САНАҒА СӘУЛЕ ҚҰЙҒАН ФЕСТИВАЛЬ
13.11.2015
2279
0

378639_93092422________1847

Еділ мен Жайықтың екі арасын ежелден ән мен жырға тербеткен Атырау өлкесі өнердің хан базары секілді. Бүгінде сол игіліктің алтын арқау, күміс жалғауы үзілмеген екен. Қай өнерде де сән-салтанат сырбаздық танытады. Ит-ырғылжың тірліктен ығырың шыққанда сол салтанатқа сіңіп, жылт дәуренді соза түскің келеді. Иә, соның бір сәті түскендей еді… Жуырда Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Атырау қаласының Құрметті азаматы», көрнекті жазушы-драматург «Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі» өтті. Бас пен бақытты, жақұт пен уақытты ұмытып басқа әлемге енгендей күй кештік. Жүрекке тыныштық, жанға жайлылық сезілді. Бір апта бойы! Өйткені, фестиваль – бір апта өтті. Ал бір апта – бүкіл ғұмыр секілденді. Жыладық, күлдік, күңірендік. Әр күнді санап жетілдік. Есесіне, бүкіл ғұмырға жететін сәулелі сәтке куә болдық.    

Көңілі мен өмірін қаламмен түзген, ға­ламдық ахуал мен адамдық әл-ауқатты, ел мұраты мен ер тағдырын шығармаларына арқау еткен жазушы-драматургтың фести­ва­ліне барамыз деп шуласқан сеңге аңтарыла қарап алдық та, біз де қосыла келген едік.
Қонақ қарасы көп еді. Труппасымен Атырау топырағына табан тіреген театрлар – бір төбе. Арнайы келген қонақтар бір шо­ғыр. Жайнап, жасанып киінген жастар да театрға қарай ағылып жатты. Санасында сәл саңылауы бар кімде-кім осынау мерекеден қалғысы келер ме?! Бастапқы күннің өзінен-ақ театр ғимаратының алды ентелеген кісіге лық толып, залға лап қоюға сәл тұрды. Атырау облыстық Махамбет атын­дағы қазақ драма театрының есігі ай­қара ашылды. Себезгілеп нұр бүркіді. Сәнді қызыл кілеммен құрметті қонақтар жоғары көтеріліп, залға енгенде айрықша салтанатқа араласып кете бардық.

Саналыға сөз сіңдірген, жөн білдірген жазу­шының кітаптары әлемге қанат жайып, көптеген тілге аударылды. Ал дра­матургиялық шығармаларының да даңқы асып, алды Қырғыз елінде, соңы Түркияда сахналанып жатқаны белгілі. Әуезовтің өзі «кесір жанр» деп атаған драматургияда қарымды қалам сілтеген Р.Отарбаевтың «Абай сот», «Бейбарыс», «Бас», «Нашақор жай­лы новелла», «Мұстафа Шоқай» секілді пье­салары – қазақ театрларының да сәні мен мәніне де айналып отыр бүгінде. Атырауда өткен айтулы фестивальде 9 қазақ театры өнер жарыстырып, бақ сынады. Қырғыздың Т.Әбдімомунов атындағы Ұлт­тық академиялық драма театры және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының музы­калық драма театры жер шалғайлығына қарамастан артынып-тартынып жетті.  Со­нымен бірге, қатысамыз деп, тілек біл­ді­ріп келгенде жете алмай қалған мәскеулік бір театр мен еліміздің өзге де өнер ұжымдарын айта кетпеске болмайды.
Қатыса алмай қалғандар әр жаңалыққа елеңдесіп, ыстық сәлемін де жолдауының өзі фестивальге үн қосқандық белгісі еді. Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқарманың төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин ыстық ықыласқа толы құттықтау хаттарын жолдады. Қырғызстан Республикасының Мәдениет министрі Алтынбек Мақсұтов Р.Отарбаевтың қырғыз өнері мен театрына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатын, Моңғол Халық Республикасының Халықтық-төң­ке­рістік комитеті ең жоғары марапат «Халық төң­керісінің 90 жылдығы» алтын медалін, Оң­түстік Қазақстан облысы қоғамдық қоры «Алпамыс» медалін арнайы жіберіпті. Жақында «Художественная литература» баспасы ұжымы жазушының жарық көр­ген «Плачь Чингизхана» деген жинағын «Жыл­дың ең үздік кітабы» деп атапты. Жан сүйіндірер осынау жақсы хабарлар, медаль мен марапат, құттықтау мен тілек­тес­тік телегей көңілді білдіреді. «Әлем таны­­ған әдебиетіміздің бір шоқ қабырғалы қаламгерлерінің алдыңғы қатарында қарақ­шыға жақындаған жүйріктей, көзге оңаша шалынатын жұлдыздай жарқыраған өзіңді мәртебелі таланаттыларымыздың бірі деп мақтан тұтамыз», – деген ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің сөзі көпшілікке жазу­шы­ның бағасын және бір көрсетті.
Жас та болса ұйымдастыру алқасына бас болған, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан фестивальдің ашылу сал­та­на­тында ағынан жарыла сөз ақтарды. «Атырау облысының қойнауы толы байлық деседі. Атырау облысы Рахымжан Отарбаев сынды өнер иелеріне де бай. Кез келген тауар сатып алынады, ал, талантты сатып ала алмаймыз. Ол бір күнде жасалмайды. Олар халықтың ішкі қуатымен ғасырлар бойы қалыптасады. Бұл театр фестиваліне өзек болған жағдайлар – осылар. Бұл фестивальді жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі мәнге ие болса дейміз».
Атырау – топырағынан талай талантты түлеткен жер, өнер десе өзегін ұмытар ұлы мекен.  Алты күн бойы Атыраудың дәмін тат­қан өңкей сал-серілер, өнер ерендері ел ішіне мереке сыйлады. Қазақтың маңдайалды өнер майталмандарының осы жерде алты күн тапжылмай жүруінің өзі – Рахымжан Қасымғалиұлына, Ақ Жайық жұртына деген ерек құрметтің белгісі болса керек. Апта бойы фестивальге төрелік еткен,  қазылар алқасының төрағасы, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің ел ортасында емен-жарқын жүруі де өнер тойының көркін қыздырды. Профессор, режиссер Есмұхан Обаев, Ресей Жазушылар одағының хат­шысы, жазушы, «Художественная литература» баспасының Бас директоры Георгий Пряхин, Моңғолиядан арнайы келген қазақтың көр­некті ақыны Сұраған Рахмет, сонау Түркиядан алып-ұшып жеткен ақ ниет бауыр, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы, Қырғыз елінің белгілі ак­те­рі Бұсырман Одурақаев секілді атпал аза­маттар әділ төрелік етуде жаңылыспай, жан аянбай еңбек етті.
Фестиваль шымылдығын – Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры ашты. Сахнада – «Мұс­тафа Шоқай». Өмірінің соңына дейін түр­­кі әлемінің бірлігі, «Тұтас Түркістан» идея­­сын  жүзеге асыру үшін күресіп өткен Ал­аш қайраткері, қазақ халқының аяулы ұлы – Мұстафа Шоқайдың тағдыры – оқи­ға арқауы. Оның саяси қызметі Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық өмірі, айдауға түскен кезде көрген қиын­­шылық­тары айқын көрініс тапқан. Спектакльдің қоюшы-режиссері ҚР мәдениет қайраткері Қажыахмет Рахметов тарихи туындыны жан-жақты зерттеп, тыңғылықты дайын­дағаны аңғарылады. Қойылым бас кейіпкердің монологынан бастау алып, сүйген жары Марияның күйеуіне де­ген адалдығымен жалғасын табады. Сүйікті жары, опера ән­шісі Мария Горина жолдасының жанын түсініп, өз қызметін құрбан қылады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Әсіресе, қайраткердің мұхит асып, Парижге аттан­ған сәті сәтті суреттелді. «Өз еліме сыймай, қи­май…» деп егілгенде залдағы көрермендер де көз жасына ерік берді. Әрі қарай жат жердегі Мұстафаның өмірі, жаны күйзеліп, ұйқыға кеткен шақтағы қоғам қайраткері Ах­мет Байтұрсыновтың «Халқың жетім қалды. Елді алға сүйрейтін өзіңнен басқа жан қал­мады» деп аян беруі де әсерлі шықты. Өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен қос ер­дің арман-мақсатының үндестігі бұл. «Түркістан легионына» да жетекшілік етуі елін азат етуге аз да болса әсері бола ма де­ген ниеттен туған еді. Немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықпен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Түркістандық жас баланы атқан жендеттің озбыр образы да сол заманның жиіркенішті саясатының көрінісі еді. Бұған жаны күйзелген Мұстафа «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұт­қын­дардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре оты­рып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ», – деп ішкі запыранын ақтарғаны ұлтын сүйген ұлы азаматтың жерлестері тартқан азапты көріп жүрегінің ауырғанын, жанының күйзелісін әлемге жариялап тұрғандай. Драма соңында аңғал да сенгіш Мұстафа сат­қын Уәли Каюмнің шайға қосып берген уынан қаза табады…
«Мұстафа Шоқай» – тарихи шындыққа құрылған шығарма. Ұлттық мүдде мен ру­хани мұра астарындағы драма бабалар ар­маны жолында күрескен есіл ерлер еңбегін айқындайды. Спектакльдегі ро­ма­н­тикалық сәттер де жақсы шыққан. Арман-мақсаты бүгінмен өзектесіп жатқан қайраткер бей­несін сомдаған Бекзат Омашев спек­такльдің көшін алға сүйреді десек артық айтқандық емес. Оның азаматқа тән сал­қынқандылықпен, сабырлы мінез бен салиқалы дауыс ырғақтары үйлесім тапты. Неміс офицері Шульц пен Розенберг рөлдері де керемет шықты. Олардың бейнелері арқылы сол заман әсерлі суреттелді, бұл жағынан автор да, режиссер де, актер де сүрінбеді. Сол секілді, сатқын, жымысқы Уәли Каюмды – Нұржан Хасенов, «шаш ал десе, бас алатын» тергеушіні Азамат Нұрғамыс асқан шеберлікпен сәтті сомдады.
Сол күні кешке Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма теат­ры ұжымы сахнаға шықты. «Мұстафа Шо­­қай» драмасы! Әрине, әр театрдың бояуы бас­қа, бірақ оқиға – біреу. Алайда, бір-біріне ұқсамайтын, қайта асып түсуге тырысқан көріністерге куә болдық. Айтулы театр елі­міз­дегі басқа да театрлар тәрізді белесті биік­терге қол созып келе жатқан өнегелі орда. Айта кетелік, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасы 2010 жылы Алматы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Халық­аралық театр фестивалінде «Ең үз­дік пластикалық шешім» аталымымен марапатталған болатын. Ал 2012 жылы Түр­кия мемлекетінің Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрларының Халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталған болатын. Сонымен, қос театр бір күнде сахналаған «Мұстафа Шоқай» драмасы ел руханиятына қосылған айтарлықтай үлесі бар тарихи туынды болды.
«Жәңгір хан» спектаклі Жәңгірдің жа­ңа қырларын, шынайы болмысын аша тү­сіп­ті. Спектакльді Мұқанғали Томановтың режиссурасымен Оралдағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қойды. Қоюшы суретшісі – Мұрат Мәмбетов.
Қазақ даласындағы отаршылдық сая­сат­тың көрінісі бірден көзге ұрады. Жәңгірдің Исатайдың өлімін естіген кездегі қайғысы мен қасіреті, өзі ашқан мектеп түлектерін Кадет корпусына жіберген кездегі көңіл-күйі көрген жанды бей-жай қалдырмайды. Жәңгірдің ақ патшаның ордада шіркеу салу туралы талабына көнгісі келмеуінің өзі –  тәуелсіздікті, азаттықты аңсауының көрінісі болатын. Жазалаушы отрядтың қазақ қыздарын қорлап, зорлық-зомбылық көрсетуі жаныңды түршіктіреді. Спектакльдегі әрбір кейіпкер бейнесі өзінше. Жәңгір хан (Ербол Есендосов), Бәтима (Жа­наргүл Құрманғалиева), Махамбет (Қуа­ныш Мандықов), император (Сердеш Қажымұратов), патшайым (Бибігүл Исәлиева), Қарауылқожа (Мұсағали Бектенов) бейнелері өз деңгейінде сәтті шықты да.
Р.Отарбаевтың драматургиясының та­қырыбы, көтерген идеясы сан алуан. Онда қазақтың ғана емес, адамзатқа ортақ мәні бар мәселелер де жиі көтеріледі. Мәселен, сатқындық, ұрпақтың азуы, жемқорлық, нашақорлық дерті. ХХІ ғасыр дертіне айнал­ған нашақорлықтан қазақ қоғамы да тыс емес, осы тақырыпта жазылған автордың «Нашақор жайлы новелла» деп аталатын спектаклін фестивальге төрт бірдей театр қатар сахналай келіпті. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театры («Наша­қор жайлы новелла»), Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры («Көлеңкесіз жолаушы»), Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театры («Ұйық»), Т.Әб­дімомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры  («Тағдыр») сахналаған шығарма әр түрлі деңгейде, әр түрлі бояу, әр түрлі режиссуралық толғамда. Біз осы спектакльдердің ішінде біреуіне тоқталып өтуді жөн санадық. Автордың бұл туындысын Бішкек театры осыдан 10 жыл бұрын сахналапты. Режиссері – Егенберди Бекболиев. Біз Қырғызстанның халық әртісі Шора Думанаевтан сөз тартып едік. Ол кісі:
«Ұлы Мұхтар Әуезовті, Шыңғыс Айтма­товты қамқорлап, әлемдік аренаға шығарды. Тоқтағұл мен Жамбыл сабақтастығын қалай айтпасқа. Асанәлі Әшімов те қырғыздарға ортақ тұлға. Менің досым, киноға бірге түс­тік, бірге жүрдік кезінде. Өнер адамдары халықты жақындастырады. Біз Рахымжанды Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінде қазақтың шоң ақыны Мұхтар Шахановпен бірге қызмет істеп жүрген кезінен, 1990 жылдардың басынан білеміз. Сонда біз өз бауырымызды, інімізді таптық. Ол да өз туыстарын тапты. Біз 1990 жылдарда Ра­хымжанның «Абай – сот», «Әбутәліп әпен­­дісін» сахналадық. Он жылдан бері «Тағдыр» спектаклін қойып келеміз. Қанша қойылса да көрермені көп оның. Біздің елде қырғыз сахнасында 499 рет қойылған бұл спектакльдің 500-ші рет те қойылымы суреткер-драматургтің Атырауда өтіп жатқан театр фестивалімен тұспа-тұс келуі тарихи мәні бар оқиға болды», – деді.
Сахна шымылдығы ашылысымен даңғаза шаң-шұң музыкаға арбалып, секіре билеген жастар көрінеді. Еркінен айырылған, албыр-жалбыр жалаңаштанып киінген тобыр топ болатын бұл. Бішкектік актерлар бұл эпизодты әдейі жеткізе біліпті. Онда нашақорлар тобына қосылған Жалқытай деген жігіттің тағдыры баяндалады. Есірткіге еріксіз зар болған ол сүйген жары Тоғжаннан да, махаббаттан да бас тартады. Ол үшін әке-шешенің, сүйген жардың, туған перзенттің көк тиын да құны жоқ еді. «Қарғайын десе жалғызы, қарғамайын десе жалмауызы» болған жалғыз ұлдың қасіретімен қартайған, күйреген әке-шеше өмірден өтеді.  Әйел тірі жесір, бала тірі жетім,өзі темір торда жазасын тартады. Кесімді жазасы бітіп, бостандыққа шыққан ол өкініш пен екіұдай сезімнің ор­тасында қалады. Тоғжанмен кездеседі. Бақыт есімді баласының бар екенін біледі. Әкем өлген деп білген ол әкесін танымайды. «Маған да тастан ескерткіш қойдыңдар ма?» деген монологпен спектакль аяқталады.
«Бас кейіпкер Жалқытай рөлін ойнаған қырғыздың жас актері Жеңіс Сманов та, Тоғжан бейнесіндегі актриса да өз рөлдерін профессионалдық дәрежеде көрсете білді.  Бұлар жас актерлар екен. Бұлар маған ұнады. Демек, қырғыз театрына жаңа есімдер келген екен. Олар осы фестиваль арқылы өз­дерін бізге танытты», – деді Қазақстан Жас­тар одағы сыйлығының лауреаты,  белгілі актриса Шынар Асқарова.
Фестиваль аясында автордың  романы негізінде Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры сахналаған «Бас» драмасы да –  (қоюшы режиссері – Жанат Телтаев, қоюшы суретшісі – Темірбек Мұхтаров) түсінгенге көп нәрсе аңғартады. «Бас» – тарихи шындыққа құрылған шығарма. Антрополог Шаяхметов Махамбеттің бет-бейнесін бейнелеу үшін ұлы ақынның бас сүйегін қазып алып, зертханаға апарып лабораториялық тексеруден өткізеді. Содан кейін әңгіме басталады да кетеді.
Ақын басын мәңгілікке аманаттау үшін Шаяхметовтың ашпаған есігі, бармаған шенеунігі қалмайды. Елдің атқамінері де, зиялысы да бәрі Махамбеттің басын керек қылмайды. Тірлігінде досқа да, дұшпанға да дес бермеген, атақ-даңқын қажет деп білсе де қайран Махамбеттің ғазиз басы ешкімге керек болмайды. Ақыры Шаяхметов Мәскеу асады. Екі арада бас жоғалды. Бір жұбаныш қылатыныңыз – ақынның басын жоқтаушылар да табылады. Оқиға бойынша Құрақ ақсақал «Бәйтерек» қоғамдық қоры­ның президенті Нури Өтеповичке «Ма­хам­беттің басын қайтару» жайлы хат жазады. «Махамбеттің басы ізделеді. Бас сүйегі негізінде ұлы ақынға ескерткіш орнатылады. 1 миллион доллар сыйақысы бар» деген  ха­барландыру таратады. Махамбеттің басын іздеп, анау да, мынау да шарқ ұрады. Әрине, бас емес 1 миллион долларға бола. Әлдебіреулерден қылмыстық іс-әрекеттің белгісі байқалады. Қай заманда да басы жоқ шенеуніктер ұлттың аманатын, елдің тәуелсіздігі мен азаттығын не қылсын. Ақыры Алматыдан бас сүйек табылады (17 жылдан кейін). Бас мәңгілік тұрағына оралып, Махамбет ақынның рухы мәңгілікке тыныштық табады. Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда, қаншама Махамбеттердің басы жоғалды. Былай қарасақ, қазақ билігін де, интеллигенциясын да қатты сы­на­ған шығарма. Спектакльдегі басы жоқ адамдар соның көрінісін меңзесе керек.
Трагедиялық комедия жанрында жа­зыл­ған  «Аяулым Анфиса» спектаклін Оң­түстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ жә­не сатира театры (қоюшы режиссері – Самат Алтай, қоюшы суретшісі – Жанар Жұмағұлова, Әбутәліп әпенді – Жүсіп Ақшора, Анфиса – Гүлжанар Сансызбай), ал «Двойник» спектаклін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры сахналады (қоюшы режиссері – Тілеген Ахметов). Алдыңғы спектакльде дүниедегі адасу мен табысу, кездесу мен кетісу, қоштасу мен кездесу секілді өмір ағысына толы уытты әзіл – қоғамның қу бейнесін әшкерелейді. Спектаклді көріп отырып күлесіз, жылағы­ңыз да келеді.
Келесі спектакль «Двойникте»  бүгінгі за­манның шындығы сөз болады. Мұнда да біздің заманымыздың кейбіреулері толы­ғымен көрініс тапқан. Жаңа қазақтың кедейі мен байы, кәсіпкері мен кәсіпсізі, аң­қау да аңғал, ақкөңіл, бейғам, енжар қа­зақтың жатжұрттықтар жағынан аяусыз тоналуы жан түршіктіреді. Спектакль суреткер драма­тургтің өткір сатира мен уытты юморға толы сөз саптау ерекшелігімен де көзге ұрады. Сол себепті де, спектакльдің режиссері қойылымды қылмысқа толы комедия деп шешіп, қаламгерді басқа бір қырынан көрсетуді дұрыс деп білген көрінеді.
Фестиваль шеңберінде сахналанған «Фариза мен Мұқағали» да ерекше әсер қалдырған қойылым. Моңғолияның  Баян-Өлгей аймақтық музыкалық драма театры­ның еңбегі (Қоюшы режиссері – Ертай Мұң­ғұлхан. Фариза – Елік  Жанұзақ. Мұқағали – Жа­нат­бек Қалқабайұлы). Мұнда қазақтың екі ұлы ақынының ішкі менін көрсетуге тырысқан. Материалдық та, моральдық та күйзелісті бір басынан өткерген, тірісінде шеңберге сыймай кеткен ұлы Мұқағалидың қазақтың жігітінен дос таба алмай қыз да болса Фаризаға мұң шағуы, шарқ ұрып Қарасазын іздеуі,  ақынның трагедиясы емес деп кім айта алады. Спектакль лири­ка­­лық, бір жағынан трагедиялық сипат алыпты. Фестивальдің соңғы күнінде дра­матургтің атақты «Бейбарыс сұлтан» дра­ма­лық дастанымен сахнаға қазақтың бас театры М.Әуезов атындағы қазақтың мем­лекеттік академиялық драма театры шық­ты (қоюшы режиссері – Юрии Ханинга Бекназар). Бас кейіпкер –  Бейбарысты Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лау­реаты Азамат Сатыбалды сомдады. Бұл спектакльдің премьерасы осыдан 2-3 жыл бұрын болған болатын. Әрине, осы театрда. Қысқа ғана уақыт ішінде өзінің толыққанды көрерменін тапқан, жиі айналымға енген қойылым ретінде танылды.
«Драматург Рахымжан Отарбаевтай таланттар қадау-қадау. Жазған дүниелері шетелге, басқа елдің тіліне аударылып, та­ныстырылып жүрген жазушылар көп емес. Рахымжан – солардың бірегейі. Кейбір ұлттар кішкене нәрсесін көтермелеп жүреді, ал біздің халық зорайып көрініп тұрған ғажап дүниесін көрсетуге жоқ екені рас қой. Сондықтан қолда бар талантты көтеріп, басқа халықтарға мақтана көрсетіп жүретін қасиетті дарытса деп тілеймін, біздің қазаққа! «Ұлыларды тірісінде сыйлау керек», – деп Қадыр Мырза-Әлі тегін айтқан жоқ. Бұл да біздің есімізде әркез жаңғырып тұрар, қамшылап тұрар қағида болуы қа­жет! Ал «Бейбарыс  сұлтан» драмасын Ра­­хым­жанның ең үлкен еңбегі әрі қазақ драматургиясының шет жерге ұялмай көр­се­­тер толымды дүниесі деп бағалаймын, – деп ағынан жарылды КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов.
Қара сөзден май тамыза сөйлейтін Қа­зақ­станның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев та өз кезегінде аянып қалған жоқ.
«Бүгінгідей қиын кезеңде бүкіл Қа­зақ­стан театрларын емес, бір театрды ша­қыру оңай емес. Елдің елдігі осындайда көрінеді! Бүгінгі өнер мерекесі, театр мерекесі қазақ драматургиясында өзіндік ізі бар, ізденімпаз, алғыр, бірбеткей, шығармашылығы да өзі сияқты ешкімге ұқ­са­майтын өзгеше жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевқа арналып отыр. Мұн­дай Халықаралық деңгейде өткізілген театр фестивалі – бұған дейін ешкімге бұйырмаған бақ. Халықтың болмысы, облыс азаматтарының қамқорлығы осыдан-ақ көрініп тұр. Шығармашылықты серік етіп жүрген, қаламы өткір, ойы алғыр, айтатыны көп, ойындағысы одан көп драматургке деген құрмет – бұл өнерге деген ұлы махаббат».
Одан кейін сөз алған Мәскеудің «Худо­жественная литература» баспасының директоры, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты Георгий Пряхин: «Бүгін күзгі жаңбырдың астында ғажайып бір көрініске куә болдық. Менің досым, керемет жазушы Рахымжан Отар­баевтың Халықаралық театр фестивалі ашылды. Рахымжан маған мен мүлде білмейтін, бейтаныс Қазақстанды ашты. Иә, мен бұрын қазақтарды түгелге жуығы орыс тілінде сөйлесетін, орыс тілінде ойлайтын, дүниетанымы да орыстарға ұқсас ұлт деп ойлайтынмын. Әрине, біз қателесіппіз. Ал Рахымжан маған қазақтарды мүлде басқа қырынан, өзгеше қырынан танытты. Біз «Шыңғыс ханның көз жасы» деген туын­дысын оқыдық. Бір керемет, поэтикалық туынды, тіл ассоциациясына толы дүние! Мен бұндай ғажап дүниені бұрын оқымадым, кездестірмедім. Сондықтан бұл повесть Ресейде 2015 жылдың үздік шығармасы деп танылды. ТМД елдері әдебиетінде оған тең келетін туынды жоқ!» – деп жазушы-драматургтің Ресей еліндегі қадір-қасиетін айшықтап берді.
Осы шараға сонау Түркиядан ат басын бұрған Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өміроғлы драматург Рахым­жан Отарбаевқа сый-сияпатын тарту ете отырып, ойлы да есті сөз айта білді.
– Рахымжан Отарбаев сияқты жа­за­­тын драматургтер өте аз. Оның шығар­ма­шылығына Шыңғыс Айтматовтың өзі жоғары баға берген болатын. Түркия баспаларынан да кітаптары жақында жарық көрмек. Келесі жылы фестивальге келгенде міндетті түрде алып кетемін, бұл жолы асығыс болып, үлгере алмадық. Осы фестиваль «Мұстафа Шоқай» спектаклімен ашылды. Мұстафа Шоқай – барша түркі жұртына ортақ тұлға! Ол пьеса түрік тіліне аударылуы тиіс. Түркия театрлары келесі жылы сол пьесаны фестивальге алып келеді деп сендіремін, – деді Якуб Өміроғлы.
Осынау жазушылардың пікірлері – Рахымжан Отарбаевтың шетелдегі әдеби ортада өзіндік орны бар екендігін білдіреді. Бұл жазушының да, оқырманның да мерейі. Жазушыға жоғары баға берілсе, тақым қысып отырар оқырмандары да ерекше сезімге бөленері хақ. Бұл жолы да қонақтардың ақ пейіліне елтіген туған халқы құрмет-қошеметтен аянған жоқ.
Бейіштен ескен самалдай болып жаның­ды баураған домбыра үні мен күңіренген қобыз дауысы, әсем би мен әсерлі пластика Бейбарыстың сахналық тұлғасын тіпті де көрнектілендіре түскен. Алыс-жақынды бірдей тәнті еткен бұл қойылым жайлы Асан­әлі Әшімов: «Бейбарыс сұлтан» қатарынан 40 жыл қойылса да маңызын жоймайды. Өйткені, мен қазақпын деген әр адамға рух беретін ғажайып туынды», – деп еді. Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ.
Сонымен, 31 қазан күні Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі өз мәре­сіне жетті. КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасының мүшелері Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев бүкілресейлік Александр Грин атындағы Әдебиет сыйлығының және М.Шолохов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,  белгілі орыс жазушысы Георгий Пряхин, Қырғыз Республикасының халық әртісі, театртанушы Бұсырман Одурақаев, Моңғолия Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы, ақын Сұраған Рахметұлы драмалық көркемдік ерекшеліктері, сахналық декорация, режиссура, актерлік шеберліктерді сарапқа салып, «Сахнадағы ұзақ жылғы еңбегі үшін» (Шора Думанаев – Бішкек театры, Хусейн Әмір-Темір – Қызылорда театры), «Көрермен көзайымы» (Әсем Байырова –  Семей театры, «Мұстафа Шоқай» Мария Гарина рөлі үшін). «Үздік ер адам бейнесі» (Қуаныш Амандықов – Орал театры, «Жәңгір хан» Махамбет рөлі үшін). «Үздік әйел адам бейнесі үшін» (Айнұр Бердімұхамбетова  – Астана. «Көлеңкесіз жолаушы –  Нашақор жайлы новелла»). «Үз­дік режиссура» (Нұрлан Жұманияз – Астана. «Көлеңкесіз жолаушы –  Нашақор жайлы новелла»). «Үздік сценография» (Серік Пірмаханов – Қызылорда, «Мұстафа Шоқай»). «Үздік хореография» («Фариза мен Мұқағали» үшін Моңғол театры). «Үздік эпизод» (Бақытбек Алпысбаев – Қызылорда театры, «Мұстафа Шоқай») номинациялары бойынша жүлделер тапсырылды.
Халықаралық театр фестивалінің бас жүл­десін – қазақтың бас театры М.Әуезов атындағы  қазақтың  мемлекеттік  академиялық драма театры «Бейбарыс сұлтан» спектаклі үшін жеңіп алса, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Жәңгір хан» спектаклі үшін бірінші орынды, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры «Бас» спектаклі үш­ін, Т.Әбдімомунов атындағы қырғыз ака­демиялық драма театры «Тағдыр» спектаклі үшін екінші орынды иеленді. Ал үшінші орын «Мұстафа Шоқай»  драмасымен Семейдің мемлекеттік Абай атындағы қазақ музы­ка­лық драма театры және «Двойникті» қойған Қ.Жандарбеков атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай драма театрына бұйырды.
Сөз соңында Рахымжан Отарбаев: «Мына қайшыласқан дүниені ғаламтор жайлап алған заманда көңілінің кірі бар адам қолына қалам ұстап, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені, ақ қағаздың бетіне көңілдің кірін төгеді. Онысы елге жұға­ды. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше сол ақ қағаздың бетіне сәулелі ойларымды төккім келеді», – деп еді.
Біз «Рахымжан Отарбаевтың Халықара­лық театр фестивалінде» қойылымдардан көрерменін ойландыратын, кірсіз таза, сәу­лелі ойларға бөленіп, рухани байып қайт­­тық. Бұл жолғы театр фестивалінің ерек­шелігі сол – автор біреу. Бірақ бір ав­тордың қолынан шыққан, әр түрлі ха­рак­тер мен мінезді, образды, алуан рең­ді бояуларды, заман бейнесін  көрдік. Рахым­жан Отарбаевтың шығармашылығына ар­налған Халықаралық театр фестивалі со­­ның куәсі. Бұл Отарбаевтың өзіндік да­ра қолтаңбасының ғана емес, ұлттық әде­биет пен өнердің әлемдік аренада мойын­далуының көрінісі болатын.


Түйін: Әр күн – әр сәтке ілесіп ағып жатты. Алты күн бойы театрда көрермен болудың өзі – жарты бақыт екен. Оның үстіне, бір драматургтің туындысын түрлі актерлардың сомдауын тамашалау тіптен бөлек. Әр спектакль сайын сан сұраққа оранып-ақ шығасың. Оған келесі бір спектакльден алған әсерің қайшыласып, қайта ораласың. Маған осы қызық еді. Бәйге басына жарысқан театрлардың жүлдесі өз алдына. Ол – өз еңбектері. Ал біздер, көрермен қауым, өзімізді түсініп, өмірлік идеяларға ой жібердік.  Станиславский айтқандай, «Үлде мен бүлдеге оранған сахна, қымбат киім, әсіре декорация маңызды емес, драматургтің идеясы маңызды!». Періште көңілді көрермен қауымға перизат өнердің сиқырын саулатқан Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалі – қазақ театр өнері алдындағы парызын орындаған фестиваль.
Сержан Тоқтасын.
Алматы – Атырау – Алматы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір