соның айта алмай қалғаны немене екен? Мәзен оған «келме» деп қойған болу керек. Содан кейін қарасын көрсетпей кетті ғой. Іңкәр жиенін қолына алып тербетеді.
– Иә, бәсе жат нәрсе, сондықтан көзіңнің жасын қозғатып Ақылбаймен сот алдында көрісуден күдер үзбеген жақсы, оның не айтатыны, сенің не деп жауап қайыратының сонда ашылады.
Ауылдың аузына ие бола алмай жүрген жыбырлақтары өтірік айтып, шын айтып жүргені де сонда байқалады.

Міне, көлеңкедей үнсіз Мәзен де үйге кірді. Төбеге ұрғандай ауыздарын жұма қойған. Сұрлана қалған екі сорлы әйелге ол ұзақ қарады. Қолын бір қозғамастан қатынына қарап салауаттана айтты:
– Ой, Іңкәр-ай, ауылдың сол жыбырлап жүрген адамдарының сөзі қандай қапырықты болғанмен, Мәзен басыммен мені шұлғытып отыр. Неге десең, олардікі шын. Өйткені, кәуірге қарсы шығын Құдай жолында. Уа, қатын, мен сені алғалы көп жыл болды ғой. Сен шын құдайдың жағында болсаң, осы үйдің босағасында жүре бер! Ал Құдайдан безгендер жағына шығам десең, жолың бос. Басыңдағы ноқтаңды сыпырып аламын да қоя берем, кете бер.
Сөйтіп, Мәзен сөзін талақтың үш түрлі шартына туралап сөйледі, бірақ «талақсың» деген жоқ, серт түрінде айтты. Іңкәр қай таңдағанын алмақ, не кетпек немесе қалмақ. Қалса, бұдан былай Дәмеліге қарсы болып, аузына тас салу керек.

* * *

Сотқа баратын күн таянғанда, Мәзен ауылына хабар береді. Біздің үйге келген бәлеге қасиетті Сейт Хамит ишанның да қабырғасы қайысып, батасын бергелі, біздің жаман құжырамызға келмекші болды деп.
Тірілт шәһәрі тым-тырыс. Еркек біткен келетін ишан хазіреттің алдынан шығып кеткен, әйелдер ауылдың шетінде ұйлығып немесе үйлерінің төбесіне шығып, жүгініп отырып, үнсіз, тілсіз алысқа қарауда.
Бір мезгілде әлпі ағашы жақтан күбірлеген дауыс шығады. Ақ шапандар толқындай төңкеріліп, Мәзен үйінің төңірегін қоршап алады. Бірдеңе таянып келеді, таянған сайын Дәмелінің жүрегі дір-дір етеді. Ұзын бойлы, қатпа түйедей жадау, жағы опырайған, теке сақалды, бадалған болат, қарашық көзді Сейт Хамит екі қолын алдына созып, баяу басып, кішкене қақпадан қораға кіреді. Тоқтайды. Шарт жүгініп жерге мөлиген екі әйелге үңіліп ұзақ қарайды. Бірталай мезгілден соң күңірлеген, күлдірлеген дауыспен:
– Үшбұу құтты қадам, ізгі үйдің ішіне саламаттық болғай! Алла тағала ізгі өмірін менің құжырама түсіруге рақымы келді. Оның бұйрығын орындау үшін мен тұрдым да мұнда келдім. Мәңгі тәңірінің маған айт деп, маған істе деп бұйырғаны бұ дүр. «Бұ құрметті үйге Ібіліс Ғалайһи әлек етпекке бекер келген. Үй ішінің ар-ұятына кемшілік келтірген, оның жүрегін, оның құтты қадам үйін қорлаған, қарғыс атқанның кесірінен Мәзен сопы мұнан әрі жапа шегерге, аһ ұрарға дұрыс емес», – дейді.
Дәмелінің қабағы қалтырап, қолдары дірілдеп көкірегіне басылады.
– Бұ күнде оның пәк қызын дінсіз кәпірдің жауыз ғұрпынан арам етерге, дақида ұшбұу қызының перзентін насарниларының үш жүзді құдайына ұғұлаттырарға мүмкін емес.
«Діннен безудің күнәсі ажал уынан да ащырақ» – деп ишан хазірет күндей күркіреген дауыспен құранның жан шошынарлық апатын келтіреді. Рахымат ізгілік тәңірісі: «Бар, – деді маған, – Бар, – деді, ұшбұу үйіні Ібіліс шәртіден пәклеуге, құтқар,- деді, – құтқарарға боларлық нәрсені, Тоқтат деді. Қатерлі иолда тұрғушы перзенді мен анасын. Не бар ол діннен безген, иманын сатқан алдаушыда». Соны айтады да ишан екі қолын көкке көтеріп, содан кейін дереу алдына созады. Енді нәрлі сөздерін айтқанша Дәмелі ишанның аяғына бас қояды.

* * *

Сот шешімімен Дәмелі еріне оралатын болды.
– Не десек те, Мәзен ақылды. Бір қызын бір күйеуге екі саудалады. Мұндай да ақыл болады екен – десті жұрт.
Ал, қуана-қуана үйіне оралған Дәмелі ендігі мезетте Ақылбайдың алдында өзін кінәлі сезінетінді шығарды. Әкесін қарғайын десе, ең ауыр күнә деп өзін тыйғандай болады. Қарғамайын десе қылған қиянаты есіне түсіп, күйіп-пісіп, мазасызданады… Болған жай екі жастың арасындағы сезімге әсер еткенін бәрі де аңғарғандай. (ҚӘ.)
ХАДИША БӘЙБІШЕ
Ауыз суын құрытқан тамаша Зейнесі шалдың төртінші тоқалы екенін естігенде, Ақылбай қалай енжар тартқысы келсе де болмай, қабағы тұнжырап кетеді.
Хадиша бәйбіше қасындағы жолдасымен Сара апайдың үйіне кіреді, он минут өткеннен кейін Хадиша бәйбіше істің мән-жайын әбден түйеді. Ақылбайдың мезгілсіз уақытта үйде болуы, жабулы есіктен өлгенше үңіліп қарауы тегін емес екенін өзі де жорып қойған ғой. Оның үстіне Сара інісінің Зейнемен оқыс жолығып қалуында мән бар екен… оны інім өзі айтты деген соң, енді нешік күмән бар. Енді Хадишаның білмеген несі қалды? Сонымен, Хадекең былай қорытады. Жақын арада «Сейт Әбділда төртінші тоқалын талақ қылыпты» деген хабарды естісе, сұлу жігіт жалаң таңданып қана қоймайды екен, одан да тереңірек ойға түседі екен – деп қорытады.
Бәйбіше үйіне қайтып келген соң. Зейнені тізесіне отырғызып айтады:
– Кәне, көгершінім, оны сен шын ұнататын болсаң, саған қосуым-ақ…Бұл тіпті жақсы болады. Құдіреті күшті құдай сендерді жарылқайды. Біздің қарт байымыз сейт Әбділда, сөз жоқ, дегдар, рахымды, ер көңіл, аяулы кісі. Бірақ шыны Құдайдікі! Сенің монтиған аузың оның көк сақалына бола жаралған жоқ. Оның үстіне, жасың, міне, он жетіге келсе де қарттан әлі бала көтерген жоқсың! Бала табу Алланың бұйрығы ғой. Зәуде, өз көңілің қаласа, құдай қосса, сөйтіп бірнеше айдан соң сен Ақылбайға қатын боласың! Оған биттей уайым жеме, құдыреттің берген шағында бұдан да қиын жұмыстарды талай жайғастырғанмын.
Зейне үндемей біраз отырды, беті оттай дуылдар, көзі тұнғиықтана тұнжырайды. Сөйтеді де жалаңаш сұлу білегімен кексе бәйбішенің мойнын құшып, сұқсырдай жұтынған сұлу басын бәйбішенің құлағына таяп сыбырлап:
– Жүрегімнің сырын білетін анам сенсің, балаңды қандай билесең, мені де сондай биле, – дейді.
Арада аз күн өткен соң Сейт Әбділдә шабарман зәңгісін жіберіп, Ақылбайды шақыртады. Ала көлеңке, қоңыр салқын үйінде қызылды-жасылды абатпен кестелеген жастықтар салулы, тапал күрсі үстінде ақсақал шынтақтап жатып, Ақылбайды қабыл етеді. Алдында жабулы жатқан қалы кілемге Ақылбайды отырғызып, бетіне тесірейе қарайды. Қарап біраз отырғаннан кейін, жылы-жұмсақ дауыспен сөз бастайды:
– Балам, сені қашанда өз баламдай көретініме құдай куә. Әкеңмен жан дос болып өтіп едік, мен саған талай жәрдем етір жүрдім, сен де маған дәйім қызмет етіп келдің. Және мен сені осы елдегі жас жігіт­тердің ішіндегі ең сенімді ең қарайласарлық қайраты бар жігіт деп есептеймін. Ақыл-парасатың да бар жігітсің, қандай нәрсені сынатуға болса, саған алаңсыз сенуге болады.
Ақылбай қарттың қолын ақырын ұстап, ләм деместен ерніне тигізеді. Сейіт Әбділдә мұртынан жымиып, сөзін жалғайды.
– Сөйтіп, мен сені өзіме тән бір үлкен жұмысты айтайын деп, соның жайынан ақылдасайын деп шақырып едім. Соны айтады да, жастығын қолтығының астына тығындап, кеудесін көтеріңкіреп алып.
– Балам, сен менің шәріп тұқымымен сүйек-шатыс екенімді білесің ғой. Марқұм болған немере інім Баязиттың да ол үймен қаны қас екенін білетін боларсың. Бірақ соның жесір қатыны байы өлгелі үш жыл өтсе де жұрттың ойлаған жерінен шықпай, осы күнге дейін ерге тимей отыр. Со19нымен, менің әлгі шәріп тұқымынан шыққан бір қатыным – маған аса жөні бар бір сөз айтып еді. Туған балаңнан соңғы өлген інің жақын. Соңын аяғында жатқан қосағы ғой, ол өзі текті атаның қызы, оның бүйтіп осынша жыл ерге тимей, тұл отыруы – ол әйелге тым қорлық деп еді. Өзі егде тартып қалған әйел болған соң, дос-жаран адамдарыма ала ғой деп айтуға әдеп сақтап, ала қойса жақсы, алмаймын десе, мынау әйелге одан жаман қорлық болады ғой. Өзімнің де сағым сынады ғой деген оймен өз үйімнің іші ұнатып отырған соң, сол жесір қатынды өзім алуға бел байлап едім.
– Соны айтып қарт Ақылбайға тағы қарайды. Ақылбай қарттың сөзін қадір тұтып, ықылас қойып тыңдап отырғанын байқап, қарт тағы қозғайды:
– Алайда, бүгінде менде қатын төртеу екені, мүмкін, саған мәлім емес шығар. Демек, үйіме тағы бесінші қатынды көргізуді жол көтермейді. Сондықтан маған әуелі бір қатынымды жіберу керек болып отыр. Бұл арада қарт ойының бас-аяғын жинайтын кісіше тағы да біраз кідіріп, сықсиған кірпіктің астынан Ақылбайға көз салады Сөйтеді де:
– Жібергенде әлі бала таппаған, жаңадан алған ең кіші тоқалымды жіберген жөн ғой деп отырмын. Ақылбай тырп еткен жоқ, сонда да әнтек бозарыңқы тартты. Сейт Әбділда:
– Рас-ақ, ол тоқалдың өзі қатыным дегенім болмаса, анығында қызым есепті. Бұл өзі бір ағайынымыздың қызы еді, қарайласатын жақын кем болмаған соң, өз үйіме, қатындарымыз қолымыздан шығармайық, жатқа жібермейік деген соң ғана, солардың мәслихатымен артынан қатын қылып алып едім. Әрине, оның нелер жақсы мінездері болғанмен, мен сияқты егде кісіге тым жас. Сондықтан оны мен байына ұқсап емес, әкесіне ұқсап жақсы көремін. Сонымен оған талақ хат беруге әзірмін. Бірақ оның көпке дейін жалғыздық көріп, ұятқа шалдығуын да ұнатпаймын, қолымнан келгенше оны ұяттан қорғағым келеді. Оның жас екені де, көркем екені де менің үйімнен артық болмаса, кем жерге бармайтыны да, оған жақсы күйеудің табылатыны рас. Сен жүрегім сүйген балам болған соң, екі талай қиын жұмысқа келгенде, табанды, жақсы би болған соң, осы жұмыс туралы сенің ақылынды естігім келеді.
– Ақылбай ақсақалдың бетіне қарайды, тізесіндегі саусақтары еріксіз дірілдей бастайды, ол әлі дыбысын шығарған жоқ. Қарт та өз тұсынан өткір көзін тура оған қадап отыр.
– Сүйікті ұлым! Жақсы, абыройлы өзің қатарлы жігіттерден Зейнетайды алғандай, оның алатұғынына күн бұрын көзім жеткендей адамды білмейсің бе?
Бұл жолы Ақылбайдың жүрек сырын жасыруға әдді жетпейді.
– Балам, саған не болды? Менің басымдағы жұмысқа сенің мұнша қысылып, сұрыңның қашқанының мәні қалай?Ақылбай түрегелді. Қолдарын салбыратып, басын тұқыртып, дауысы әрең шығып айтады:
– Әкей, артық-кем сөзім болса кеш. Менің жақсылығымды айтып мадақ қыл­ғаңына мен де құрмет етіп, шын көңілім­ді білдіруге міндеттімін. Соның үшін мен туралы сенің шын ниетің, мейлі, қандай болсын, маған сенем деген сөзіңнің астарлы мәнісі не болса, ол болсын, осы істің артынан , мейлі, қандай уақиға жолықсын, енді менің сенен сыр жасыруға мұршам жоқ. Өткен жолы сіздікінен шығып бара жатқанда… Япырау, көңілімде түк жоқ бұрылып кетуге де мұршам болмай қалғаны. Әлгі айтып отырған жас әйелмен ұшырасып қалдым. Мұндай оқыс мұндай абайсыз кездесіп қалғаныма жаман өкіндім. Оған өзім айыпты болсам да, өзіме өзім ыза болдым (көзін жерден алады). Әкетай, мені ендігі ететін үмітім, мен ылажысы: Құдай ақына! Ылажысыз бір қатыныңыздың жүзін пердесіз көріп қалғаным үшін, мені үйіңізден қуып шықпассыз. Оны білген болсаңыз, рас еді деймін, білмесеңіз білдіргенім. Бұл арада Сейт Әбділда да орнынан тұрып, Ақылбайға бір адым таянып:
– Балам, оны менің білетінім рас. Сенің бүкпеңнің жоқтығы, сенің мұндай қалтықсыз қылп еткізбейтін өте ашықтығың мені таң қалдырады, – дейді де дауысын бәсеңдетіп айтады. – Менің және білетінім (мұнан артық ашық болу жарамайтынын өзің ұғып тұрсың да), Зейненің келбеті сенің есіңнен жуырда шыға қойған жоқ, сен оны кетірген де жоқсың, өйткені одан бірнеше күн соң Зейне туралы өз үйінің бір әйеліне айтқаның да бар.
Ақылбай сүзіліп жерге қарап үндемеді.
– Менің тағы бір білетінім (қарттың дауысы біртелеп күшейе береді): бұған көзім жетіп отыр, сөзімнің астары да осы. Зейненің атын естігенде, сенің бетің әлі де сұрлана береді.
Ақылбайда үн жоқ, екі көзі жерде. Сейт Әбділда тағы бір адым таянып, қолын Ақылбайдың иығына жұмсақ ғана салып:
– Балам, сен ұғуың керек, соның бәрің біле тұра, бұдан былай Зейнені үйімде сақтауға шамам жоқ, – дейді. Сөзін тағы бір тоқтатқаннан кейін.
– Сондықтан сенің ұғуың керек. Сенің де, оның да ырысты болуларыңа бұдан былай оның орны – сенің үйің, – деп сөзің аяқтады.
Сейт Әбділда сол күні-ақ Зейнеге нотариус алдында талақ хат береді. Заң бойынша, Зейне Сейт Әбділданың үйінде үш ай тұрмақшы. Содан кейін Ақылбай инабатты Сейт Әбділда ақсақалдың көзінде қиянатшы адам болып көрініп қалмас үшін өз тұсынан неке шартын жасатпақшы.

III

КЕЗЕК СҮЙІС

Міне, үш күндей болған жоқ, зымырап үш айда өтті. Бүгін–тоқалдың алтын босағаны аттайтын күні. Төсек орнын да, орындықтарын да, сандықтарын да, айналы ышқабын да, лампыларын да, жұпар сауытын да тап Дәмелінің үйіндегідей аудармай, қатар бөлмені тоқалға бола кеше әдімілеп, жасап, безендіріп қойған. Шариғат жолы бойынша, Ақылбай алғашқы үш түндей ұдайымен тоқалда болу керек.
Дәмелінің қарашығы батып, тірі жанға көріне алмағанына, мінеки, екі күн, екі түн өтіп барады. Таң қалай атты, Ақылбай солай жоғалып кетеді.
Дәмелінің енжар екеніне, разы екеніне көзі жеткен екі қайынбикесі – Сара мен Жәмила күртінен, асығыс жұмыспен шұғылдана қалады.
Бүкіл үйді бейне базар ғып жүрген Зейне тәрізді. Зейне кәлерейге шығып олай да, былай да көлбеңдейді. Ән салады. Дәміл-дәміл өткеннен де, кеткеннен де қай уақыт екенің сұрай береді. Содан кейін калерейдің құрмасына шынашақтап, есіктің қарсы алдында алыстан Ақылбай қашан көрінер еккен деп күтіп тұрады.
Мұны титтей жасырмайды, саңқылдап, күліп, жұп-жұмыр, тосырайған бар кеудесімен сақылдап күліп айтады. Сөйтеді де, жалпақ білезік салған жалаңаш қолын жоғары көтеріп, талмаураған, майысқан тал бойын бұраңдатып, үріп ауызға салғандай, жұмыр, жұмсақ саусақтарын ну қолаң шашына тоғытып, керіліп-созылады, сонда көздері тұнжырай жайтаңдайды. Екі күн ұдай Зейненің істегені осы… Дәмеліге әлі екі түнді, бейне алғашқы түндей екі түнді өткізу керек.
Төртінші күн Дәмелінің кезегі, күйеуі мұны сүйетін кезегі. Құранда «Кезек сүйіс» осылай айтылған ғой. Дегенмен ері де, қатыны да біріне-бірі тым сезікті, тым тұйық көрініп қалам ба деп қыпылдап, екеуіне де бұл жұмыс әлі тым жат секілді тосаңси береді.
Алайда Зейне сынды әйелге мұндай жұмыс бәлеңдей ұнамсыз да бола қойған жоқ. Ол қалай болса солай қаперіне де алмай, былғаң-сылғаң етіп, Дәмелінің отауына кіріп келіп, жайымен отыра кетеді.
Дәмеліні күндесім екен деп ойына да алмайды. Хадиша Бәйбіше: «Барғанда серік апаңның көңілің көтер, оған жағын, оны сыйла, шамаң келгенше асты-үстіне түсіп, сүйкімді көрін», – деп, Зейненің құлағына дәйім құйып отыратын ғой. Зейне Дәмелімен дос болуға әбден әзір екенін көрсетеді, көрсеткені емей немене, бет-аузын, денесін жүз құбылтып, нелер қымбат сырларын айта бастайды.
Ол өзінің нені әуес ететінін, қандай оғаш мінезі барын, бала көтерсем деген үмітін, өзінің әйелдік тілегін – бәрін де жыр қылып көйітеді. Дәмеліні алдандыруға, қыздыруға, тым болмаса, бір езу тарттыруға тырысады. Сөйтеді де, сиқырлы көзін , сүйегеш аузын құйқылжытып, Дәмеліге қарап өзі жымияды.
Дәмелінің ит жыны құрысып үйден қуып шыққысы-ақ келеді. Амал не, құдай көндірген соң, отырып-отырып Зейне шыққан соң, Дәмелі басың шайқап, дереу ышқаптағы айнаға жүгіреді. Беті дуылдап, қызарып тұрады.
Дәмелі айнаға көп қаранады, жүйке тамырлары азырақ дамылдаған тәрізденеді. Шынында, ол әлі де болса көркем ғой. Әлі де күйеуіне ұнай алады ғой. Қой, көгершіндей құлпырып, қайынбикелерінен, өзге кісілерден сонша мақтау естірткен көркемдігі титтей де жоғалған жоқ қой.
Дәмелі өзін-өзі айналдырады, сынайды. Ақырында күндесінің жалғыз ғана артық жері – тек жаңа түскендігі, сонылығы жоқ деген ойға келіп бекіді. Содан кейін, өткен айда оны алмай тұрғанда, күйеуі осы Зейнеге жерік болып жүрсе де, өзіне бір аударып алып, жақсы көргізгені есіне түседі.
Жарайды, Зейненің күйеуі қандай сүйсе, бұ да сондай өзін сүйгізгісі келеді. Күндесінің күндерлік дәнеңесі болмаса екен дейді, өйткені оның аңғал ұятсыздығы жанын кеміріп барады.
Дәмелі Ақылбайды қайтадан өзіне құмар қылды. Бірақ мұнымен Ақылбай Зейнені жек көріп кетпеді. Енді ол екі қатынға бауыр басып, төселіп алды. Сейт Әбділдаға ұсап бұ да өзін қатындарына бірдей бөліп беруді дағды қылып алды. Бірақ оны Дәмелі місе тұтпайды. Өзімен осынша арпалысса да, Дәмелі күндесіне қызғануын қоя алмады… Сүйген жары қойнында жатқан түні де қызғаныш соңынан бір қалмайды.
Бүгін бірге жатқанмен, ертеңгі күңді ойлайды. Оның көзіне Зейненің махаббат отымен жайнаған көздері , жұмыр, мамық сандары елестейді. Содан барып, дереу миында бір үңірейген бос қуыс пайда болады. Жүрегі оқыс соқпай қалған іспеттенеді. Ессіз сүйеді. Сонда ол өзіне өзі: «Бұл елес, Зейнені күйеуім тастаса, сонда ойымнан шығар еді-ау», – дейді. Ортақ байы екеуіне бірдей бөлінбей, көбірек, артығырақ, жақсырақ жағын бұған, Дәмеліге ауысқаны керек еді. Бірақ Дәмелі еппен дегеніме жетем, қарық болам деп бекер әуре болады. Ақылбай оны ұқпайды, «кезек сүйіс, кезек жату» бұзылмай болып тұрады. Жалпы, бақтан тиген өз тәлейіне Зейне қанағат еткен тәрізді. Кейбір күні Зейненің сыбағасына тиген түні Дәмелі ортақ ерін бұрынғыдан бетер қаттырақ аңсайтын кезі болатын.
Бір күні кешке таман Ақылбай өзіне бүгін түні сөзсіз керек екеніне көзі жетеді. Кім біледі, бүгінгі ішкі оның қызғануы өте күшті болды ма, кім біледі, үш күн үрдіс соққан аңызғақ денесін қыздырды ма, кім біледі емес, анығында бүгінгі кеш ол махаббат дертіне ұшырады.
Әйтсе де елдің салтында бар және заңда да айтылады, зәуде, әлдебір күндес өз кезегін анаған берем десе , кезек жатысы бұзылуға да жол бар.
Мұны Дәмелі біледі, бұрынғы байында жүргендегі Хадиша бәйбішенің мінезін әңгіме қылып отырып, мұны Зейненің өзі үйреткен. Сейт Әбділданың жасырақ кезінде Хадиша бәйбіше күндестеріне бірнеше ділдаға айына бір рет сатады екен. Өйткені Хадиша бәйбіше қылтың-сылтың әйел болған ғой.
Дәмелінің есіне осы түседі, алқа, сырға тана, моншаққа келгенде кәрі Хадишадан Зейненің құмарлығы бірде кейін емес шығар деп ойлайды. Зейне өз жасауының ішіндегі ең шығыт киімдерін киіп, айна алдына талай сәнденіп тұрғаның әркім-ақ көріп жүр ғой. Сөйтіп, Дәмелі бүгінгі кеш Зейнені өз отауына шақырып алады. Жазғытұрғы гүлдей жайнап, үлпілдеп, жұпар аңқып, киікше басып, Зейне кіріп келеді. Қаралдысынан махаббат лебі еседі. Қазір Ақылбайды құшады ғой! Дәмелі күндесін қолынан ұстап, қарсы алдына отырғызады. Содан соң сары ала сандықты салқам ұстап, өзіне таман тартып алып, бір кезде Мұстафа әкелетін неше түрлі сақина-жүзіктерін бір-бірлеп шығара бастайды.
– Сен менің асыл нәрселерімді әлі көрген жоқсын ғой, соларымды саған да көрсетейін деп едім! – Алдымен гүлдібадан асыл тасы жарқыраған, нәзік нақысты, алтын жалатқан, жалпақ күміс қос білезік шықты. Тамаша әдемі. Зейне мұндайдың жайына жетік кісімсініп қолымен салмақтап көріп, көзіне таяп сығалайды.
– Бұлар менікінен арзан болмас, әнтек қымбатырақ да соғар, – деп қояды.
Содан кейін өңкей үш қатар алтын ақша қадалған, маңдайға қиғаш түсіп басты шырқ айнала жауып тұратын сұлу берік шықты. Зейне оны басына киді де, сол жағындағы айналы ышқапқа кеудесін шалқайта бұрып қарайды да жымың қағады. Зейне өзі де көрікті әйел ғой, алайда мынау берік оның қою қара шашын құнтита жарып бір түрлі сүйікті, бір алуан әдемі қып, жарастырып жібереді. Зейне қылымсып, жымиып отырады да, лезде алақанына шапалақтап:
– Апатай-ай, бөркің маған қалай жарасады, менікінен де сұлу екен,- дейді, дейді де, апатайына бетін бұрып алып сұмдана сұрайды. – Аяулы апеке! Менімен айрбас қылмайсың ба? Бөркіңді менің тобық сақинама айырбаста, ол қандай салмақты немесе жұрттың бәріне ұнаған сырғама айырбаста.
Дәмелінің жүрегі жүрс-дүрс соғады. «А» дегенде жауап бере алмайды. Зейне оның қолынан ұстап жалынады:
– Тыңда, сүйкімді көгершінім, мұныңа мен сақинамды да, сырғамды да берейін, маған қалай жарасады.
Сол кезде Дәмелінің алқынған жүрегі азырақ басылып, айтады:
– Жарасатыны рас, сіңілім! Бірақ саған сақинаң да, сырғаң да жарасады.
Оларыңды менің алғаным қылмыс болар. Олар өзіңде тұрсың. Ал сен бір кішкене нәрсеге көнетің болсан, онда бөрікті сен ал.
Зейне Дәмелінің сөзін аңдап аңғармай қалды білем!
– Бір болмашы қызмет көрсетсең, бөрікті де ал, – деп Дәмелі қайта айтады.
Зейне «Алақайлап» қуанғаннан кейін, Дәмелі әнтек қызарандап төмен қарап:
– Күйеуіңнің бүгінгі кезегін маған қи, – деп сөзін бітірді. Зейне жауап қатпаған соң, Дәмелі оның бетіне қарайды. Күндесінің қабағы түйіліпті, жазық маңдайы жиырылыпты. Жымырайған еріндері бүлк-бүлк етеді. Замат шыңырау тартқан қарашығы бейне алысқа қараған іспетті. Дәмелі әнтек қуарады да, білезігін Зейненің алдына тастай беріп, – Мынаны да аласың, – дейді. Зейне ерні жымырайған күйінде көзі қыдырып, ол жақ, бұл жағына басын басу бұра бастайды. Дәмелі қолын сандыққа тығып жіберіп. – Мен саған сырғамды да берейін,- дейді. Зейненің тұла бойы қалтырап, недәуірге дейін басылмайды. Көзі қайтадан отша жарқ етіп, ерні кезере созылып:
– Жоқ, апай! Маған ләззаті кезегім артық, – деп шортынан бір-ақ қайырады.
Сөйтеді де, бөрікті, сырғаны, білезікті, кілем үстіне қойып, майысып, долдана орнынан тұрады. «Ләззәтті кезегім» деп, ойындағысын оп-оңай айта салып, көзі оттай жайнап, махаббат көркімен жарқырап, жұпар иісін анқытып ерін ересен аңсаған түрде Зейне кетіп қалды. Оны күндеп, оны жек көріп булығып, дауысым шығып кетер ме екен деп, Дәмелі ернін мықтап тістеп алған.
Дәмелі біразға дейін қозғала алмай, қалшиып қата қалады да, содан кейін құтырған кісіше ұшып түрегеліп, қызын ала-мала жалаң аяқ күйінде жүгіріп Саранікіне жөнеледі. (Мұнда оған бір табан жақын, өте-мөте бүгінгі кеш. Ие, осы бөлмеден оған тым ұрымтал ғой!) Бірақ уақыт өтіп барады, «Сейіттің бүгін ертерек жатқысы келіп отыр деп, Дәмелі кетсін дегендей, Сара құлақ қағыс қылады.
Дәмелі Жәмиланікіне барады. Кешірген уақ, кешікпей оның байы да келеді, тағы кету керек. Мылқау калереймен жалаңаяқ сыбырсыз басып үйіне қайтады. Түн тымық. Бозарған дөңгелек ай көктен көгілдір сәулесін қораға құйып тұр. Күндізгідей жарық.
Дәмелі өз есігіне таянды. Табалдырықтан аттауға батылы бармайды. Жүрегі дір-дір етіп екінші есікке, қатарындағы шымылдығы жаңа ғана түсіріліп, жайқалып түрған есікке қарайды. Мына шымылдық болмаса, ой, дүние-ай! Зейненің төсегі осы арадан көрініп тұрар еді-ау! Бір мезетте ар жағындағы бір нәрсенің желпінуімен шымылдық қаттырақ шайқалып, бір бұрышы недәуір көтеріліп кетеді…
Шанқ еткен ащы дауыс шыққанға алдымен Жәмилә, содан кейін Сара, содан соң Ақылбай жүгірісіп келді. Оның жүйткіген жүйке тамырларын сабасына оңай түсіре алмады. Ақырында әбден дымы құрып, талған соң көзі ұйқыға кетті. Ертеңіңде кеш оянды. Кешке дейін сатқақ ұрғандай күйзеліп тірі адамға тіл қатпады.
Сонда қайынбикелері Ақылбайға бүгінгі түн Дәмелінікі болса да, бүгін оның тынышын алма деп ақыл айтыпты. Бұл ақыл Зейненің қолайына жаға кетті. Ол олжа кезекті қағып әкетуге дайындалып та жатыр. Әйткенмен Ақылбай әсіресе кешегі уақиғадан кейін бұл мерзімсіз мейірімді Зейнеге көрсетуге белін байлай алмайды. Дәмелі мұнымызды сезіп қойса, тағы бір үлкен пәле болады деп, Ақылбай Зейнені сөзге түсіндірмек болады. Зейне Ақылбайдың жанына келіп, қолынан ұстайды. Төсін оның төсіне қысып,көзіне қадала ұзақ қарайды. Сөйтіп, қолынан жетелеп алып кетеді.
Екеуі Сараныкінен шығып, солайша қайтып келе жатады, сонда да күндесінің есігіне таянғанда, Зейне оқыстан оқыс долданып кетеді. Қылығының арты не боларын ойламастан, Ақылбайдың айтқанына көнген болады. Өткен күнгі Дәмелінің жын қаққандай қызғанып, бір үйдің ішін орасан бөріктірген кесірінен Зейне сыбағалы ләззәтінен кенде қалды ғой. Зейне соның қаруын қайырудан да тайынғалы тұрған жоқ (Хадиша сынды кәрі жынның үйінде көрген-баққаны текке кетті дейсің бе?), күндесінің есігі алдына келгенде, Зеййнені қиқудан бір жөтел қысып тоқтай қалады. Ақылбай да сасқалақтап тоқтайды, ол Зейненің қолынан бұлқынып, жұлқынып қашқысы келеді. Бірақ Зейненің құшырлана ұстаған қолы білегінен жібермейді. Сөйтіп тұрғанда, Дәмелі есігінен шыға келеді. Байының бұлқынғаның, Зейненің босатпағаның көзі шалып қалған екен. Көзі оттай жайнап күндесіне қарайды да:
– Ұры, ұрлықшы! – деп шаптығып қоя береді. Ақылбай тоқтатқанша болмай Дәмелі тепсіне шырылдап. – Жә, ләззәт ұрысы! Кет әрі, сойқанды қара! – деп айқай салады.

IV

– Не ол, не мен тұрамын.
Мұны үйдегілер естіді, қолын ербеңдетіп Жәмилә жүгіре шығады, босағасынан басын қылтитып Сара да көрінеді. Сейіт пен Мақылыптың үйлерінде күбірлесіп, бірдеңе деп жатқаны естіледі. «Міне, енді расында», «Құдай ақына…»- дегеннен басқасы жөнді естілмейді.
Қайынбикелері Дәмеліні жетелеп, сүйемелеп отауына кіргізіп, төсегіне жатқызады. Зейне паңдана, қоразданып өз үйіне қайтады. Ақылбай үн-түн жоқ қонақ үйге тартады.
Содан кейін ай сәулесіне шомылған аппақ кең қораның іші құлаққа ұрған танадай жып-жылы, жым-жырт болады. Тек оқта-текте аттың пысқырғаны, Дәмелі отауының тұншыққан ынқылы ғана бұл жым-жырттың сүренін бұзған секілденеді.
Ақырында бәрінің де үні өшеді. Ай батқан, қораның жарымы енді ала көлеңке тартқан. Таң таяу болу керек. Бұл ала көлеңкені әлдебір ақ көлеңке жарып өтеді. Ол қақпаның қара көлеңкесіне жылп бергенде, тысқа шығатын кішкене есік те ашылады. Сөйтеді де, есікті тырс еткізіп жауып жүріп кетеді.
Күндегі әдетінше үй іші таң намазына тұрады. Кешікпей-ақ Зейненің жойылғаны мәлім болады. Кідірмей оның қайда барғаны да белгілі болады. Еңгездей зәңгі келеді де еңкейе сәлем беріп, Ақылбайға Сейт Әбділданың хатын ұсынады.
«Бір алланы мадақ етелік,
Бір алланы дәріптелік.
Ұлықтансың ол алла!
Мақтауға тұратын сейт Мансұрұлы Ақылбайға сәлем! Балам, білдіретін хабарым, бұдан бір сағат бұрын сенің тоқалың: «Құдай үшін кіргіз!»- деп менің қақпамды келіп қақты. Менің қатындарым үйге кіргізген екен, солармен бірге отырғанын көрдім. Мені көрген соң, көзін сүзілдіріп, кеше кешке менің қожамның үлкен қатыны қожамның үй ішіндегі адамдардың алдында маған тілі тиіп, қатты қорлады. Сенің қолында сенен тәрбие алған соң, қолым жетіп теңдік алғанша, үйіңде қорғалата тұра ма деп сұрағалы келдім деді. Қатындарымның көзінше Зейненің бұл өтінішін тындадым да, жаным, сен бұрын маған қатын болған адам едің, менің үйіме келгеніңе күйеуің ренжіп жүрер десем де, оның қамқоры болғандығымнан, оны үйіме жолатпаймын– дей алмадым. Сондықтан қатындарымды қосып оны мен жіберді деп айтыңдар тапсырып, мүптиге жібердім, бұл әңгіме туралы сенің ойынды білгенше мүптидың қатындарымен бірге бола тұрғанын мақұл көрдім. Алла жәрдем берсе, балам, сенің кесімің дұрыстыққа, әділдікке ылайық болар деп сенемін».
Бір сағаттан кейін Ақылбай мүптиге келеді. Аппақ қудай қарт мешіттен қайтып келеді. Ақ саусақтарымен ақ сақалын сипап, басын қалтақтатып, баяулатып айтады:
– Балам, қатыныңнфң сағат айт деп тапсырған ісі – кешегі үйінде болған уақиғадан кейін, қорлыққа шыдап, ана қатын тұрған жерде тұра алмаймын деп айтады. «Не ол, не мен тұрамын»,- дейді. Саған айт деген, өз аузынан шыққан сөзі осы. Саған екеуінің таңдағаның алу керек болады. Аз кідіріп қарттың тағы айтқаны: «Саған ескертуге менің мойныма артылған міндет- сенің тоқалың алғашқы қатыныдай көшпелі араб қызы емес, шын арабтың қызы, сондықтан сенің көзінше үй ішіңнің бір мүшесі қорлағаны үшін, заң жүзімен талақ хат талап етуге ақысы бар. Соны айтып қарт орнынан тұрады да, Ақылбайды есікке дейін шығарып салады. – Кім біледі, жасымның қарттығының саған бір мәслихат бергізетұғын жөні бар шығар. Тұз-дәмі жарасып отаса алмаған екі қатынды ұстағаннан шырақданмен қатар мылтық дәрісін үйіне сақтаған көп артық.
Ақылбай одан шығып Сейт Әбділданыкіне бет қояды, ол өз тұсынан айтады:
– Балам, сенің үлкен қатының қызғаншақтығын ішіне сақтай алмайтынын,
кеше кешке тоқалыңды шын қорлағанын өзің де білесің ғой, сондықтан ондай қорлықты естіп отыратын жерге тоқалыңның бара алмайтыны саған айдан да жарық болу керек. Зейне шариғат жолында және сонылық ережесімен әдеп көріп өскен әйел, сондықтан сенің тоқалың күндесі көргенсіз әйелше өзін-өзі ұстай алмай, бейпіл ауыздық көрсеткенін көтере алмайды.

Бұл әйел менің қарауымда, менің панамда болғанын ескер, жазаласа, сенің  үйіңде жүргенде жазықсыз ренжігенін өзім де көтере алмаймын. Сейт Әбділда осыны айтып, айқын кездеріне қабағын қарсы жапты. Ақылбай еңсесі түсіп, ілгері  басқан аяғы кейін кетіп, үйіне қайтты.

                 – Түскі тамақ кезінде Ақылбай үйіне келмейді. Ол тамақты ойламайды, аш емес қой. Ол Мауыр шайханасында отырып шылымды шылымға қоспай, арақты араққа қоспай бірінен соң бірін сіміруде. Ол осы шайхананың ішіндегі көрікті нәрселерді өте тамашалаған адам іспетті. Мешіт үлгілес мұнара шығарып, саржа осындай әйнек орнатып, қамыстан жасалған кең қапаста отырған бұлбұлды да қызық көреді. Жылы жақтың қолға үйреткен шолақ құйрық, төрт аяқтыда қойы да оған жат көрінеді. Құранның аятын ойып жазған жабайы ағаш тақтай да оның көзін тартады. Тіл-сұқтан сақтауға, көк сырлы қабырғаға жосамен жазған тылсым да оған таңсық көрінеді. Өткен-кеткенге қонақ бол деп, қол былғау ишарасын көрсетуге салынған өгіз қаны түстес сонау  қол да керемет тәрізденеді. Күндіз ол Кент кемесіне барып, жездесі Мақылыппен екеуі қақпа түбінде отырып ұзақ кеңеседі, содан кейін қазының кемесіне қарай бет қояды.

* * *

           Дәмелі азап түнін арпалысып өткізді, оның орнын жылыдай күн басты. Енді не болар екен? Күндестің қашып кеткенін ол біледі, ол кешеден бері күйеуін де көрген жоқ, қайынбикелері сәскеге дейін  қарасын көрсеткен жоқ. Айналадағы әлем моладай аңырап адыра қалған тәрізденеді, жаны да адыра бір үңгір. Бейне бір безгек соғып кеткендей  құлағы шың-шың, көз алдындағының бәрі сағымдай бұлдырайды.

          Ұйқы иектеп отырмағанына көзін жеткізгелі кішкене қызын тізесіне отырғызады, үзік-үзік сүйеді. Фатимасы «тағы,тағы» дей береді, дейді де балауса мамық саусақайымен анасының бетін аялайды. Балапанының әшейін айғайлап, тәтті сүйгені Дәмеліні азырақ тыныштандырады, талмаулап, талықсып ақырын жылағаны енді оған шерлі тыныштық тәрізденеді, енді көзінің жасы құрғайды.

 – Ей, мейірімді жасаған, осының бәрін жайлай гөр, бәрін де ұмытуға, тағдырыма көнуге қуат бере гөр, бұдан былай жалғыз ғана балама бола өмір сүргізе гөр! – деп тілейді, тілейді де баласын құшақтайды, еркелетеді, тербетеді. Күннің көлбек шуағы бөлмеге түседі, ұзарады, аз-аздап жоғары көтеріледі. Ол енді жылы, алтын нұрымен қалы кілем үстіндегі жалаңаш-жалпы отырған ана мен баласын… орап, ақ періштедей күтеді.

– Ой, сіңлім-ай! Тұр, жүрейік! – дейді де Сара ұзын қапталды Дәмеліге кигізеді. Бір жағынан Жәмилә тұрып:

– Мен қызыңның қасында бола тұрайын, кешікпей келесіңдер ғой, ол текке оралғы болар, – дейді. Сара мен Дәмелі кетеді.

– Ой, жасаған-ай! Бәрі де жайланады, білем, жалғыз-ақ тілің тигізгенің

үшін, менің ойымша, кешірім сұрағаның дұрыс қой деймін. Кісі өз қылығы жөн боп тұрса да, еш уақытта ұрсу керек емес, – деп Сара  үйретеді. Дәмелі бұ сөзді дұрыс көреді. Сонда да өзінің күндесінен, Зейнеден кішірейіп, кешірім сұрау…

– Ол әлде сонша асқақтай да бермес, Зейнені айтам, ол өзі өте жұғымды,

елпілдек адам ғой. Сен қызғаншақ болма, бұған сенің мойындағаның тәуір болар еді. Тек мына бір жерің, сен осы қызғануыңды қоя аласың ба?!

Дәмелі қолын жүрегіне басады, сөйтеді де сыбырлап:

       – Апам-ай, байқап көрейік, бар күшімді салып, тырысып бағайын. Бұдан былай тек бөбегім Фатима үшін өмір сүруге өзімді көндіріп көрейін. Өйткені көрмейсің бе? – деп келе жатып, сөзін дым қояды, өйткені алдынан кеңсенің есігі ашылады.

* * *

Қазы – кең жауырын, қаба сақал, суық көз кісі:

– Дәмелі Мәзен қызы, Сейт Мансұрұлы Ақылбай зайыбы!

       Дәмелі қоршаулы шарбақшаға жақындайды. Қазы қағаз ақтарады. Дәмелі басын бұрып, көзіне Ақылбай мен Зейне түсер ме екен деп іздейді. Қарайды да, қазір бұл зал үйде хатшы мен шымқанған екі әйелден өзге жан жоғына көзі жетеді. Сара тысқа шығып кетсе керек, өйткені анау бүркенген екі әйелдің киімі оған ұқсамайды, бұл қалай?

– Міне, сіздің қағазыңыз, мазмұнын тыңдап, мәнісін ұғыңыз, – деп қазы қағазын оқиды:

– Зорлардың зоры Аллаға шүкір! Бар күш сонда! Оның әміріңсіз еш нәрсеболмақ емес! Бізге Деліс шәһәрінің нотариусына, (Алла өзі сақтағай) біздің шәһәріміздегі соттың мүшесі  сейт Мансұрұлы Ақылбай деген жас жігіт бүгін келіп мәлім етті. Бірінші, Тірілт шәһәрінен шыққан алғашқы қатыны Мәзен қызы Дәмеліге бір жола талақ хат берем деп; екінші, ол қатынды аларда берген қалыңын қайтып алуға пұрсаты болса да Дәмелі Мәзенқызына қалдырдым деп; үшінші, ол екеуінің некесінен пайда болған қызды жергілікті жердің оған берген пұрсаты бойынша, өзім аламын деп. Ол Ақылбай заңды орнына келтіру үшін, бізге осы акті қағазды жасауға тапсырды.

          Содан кейін акті өрнектері оқылады, бірақ Дәмелі енді өзге нәрсені тыңдай алмайды. Ол жығылып кетем бе деп, екі қолымен шарбақтан ұстай алды. Шоқпармен салып кеткендей миына бірдеңе зырқ етті. Қазы үстелді тағы бір қағып қалып:

– Мен сізге тағы қайта айтамын, сізді алып қайтуға туған-туысқандарыңыз

келгенше, әзір мүпти әзіреттің үйінде бола тұрасыз, – деді.

 

Үшінші тарау

 

ТІРІЛТ

 Дәмеліні алып қайтуға Мәзен атынан баяғы Мұстафа келді.Дәмелі көлеңкедей елбектеп соңынан ере бергеннен басқа, есірік үйқыдай өткен, алыс жолдың ешнәрсесін есіне алмады. Ең алғаш оның жадында қалған нәрсе – Мәзеннің қорасына келгені, оны да аяңдап келе жатқан екі қашырдың бірінен соң бірі төбеге ұрғандай тұра қалғаннан, Мұстафаның дүрс етіп жерге түскенінен білді. Мәзен жалма-жан Мұстафаның жанына келіп:

– Талақ хат қайда? – деп сұрады. Мұстафа боранға баратындай қабаттап

киген басындағы үш лыпасын шешіп, көнзын ақтарып, бір мезетте төрт бүктеулі қағазды суырып алды да Мәзенге берді. Мұстафа тақия-бөріктерін қайтадан орналастырып, сәлдесін түзетіп жатқанда, Мәзен қағаздың бүктесінін жазып, қабағын түйіп, сықбыртып қарап өтті де жұлып алғандай:

– Міне, керемет! Ол қалыңды қайта дауламапты ғой! Уай, бұл Ақылбай

неткен ақымақ! – деді шаттана. Сөйтті де қағазды көкке көтеріп, бір алақанымен жүрегін басып:

– Құдай шын зор ғой! – деген сөзді қосты. Содан кейін Дәмеліге қарап, жұмсақ тілмен:

– О, қызым, үйіңе кіре бер, – деді.

* * *

         Иә, анасы Іңкәр тіпті өзгеріпті, жиырма жыл бұрын қартайыпты. Рас, әлі баяғы момақан көзінің, қайырымды аузының сыны кеткен жоқ, ал шашы мүлдем құп-қу болып, белі бүкірейіп, қолдары дірілдеп кетіпті… Анам байғұс! Іңкәрмен қабат бәрі де қартайған іспетті. Қызыл ит белі аспанға шығып, қалғудан көзіН ашпайды. Қозғалудан қалған, сұр мысық оқта-текте қыршаңқы құлақтарын бір қалбақтатып, шыбынға шырға тартады, төбесін… Емен бұтақтарымен жапқан үйлері де іргесі шіріп, шөгіп кетіпті. Осының бәрінен қайғы лебі еседі, түскен жапырақтың, айрылысқан достардың қайғысы өседі.

         Үш жыл бойы Тірілт шәһәрін есіне алмағанына Дәмелі өзі де таңданады. Бір заманда анасының жанында танымал нәрселердің, танымал жануарлардың ортасында уайым-қайғысыз бақытты болған жерін ойламағанына таңданады. Онда маңындағының бәрі қуаныш еді, бәрі де оны сүюші еді, енді соның бәрі саудырап тұрғаны, қартайғаны өзінің ұмытып, тастап кеткендігінен болғандай көріп, қиялына әлденендей бұлдыр ойлар келеді. Мейірімді анасының суалған жағын қайта-қайта шөпілдетіп сүйеді. Содан кейін босаға барып, күншуаққа жылынып, алжып жатқан иттің мылжа-мылжа тұмсығын құртымдай майда қолымен сипайды.

           Бір күні Дәмеліге амандасқалы жас кезіндегі үш жолдасы, құрбы-құрдасы, сұлу әйелдер келеді. Олар қуана шұрқырасып, қайта келгеніне құтты болсын айтысып, Дәмеліні құшақтасып, мәз-мәйрам болады. Алыс жердегі Деліс шәһәрінің жайын сұрастырады, қандай шәһәр екенін осынша білгісі келсе де, суретін ойына елестете алмайды.

           Апыр-ау, Дәмелі сол шәһәрде қалай өмір сүрді екен, сол шәһәрде не ғып Дәмелі біреуді сүйді екен, қуанышты, жапаны қалайша басынан кешірді екен, сол шәһәрді несіне сағынады екен. Мұның бәрі олардың миына да кіріп шықпайтын бір таңғажайып  нәрседей болады. Ә, жөні бар, айтпақшы, Дәмелінің қызы онда, күйеуінде қалған екен-ау. Иә, әрине, ол енді тым ауыр ғой! Бірақ не ылаж, заң солай, көшпелі араб әйелінің қайсысының басына ондай күндер тумайды. Содан кейін әрқайсысы осы үш жылдың ішінде бастан кешкен күндерін жыр қылады. Үшеуі де осы ауылдың өзінде күйеуге беріліпті.

            Мұнкей – қожаның баласы Мәулітке, кәдімгі пұшық Мәулітке сатылыпты. Мұнкей оған тимеймін деп қарысыпты. О түгілі, әкесі де қожаға: «Балаңның дерті бар, тұла бойында сау жері жоқ, қызымды бере алмаймын», –депті. Бірақ соны естіген соң, қожа қалыңнан артық тағы жиырма ділда қосыпты, сонымен Мұнкейдің әкесі көнуге таянып қалыпты, өйткені Мұнкейге рбұдан артық қалың төлейтін кім болат дейсің, аяғы не болды десеңіз, Мұнкей оған титтей де өкінбейді. Мәуліттің көзінен төменгі жері орамалмен тартулы жүреді, ол қатынына онша жұмыс та қалдырмайды, ұрып-соғуы да айына бірден жиі болмайды.

          Ал Күнікей бір емес, екі рет сатылыпты. Оның алғашқы ері ишанның маңындағы бір білікті молда адам екен. Қолжазбаны көшіруге жарасын деп, ол Күнікейге хат танытыпты және де қол іске үйретіп, Күнікейдің тоқыған, иірген, кестелеген бұйымдарын сатып күн көретін болыпты, оның ажалы ишаннан болыпты. Күнікей тағы сатылыпты.

       Ал, Мәриям Дәмелішілеп күйеуінен жаңа айырылып келіп отырғаны сол екен. Күйеуі көркем Мансұр өте қайырымды, өте жұмсақ адам екен. Мәриямды маңдайға шертпепті. Ол жуырда азаз шәһәріне стражник болып сайланып, Мәриямды бірге алып кетпекші болған екен. Бірақ неке қағазда Мәриямды бұл жерден алып кетуге жол жоқ екен. …

 

Бүлік

 Тақыраштың кофеханасын балдырғандай майысқан сымбатты жеткіншек басқарады. Бұл баладан мусуак иісі аңқиды, қашан көрсең де жымиып тұрады. Оны жұрт «Омар әзіз» деп атайды (Сүйкімді Омар дегені ғой). Құдалық тойынан үш күн өткен соң, ертең Дәмелі қораға шығып келе жатса, қарсы алдынан аяғын апыраңдай басып Омар әзіз шығады: — Ассалаумағалейкум, бай! – деп бала дауысы саңқылдап, Тақырашқа сәлем береді. Жаңғақ ағашының тамырымен тісін тазалап  болады да, байға қарап:

– Енді сен жаңа қатын алғаннан кейін үй ішінің жұмысын соған артарсың деп ойлаймын. Сен мені кофехана қызметіне ғана жалдасаң да, кемпірің Бәтім кеткелі бері, қара жұмысты менің мойныма артып жүрсің. Әлі де мені солай жұмсамақсың ба? Енді айтшы, – дейді. Тақыраш қарнын сипап:

– Оның рас! Мен сені кофеханаға бола жалдағам, – дейді. Жаңағы өзі шыққан үй жағына қарап.

      – А, қатын, бері кел, – деп дауыстайды, Дәмелі келеді. Тақыраш оның ана жақ бұрышында тұрған екі үлкен құмыраны нұсқап:

– Ана екеуін қолыңа ал да, тезірек су әкел – дейді. Ол екі құмыра тіпті

үлкен, биіктігі тізеден асады, бүйірлі, ернеулі, екі құлақты. Дәмелі оларды құлағынан көтеріп, белін жөке жіппен буынып, үндемей қорадан шығып кетті. Екі жағы о жер, бү жері құлаған, тас бұйрат, оның әр жерінде қадау-қадау теке сақал алуа, тікенді қақттүс, тас бұйратты жарып өтетін күңгірлеген тастақ жам жолмен бұлаққа қарай Дәмелі ылдиға құлап келеді. Дәмелі бұлақтан екі құмырасын толтырып алады, бірақ көтерейін десе, зілдей және мұндай ауыр жүкті көтеруден де тосаңсып қалыпты.

Дәмелі жолға шығады, айғай өрдің қиятас, тар соқпағымен Дәмелі мықшыңдап өрмелейді, жүз адым жүрді  ме, жүрмеді ме, тамауратып, булығып кете жаздайды, әлсін-әлсін тоқтамаса, мызғыта алар емес! Ол тағы жүреді, құмыраның салмағымен қайқалақтап, екі саны қайқиып ұйып қалады.

Жалаң аяғына тас кіріп кете ме деп, ақырын ептеп басып, митықтап жүріп келеді. Аяғының астындағы уақ тастар ылдиға қарай домалайды, аласа шаттың арасымен бұраңдаған тар соқпақ аспанға шығып өрлеп барады, кетіп барады. Шығысымен шеке қыздырған, таңғы күннің келбек шуағы көзіне шағылысып, ол келе жатыр. Екі жағындағы баулардың ішінде қалың жапырақты ағаштың көлбең қаққан саясында отырып, еркектер әңгіме шертіп, хош иісті шылым тартысады.

Тілсіз, үнсіз, дымы құрып, екі иығынан дем алып, ол жүріп келеді. Жоғарыда, дөң басында күн сәулесіне шағылысқан, – шәһәрге жетем деп, ол өзеурей өрмелеп келеді. Әлі келеді, әлі келеді, Дәмелі өмірі бұл шәһәрге өзін жете алмастай көреді.

Әйткенмен қақтұс шарбағы, мінеки, артта қалып барады. Тар көшемен жүріп келіп, кең алаңға шыққанда кофехана алдында тағы бір дем алады. Босағада тұрған Тақыраш Омар әзіздің әлдебір сөзіне наразы болған кісіше тыржиып тыңдайды. Дәмелі тәлтіректеп, өлдім-талдым дегенде есігінің алдына жетеді. Жүрегі лүпілдеп, көзі қарауытып… құмырасын… құмырасын жерге қоя алмай, жығылып кетем бе деп қорқып, қалтырақтап біраз тоқтап қалады. Құмыраны төңкеріп алмай, санынан сырғытып түсіруге шамасы жетер-жетпесін Дәмелі біле алмайды. Сөйтеді де көмекке Омарды шақырады.

Омар оны естімейді, Дәмелінің екінші шақырғанына Тақыраш шошқаша қорқ етіп, боқтап жауап береді. Содан кейін Дәмелі әлі келгенше ептеп өте сақтанып, құмыраны көтерген жібін шеше бастайды. Бірақ Дәмелінің әлі жетпейді, қолдары қалт-құлт етеді және бұрынғыдай мұндайға икемі де келмейді. Құмыра қатты сырғып, жерге барып күлдіп ете түсіп, күлпаршасы шығады. Суы шалп етіп, кофехананың есігіне дейін шашырап, көл-көсір қылады. Омар мен Тақыраш пышақ кескендей сөздерін қоя қояды.

– Ой, ақымақ! Есек! Қаншық! Қаншықтың баласы! – деп Тақыраш

Дәмелінің жер-жебіріне жете бастайды. Боқтайды да, бет-аузы түтін боп кетіп, Дәмеліге тұра ұмтылады. Дәмелі бір адымдай шегініп кетеді. Бірақ байы қолынан шап беріп, өзіне қарата тартып алып, жүнді баран қолымен пәрменінше сілтеп, жақтан беріп-беріп жібереді. Шапалақтың дауысы көшенің ана басындағы жұртқа естіледі. Дәмелінің тұщы еті ащы таяқты тұңғыш татқаны осы. Мәзен ұрмақ тұрсын, ақырмай-ақ құрдай жорғалатушы еді. Ақылбай шәһәр  адамы ғой… Қатын сабамайтын. Дәмелі жан дәрмен күйі дүкеншінің жуан қолынан жұлқына босанып, жан ұшырып үкідей ұшып, алаңнан аса қашады. Мынасы тым орасан ғой! Ол енді әкесіне барып шақпақшы, байына-реніш жарияламақшы. Он минутта май ағашты шарбақтан өтіп, келе анасының алжыған құшағына құлап, солқылдап жылап, көрген қорлығын сөйлейді.

–Іңкәр басын шайқап, баласын жұбатады. Мәзен таң намазын оқығаннан кейін әлпі ағашының түбінде отырып қалған еді, бүгін күн аңызақ, аптап болатын түрі бар, сондықтан ол сәскелік тамаққа дейін көлеңкеде жатып қалатын болар… Оның мазасын алу тағы қолайсыз. О түгілі үйге келгеннен кейін күйеуінің үстінен қызы  шағым ғып келгеніне әлде не дерін кім біледі? Реті келсе, бұл ұрысты Мәзен білмей тұрып, жайғастырған дұрыс болар еді.

Ол келгенше көзің жасын құрғатып, не боларын қабырғаңа кеңесіп көр деп, Іңкәр қызына ақыл айтады.  Сөйтеді де, жерде жатқан жапырақты шыбыннан жасқауға қолына алады, бүктендеп орнынан тұрып, дәлше бүктеліп, шағыл күннің астында шәһәрдің тастақ көшесімен еңкеңдеп өрмелей бастайды.

   Сорлының кейбір қуаты бар, қара терге шомылып, Тақыраштың дүкеніне әрең жетеді. Жүрегі дүрсіл қағады, көзін тұман басады.

   Тақыраш дүкенінде жастық шынтақтап жантайып шыбын қағып жатып, қайын енесінің айтқан ақылын, өтінішін «бетім-ауын», «ойбай-ауын», «масқарасын» тыңдайды. Тыңдап болып, ақырында айтқан сөзі:

– Иә, енем! Жақсы айтасың, сенің бұл жұмысқа кіріскеңін әлде дұрыс та шығар. Бірақ қызынды мен байыңнан сатып алдым ғой, маған мүдделі сөзі болса, өзі де айтады. Одан да тып-тыныш үйіңе қайтып, шаруаңды қыл, мені де шаруалықтан қалдырма!

Күн ыси бастайды. Мәзен маң-маң басып үйіне қайтады. Кішкене қабақтан өткен соң, бір босағадан қызын көреді. Дәмелі әкесіне таман таянады.

– Әке, саған айтатын бір арызым бар.

Мәзен кереге көз орамалмен маңдайын сүртіп:

– Қазір, – дейді. Ол үйіне кіріп, ши үстіне отырып, үн-түн жоқ Іңкәрдің алдына

қойған шелпегін, жемісін, айранын ішіп-жеуге кіріседі. Мәзен тамақты баптанып, бипазданып жейтін адам, жуырда бітіретін түрі жоқ. Дәмелі бұрышта отырып, әкесінің шайнағанына қарайды. Ақырында Мәзен шелпекті, жемісті, айранды әбден аттандырып болып, енді кофе-шайын құйып, былай қойып, қалтасынан мүйіз шақшасын алып, Дәмеліге ишара қылады.

Сол кезде қорадан Мәзенді шақырған дауыс шығады. Бұл кәдімгі Омар әзіздің балдай тәтті танымал дауысы, Мәзен баланы үйге кір деп шақырады.

– Балам, саған не керек? – Дәмелі жалма-жан орнынан түрегеліп қараңғы

бұрышқа жөнелді. Омар жерге таянған таяғына сүйеніп әдетінше жымиып тұрып айтады:

– Мәзен сопы, мен саған Тақыраш қожам жіберіп еді, ол саған хабар қыл деп еді,  егер қызын дереу қайтармайтын болса, бүгін кешке қызына молданың алдында талақ хат берем де, жиырма төрт сағаттың ішінде берген қалыңымды қайта төлетемін дейді. Міне, оның ант ішіп айтқан сөзі осы! Не деп жауап қайыратының өзің білесің, қызынды қайтаратын болсаң, менен қалдырмай қосып жібересің.

Мәзен аптықпайды, саспайды, тамағын ішіп болып, оюлы шақшасын қалтасына салғаннан кейін, балаға қарап:

– Байына тиісті нәрсені алып қайтуына жол бос. Оның тілегі жолға да, заңға да сыйымды. Тілегін айтты, болғаны ғой.

Омар әзіз шәһәрге қайтып келе жатыр. Иығына салған шоқпар таяғын селтендетіп, арабтың майда қоңыр әнін ысқырып, артына қарамастан, асықпай дөнге шығып бара жатыр. Оның артынан екі қолы салбырап, мойнына су кетіп, көзі қыдырып Дәмелі келе жатыр. Көрмейін деген үйіне таяқпен қорқытып оны еріксіз әкеле жатыр.

 

IV

ЖУАСЫҒАН КӨНДІККЕН

Енді бір ретте Дәмелі әңгімеге алданып отырып, инесін сындырып алғанда, Тақыраш кесекпен ұрады. Дәмелі орнынан ұшып түрегеліп, беті-көзін қаптаған топырақты сілкіп, қабағын сүртеді.

Тақыраш:

– Жалқаусың, салақсың, олақсың, – деп тағы ұрсады. Бірақ бұ жолы Дәмелі мәз өкпелемейді. Несіне өкпелесін, кімге шақсын?

      Әкесінің үйіне қашқаннан былай Тақыраш ішіне қан қатып, кектеніп тұрса – аяққа, отырса басқа ұрып дегендей, қитықтан ситық тауып, күн көрсетпейді. Сөйтіп жүріп, Бір күні көрщі Қожаға сезбестен былай әңгіме қылады:

– Расында, мен қатынға тым жұмсақ адаммын. Мұны Бәтім де бекер демейді.

     Бірақ жалғанда еріншек әйелмен жаным өш, кезі келгенде, ондай әйелдің бас асаулығын қағып алып, жуасытып қойғанды сүйемін. Онда Қожа тұрып:

– Ол сенің өз еркің ғой. Шариғатта «Қатынды өлтіргеннен өзге не қылам десе де ердің әмірінде» дейді ғой, – деп жөндеп қояды.

       Мәзен кейде Шәһәрге келіп, кетіп жүретін, бір күні Тақыраштікіне келсе, қызы қасында, екі-үш көрші әйел бар, ат диірменге жегіліп, айналдырып жүр. Мәзен көзін қысыңқырап қызына қараған болды. Қызының үстінде мәз киім де жоқ, жалаңашқа жақын. Диірменнің көлдеңен ағашынан қарысып ұста еңкейіп, еңтігіп, тілтіректеп, мандайынан тер бұршақтай домалап, диірменді айналдырып, әкесінің алдына алты қабат өтті. Әкесі мұрнына насыбайын баптап атып, Тақырашпен сөйлесе берді.

        Қапалы, мезі қатты қыс келді. Ағаш бастарын ақ қар басты. Кейде жаңбыр да жауып қояды. Түнкенің шөлмектерін, қақтұстың бұтақтарын салдырлата күлдірлете жауатын қақ төбеден түскен салмақты қою жауын. Кейде күннің күнгірт сәулесі жарылған бұлттың арасынан тілдей боп тесіп өтіп, арнаны басқан қара тұманды бұрғылайды да лайсаң даланың, тасыған өзеннің, сабалақ орманның үстіне келіп түседі. Кейде ойда, қырда, ауылда, далада, әлі күн жайған мұз сәулені шымылдықпен оқыс жарқ етіп, самаладай жарқ бола қалады, со кезде бәрі де замат ақ тұманға көміледі, ол тұманның ішінде қарандаған қораз да, ит те жан шошырлық әйдік зор айуан болып көрінеді. Мұндай күндерде үйден шыққан адамның жуырда жөн тауып, қайта қоюы екіталай.

        Сондықтан сорлы Іңкәрдің көңілің сұрай барған Дәмелі екі-үш рет түстен кейінгі уақыттың бәрін сонда өткізіп жүрді. Іңкәрдің күн асқан сайын жөтелі ұстап, кеудесі құрып барады, қайтсін бармай…

       Соңғы жолы байдын түскі тамағы мерзімді уағында даяр бола алмады, сондықтан Тақыраш қатынына:

– Менен биліксіз шешеңе барып, жоғалып отырып алғанды мұнан былай көзіме көрсетпе, – деп қойды.

Көктем басында Мұстафа келді. Енесінің сырқаты зілді дегенді естіп, көптен көрмеген қызы Кемелді бірге ала келді.

– Оның ауыруы жаман дейді. Соның үшін қатынымды біраз күнге дейін, бір

жайлы болғанша қалдыра тұрмақпын, – деді Мұстафа Тақырашқа. Осы сөздерді айтқан кезде қапыда Дәмелі кіріп келіп, құп-қу болып кетеді, оны байқай қойып сасқалақтап:

– Осы жұма біткенше, – деген сөзді қосады. Сөйтеді де «Аяулы жігіт» сөзінің

бетін күннің суықтығына, егіннің шығымына, қатын аламын деп жатқан көршісіне, өсіп, өлген малдарға бұрады. Әйелге уайым-қайғы түсірмейін деп, Мұстафаның бұлайша жалтарғанына түсіне қойып, Тақыраш: «соған несіне мәймеңкелеп отыр?», – деген кісіше, жаратпай, иығын құныстырады.

        Алайда Іңкәрдә барып күтуге Тақыраш та қатынына рұқсат етеді. Бірақ егіннің отағын жалдаған қатындардың ішінде Дәмелі де бар ғой, Дәмелінің шешесіне сол жұмысты бітірмей баруына болмайды. Жалданған әйелдерді басқаратын Күнікейдің байы – диқаншы Жүсіп. Осы жұмыстың тез бітуіне ол жауапты. Егіннің арам шөптерін (отағын) тезірек жұлып бітіру керек.

           Бірнеше күн өткен соң белдерінде қыстырулы щоты, кемзелінің ішінде дорбасы, иығынан асыра салбыратқан балшық құмыралары бар он екі әйел ауылдан жұмысқа шығады. Олар алаңнан өткен кезде Бәтім кемпір босағадағы орнынан тұрып, қақтұс ағашына дейін қаңғарақтап барады, барады да қалтылдақ қолын маңдайына қойып, күннен тасаланып, күншуақта егін басына жұмыс қылғалы бара жатқан бір топ жас әйелдерге мұңая қарап тұрып қалады.

          Биыл егін тым селдір. Астықтың денін дауыл ұшырып әкеткен. Ендігі қалғанын оңдап, бағып-қақпаса болмайды. Жүсіп жұмысына тым-ақ тықақ. Әйелдер құмыраларын ағаштың бұтағына іліп қоя сала, егіннің бүйірінен қаз-қатар тұра қалады. Жүсіп әйелдердің артына түсіп, өгіз айдаған кісідей қолын шапалақтап, олай қыл, бұлай ет деп жұмсап, бұйырып, өнеге айтады. Әйелдер мойындарын, жалаңаш қолдарын ыстық күнге күйдіріп, доғаша иіліп, оң қолындағы шоттарымен арам шөптерді қазып, сол қолдарымен жұлып, мимырттап жұмысқа кіріседі. Оқта-текте бастығы оларды қатарластырып, бірін мақтап, бірін боқтап, шоқпармен сермеп, жуан дауысымен бажылдап, даланы басына көтереді.

        Ауылға келген соң, Дәмеліге Омар әзіз: «Әкең шақырады»,-дейді. Дәмелі үрейі ұшып Мәзендікіне жүгіреді. Қорада толған жұрт, тамсанысқан дыбыс. Дәмелі аңқиып жатқан есікке ұмтылады, үйдің қақ төрінде қоңырсық шырақ түбінде кебіндей аппақ, мүләйім жүзін көреді.

         Таңертен қимылсыз, үнсіз-ақ шапанды адамдар топтанып, қора алдында күтіп тұр. Ауылдың әйелдері топ топ болып, өлік шыққан үйге ағылады, есіктен қалай кірді, солай өкірген сиырдай азан-қазан болады.

  Өлік енді қораның ортасында – кілем үстінде. Өліктің екі жағында Кемел мен Дәмелі ақырын жылап отыр.

       Біраз күн өткенде Дәмелі екінші рет ана болатынына көзі жетеді. Дәмеліге зор қайғы… «Ит етінен жек көретін зорлықшыл айуанға бала тауып бергенім бе?» – деген ой күннен-күнге жанын жегідей жеп, шыдатпай барады. Бір  күні бұлақ басында бір кемпірлерге жолығып, мұндай күйге түскен адамға мың да бір дауа болатын шөптер бар екенін біледі.

Үш күн өткеннен кейін, Дәмелі қатты ауырады. Ауырардың алдында Дәмелі

атышулы шөпті ішкенің ауылдың сүйреңдеген өсекші қатындары не ғып білмей тұрсын. Мұны естігеннен кейін, Тақыраш орнынан ұшып түрегеліп, Мәзен қайдасың деп жөнеледі, келе айқайды салып:

– Құдай ақына, мен қатын сатып алдым деп жүрсем, сен маған жұтқыш сатқан

екенсің ғой! – деп дүрсе қоя береді. Мәзен жайымен насыбайын алақанына салып, уқалап біраз отырған соғ, аспай-саспай, салауаттана сөйлеп, жұмыстың мәнісін ұғындыр деп ұсынады.

– Не ұғындыратыны бар, ол менен буаз болған еді, сол баласын түсірмек

болып, дәрі ішіп жатқаны емес пе? Мұрамды иесіз қалдырам деп, – деген кезде ашу кернеп кетеді. – Мәзен, міне, құдай, міне, пайғамбар. Сопы атанған басыңмен осындай періні туғызармысың. Зәуде баласын түсірді бар ғой, шариғат бойынша, барлық көрген зиянымды сенің мойныңа артатыныма, олда, әпкел қолынды.

          Мәзен сақалын жұмсақ сипап күбірлеңкіреп айтады:

– Ой, «мес қарын» атанған Тақыраш! Сол сенің айтқан шариғатында бұлай деп айтылмағаны болар. Біле білсең, сен үйде жоқ болып, қатының менің қолымда қалған болса, рас, сен менен барлық шығынынды даулайтын жөңін бар. Олай емес, қатының өз қолыңда ғой, олай болса қатыныңды бағып-қағу міндеті өз мойныңда. Демек, өзің ғана жауаптысың!

Тақыраш ашу үстінде шариғаттың бұл жерін ойлай алмай қалған екен,

сондықтан мойындап, басын тұқыртады. Мәзен жымың қағады.

– Сен тұтқиылдан келіп, аты-жөні жоқ шаптығып, қызымды бетіме салық

қылғаныңа, оның үстіне сөзің тым оспадар шыққанына қарағанда Дәмеліні ұстай білмей, ақымақ болған екенсің деп, мен де өз тұсымнан саған тіке айтамын. – Соны айтқанда, кебеже қарын дүкенші Мәзенге жалт  қарайды.  Мәзен шақшасын тырнағымен тырс-тырс қағып, сөзін тағы қозғайды.

      – Мен саған мұнымды дәлелмен көрсетейін, бас үйлерде қатынның міндеті не екенін білдіріп қоюға, байының пайдасын көрсетуге, бақырып шақырмай-ақ, қабақпен қимылдатып қоюға байы көп болса бір-ақ жұма кетіреді, одан артық емес. Мысалы, Іңкәр осылай болған. Сен қатын алғалы бір жыл болып барады, сонда да сен әлі күнге қатыныңның шатағынан арылмай, атаңа келіп отырғаның! Соны айтады да, Мәзен енжарланып, орнынан тұрып, екі алақанын бір-біріне үйкеп тұрып:

– Енді қайт үйіне, Дәмеліге ойыңа келгеніңді істей бер! Мен осы саған сатқанмын, сен төлеріңді төлегесің. Әруім өз шаруасын өзінше істейді. «Не ексең, соны орасың», – дейді.

        Дәмелінің дәрісі қайтер екен десіпп, абысын-ажындар көп сөйлессе де, анасы да, мынасы да дәрігерсіп, сәуегейлік қылса да, бір сөзге байлап-матай алмады. «Біз кідірмей-ақ дер кезінде үшкірдік, дәрінің уыты баланың бойына тарағандай болған жоқ», – деп, көріп келген кісіше, үш қатын жеңістік бермейді. Енді төртеуі «Бала уды ішіп қойды, анық белгісін беріп отыр сонымен үшкіргендерің түк те болмайды», – деп дауласады.

       …Қатындардың түрі мынау болғанын көріп,  Тақыраш алланың жәрдеміне таянады да, үлкен баласын дереу ишанға жібереді. Кешікпей-ақ баласы  төрт ділдаға үш тұмар алып келеді. Тұмарларды жалма-жан науқастың мойнына, ішіне, белбеуіне тағады. Ал сұп-сұр ұзынтұра сейт Қадыр Дәмелінің босағасына келіп, тапжылмай тұрып «Ясынды» саулатады. Содан кейін қолын созып, жарты ділдә алады да жөніне тартады.

       Міне, төрт жарым ділда шықты. Тақыраш баласын түсірем деп осынша шығынға батырған жұтқыш қатынын шылбырды ала-сала шыпылдатқысы келеді. Анығында, бүгін құдайдың қырсықтырған күні болды. Шығын ішіне жарып барады. Мұртын жұлқылап, күңкілдегеннен басқа қолынан келері жоқ. Өйткені ішіндегі баласына жазым болмасын деп,  бұ жауызды ұруға да қолы бата алмайды.

  Алайда аздан соң Тақыраш тыным алады, өйткені басын шайқатқандай бір

ой түседі рас, құдай жар болып, бұ жолғы қатерден Дәмелі аман болып отыр. Бірақ ендігі де тағы да бір дәрі ішіп қойса кім біледі, баласы түсіп қалар. Сондықтан енді Дәмеліні үйде де, түзде де аңдытып қою керек.

        Алдымен, үйдің ішін оңдап тұрып тінту керек, кім біледі, о кәпірдің қай қалтарысқа дәрі сақтап қоймасын. Содан кейін Дәмелінің жасау салған кілтті екі әбдірасын бір жаққа көзін жою керек. Дәмелі оған қарсы бола алмайды, неге десең, заңның айтуы: «әйел үстіне киіп жүрген киімнен өзгені билей алмайды» ғой. Содан соң Дәмеліні үйден шығармау керек, шықса, байының  ұрықсатымен шығатын болсын.

Ақыр аяғында үйден шыққанда екі-ақ жерге баратын, екі-ақ жұмысты

істейтін қылу керек. Су міндеті оның мойнында болсын, үйдің қасындағы жеміс бауындағы жұмысты ол атқарсын. Бұл жобаны үнемі күзетпен орындайтын қылу керек. Таңертеңгілікке Дәмелі үй ішінің қара жұмысын істеп жатқанда, Омар әзіздің қолы бос қой, кофехананың алдында қарап отырғаннан басқа, тісін тазалағаннан басқа немесе көзін сүрмелегеннен басқа ол не бітіреді?! Сол отырғанда ол Дәмеліні бақыласын, Дәмелінің кіріп-шыққанын ол көріп отырады ғой.

        Аңдысың, аңдысын, әнеугіден кейін бала түсірсем деп Дәмелінің өзі де кезенген емес. Тағы да жуасиды, ниеті сүймесе де балалы болам деген ойға көндігеді. Алғашқы Фатима деген қызына екіқабат болғанда, есі-дерті есен-аман босануды тілеген  Дәмелі екінші баланың туғанына сүйініп, өyгеніне күйінерлік емес, тым-ақ самарқау!

         Бала жарық дүниеге келеді. Еркек. Басы-көзі көнектей, қызыл шақа, өте сұмпайы. Амал бар ма?! Дәмеліге бұ да жұтынып тұрған тәрізді. Дәмелі оған қарап жымияды. Емшегін емізеді, жоооқ, міне, Дәмелі Тақырашты да, Мәзенді де – бәрін де ұмытып, бір ғана бөбегін ойлайтын болады.

         Десек те ол бәрін бірдей ұмыта қойған жоқ, енді оның көз алдынан бір адамның бейнесі кетпейді. Ол кім десеңіз, атқан таңдай ақ жарқыны, үлбіреген еркетайы, қарашығы – Фатима еді. Күндер де бір күн кофеханаға келген Мұстафадан Дәмелі сыбырлап қана қызының не боп жүргенің біліп бер деп сұрайды.

– Құлағың сал, біліп бер десең, мен біліп берейін, бірақ өзінен кетіп,

Ақылбайдікі болған қызыңнан да өз қолындағы Тақыраштан туған ұлыңмен алданғаның дұрыс қой. Бекер қаныңды бұзып не қыласың? – дейді. Мұстафаның мұнысы дұрыс екенін Дәмелі түсінеді. Ауыр күрсінеді де, көзін сүртіп, Тақыраштан туған баласына тағы да ептеп емшегін сорғызады.

Тақыраш қатынын қадағалап бақылайды, бақылай-бақылай баласы – балажан ананың бауырында, құдай қас қылмаса, адамның қастығынан  аман болатынына көзі жетеді, ол енді күзетін солғындатады. Бір жағында Тақырашта мақтан да бар,  елу жасқа келсе де сазандай төртінші ұл тапқызған соң, ол мақтанбағанда, кім мақтансын? Ұлына және сұлу деп ден қоюлы. Енді Дәмеліге жеткендей ауыздық салынды ғой деп есептеп, ұлын оңдап қарасын деген оймен бұрынғы үй ішінің бірқатар ауыр жұмысын оның мойнынан алады.

          Енді Дәмелі қайда барам десе де жалғыз жүре алатын болады. Кейде Мұнкей мен Күнікейдің есігінің алдына барып, сүт  пісірімдей отырып қалып жүреді. Абысын ажындарына мақтанғысы келіп, қайда барса да қолынан баласын түсірмейді.

Көршілерінің әйелдері Дәмелі айтпай-ақ баласын мақтай бастайды, бірақ бір

күні Дәмелі Тақыраштың тастаған қатыны Бәтімнің қасына барып отыр еді, Бәтім кенет басын көтеріп алып, Дәмеліге тікірейе қарап, мыңқылдап: «Кет бұ жерден, кет аулақ!» – деді. Бір кезде Дәмелінің өзі де Зейнеге «шық үйден» айтқысы келгені бар еді ғой, сонысы есіне түсіп кетті де, үндемей жүре берді.

    Дәмеліні жақсы күтіп, қарсы алған, баласын қолдан қолға түсірмей, еркелетіп, шөпілдеткен, мақтаған қай жерде болды десеңізші, ол Мариямның тойында. Мариям түнеугі айттырып жүрген Мұқатқа тиген жоқ, Мұқат сілеусін аулап, талай түндер бас бағып, иек артпада отырып, көрер таңды көзімен атқызса да, жыл бойында атқаны екі-ақ аң болды. Сөйтіп, кесіскен күнге дейін қалыңға жеткендей пұлды жинай алмады. Содан соң Мариямның әкесі қызын өзге біреуге сатты. Бұл өзге біреу кім десеңіз, Іңкәрінен айрылған Мәзен еді. Сонымен, Дәмелі жайраңдаған Мариямның қызы болып шықты.

      Мариям қызының үйіне жиі келіп тұрады. Келсе, Дәмелімен екеуі қосылып алып, қыдырып бұлаққа барады, бау аралайды. Бауда деген шеке қызар, ми қайнар талтүсте қоңыр салқын боп тұратын самал көлеңке бар.

Екеуі сол баудағы қалың шөптің арасында жапырақтары төгілген анар

ағашының саясында шалқасынан жатып әңгіме соғып, көгерген шыңырау көкте қалықтап, айналып жүрген қарақұсқа көз салады. Кейде бұтаның екінші жағынан күбірлеген дауыс шығады, әлдебіреу бұтақтардың арасын ептеп ашқанда, жасыл шарбақтың ар жағынан амандасқан дауыс санқ етіп, құлаққа келеді. Дәмелі әлдекім деп, таңырқап, иығын қысады, ал ақ жарқын Мариямның ойына да кірмейді, оған бәрі қызық, бәрі ермек.

Ең болмаса тағы бір емін-еркін күлісіп алуға, өгей анасы көлеңкелі түкпірге

қызын тағы алып кетеді.

Бәтім көзін сықситып, басын шайқайды. Тақыраш оның жанынан өтіп бара жатқанда:

 – Мен барда бұ кісінің үйіне арамдық кірген емес еді, – дейді. Тақыраш төбеге ұрғандай тұра қалып:

– Не айтпақсың, құдай ақына, білдірші, – деп сұрайды. Бәтім қу сүйек қолын бау жаққа қарай ақырын созып:

– Бір кезде қатының ол жаққа тек жұмыс қылуға барушы еді, – дейді. Тақыраш қабағын түкситіп, шұғыл бұрылады да, шоқпарын құшырлана қысып, тапал ауланы жағалап, жам жолмен ылдиға түсіп кетеді.

 

* * *

      «Құралайдың қара көзі де сенің көзіңдей қара емес»… Мәриям мырс етіп күліп жібереді. Дәмеліге, оның түріне қараған да жоқ.

– Өңшең жыннан жаралған! Күнәнің ұясы! – Екеуі орнынан ұшып

түрегелгенде, қарсы алдында Тақырашты көреді. Тақыраш танауратқан күрең қызыл бұтаның екінші жағынан асыға қашқан аяқтың дыбысы…

– Ой, қаншық! Айуан! Салдақы! Ол ашу кернеп, аузынан түкірік шашады.

Оның көзің тұман басқан. Жанжал шоқтарын құлаштап тұрып Дәмеліге жібереді. Ащы айғай! Жан дауыс! Дәмелі қолына баласын ұстап отырған ғой. Ол жасқана басын жалт бұрды. Сонда баланың қақ жарылған басынан анасының омырауына қан саулап қоя берді, бала өлді.

         Алтыншы күн дегенде таңертен Тірілт  шәһәріне тергеуші келді. Түске дейін алатын жауаптарын бітіріп, қағазын жазып бітіреді де, тергеуші қайтады, оның артынан Қамбай мен Тақырашты алып кетеді.

ӘКЕСІ МЕН КҮЙЕУІ

        «Аллаға шүкір! Дәмелі қызымыздың күйеуі Тақырашқа бізден сәлем! Содан кейін құдай тағаланың әмірімен пешенеңде жазылған саған екі жыл абақты бар екен, тағдырдың  мұнысына мен де көнемін және басқа көмек беруге қолымнан келмегендіктен, сенің көңілінді аулау үшін жүрегімнің қалың қасіретін білдіремін. Енді менің саған хабарлайын деп отырғаным, сен жоқта мұндағы ұлдарыңның ырзалығы мен қатыныңды мен өз үйіме алған едім. Сенің ұлдарың менің қызымды  енді қайтіп көргісі келмейді, сенің айыпты болғаныңды олар менің қызымнан көреді… пышақ салып алудан да тайынатын емес. Бірақ ондай уақиға бола қалса, біздің арамызға қанды қанмен жуатын кек түсер еді. Заң бойынша, не сенің тұқымың, не менің тұқымым құрымай ол кек тынбас еді. Екінші жағынан айтсақ, Дәмелі, расында, саған ылайық қатын емес, сен қайтқанша оңалатын түрі де жоқ. Жұмыстың жағдайы осылай болған соң, мен саған қазір-ақ Дәмелімен айрылғаныңды мәслихат етемін. Жоғарыда менің көрсеткен қатерлі жағдайларымды еске алып, екеуіміздің сүйіспеншілікпен бітімге келгеніміз мақұл болар деп ойлаймын. Сенің ұлдарыңа бұрынғы маған төлеген қалыңның жарымын қайтарсам, соған сенің де разы болғаның дұрыс, екеуміздің тұқымымыз өмірі өштесіп кетпесін деген ойды мен ойласам, сен де ойға қосыларсың деп сенемін. Сонымен, шырағым күйеу, осы жұмысты қабырғаңа кеңесіп ойлап көр, өз таразыңа салып, сен де өлшеп көр. Ізгі сәлеммен қайын атаң Мәзен».

        Мәзеннің жасырған бір нәрсесі бар, ол не десеңіз, Тақыраштан айырып алысымен Дәмеліні басқа біреуге пұлдап сатпақшы болып, саудасын пісіріп жүр еді.

        Келесі жұманың ішінде Тақыраштың үлкен ұлы Мәзенді мешітке келсін деп шақыртады. Мешітке ауыл халқы түгел жиналмақ! Хабарды алысымен, Мәзен шәһәрге жөнеледі. Келсе, мешіттің заңғар, салқын, ала көлеңке үйінде өңшең ақсақалдар алқа-қотан отыр екен. Ақсақалы да, көк сақалы да соның ішінде мойындарында тәспі, қолдары тізеде, қозғалмай сүзіліп отыр. Сейт Қадырдың алдында жарғақ қағаз, мүйіз дәуіт, қамыс қалам жатыр.

         Мәзен башмағын тастап, кілем үстімен байпандап, жиылған жұртқа таман жақындайды. Сол кезде Тақыраштың ұлы Қасым да, қасында екі інісі бар, орнынан тұрып, қауымға қарай жүгіреді. Қасым қолындағы қағазын Қожаға беріп, салмақпен сөйлейді:

        Мынау қазының куәләндірген сенім қағазы, осы қағаз бойынша мен әкемнің өкілімін, – дейді. Сейт Қадыр хат-мөрді жариялап оқиды.

– Өзімнің өкілдігім бойынша, әкем Тақыраш Мұқанұлының атынан Дәмелі Мәзен қызын үш рет талақ қылдым, үйімнен қудым деп жариялаймын.

       Мәзен көзін шықшитып, қағазға құлақ салады. Сол кезде Қасым тұрып.

       – Бірақ мен бес жүз ділданы оның мойнына артамын, – деген сөзді кірістіреді. Мәзен көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Қасым сөзін аяқтатады. – Құрметті ақсақалдар, сіздердің алдыңызда менің жариялайтыным: біздің үйімізден шығарылған Дәмелі Мәзен қызы біздің төлеген бес жүз ділданы өзі не әкесі төлегенде ғана екінші байға тие алады, – дейді.

   Сейт Қадыр бұл жұмысты қағаздап екі жағына қол қойғызады. Мәзен жиылған жұртқа бас иіп, қаздаңдап, қайқиып, үйіне қайтады.

Мәриям, сіңлісі үшеуі қораның ішінде отыр екен, Мәзен қызын қасына шақырып алып айтады:

– Мен сені екі рет күйеуге бердім, бірі жас, бірі кәрі күйеу. Алғашқы күйеуің

көркем, соңғы күйеуің сұмпайы болды. Сен бұл күйеулеріңнің бірде-бірімен отаса алмадың. Енді, міне, соңғы байың тағы талақ қылып отыр. Оның үстіне бұл байың қалыңмен басыңды байлап қойды. Енді бұдан былай сенің жұмысыңа кірісем деп тіленші болып, мойныма қап салатыным, құдай біледі, ақ. Сен менің қызымсың, оны да білемін, сонда да. – Соны айтып келе жатқанда, Мәриямның сіңлісіне иек қағып, сенсіз де менің жұмысым аз емес деп, шық дегендей қылады.

Содан кейін қызын қолынан ұстап, қораның есігіне алып барады, жолға қарай ақырын итеріп жіберіп:

– Бар, қызым, бар! Бүгіннен былай басың бос. Батамды бердім, құдай пана болсын, – деп үйіне қайтады.

Көзінде түпсіз мүләйімдік, екі қолы салбырап, Дәмелі кете барады. Енді ол әкесі тірі болса да ешкімнің де қызы емес, ол енді ешкімнің де қатыны емес, сонда да күйеуге тиюге еркі жоқ, ол әлі жас, ол көркем, сонда да бұл өңірдегі ел намыстан қорқып, оны есігінен де қаратпайды, оның бір үзім наны да, бір түйір күріші де жоқ.

 

VII

ДЕЛІС

Әл-асуаптан шығатын ұңқыр-шұңқыр құлама жолменен тастау топыраққа қанды іздерін тастап, Дәмелі адымдай басып ылдиға келеді.

Төмен қарай түскен сайын таныс нәрселерді бір-бірлеп тани бастайды, шіркеу, қазарман, мешіт, алыста ұзыншақ түбекте мола. Оның бер жағында қаладан мойны асып тұрған мүптидің заңғар сатысы.

        Бір заманда осынау сатыда тұрып, осы үйге ол мәңгі қош бол деп еді-ау. Ей, мейірімі мол жасаған-ай! Жүрегі не ғып тулап барады? Шеке тамыры неге зырқылдайды, міне енді басы да ауырып кетті, сынып бара жатқандай ауырды.

Дәмелі ентелей басып қорғанға жақындайды, сөйтеді де екі қолын алдына созып, әл-асуаптың қақпасына кіреді.

 

* * *

     Мына бір абақтының жанында жүгіріп бара жатқан неткен әйел? Міне, ол үлгібауының жіңішке қақтұс ағаштарының, ескі қораның арасынан өтіп барады.

Ол жүгіріп келеді, міне, ол… ең бай, ең құлама көшеге қарай бұрылды. Ол

жүгіріп келеді, есектер жолын бөгеді, олардың құм теңдеген қорапшыларының ара-арасымен әйел сымпылдап өтіп барады. Ол жүгіріп келеді,  денелері қоладай, жалаңаш балалар топты торғайдай шашырап «дуана» қатынның артында шанқ-шұнқ етеді.

Есік алдында отырған бір араб жалма-жан ұшып түрегеліп, қолын бұлғайды,

көшеде кетіп бара жатқан бір полицей тұра жүгіреді. Бір есалаң тіленші қатын кішкене қызды, Ақылбайдың қызын жаңа ғана ала жөнелді.

Бала да жылап, ағатайлап, тыпырлап барады, өйткені құшағына қысып,

арсалаңдап сүйген тіленші әйел оны шошытты, бір жерін ауыртты ма, кім білсін?!

Сорлы әйел! Кім біледі, әлде ол да жанындай сүйген қызынан айрылды ма?

Бөтен тіленші қатынның қолынан Ақылбайдың қызын әрең  дегенде айырып алды. Содан соң полицейлердің бастығы сорлы тіленшіні әскер ауруханасына апар деп бұйырды.

Үнсіз үлкен зал, үйдің бір бұрышынды қос қабат ақ шымылдықтың артында, әйнек түбіндегі жіңішке төсекте Дәмелі жатыр. Оның шарасынан шыққан, бадырайған көздері жан-жағына алақ-жұлақ етеді. Жастықтағы басы салмақпен олай-бұлай бұрылады, күнге күйген, қошқыл қолдары көрпені әрлі-берлі сипайды. Оқта-текте ол сыбырлап, көшпелі араб тілімен әлде бірдеңені айтады. Ол айтқаны еркелі, тәтті сөз болу керек. Дәліс деген сөзді талай айтқан шығар.            

Дәрігер:

– Тілмаш әкеліңдер, тезірек бар, – дейді де басын шайқап, сағатын суырады. Кешікпей тілмашта келеді. Тілмаш – Ақылбай.

      Ақылбай әл үстінде жатқан әйелге еңкейіп қарайды да, Дәмелі екенін таниды! Ол боп-боз боп кетеді. Алайда мұсылман адам бойын бермеу керек. Ол оның күс болып жарылған саусақтарына, қу сүйек білегіне, табыт кеудесіне қарайды. Жалаңаш жатқан оң жақ иығы астынан ұзын жараның орнын көреді.

Әйелдің бажырайған көздері ақшаңдап, басы жастық үстінде аунақши береді, кезерген ернінен сыбыр естіледі.

– О, қуанышым, қуатым! Иә, сен әлі менің баламсың ғой, менің… Сүйші

жаным! Мен сені жанымдай көремін. Оны да сүйемін, оны да. Ол мені қуып жіберді ғой. Сонда да  ол менің күйеуім ғой. Мінеки, мен де келдім! Мен бұдан бұрын келмекші едім, бірақ мені ұстап жібермеді ғой, мені қинады ғой! Ой қандай қинады! Жоқ, енді мен білмеймін. Сәулем, сен неткен әдемісің. Кәне, келші, асыл құлыным! Сен бар! Ағаңды, менің күйеуімді шақырып кел. Оған тезірек келсін деп айт…дереу деп айт…өйткені кешікпей мені тағы… кету керек…

Ақылбай тырп етпей, бір ауыз сөзін де жеткізбей, құлағын салады, оның

алқымына бірдеме тығылғанын дәрігер де байқады. Ол төсектің шетіне қолын таянған, оның шынтағы дір-дір етеді.

Дәмелінің қолы төсек жапқыш үстінде олай-былай сенделіп жүріп,

Ақылбайдың қолына тиеді… Оның үлкен көздері байыздап, нұр пайда болады…Сонан кейін кезерген ерніне лақылдап қан ағады… Жалма-жан қақалып-шашалып, солқылдап:

– Ой, Ақылбай! Ақылбай! Ақылбай! – деп зарлайды. Дәмелі басын әнтек көтеріп алып…қалтылдаған қолдарын созып, – Сен келдің бе, сүйген жарым! Мен өліп барам! – деп көзін жұмады.

 

СОҢЫ

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір